1500-ге жуық адамнан коронавирус пен пневмония анықталды, 16 адам қайтыс болды
27 қаңтарда Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан тағы 1 413 адам тіркелді. 83 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Денсаулық сақтау министрлігінің 28 қаңтар күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген. Сәрсенбі күні 16 адамның қайтыс болғаны хабарланды: 11 адам - коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғандар 182 530 адамға жетті. 164 319-ы жазылған. Өткен тәулікте 1 163 адам айыққан. 2020 жылдың наурыз айынан бері 2 521 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек есептеп келеді. Содан бері 47 658 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 564 адам қайтыс болған. 35 436 адам жазылған.
Өткен тәулікте Павлодар облысы (219) мен Ақмола облысында (213) ПТР тесті оң шыққан 200-ден астам адам тіркелген.
Алматыда - 139, Нұр-Сұлтанда - 147, Шығыс Қазақстан облысында – 53, Атырау облысында – 70, Қарағанды облысында – 78, Батыс Қазақстан облысында - 95, Солтүстік Қазақстан облысында – 108, Қостанай облысында - 141, Алматы облысында - 64, Шымкент қаласында - 10, Жамбыл облысында - 23, Түркістан облысында - 10, Маңғыстау облысында - 10, Ақтөбе облысында - 6, Қызылорда облысында 11 адамнан коронавирус анықталған.
Қазір коронавирустан 27 348 адам емделіп жатыр. 11 658-інің ПТР тесті теріс шыққан (яғни, оларға клиникалық белгілері бойынша Covid/коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған). 6 525 науқас стационарда емделіп жатыр.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 100 млн 746 мыңнан асты. 55,6 млн адам жазылған. 2 млн 170 мың науқас қайтыс болған.
27 қаңтарда ПТР тесті оң шыққан 1 413 адам тіркелді
27 қаңтарда Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан 1 413 адам тіркелді. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 16 адамға көп. Өткен тәулікте Павлодар облысы (221) мен Ақмола облысында (209) 200-ден астам адамнан коронавирус анықталған.
Жалпы облыстар мен қалалардағы жағдай төмендегідей:
Нұр-Сұлтан - 21 848 (+125 адам жаңадан қосылды)
Алматы қаласында - 21 685 (+138),
Шығыс Қазақстан облысында - 19 972 (+39),
Атырау облысында - 15 842 (+90),
Қарағанды облысында - 13 544 (+79),
Павлодар облысында - 12 549 (+221),
Батыс Қазақстан облысында - 10 678 (+93),
Солтүстік Қазақстан облысында - 10 549 (+117),
Қостанай облысында - 9 872 (+140),
Ақмола облысында - 10 155 (+209),
Алматы облысында - 8 997 (+71),
Шымкент қаласында - 5 826 (+13),
Жамбыл облысында - 5 494 (+24),
Маңғыстау облысында - 3 998 (+15),
Түркістан облысында - 4 036 (+16),
Ақтөбе облысында - 3 914 (+10),
Қызылорда облысында - 3 571 (+13).
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 182 530 адамға жеткен.
Бас санитар дәрігер Алматыда індет бәсеңдейді деп болжайды
27 қаңтардағы брифингте Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемия өршіп тұрғанын айтты. Жыл басынан бері Қазақстанның ең ірі қаласында инфекция жұқтырған 3 мыңнан астам адам тіркелген, ал былтырғы тоғыз айда барлығы 18,5 мыңдай адам коронавирусқа шалдыққан.
— Соңғы төрт күнде жағдай нашарлап кетті, күніне 120-140 жағдай тіркеліп жатыр. Қаңтардың өткен күндерінде коронавирус инфекциясымен 3 026 адам, "пневмониямен" 237 адам тіркелді, бұл бізді алаңдатады, әрине. Жаңа жыл қарсаңында, одан кейін және "ескі жаңа жылда" жұрт эпидемияға қарсы режимді бұзғандықтан, Алматы [эпидемия ахуалын бағалаудың] "қызыл аймағына" өтті, — деді Бекшин.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, Алматыда індеттің шарықтау шегі былтыр шілде айында болған. Ол тұста 6 мыңдай адам дерт жұқтырған, қыркүйекке қарай індет бәсеңдеп, коронавируспен 165 адам тіркелген. Алайда, қазаннан бастап ауырғандар қайта өсе бастады.
— "Қызыл аймақта" ұзақ болмаспыз. Меніңше, қала "сары аймаққа" қайтып келеді. Ұзақ мерзімге болжам жасай алмаймын, — деді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, індет басталғалы Алматыда коронавирус жұқтырған 21 547 адам, соған ұқсас "пневмонияға" шалдыққан 1 662 адам тіркелген.
Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі карантин ережелерін сақтап, вакцинацияны жоспармен жүргізген жағдайда Covid жұқтырудың шарықтау шегі наурызда болады деп болжаған.
Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вацинасын алуға 17 млрд теңгедей қаржы жұмсамақ
Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ. Мұны 27 қаңтардағы брифинг кезінде Азаттық сауалына жауап берген Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов айтты. Оның айтуынша, вакцинаның бір бөлігі Ресейдің өзінен сатып алынады, ал бір бөлігін Қарағандыда орналасқан "Қарағанды фармацевтика кешені" өндіреді. Желтоқсанда мұнда "Спутник V" вацинасының алғашқы сынақ нұсқасы шығарылған.
— Бюджетте жалпы 10 миллиондай адамды қазақстандық, ресейлік және бәлкім басқа [вакцинамен] қамтамасыз етуге жететін қаржы қарастырылған, оның көлемі шамамен 50 миллиард теңге. Соның ішінде Ресей вакцинасының 2 миллион дозасы бар. Екі дозаға 20 доллардан, жалпы 14 миллиард теңге, — деді Шоранов.
Журналистер брифинг барысында-ақ есептеп, Ресей вакцинасының екі дозасы 20 доллардан болғанда жалпы 16,8 миллиард теңге кетеді деген қорытынды шығарды. Артынша вице-министр "ойша есептегенде қателескенін" айтып, Ресей вакцинасына "16 мен 17 миллиард теңге аралығында" қаражат бөлінді деді. Оның айтуынша, қалған ақша сынақ әлі аяқталмаған қазақстандық вакцинаны алуға арналған.
Шорановтың айтуынша, Ресейде я Қазақстанда шығарылғанына қарамастан, "Спутник V" вакцинасының бағасы бірдей болмақ. Вакцинаның партиясына байланысты баға "20 мен 26 доллар арасында құбылуы мүмкін", келісімдерге қол қойып, соңғы коммерциялық ұсынысты бергеннен кейін ғана соңғы сома нақтыланады деді Шоранов.
Ресей вакцинасының Қазақстанда өндірілетінін хабарлаған ел үкіметі желтоқсанның соңында логистиканы қаперге алғанда Қарағандыда шығатын вакцина арзандау болуы керек деген еді.
Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа Ресей вацинасын салу 1 ақпанда басталады деп мәлімдеген. Наурызда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, ведомстволық медицина мекемелері өкілдеріне; сәуірден бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар азаматтарға вакцина салынбақ.
Цойдың айтуынша, жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион кісіге екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамды қамту жоспарланған.
Жоспар бойынша, "Қарағанды фармацевтика кешені" сәуірден бастап айына 600 мың доза вакцина шығаруы керек. 18 қаңтарда Ресейдің ақпарат агенттіктері "Спутник V" екпесінің Қазақстандағы кешенде өндірілген сынақ нұсқасы оны әзірлеген Гамалея атындағы институтта тексеруден өткенін хабарлады. Вакцина әзірлеу процесін қаржыландырған Ресей тікелей инвестиция қоры желтоқсанда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігімен келісімшарт жасасқан. Содан соң "Қарағанды фармацевтика кешені" қажет сұйықтықты алып, "Спутник V" вакцинасының алғашқы 6 мың дозасын жасады.
Қазақстан басшылығы әзірге сынақтың барлық кезеңінен өтіп, тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген Батыстың AstraZeneca, Pfizer-BioNTech, Moderna вакциналарын алу жоспарын айтқан жоқ. Батыс ғалымдары "Спутник V" вакцинасының клиникалық сынақ нәтижесіне күмәнмен қарайды.
ПІКІРЛЕР