Accessibility links

Минскіде өтетін компартиялар съезін Зюганов ашады


Ленин ескерткішіне гүл қойып жатқан құрметті қарауыл. Минск, Беларусь. 7 қараша 2013 жыл.
Ленин ескерткішіне гүл қойып жатқан құрметті қарауыл. Минск, Беларусь. 7 қараша 2013 жыл.

1 қарашада Минскіде Ресей саясаткері Геннадий Зюганов басқаратын коммунистік партиялар одағы – Совет одағы коммунистік партиясының 35-съезі басталады. Беларусь елінде съез өткізуге қарсылар көп.

СКП-КПСС деген қысқаша атауы бар бірлестікті басқаратын Ресей коммунистік партиясы төрағасы Геннадий Зюганов съез қарсаңында Минск қаласына келді. Бірлестікті құрушылар ұйымды «постсоветтік кеңістіктегі коммунистік партиялардың ерікті әрі саяси емес халықаралық қоғамдық федерациясы» деп атайды.

Екі күндік шараға 14 коммунистік партиядан делегаттар қатысады деп жоспарланған. СССР ыдырар кезде 15 одақтас республика болғанымен, кейін федерацияға әлем елдерінің көпшілігі мойындамаған Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетия сияқты республикалардың коммунистері қабылданған.

Коммунистік партиялар одағы – Совет одағы коммунистік партиясын Ресей коммунистік партиясы жетекшісі Геннадий Зюганов басқарады.
Коммунистік партиялар одағы – Совет одағы коммунистік партиясын Ресей коммунистік партиясы жетекшісі Геннадий Зюганов басқарады.

Алдыңғы съез бұдан төрт жыл бұрын Мәскеуде өткен. Биылғы съездің Минскіде өту себебін ұйымдастырушылар «СКП-КПСС-тің 35-съезі - мерейлі шара. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының (РСДРП) бірінші съезі осы Минскіде өткен. Сондықтан мерейтой құрметіне съезді осы тамаша қалада өткізуді ұйғардық» деп түсіндіреді.

Беларусь коммунистерінің жетекшісі Игорь Карпенко «постсоветтік елдер коммунистерінің мұндай беделді форумын өткізу - Минск үшін ардақты әрі жауапты тапсырма» деді Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатында

Бірақ тарихшы Игорь Кузнецов 35-съезді өткізу Минск үшін "масқара қылық" деп бағалайды.

— Мемлекеттік құрылымдардан өзге беларусь қоғамы жетінші рет саяси репрессия құрбандарын еске алу күнін өткізіп отыр.1937 жылы қазанның 30-ына қараған түні Минскіде НКВД жендеттері беларусь интеллигенциясының 132 көрнекті өкілін атқан. Енді коммунистер аталарымыздың аруағын қорлап, еске алу күнімен қатар съезін өткізгелі жатыр. Мұны өткен ғасырдың 20-50 жылдары отандастарымызды қырған жандардың қазіргі ұрпақтары жеңісін тойлауы, қоғамға қыр көрсетуі деп бағалау керек, - дейді Игорь Кузнецов.

Бірақ съезге қатысушылар екі шараның тұспа тұс келуін сөкет санамайды. Ұйым сайтында жарияланған іс-шаралар анонсында «қарашаның 1-і күні Минск қаласында бауырлас елдердің келешегіне бейжай қарамайтын, бауырлас республикалар бірлестігі мен жаңа одақтың құрылатына сенетін жандар қауышады» деп жазылған.

— Октябрь революциясының «өшпес» идеяларының ізбасарлары үшін бұл съез айтулы саяси оқиға болып саналады. Бұл адамдар «келешек» сөзін қолданғанымен, коммунистердің келешегі жоқ. Коммунизм, әсіресе оның большевизм деген формасы сенім-беделден баяғыда айырылған. Ал Минскіде өткенді көксеген адамдар жиналып жатыр, - дейді тарихшы Анатолий Сидоревич Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатында.

Жеңіс күні мейрамында шеруге шыққандар совет мемлекетінің басшылары Ленин мен Сталин суреттерін ұстап тұр. Минск, 9 мамыр 2012 жыл.
Жеңіс күні мейрамында шеруге шыққандар совет мемлекетінің басшылары Ленин мен Сталин суреттерін ұстап тұр. Минск, 9 мамыр 2012 жыл.

Съез қарсаңында Беларусь баспасөзінде советшіл коммунистердің съезін әжуалаған мақалалар жарияланды. Кейбір авторлар оны «некрофилдер съезі» деп атаған.

СКП-КПСС съезінің қай ғимаратта өтетіні, ал делегаттардың қайда тұратыны туралы партия функционерлері үндемейді. Әзірше «шара аясында делегаттар «Минск – қаһарман қала» стеласына гүл себетін қоятыны» ғана белгілі.

Қазақстанның президентшіл коммунистік халық партиясы өкілі әрі парламент депутаты Айқын Қоңыровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, коммунистік партиялар одағы – Совет одағы коммунистік партиясына мүше болмағандықтан, партия бұл съезге қатыспайды. Ал Ғазиз Алдамжаров басқаратын оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясы съезге қатыса ма, жоқ па - оны анықтау мүмкін болмады.

1990 жылы өткен 28-съез ресми түрде КПСС-тің соңғы съезі деп есептеледі. 1991 жылғы ГКЧП (төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет) путчынан кейін КПСС таратылған болатын. Коммунистік партиялардың СКП-КПСС бірлестігі Совет одағының коммунистік партиясы қызметіне ресми түрде тыйым салынғаннан соң екі жылдан кейін құрылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG