Бір кездері тіпті қала мәртебесі болған, Мәскеу не керектің бәрімен қамтамасыз еткен, жоғары еңбекақы төлейтін Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Еңілчек кентіне Совет одағының түкпір-түкпірінен мыңдаған маман келіп, жұмыс істейтін.
– Совет тұсында бізде 3-4 үлкен дүкен, әр зауыттың қасында әмбебап дүкен болатын. Түсті металл өндірілетін елдімекенде 20 мыңға жуық адам тұратын. Өмір қыз-қыз қайнап жатушы еді, – деп еске алады Анар Қалықова.
Қазір таулы аймақтағы құлазыған Еңілчек ауылында отыз шақты отбасы ғана қалған. Олар бір көшенің бойындағы үйлерде тұрады. Ауылдағы өзге көшелерде есік-терезесі үңірейіп, бүлінген иесіз үйлер қаңырап тұр.
Қытаймен шекара аймағында, теңіз деңгейінен үш мың метрден биік жерде орналасқан Еңілчек ауылына жету оңай емес. Оған бару үшін шекара қызметінен алдын ала рұқсат қағаз алып, сосын қауіпті тау жолымен бес сағат жүресіз. Жол-жөнекей ешқандай көлік кездеспейді, бұл жерде байланыс ұстамайды, сондықтан әлдеқандай жағдай болып, жолда қалған адам қатып қалуы әбден мүмкін.
Тек ауылға кіре бергенде ғана байланыс ұстайды. Бұл ауылға мобильді телефон байланысы мен су құбырын осыдан екі жыл бұрын ғана тартқан. Оның өзінде тұрғындардың тиісті орындарға жазған жүздеген арыз-шағымынан кейін ғана. Ал Еңілчекте әлі күнге интернет жеткен жоқ.
– Бұл жерде тек бір ғана оператордың байланысы ұстайды. Бізге аудандық білім бөлімінен телефон шалып, жаңалықтарды жеткізеді. Ал егер етекке түсіп, облыс орталығына барған кезде интернетке қосылып, жауап береміз. Әлемде не болып жатқан теледидардан білеміз, – дейді мектеп директоры Айгүл Чолпонбаева.
Телевизияның өзі бұл ауылға осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жеткен. Оған дейін тұрғындар барлық жаңалықты ескі әдіспен – "ұзынқұлақ" арқылы естіп, білетін. Қияндағы таулы аймақта жатқан бұл ауылды түрліше – "өлі қала" деп те, "елес қала" деп те атайтын. Сондықтан да шығар, жергілікті тұрғындар өз ауылы бұрынғыдай әсем, әдемі қала болса деп армандайды.
Мектеп директоры балаларға арналған жаңа ванна бөлмесін, әжетхананы көрсетіп жүр. Мектеп жанынан тіпті бөбектерге арналған топ ашылған. Ауылдағы балабақшада күрделі жөндеу жұмысы аяқталғанға дейін бүлдіршіндер осында келіп жүр. Осының барлығы үкіметтік емес ұйымдардың гранттары мен өзге де қаржыға салынған. Еңілчек халқы мемлекеттен жәрдем болып қалар деп онша дәмеленбейді.
– Сіз сияқты журналистер келеді, барлық проблеманы түсіріп алады да, кейін "елес қала" деп [материал] жариялайды. Бірақ біз елеспіз бе? Иә, елдің бір шалғайында тұрып жатқанымыз рас, алайда мұнда жұмыс істеп, ауылымыз дамысын деп тырысып жатырмыз ғой, – дейді Жоомарт Тұрысбеков.
Еңілчекте су мен телефон байланыс пайда болғаннан кейін мұнда жас отбасылар да келе бастаған.
– Мен келгенге дейін ауылда ағылшын тілі мұғалімі болмапты, орыс тілін оқытатын мұғалім ағылшын тілін де қосымша оқытыпты. Біздің осында көшіп кеткенімізді естіген жұрт таңырқап: "Ол жақта қалай өмір сүріп жүрсіңдер?" деп сұрайды. Әйткенмен біз етекке жиі түсіп тұруға тырысамыз. Қанша айтқанмен төменде интернет бар, – дейді жас ұстаз Нелли Асанбаева.
Ауылға интернет келеді деп үміттенетіндер аз емес.
– Жақында тартады деп айтып жүр. Әрине, өте жақсы болар еді. Тым болмағанда оны мектепке тартып берсе ғой, – дейді Ұлан Асанбаев.
Бірақ балалар біраз есейген соң ерлі-зайыпты Ұлан мен Нелли бұл ауылдан көшеді, өйткені Еңілчекте тек бастауыш мектеп қана бар. Жергілікті тұрғындар жоғары сыныпта оқитын балаларды өзге ауылдарға жібереді. Қазір ауыл халқының бар үміті – кеніште. Егер кеніш іске қосылатын болса Еңілчек қайта жанданады деп санайды жұрт. Бірақ мемлекетте түсті металл өндірісін қолға алуға қажет қаржы жоқ. Ал инвесторлар қазір Қырғызстанға келуге асығар емес.
"Настоящее время" сюжетінен әзірленді.
ПІКІРЛЕР