Accessibility links

Өзбекстан "шетелге шығу визасын" жоймақшы


Өзбекстан азаматы паспортын ұстап отырған адам. (Көрнекі сурет.)
Өзбекстан азаматы паспортын ұстап отырған адам. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстанның жаңа президенті "шетелге шығу визасы" деп аталатын ел азаматтарына шетелге шығуға рұқсат беретін жүйе жойылуы мүмкін деп мәлімдеді. Егер Ташкент мұндай қадамға барса, Солтүстік Корея азаматтары биліктің рұқсатынсыз елден шыға алмайтын әлемдегі жалғыз ел болып қалмақ.

Өзбекстанға келу және елден шығу процедурасын өзгерту жоспары өзбек президентінің "Елді ары қарай дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған іс-қимылдар стратегиясы туралы" жарлығы жобасына енгізілген. Өзгерістер 2017 жылдың үшінші тоқсанында күшіне енуі тиіс.

ҚАЗІРГІ ТӘРТІП ҚАНДАЙ?

"Шетелге шығу визасы" қазір Өзбекстан азаматтарының шетелдік төлқұжаты да болып саналатын азаматтық төлқұжатына қойылады. Ол екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі - алыс шетелдерге шығу үшін екі жылға ғана жарайтын арнайы стикер (жапсырма). Екінші түрі бойынша төлқұжаттағы тіркеу парағына ішкі істер министрлігінің (ІІМ) жақын шетелдерге, оның ішінде Ресейге шығуға рұқсат беретін «дөңгелек мөрі» басылады.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі берген "шығу визасы". Әлеуметтік желідегі сурет.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі берген "шығу визасы". Әлеуметтік желідегі сурет.

Шетелге шығу визасы шамамен 30 доллар тұрады, бірақ виза беруді тездету үшін пара беру керек.

Әдетте стикер жапсырылған шетелге шығу визасын алу оңай, бірақ оны ұзақ-сонар кезек пен оның зардаптары – бюрократия мен коррупция қиындатып жібереді. Ал Өзбекстан билігін ашық сынағаны үшін ел билігі «қара тізімге» енгізіп тастаған азаматтар шетелге шығу визасын мүлде ала алмайды, демек елден кетуіне де болмайды. Арнайы қызмет тарапынан қудалауға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болған көптеген өзбек оппозиционерлері, құқық қорғаушылар мен диссиденттер биліктің пікірінше, елден «заңсыз» жолмен кеткен. Ішкі істер министрлігінің әлгі адамдарды жауапкершілікке тартуына бұл заңды сылтау болады.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

2017 жылдан бастап күшіне енетін жарлықта азаматтардың шетелге шығуына тыйым салу өкілеттігі ІІМ-нен соттарға беріледі деп жазылған. Құжатқа сәйкес, адамның елге келуіне тыйым «заңда белгіленген нақты негіздерге» сәйкес салынады.

Бұл елден шығуға тыйым салуға қатысты сотқа жүгініп, тиісті уәж-дәйектерін келтірсе және сәтін салса, тіпті «қара тізімге» енген адамның өзі теория жүзінде жеңуі мүмкін дегенді білдіреді.

Бірақ Өзбекстанның сот жүйесін жайлаған жемқорлық пен оның билік тармақтарына тәуелділігі «қара тізімге» ілінген жандарға онша көп үміт бермейді.

Тағы бір өзгеріс азаматтарға шетелдік төлқұжат беруге қатысты енгізілмек. Шетелге жалпыазаматтық төлқұжат бойынша емес, тек осы құжатпен ғана шығуға болады.

Әлеуметтік желілер мен форумдарда елден шығу визасын жойып, шетелдік төлқұжат енгізуге қатысты өзбекстандықтар пікірі екіге жарылды. Алдағы өзгерістерге қуанып жатқандар көп, бірақ скептиктер де бар.

«Бәлкім, шетелдік төлқұжат алу «шетелге шығу визасын» алудан да қиын болатын шығар?» деп топшылайды Twitter әлеуметтік желісінде Қоқан қаласында тұратын Қахраман Асланов есімді адам.

НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін оның орнына әзірше өзін реформатор әрі бизнес пен халықтың мүддесін қорғаушы ретінде көрсетуге тырысып жүрген Шавкат Мирзияев келді.

Саясаттанушылар бұл өзгерістер көбінесе елдегі инвестициялық климатты жақсартып, елге шетелдік инвесторлармен қатар Каримовтің тұсында бизнесін шетелде жүргізуді жөн көрген өзбекстандықтарды тарту үшін жасалған амал деп санайды.

Визаны жою Мирзияевтің имиджі үшін маңызды қадам болар еді. Ертеректе интернетте президентті бұл практикадан бас тартуға шақырған бірнеше петиция жарияланған.

«...виза қазіргі халықаралық нормаларға сәйкес емес. Ол адамның саяхаттау, жүріп-тұру, көшу еркіндігі принципіне қайшы. Бұған қоса, шетелге шығу визасын беру процесі коррупция үшін тағы бір табыс көзі» деп жазған петициялардың бірінің авторлары.

Мұндай визалық режим елдегі оппозицияға қарсы қолданылатын қаруға оңай айналуы мүмкін деп мәлімдеп, шетелге шығу визасы жүйесін халықаралық қоғамдастық та талай мәрте сынап келген.

Куба – шетелге шығу визасын жуырда жойған әлемдегі соңғы елдердің бірі. Ол бұл практикадан 2013 жылғы қаңтарда бас тартқан. Өзбекстан – постсоветтік елдер арасында азаматтарының шетелге шығуына арнайы рұқсат беру жүйесін әзірше сақтап отырған жалғыз мемлекет.

XS
SM
MD
LG