Accessibility links

"Қырғи қабақ" соғыс, "шпиондар" және рок-н-ролл


Советтік рок-әнші Валерий Сайфутдинов (ортада) АҚШ-қа эмиграцияға кетер алдындағы концертте. Рига, 1974 жыл.
Советтік рок-әнші Валерий Сайфутдинов (ортада) АҚШ-қа эмиграцияға кетер алдындағы концертте. Рига, 1974 жыл.

Рок-н-ролл "қырғи қабақ" соғыста құпия қару болды ма? Жаңа деректі фильм рок музыканың совет қоғамына ықпалы жайлы баяндайды.

Кремльшіл депутаттардың бірі өткен аптада аспаннан жай түсіргендей болды. Ол советтік рок жұлдыз Виктор Цойдың әндерін АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) жазған деген. Бұл әндер қайта құру заманының әнұранына айналып кеткен еді. «Оны жазудағы мақсат – советтік режимді құлату болған» дейді депутат.

Аты аңызға айналған «Кино» тобының марқұм әншісінің достары, таныстары мен оның әндерін сүйіп тыңдайтын қауым бұл айыптауды күлкілі деп отыр. Бірақ «Еркін рок» («Free to Rock») атты жаңа деректі фильмде «АҚШ билігі рок-н-ролл ықпалына ерекше мән бергені» туралы, рок музыканың совет қоғамына ықпалы жайлы баяндайды.

Фильмнің Нью-Йорктегі продюсері Джим Браун:

«Осы «жұмсақ күш» стратегиясында Ақ үй маңызды рөл атқарды. 1977 жылы президент Джимми Картердің әкімшілігі «Nitty Gritty Dirt Band» тобын Совет одағына жіберуге көмектескен. Бұл – олардың советтік жерге алғашқы саяхаты болатын» дейді.

Бұған қоса «Картер бұл іспен біз ойлағаннан әлдеқайда тығыз айналысқан. Ол рок-н-ролл советтік жүйені әлсіретеді деп сенген» деді Джимми Браун Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Фильмге «темір шымылдықтың» екі жағынан да бұрынғы лауазымды тұлғалар мен танымал музыканттар қатысқан. Олардың ішінде Картерден бөлек совет басшысы Михаил Горбачев бар. Оның «қайта құру» және жариялылыққа қатысты реформалары Совет Одағында елеусіз болып келген рок бағытын 1980 жылдардың соңында мейнстримге айналдырған.

«Ол Элвис Преслиді сүйіп тыңдайтын, рок-н-ролды ұнататын. Ол роктың жастарға арналғанын, ал жастардың рок-н-ролға құштар екенін түсінді. Меніңше, ол бұны тіпті мақтан тұтатын сияқты. Себебі Горбачевке дейін қарулануға триллиондаған доллар жұмсалған. Ал оған екі елді жарастыру үшін сөз, әрекет және мәдениет жеткілікті болды» дейді Браун фильмде Горбачев жайлы.

БҰРЫН-СОҢДЫ ЕСТІМЕГЕН ӘУЕН

Горбачев билікке 1985 жылы келді. Бұл – Совет Одағында рок субмәдениеті қарқын алып, кең тарап жатқан кез болатын. Жасырын жазылған жазбалар Одақтың 11 сағаттық белдеуіне қолдан-қолға ауысып тарайтын.

«Бұл қозғалыс бастауын Латвия астанасы – Рига қаласынан алды» дейді Артемий Троицкий. Ол – ресейлік рок бағытының танымал критигі.

Дәл осы қалада 13 жасар Валерий Сайфутдинов «Revengers» («Кек алушылар») деп аталатын рок топ ұйымдастырған. Олар 1962 жылғы жаңа жыл кешінде зауыттың 700 жұмысшысының алдында концерт берді. Литтл Ричард, Рэй Чарльз, Чак Бэрри әндерін шырқараған топ тыңдаушыларын тәнті еткен еді.

Бірақ бұл әндер бастыққа ғана ұнаңқырамапты.
Валерий Сайфутдинов (ортада) «Revengers» рок-тобымен бірге. Сигулда, 1963 жыл.
Валерий Сайфутдинов (ортада) «Revengers» рок-тобымен бірге. Сигулда, 1963 жыл.


«Зауыт директоры электр қуатын өшіріп тастағысы келген. Ол ашуланып сахнаға шықты. Айғайды салды дейсіз. Ал жұмысшылар бұрын-соңды бұндай музыканы естіп көрмеген. Оларға бұл әбден ұнады. Сондықтан олар бастықтарын масайтып тастап, кеш жалғаса берді» дейді Сайфутдинов Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Сайфутдинов Рига сахналарында өнер көрсетуін басқа топ құрамында жалғастырды. Бірақ совет билігі оның музыкасы мен қойған шашына тыныштық бермеген. Сондықтан 1970 жылдардың басында оның елден көшіп кетуіне тура келді. Ол Калифорнияға тұрақтады. 1980 жылдардың басынан бері дыбыс жазу студиясын басқарып келеді.

Сайфутдиновтің фильм түсіруді көздегеніне 10 жылдай уақыт болыпты. Деректі фильм рок-н-ролдың Валерий мен оның бұрынғы советтік отандастарына тигізген әсері жайлы болуы тиіс еді.

«Бастапқы идеям америкалықтарға рок-н-ролдың дүние жүзіне тигізген әсері жайлы хикая, не деректі фильм көрсету болатын» дейді Сайфутдинов. Ол қазір Сан-Диегода тұрады.

Ол 7 жыл бұрын Ник Бинкли есімді автор-әншімен бірігіп, идеяны дамыта бастайды. Ақырында олар Эмми сыйлығының жеңімпазы, продюсер әрі режиссер Браунға жолығады. 2011 жылы бұл жобаға Гуманитарлық саланы қолдайтын ұлттық қор 550 мың долларлық грант бөлген.

Браун америкалық рок музыкант Билли Джоэлдың 1987 жылы Совет Одағына келіп берген концерті жайлы деректі фильм түсірген. Қазір ол «Showtime» арнасында көрсетіліп жатыр. Ал «жаңа фильмді АҚШ-тың «PBS» қоғамдық арнасынан көрсетсек» дейді Браун.

Оның компаниясы Голливудпен келісім жасасты. Деректі фильмдегі баяндаушы рөл Кифер Сазерлендке бұйырған.

Фильмді бастапқыда «Кремльді шайқау» («Rockin’ the Kremlin») деп атағымыз келген» дейді Браун.

ЦОЙ ЖӘНЕ ШПИОНДАР

Браунның сөзінше, советтік роктың жасырын кезеңіндегі видеоларын табу қиынға соғыпты. Қалай дегенмен, сахна жұлдыздары ресми түрде мойындалмайтын.

Бірен-саран видеоны Джоанна Стингрей ұсыныпты. Ол – америкалық музыкант, әрі продюсер. 1984 жылы Совет Одағына саяхат жасаған. Ленинградтың ең танымал рок музыканттардың ортасында болған.

Стингрей Ленинград сахнасының алдыңғы қатарлы музыканттарымен танысады. Олардың арасында «Аквариум» тобының әншісі Борис Гребенщиков, советтік рок жұлдыз Виктор Цой да бар. Бұдан бірер күн бұрын Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров 1990 жылы марқұм болған Цойды «ЦРУ-ға болысқан» деп айыптады.

Өткен аптада Ресей блогосферасында мынадай видео таралып кетті. Онда депутат Федоров "Совет Одағының соңғы жылдарында Цойға әндерін Голливуд авторлары жазып беріп жүрген. Бұл – ЦРУ операциясының бір бөлігі болатын. Олар совет үкіметін құлатуды көздеген" деп санайтынын айтады. Дума депутаты Украинадағы толқуды ұйымдастыру үшін де Құрама Штаттар осы сынды тәсілдерді қолданды деп сенеді.

«Цойдың алғашқы әндері «Алюминий қиярлар» («Алюминиевые огруцы») сияқты бейтарап болатын, ал кейінгі «Өзгерістер» («Перемен») сынды әндерінде саяси реңк пайда болды» дейді ол сөзіне дәлел іздеп.

Федоровтың айтуынша, Цойдың «ЦРУ-мен байланысын» Ленинградтың рок сахналарын қадағалайтын КГБ қызметкерлері анықтаған.

Видеода мемлекеттік дума мүшесі Федоров Стингрейдің «ЦРУ-ға қатысы бары, не жоғын» нақты айтпайды.

Қалай болғанда Стингрей Голливудтан келген. Және де Цойдың әндерін ағылшын тіліне аударуға қатысқан.

Ол қазір Беверли Хиллзда тұрады. Ол 1986 жылы шығарған «Қызыл толқын» («Red Wave») атты альбом советтік рок музыканттардың АҚШ-та шыққан алғашқы жинағы болды. Стингрей Азаттық радиосына берген сұхбатында Цойды «ЦРУ-мен байланысы бар» деген айыптауды «миға сыйымсыз» деп атады.

«Менің бұл топқа қатысым болды, - дейді бұрын «Кино» тобындағы гитаристпен тұрмыс құрған Стингрей, - егер бұл шын болса, мен оны білмей қалмас едім».

ЦРУ Федоровтың сөзіне комментарий беруден бас тартты. Бірақ бір америкалық шенеунік бұған уәж айтты. Ол «бұнда ресейлік пропаганданың иісі сезіледі» деді.

Қазір 53 жастағы Стингрей Ленинградта өткізген алғашқы жылдарының әдеттегі күнін былай сипаттайды:

«Астыртын музыканттың пәтерінде сағаттап отыратын едік. Содан соң олардың бірі қолына қабырғада ілулі тұрған акустикалық гитараны алатын. Бұл соншалықты шығармашыл, әрі сиқырлы орта болатын. Ең қызығы, ол кез әлі де коммунистік заман еді. Бұл – Горбачевтің келуіне екі жыл қалған кез. 1984-1986 жылдарды шығармашылыққа ең бай жылдар дер едім. Ол адамдардың жабық есіктердің ар жағындағы шығармашылығы ғажап болатын» дейді ол.

Бірақ КГБ үшін "жабық есік" болмайтын. «Рок еркіндігі» фильмінде сұхбат берген Олег Калугин осылай дейді. Ол – Ленинградта қызмет кеткен бұрынғы КГБ офицері.

«Батыстың рок мәдениеті 1970-1980 жылдарда тамырын Ленинградта тереңге жібере бастады. Коммунистік партия шенеуніктері бұған қатты алаңдады. Партия басшыларының ұғымында бұл – коммунистік идеологияға қауіп төндіретін құбылыс болатын. Олар зиянды ықпалды КГБ-ның жойып жібергенін қалайтын» деп жазған 2009 жылы Калугин мемуарларында.

«ҚЫРҒИ ҚАБАҚ» СОҒЫСЫНЫҢ СОҢЫ

КГБ-ның рок музыкаға қарсы түрлі әрекеттерге барғаны айтылады. Мысалы, Ленинградтағы аты аңызға айналған рок клубты құпия түрде бақылаған. Бірақ совет басшысы Горбачев шектеулерді азайтып, 1988 жылы жеке кәсіпкерлік туралы заң қабылданған соң, клубты бақылауда ұстау маңызын жоғалтты. Аталмыш заң музыканттарға заңды түрде ақша табуға мүмкіндік берген еді.

Виктор Цой мен «Кино» тобынан Джоанна Стингрейдің алған сұхбаты:

Батыстың көптеген рок топтары Совет Одағына концерттерімен келе бастады. Тіпті сол кездің хард-рок бағытындағы ең ірі топтар фестивальдер өткізген еді.

1991 жылы қыркүйектің 28-і күні жүздеген мың жанкүйер Мәскеу маңындағы Тушино аэродромына жиналған. «Metallica» және «AC/DC» хард-рок топтарының концертін «Time Warner» ұйымдастырған болатын.

«Еркін рок» фильмінің соңына таман көрсетілетін концерт коммунистердің Горбачевке қарсы мемлекеттік төңкерісінен 5 аптадан кейін, ал Совет Одағының құлауына 3 ай қалғанда ұйымдастырылған» дейді Браун.

«Меніңше, біз аса салмақты дәлел келтіріп отырмыз. Рок-н-ролл «қырғи қабақ» соғыстың аяқталуына өз үлесін қосты» дейді ол.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)
XS
SM
MD
LG