Accessibility links

Түркіменстанда құлпытастағы суретті өшіру сөз болды


Түркіменстандағы зираттардың бірінің басындағы құлпытас. (Көрнекі сурет)
Түркіменстандағы зираттардың бірінің басындағы құлпытас. (Көрнекі сурет)

Түркіменстандағы имамдардың бірі құлпытастағы марқұмдардың суретін өшіруді бұйырды. Бірақ оның себебін ешкім айтпайты.

Орталық Азиядағы постсоветтік елдердегі бейіттерді араласаңыз, өзіңізге қарап тұрған бірнеше бейнені көруіңіз мүмкін. Олар - қабір үстіндегі құлпытасқа қашалған портреттер. Ммарқұмның отбасы немесе достары бұл бейнелерді қайтыс болған адамның бұрынғы суретіне қарап жасатқан. Құлпытастағы жазулар дүниеден өткен жанның кім болғанын, қашан туғанын және өмірден өткенін, отбасылық жағдайын білдіруі мүмкін. Ал суретіне қарап адамның тірі кездегі бейнесін көре аласыз.

ТЫЙЫМ

Түркіменстанның оңтүстік-батысындағы Балқан провинциясының жергілікті имамы құлпытастағы осындай портреттерді алып тастау керек деген ой айтқан.

Берекет ауданының имамы Саят Гулбаев Құранды консервативтік тұрғыда түсіндіріп, адамның суретін салуға тыйым салынғанын айтады. Түркіменстанда негізінен мұсылмандар тұрады, бірақ түркімен үкіметі - толыққанды зайырлы, сондықтан бұл талапты дін қызметкерінің орынсыз тілегі деп қарастыруға болар.

Түркіменстандағы зираттардың біріндегі құлпытас. (Көрнекі сурет)
Түркіменстандағы зираттардың біріндегі құлпытас. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі Берекет қаласының шетіндегі Байрам Шехит зиратына барып қайтқан адаммен сөйлесті. Ол 76 бейіттің "суретсіздендіру" тізіміне енгенін айтады.

Бұл адам Байрам Шехиттегі ұлының зиратына бармақ болған. Онда баласының суреті қойылған құлпытас бар. Оған имам Саят Гулбаевтың бұйрығы бойынша зираттағы марқұмдардың туыстары суреттерді алып тастауға тиіс екенін айтады. Яғни портреттерді үстінен бояп немесе жауып тастау керек, оларды ешкім көрмеуі тиіс.

Азаттық имам Саят Гулбаевпен сөйлесу үшін қоңырау шалған еді. Бірақ ол "Азатлық тілшісімін" деген сөзді естігенде тұтқаны қоя салды.

Аймақтағы басқа адамдар Азатлықпен сөйлесуден қашпады. Олар құлпытастан суреттерді алып тастау туралы естіген. Берекет тұрғындары арасында имам Саят Гулбаев танымал адам екен. Ол бұған дейін адам дүниеден өткен соң үшінші күні еске алуға, жетісі мен қырқын беруге қарсы шыққан, жергілікті молдалардың ондай шараларға баруына тыйым салған.

Мұның бәрі ерсі естіледі. Түркіменстанда молдалардың ықпалы аз, үкіметтің қолдауынсыз олар жергілікті және ұлттық саясатқа араласпайды.

Азаттық Шехит бейітіне қатысты оқиғаны бірінші рет жариялаған соң имам Саят Гулбаев құлпытастан суретті алып тастау туралы бұйрығын өзгерткен тәрізді. Азаттыққа хабарласып, ұлының суреті туралы айтқан адам "имамның өзіне қоңырау шалып, портретті қалдыруға рұқсат еткенін" хабарлады.

«ЖОҒАРЫДАН ТҮСКЕН БҰЙРЫҚ»

Бұдан соң Азаттық Балқан провинциясының бас имамы Ахмед Аманлиевке хабарласты. Аманлиев Байрам Шехит зираттарындағы марқұмдардың суреттерін алып тастау туралы білетінін, бірақ жоспардың өзгергенін айтты. Оның айтуынша, портреттерді құрту туралы бұйрық Берекет ауданының имамынан емес, «жоғарыдан» түскен, шамасы үкіметтегі біреуді тұспалдаса керек. Түркіменстандағы көптеген шаралар сияқты бұл әрекетті де қисынды деп тани алмайсыз.

Түркіменстандағы зираттардың біріндегі құлпытас. (Көрнекі сурет)
Түркіменстандағы зираттардың біріндегі құлпытас. (Көрнекі сурет)

Құлпытасқа сурет қою - түркімендердің немесе Арталық Азия елдерінің дәстүрі емес, Ресейден келген дәстүр. Бұл елдер көптеген жылдар бойы Совет Одағының құрамында болған.

Құлпытасқа суретті қашап салу Орталық Азия елдерінде әлі бар, бірақ аймақтағы дін қызметкерлері ризашылық танытпағандықтан бұрынғыдай танымал емес.

Ал Түркіменстан үкіметінің суретке тыйым салу себебі түсініксіз. Үкіметтегілердің ешбірі бұл әрекетке қатысты пікір білдірмеді. Балқан провинциясының имамы Аманлиевтің айтуынша, құлпытасқа сурет салмау туралы ұсыныс қазір күшін жойған. Бірақ ондай бұйрық «жоғарыдан» түссе, марқұмдардың бейнесі ұмытылатыны анық.

XS
SM
MD
LG