Accessibility links

Памир қырғыздарының Нарындағы өмірі


Памирден көшіп келген қырғыздарды қарсы алу. Нарын облысы, Қырғызстан, 13 қазан 2017 жыл.
Памирден көшіп келген қырғыздарды қарсы алу. Нарын облысы, Қырғызстан, 13 қазан 2017 жыл.

Өткен жылы күзде Қырғызстан билігінің жәрдемімен Памирден Қырғызстанның Нарын облысына қоныс аударған этникалық қырғыздар Ауғанстанға қайтып жатыр. Үкімет оларға қандай жағдай жасады? Неліктен олар қырғызстандықтар тәрізді құқыққа ие болмады?

2017 жылдың қазанында Қырғызстан үкіметі Кіші Памирден (Ауғанстан) оралған бірнеше этникалық қырғыз отбасын Қырғызстанның Нарын облысына қоныстандырған. Өткен аптада жаңа мекенге келгендеріне тоғыз ай толғанда бірнеше отбасы үкімет уәде еткен жер телімі мәселесі шешілмегенін айтып, "Отанына барып келуге" ниет білдірді. Олар кейін қайтпай қалуы да мүмкін екенін жасырмайды.

Осыдан соң шетелден атамекенге келетін этникалық қырғыздардың мәселесі талқылана бастады. Басқа мемлекеттерде этникалық қырғыздардың және қырғызстандықтардың құқығы қалай қорғалады, қазір бұл мәселе бойынша қандай жағдай болып жатыр?


Азаттық Қырғызстан мемлекеттік миграция қызметінің кайрылмандар (оралмандар) ісі жөніндегі бөлім меңгерушісі Жыпар Мамбетовамен, құқық қорғаушы Рита Қарасартовамен және жазушы, сарапшы, өзі де оралман Мырзахалим Каримовпен осы тақырып жайлы сөйлесті.

Азаттық: - Қазір қоғамда "үкімет неліктен Памир қырғыздарына берген уәдесін орындамады" деген мәселе қызу талқыланып жатыр. Жыпар ханым, бұл мәселе бойынша не дейсіз?

Жыпар Мамбетова.
Жыпар Мамбетова.

Жыпар Мамбетова: - Этникалық қырғыздарды Кіші Памирден Қырғызстанға әкеп қоныстандыру процесіне бастан-аяқ қатысқан қызметкер ретінде бір мәселені анықтағым келеді. Әу баста Ауғанстан билігімен келіссөз жасасқанда "білім алу үшін балалар ғана қоныс аударады" деп жаздық. Расымен де, ересектерге "балаларды ғана әкететінімізді" айттық, бірақ ата-аналары келіспеді. Отбасын бөлуге батылымыз бармай, бәрін алып келдік.

Басында билік жер бөлу мәселесін көтерген жоқ. Әуелде оларға: "Қырғызстанда қалай өмір сүретінін көріңдер, мақсатымыз – балаларыңызды оқыту" дедік. Оларды жаппай көшіріп әкелу туралы мәселе қойылған жоқ. Ауған үкіметінің ресми нотасында да "этникалық қырғыздардың Кіші Памирден жаппай кетуіне қарсы" екені айтылған. Иә, олар қырғыздар, туысымыз, бірақ Ауғанстан азаматтары. Оларға көмектескен күннің өзінде ауған билігімен санасуға тиіспіз.

Азаттық: - Белгілі болғандай, шеттен келген қырғыздардың біразы Нарындағы жергілікті тұрғындарға қызмет жасапты, бірақ еңбекақысын ала алмаған. Рита ханым, бұл шетелдіктердің қызметін заңсыз пайдалану, яғни, заң бұзушылық па?

Рита Қарасартова.
Рита Қарасартова.

Рита Қарасартова: - Шындығында, Памир қырғыздарының басындағы жағдайға байланысты бірнеше сауал бар. Басында үкімет оларды алып келіп, неге қамқорлық жасамайды деп ойлаған едім. Миграция жөніндегі мемлекеттік қызмет өкілінің жауабынан соң оларға арналған арнайы бағдарлама болмағанын түсіндім.

Отбасыларды "балаларды оқыту" мақсатымен ғана көшіріп әкеп, оқу процесін бастап, ересектерді "немен айналыссаңдар да өз еріктерің" деп қамқорлық танытпай, өз бетімен қалдыру мемлекеттің стратегиялық тұрғыда ойланып жұмыс істемегенін көрсетеді. Адамдардың шағын тобы келді, біздің жерде оларға қажетті жағдай болмады, соған ұялып отырмын. Биліктің жер бөліп, тұрғын үйден көмектесетін мүмкіндігі болмаса, жергілікті тұрғындардан жәрдем сұрауы керек еді.

Памирден көшіп келген қырғыз балалары кәсіптік лицейде сабақ оқып отыр. Нарын облысы, Қырғызстан, 31 қазан, 2017 жыл.
Памирден көшіп келген қырғыз балалары кәсіптік лицейде сабақ оқып отыр. Нарын облысы, Қырғызстан, 31 қазан, 2017 жыл.

Біздің халық өте мейірімді. Ірі құрылыс компаниялары бар, қаласа баспана салып беретін еді. Аймақтарда, әсіресе, Нарын облысында жер тапшылығы байқалмайды. Жергілікті билік сондай үлкен аумақтан берер жер таппаса, оны биліктің әлсіздігі демей, не дейміз?

Азаттық: - Жыпар ханым, сондай үндеу я хабарландырулар неліктен жасалмады?

Жыпар Мамбетова: - Қайталап айтамын, мақсат – Памир қырғыздарының балаларын оқыту болды. Билік қажетті азық-түлік, бастапқы қажетті тауарлар мен ұсақ-түйек ыдыс-аяқтарына дейін әперді. Кейін олар "жұмыссыз отырғымыз келмейді" дегесін жергілікті тұрғындардың малын бақсын деп ұйғардық, себебі олар Памирде тек мал шаруашылығымен ғана айналысқан. Заң бойынша, оларға жұмыс істеуге тыйым сала алмаймыз. Оған қоса, Қырғызстанда өмір сүрудің жайын көрсін, сонда тезірек үйренер деп ойладық.

Фотогалерея. Памир асқан қырғыздар:

Жұмысқа кіріспес бұрын жергілікті билік өкілдерінің келісімі алынып, солардың қатысуымен үш жақты келісім жасалды. Басында олар мал бағатын болды дегенді естігенде, шынымды айтсам, шошып кеттім. "Сонау жақтан мал бақтыру үшін әкелді" деп айта ма деп қорықтым. Бірақ Памирде шаруашылықтың тек осы түрімен ғана шұғылданғандықтан олар уақытша мал бағуға кірісті. Соның өзінде үкімет оларды киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Азаттық: - Мырзахалим мырза, этникалық қырғыздарды атамекенге әкелу мәселесі тәуелсіздік алғаннан бері көтеріліп келеді. Ауғанстан қырғыздары ғана емес, Тәжікстан мен Өзбекстаннан тарихи Отанына оралған барлық қырғыздар туралы не айта аласыз?

Мирзахалим Каримов.
Мирзахалим Каримов.

Мырзахалим Каримов: - Шынымен де, Памир қырғыздарының басындағы жағдай мені қатты толғандырды. Бұдан шығатын қорытынды, билік те, қоныс аударушылар да көшуге дайын болмаған. 20 жылдан бері оралман мәртебесінен айрылмаған отандастарымыздың, белгілі бір дәрежеде өздері де кінәлі.

Мемлекетті "қамқорлық жасамады" деп бір жақты айыптай беруге болмас. Көбі тарихи Отаныма келсем, дайын дүниеге топ ете түсемін, құшақ жая қарсы алады деп ойлайды. Бірақ, көріп тұрсыздар ғой, үкіметіміз оралманды қойып, өз азаматтарына көмектесетін күйде емес.

Шетелде тұратын қырғызстандықтарға қатысты үкіметтің өз саясаты болуы керек. Ауғанстандағы қырғыздар ғана емес, Тәжікстанда тұратын этникалық қырғыздар да (олардың саны 40-50 мың адам) тарихи Отанына оралуды армандайды.

Жарайды, олар шекарадан өтіп келді делік, бірақ көбінің құжаты жоқ. Мысалы, баланың туу туралы куәлігі немесе ересек адамда төлқұжат жоқ. Солайша түрлі қиындыққа тап болады. Тарихи атамекеніне оралғысы келетіндерге арнап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG