Accessibility links

Оппозиция өкілдерін қорғаған тәжік адвокаты өмірден өтті


Тәжікстандық адвокат Иcхок Табаров.
Тәжікстандық адвокат Иcхок Табаров.

Тәжікстанда Иcхок Табаров заңгер көмегіне аса мұқтаж жандардың мүддесін қорғайтын және билік қырына алған оппозиция қайраткерлерін қорғаған адвокат ретінде танылған еді.

Тәжікстандық адвокат Исхок Табаров маусымның 12-сі кешке дүниеден өтті. Ресми нұсқа бойынша, ол жүрек талмасы ұстап қайтыс болған. Бірақ жүрек талмасы мен жүрекке жазылмас жара салудың көп айырмасы бар, кейбіреулер қорғаушының ажалына соңғысы себеп болды деп санайды.

ЗАЙД САИДОВТЫҢ ІСІ

61 жасқа толған күні қайтыс болған Исхок Табаров тәжік билігінің қырына ілінген көптеген адамдарды қорғаған адвокат ретінде танылған. Табаровтың ең танымал клиенті бір кездегі бизнесмен, билікпен жақсы байланыста болған – Зайд Саидов болды.

Адвокат Исхок Табаров сотта қорғаған тәжік бизнесмені әрі саясаткері Зайд Саидовтың сот кезіндегі суреті.
Адвокат Исхок Табаров сотта қорғаған тәжік бизнесмені әрі саясаткері Зайд Саидовтың сот кезіндегі суреті.

2013 жылдың сәуірінде, Тәжікстанда президент сайлауы кезінде Саидов «Точикистони Нав» («Жаңа Тәжікстан») саяси партиясын құратынын мәлімдеді. Арада бір ай өтпей жатып Саидовқа «қаржылық алаяқтық жасаған» дегеннен бастап «қыз зорлаған» және «көп әйел алған» деген бірнеше айып тағылды. Үкіметке қарсы шыққандар бұрын да айыпты болып шығатын, бірақ бұл жолы Саидовқа қатарынан бірнеше айып тағылды.

Билік қырына алған бизнесменнің өзіне тағылған айыптаулардан басын арашалап алуы екіталай екені әу бастан-ақ белгілі болған еді. Бірақ Исхок Табаров және әріптес адвокаттар Шухрат Кудратов пен Фахриддин Закиров сотта Зайд Саидовты қорғауға келісті. Саидовты қорғаушылар тобы сот процесі кезінде процессуалдық заң бұзушылықтар болғанын, дәлелдердің әлсіздігін бірнеше рет көрсетті.

Зайд Саидовтың адвокаттары (солдан оңға): Исхок Табаров, Шухрат Кудратов және Фахриддин Закиров. 5 ақпан 2014 жыл.
Зайд Саидовтың адвокаттары (солдан оңға): Исхок Табаров, Шухрат Кудратов және Фахриддин Закиров. 5 ақпан 2014 жыл.

Табаров бизнесменге тағылған «қыз зорлады» деген айыптың жасанды екенін де дәлелдеді, бірақ сот үкімінде өзгеше тұжырым жасалды. 2013 жылдың желтоқсанында Зайд Саидов «қаржылық алаяқтық» жасау, «бірнеше әйел алу» және «кәмелетке толмаған қызды зорлау» қылмыстарына айыпты деп танылып, 26 жылға сотталды. Былтыр шілде айында Тәжікстан жоғарғы соты оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосты.

БИЛІК ОППОНЕНТТЕРІН ҚУДАЛАУ

Зайд Саидовқа үкім шыққан соң, арада аз уақыт өткенде, оны сотта қорғаған адвокаттардың өздері де билік қырына ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы полиция 2014 жылдың наурызында Фахриддин Закировты тұтқындап, оны қарашаға дейін қамауда ұстады. Кейін ол амнистиямен бостандыққа шықты. Бірақ 2015 жылы тамызда Закиров «пара дәметті» деген айыппен қайта қамалып, тек сол жылы қарашада 2000 доллар айыппұл төлеген соң босатылды.

Тәжікстандық адвокат Шухрат Кудратов (тор ішінде) өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Душанбе, 13 қаңтар 2015 жыл.
Тәжікстандық адвокат Шухрат Кудратов (тор ішінде) өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Душанбе, 13 қаңтар 2015 жыл.

Оның әріптесі және оппозициялық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Шухрат Кудратов та 2014 жылдың маусымында «пара алған» деген күдікпен тұтқындалды. Сот оны қылмыстық кодекстің «парақорлық» пен «алаяқтық» баптары бойынша айыпты деп танып, 2015 жылы қаңтарда тоғыз жылға бас бостандығынан айырды, кейін бұл мерзім үш жыл сегіз айға кемітілді.

Исхок Табаров енді кезек маған келе ме деп көңілі күпті болып жүргенде оның үлкен ұлы – 27 жастағы Фируз Табаровты маусым айында тұтқындады. Исхок Табаров ұлының уақытша қамау орнында азаптауға ұшырап, жасамаған қылмысты мойнына алғаны туралы мәлімдеген.

Ол ұлымыз Фируздың тұтқындалып, қамалғанын қатты уайымдады, олар екінші ұлымыз Далерді түрмеге қамағанда тіпті күйзеліп кетті.
Зухро Шерова күйеуі Исхок Табаров туралы

11 ақпанда Фируз Табаровқа «экстремизм» мен «жалдамалы әскер құруға ықпал етті» деген ауыр айыптар тағылып, сот оны 13 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Наурыз айында Исхок Табаровтың екінші ұлы – Далер Табаров «қылмыс туралы хабарламады» деген айыппен тұтқындалды.

Маусымның 2-сі күні, әкесі қайтыс болардан 10 күн бұрын, Далер Табаров айыпты деп танылып, сот үкімі бойынша алты айға түрмеге қамалды. Исхок Табаровтың әйелі Зухро Шерова Озоди радиосына (Азаттықтың Тәжік қызметі) соңғы айларда ерінің демікпеге шалдығып, 20 келіге жүдеп кеткенін айтады.

– Ол ұлымыз Фируздың тұтқындалып, қамалғанын қатты уайымдады, олар екінші ұлымыз Далерді түрмеге қамағанда тіпті күйзеліп кетті, - дейді Шерова.

Табаровтың отбасы ресми құжатта адвокаттың ажалы жүрек дертінен болған деп көрсетілгенімен оның нақты себебі анық емес дейді.

АДВОКАТТАРҒА ҚЫСЫМ

Human Rights Watch (HRW) ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов Тәжікстанда ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия елдері бойынша оппозициялық тұлғаларға, белсенділерге және басқа да құқығы тапталғандарға көмек көрсетумен айналысып, бұл істерге көпшіліктің назарын аударуға тырысып келеді.

– Оның қазасына қатысты нақты жағдайлар әлі толық анықталмаса да, HRW ұйымы Табаровты соңғы айларда отбасына жасалған моральдық және психологиялық шабуылдар мен ұлдарының абақтыға қамалуы қатты күйзелткенін біледі, - дейді Стив Свердлов.

Табаровты соңғы айларда отбасына жасалған моральдық және психологиялық шабуылдар мен ұлдарының абақтыға қамалуы қатты күйзелткен.
Human Rights Watch зерттеушісі Стив Свердлов

Табаров үкіметтің қарсыластары мен құқық қорғаушыларды қорғаған өзге адвокаттардың сотқа тартылғанын көріп кетті. Human Rights Watch, норвегиялық Хельсинки комитеті мен Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымдары Тәжікстанда Бузургмехр Еров, Нуриддин Махкамов және басқалар күмәнді айыптар бойынша сотталды деп санайды.

Табаровтың өзі адвокаттық қызмет тәжірибесінде Тәжікстанда билік өзін жақпаған адвокаттарды қорғаушылық жұмыстан шеттету үшін жаңа емтихандар ойлап тауып, адвокаттарды сынақ тапсыруға мәжбүрлегеніне куә болды. Кейбір тәжік адвокаттары мен халықаралық құқық қорғаушылар жаңа сынақта заңға мүлде қатысы жоқ, бірақ лицензиядан айыруға себеп болатын күмәнді сұрақтардың көп екенін айтады.​

XS
SM
MD
LG