Accessibility links

Конституцияны өзгертуге ыңғайлаған референдум өтті


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, ел азаматтарының басым көпшілігі конституцияға өзгертулер енгізуді мақұлдаған. Референдум заңды деп танылды.

Қырғызстан орталық сайлау және референдум өткізу жөніндегі комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, желтоқсанның 11-і күні өткен референдумге қатысқан сайлаушылардың 80 пайызға жуығы конституцияға өзгертулер енгізуді қолдаған.

Орталық сайлау және референдум өткізу жөніндегі комиссия жетекшісі Нұржан Шайлдабекованың мәлімдеуінше, референдумның түпкілікті нәтижесі бюллетеньдерді қолмен санап шыққан соң анықталады. Сайлау учаскелері жексенбі күні кешкі сағат сегізде жабылды.

Қырғызстанда конституцияға өзгертулер енгізу туралы референдумге дауыс беру бүгін жергілікті кеңештер сайлауымен қоса өткізілді. Қырғызсан омбудсмені кеңештер сайлауы мен референдумнің аралық нәтижелерін жариялады. Сайлау учаскелеріндегі аппаратуралардың техникалық ақауы сайлаушылардың да, сайлау комиссиясы мүшелерінің де сын-ескертпелеріне негіз болды делінген баяндамада.

Бұдан кейін көп шағым бюллетеньдерге қатысты айтылған. Кейбір сайлау учаскелерінде сайлаушыларға тек қырғыз тілінде жазылған, өзге бір учаскелерде – орыс тіліндегі бюллетеньдер ғана берілген. Зағип сайлаушыларға арнайы трафареттер қарастырылмаған. Сайлаушылар тізіміндегі қателер де шағымдарға себеп болған.

Конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауы өткен күні Бішкектегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адамдар. 11 желтоқсан 2016 жыл.
Конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауы өткен күні Бішкектегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адамдар. 11 желтоқсан 2016 жыл.

Референдумге барлығы 30-дан астам өзгертулер дауысқа қойылған. Олар қолдау тапқан жағдайда Қырғызстанда, мәселен, үкімет жетекшісінің құзыреті кеңейтіледі. Ол министрлерді қызметке тағайындау және босату мәселесін президент пен жергілікті кеңештердің мақұлдауынсыз жеке өзі шешетін болады. Сонымен бірге ол бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтатын заң жобаларын бөгеу құқығына ие болады. Бұған қоса премьер-министр мен оның орынбасарлары отставкаға кеткеннен кейін парламентке оралып, депутаттық мандаттарын сақтап қалмақ.

Қырғызстан президентіне конституциялық сот құрамына кандидаттар ұсынуға және, егер парламенттің үштен екісі қолдау білдірсе, судьяларды қызметтен алуға құқық беріледі.

Конституцияға енгізу ұсынылған өзгертулер арасында бір жыныстылар арасындағы некеге тыйым салу және халықаралық нормалардың ұлттық заңнан басымдығын жою да бар.

Қырғызстанның «Атамекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстанның «Атамекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Негізгі заңды өзгертуге қарсылық білдірушілер бұл өзгертулерді енгізу арқылы қазіргі президент Алмазбек Атамбаев 2017 жылы қызмет өкілеті аяқталғаннан кейін үкімет басына келіп, күшейтілген атқарушы билікке ие болу үшін осындай амалға барып отыр деп санайды. Олардың сөзінше, конституция бойынша ел президенті алты жылдық бір ғана мерзімге сайланғанымен, саясаткердің үкімет жетекшісі болуына шектеу қойылмаған.

Конституцияға өзгертулер енгізуге қарсы шыққан Қырғызстанның бұрынғы уақытша үкіметі мүшелері арасында оппозициялық «Атамекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев та бар. Ол 2010 жылы сәуір революциясы нәтижесінде Құрманбек Бакиев биліктен кетірілгеннен кейін елде жүргізілген саяси реформалардың, солардың арасында конституцияға енгізілген өзгертулер авторларының бірі болған.

Бүгін Бішкектегі 1220-сайлау учаскесінде дауыс берген Текебаев журналистерге референдумде өз ұстанымын білдіргені туралы мәлімдеді. Сонымен бірге ол дауыс беру процесі барысында құқық бұзушылық байқамағанын айтты.

Азаттықтың Қазақ қызметіне бүгін берген сұхбатында Омурбек Текебаев конституцияға өзгеріс енгізуге ешқандай қажеттілік жоқ деп мәлімдеді. Ол 2010 жылғы оқиғалардан кейін қабылданған конституцияда негізгі заңды 2020 жылға дейін өзгертуге болмайтыны жазылғанын айтты. «Бүгінгі референдум конституцияны кез-келген уақытта өзгерте беруге болады дейтін ескі түсінікке қайта оралуды білдіреді» деп мәлімдеді Текебаев.

Қырғызстан конституциясына өзгертулер енгізу туралы бастаманы Жогорку кеңештегі алты фракция – президентшіл Қырғызстан социал-демократиялық партиясы, «Республика – Ата Жұрт», «Қырғызстан», «Өнүгүү - Прогресс» және «Бир бол» көтерген. Аталған партия өкілдері конституциялық реформаның басты мақсаты – үкімет құзыретін кеңейтіп, сот жүйесі реформасын жеделдету деп мәлімдеген.

Қырғызстандағы дауыс беру туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG