Панчшанбе – Тәжікстандағы ең үлкен базар және Орталық Азиядағы ірі базарлардың бірі. Тарихы тым тереңде жатқан сауда орны қазір әлемнің әр түкпірінен келетін мыңдаған туристің назарын аударып тұр әрі Тәжікстандағы екінші үлкен қала Хожанттың ең көрнекі жері. Базар мен Сырдария біртұтас: мұнда сатылатын дүниенің бәрі осы өзеннің жағалауында өсірілген.
Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен, ол Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапарлап, өзен жағалап тірлік кешіп жатқан қарапайым балықшылармен, саудагерлермен және фермерлермен сөйлесіп, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Сонымен бірге, Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сұхбаттасты.
Панчшанбе базары – Хожант қаласының мақтан тұтатын негізгі көрнекі орыны әрі тарихи інжу-маржаны саналады. Бір заманда қаланың бүкіл өмірі осы базардың айналасында өрбитін: халық базарда қажет адамдарымен кездесетін, мерекелік дастарханға азық-түлік алатын, дәмі тіл үйіретін палаудан ауыз тиюге келетін, ел ішінде не болып жатқанын біліп, шайға тәтті-пәтті алып қайтатын.
Ертеде Сырдария базардың дәл іргесінен ағып жатқан екен, бұл сауда орнының бағасын асыра түскен. Алайда, жүздеген жыл ішінде дария арнасын өзгертіп, қазір базардан біршама қашықта жатыр.
Хожант – Орталық Азиядағы екі жарым мың жылдық тарихы бар ежелгі қалалардың бірі. Қала Сырдарияның жағалауында, өте ыңғайлы жерде орналасқан. Ежелде Қоқан мен Бұқара арасындағы сауда жолы осы жерден өткен, бұл қалада сауданың қарқынды дамуына ықпал еткен.
Хожанттың айналасында биік қорған болған, ал қаладағы негізгі қақпаларға әкелер жолда тіршілік қызу жүріп жатқан. Базарлар да үлкен жолдың бойындағы қиылыстарда пайда болған. Базар күндері жақын маңдағы жұрттың бәрі осылай қарай ағылған.
"Панчшанбе" сөзі тәжік тілінен аударғанда "бейсенбі" дегенді білдіреді. Тәжікстан астанасы Душанбе "дүйсенбі" деп аударылады, ертеде бұл жерде дәл дүйсенбі күні жұрт жаппай базаршылайтын болған. Хожантта апта күндерімен аталатын тағы бірнеше базар бар: Чоршанбе (сәрсенбі), Шанбе (сенбі), Якшанбе (жексенбі).
Базардағы сауда павильоны салыстырмалы түрде бертінде – 1964 жылы салынған, ол кезде бұл Орталық Азиядағы ірі жабық базар болған. Алайда, совет дәуіріне дейінгі базардың кейпінен бүгінде ештеңе қалмаған.
Жергілікті халық бұл базардан сапалы да жас өнімдерді арзанға алуға болатынын айтады, өйткені саудагерлер арасында өте қатты бәсеке бар. Туристерге бұл ереже жүрмейді.
Базарда жергілікті тұрғындармен қатар, іргеде тиіп тұрған Өзбекстанның азаматтары да сауда жасайды. Бұрын мұнда Қырғызстан фермерлері де өнімін әкеліп сататын, алайда қырғыз-тәжік жанжалынан кейін екі ел арасындағы шекара жабылып, сауда да тоқтаған.
Панчшанбе базарының жанында тағы бір сауда орны бар, мұны Ауған базар деп атайды. Бұрын мұнда сауда жасайтын Ауғанстаннан шыққан тәжіктер көп болатын. Билік басына Талибан келгеннен кейін ауғандық тәжіктер Тәжікстанға ештеңе әкелмейтін болып, сауда саябырлап қалыпты.
Базардың бағы жануына оған жақын маңда ақын әрі Хожанттың билеушісі, ХІІ ғасырда осы жерде өмір сүрген Муслихуддин шейхтің кесенесі болуы ықпал еткен деседі. Кесененің қарсы алдында мешіт бар, ғибадат ете келген жергілікті жұрт мешіттен шыққаннан кейін базарға соғып, үйіне жеміс-жидек алып кетеді екен.
Муслихуддин шейх Хожантқа жақын маңдағы Унджи қыстағында жерленген, бірақ оның топырағын қалаға әкеліп көміп, сол жерден кесене салған. Кесене әлденеше рет бұзылып, ақыры XVI ғасырда қазіргі кейпіне келген.
Кесене кешенінде ғибадат жасайтын мешіт пен биіктігі 20 метр мұнара бар. Кесене алдындағы ашық алаңқайда шетелдік туристер мен фотографтар өріп жүреді. Мұнда көгершін де көп. Жергілікті жұрт қаладағы басқа алаңдарға көгершін бармайтынын айтады. Жаздыгүні Панчшанбе базары күні-түні жұмыс істейді. Кешкі мезгілде базардың алдындағы алаңда облыстың түкпір-түкпірінен жиналған шаруалар жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдерін сатады. Көтерме сауда таңға дейін бір тынбайды.
Жаздыгүні Панчшанбе базары күні-түні жұмыс істейді. Кешкі мезгілде базардың алдындағы алаңда облыстың түкпір-түкпірінен жиналған шаруалар жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдерін сатады. Көтерме сауда таңға дейін бір тынбайды.
Алаңның қақ ортасында шаруаларға арнап палау басады. Бұл Панчшанбедегі кешкі уақытта тамақтануға болатын жалғыз орын. Палауды бірден екі қазанда басады, әрқайсына 100 келіге дейін күріш кетеді.
– Әдетте кешкі мезгілде палау баспайды, бірақ диқандар күні бойы далада жұмыс істейді, көкөніс жинайды, сондықтан түнгі сауданың алдында күш жинап алғаны дұрыс, – дейді Самад есімді аспаз. – Палауға қосылатын өнімнің бәрі осы жердікі. Сәбіз де, ет те, күріш те өзімізден. Ең жақсы күрішті Сырдария жағалауында, Тәжік теңізіне жақын маңда өсіреді.
Самадтың отбасы Панчшанбеде 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Базарда самса пісіріп, палау басады. Сөйлесуге мұршасы жоқ, жұмыс қызып жатыр: қарны ашқан диқандар қазан маңын торуылдап жүр. Міне, ең жауапты сәт – күрішті қазанға салатын кез де келді.
Диқандардың өнімін кейде базардағы саудагерлер алады, көтерме бағамен сатып алып, күндіз базарда бөлшек саудаға шығарады. Гүлбахор – сондай саудагердің бірі. Аласа бойлы қараторы келіншек көк халат киіп, басына қара орамал тартқан. Бізбен аз-кем сөйлесуге келіскенімен, суретке түсірмеуімізді өтінді.
– Базарда жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл болды, – деді Гүлбахор. – Мамандығым бойынша мұғаліммін, бірақ базарда табыс жақсы. Күнде кешкілік қап-қап картоп пен сәбіз аламын да, ертесіне жабық базарда сатамын. Шамамен 30 пайыздай пайда көремін.
Күндіз сауда базар аумағына көшеді де, алаң отбасылық серуен орнына айналады. Мұнда түрлі тәтті-дәмді, салқын сусын сатылады, жастар серуендеп жүреді.
Мереке күндері алаң мінәжат орнына айналады. Мұсылмандар үшін орны бөлек Құрбан айт мейрамында мешіт алдындағы алаңға мыңдаған мұсылман жиналды.
Алаң үлкен болғанымен, құлшылық қылуға ниет еткендердің бәрі бірдей сыймайды, сондықтан халық жол жиегінде, базардың алдындағы баспалдақта да намазға тұрады.
Айт намазынан кейін мұнда саудагерлер ағылады: тандыр нан, жеміс-жидек пен тәтті-тұрымның саудасы жүріп, кәуапшылардың мангалы мен тандыр пешінен тараған түтін мен хош иіс Панчшанбе аспанында әуелеп тұрады.
Азиядағы кез келген базардың ең негізгі қызығы – далада піскен тамағы. Хожанттық әріптесім Фарзон базардың ықпыл-жықпылын жақсы білетін адам ретінде мені ең үлкен әрі дәмді тандыр самсасын пісіретін жерге бастап келе жатыр. Сөзіне қарағанда, мұндағы ең дәмді самса осы жерде, бірінші рет келіп жатқан мейман одан міндетті түрде ауыз тиюі керек.
Үлкен тандыр пештің жанында екі ер адам қызу жұмысқа кіріскен: самсаны түйіп, мұқият тізіп, тандырда пісуін күтеді. Біз бірінші піскен самсаға үлгердік. Тапсырыс беріп қойып, әңгімелесіп отырмыз. Едәуір жасқа келген, тандырдың жалыны шарпымас үшін бетіне шыт бетперде таққан азамат Совет Одағы тарқар алдында Свердлов қаласының (қазіргі Ресейдің Екатеринбург қаласы) түбінде әскери борышын өтегенін айтады. Бертінге дейін күнкөріс қамымен Ресейге барып жүріпті, бірақ ол жақта еңбек мигранттарының жағдайы жылдан-жылға қиындай түскен: полицияның бітпейтін тексеруі де, жергіліктің тұрғындар арасындағы ксенофобия да қажытты дейді. Қазір ол Хожантта самса түйеді. Отбасын асырау үшін тынбай еңбектенуге тура келеді.
Білетіндердің айтуына қарағанда, самсаны тандырда неғұрлым ұзақ уақыт ұстаған жақсы, сонда қойдың еті балбырап пісіп, пияз бен дәмдеуіштердің дәмін әбден сіңіреді. Самсамыз дайын болғанда алдымызға табақ, шанышқы мен пышақ қойды: жоғарғы жағын ақырындап кесіп алып, ішіндегісін шанышқымен жеу керек екен. Расында да, дәмі тіл үйіреді.
Базардың шуын, иісін, қызылды-жасылды сөресін артқа тастап, кетіп барамыз. Алаңға кешкі базарға келушілер жинала бастапты, Панчшанбеде тіршілік осылай жалғаса береді. Ал жақын маңда ел мен елді, жер мен жерді байланыстырған Сырдария ағып жатыр.
ПІКІРЛЕР