Біртанов: Германияда бір қазақстандыққа коронавирус жұқтырған деген алдын-ала диагноз қойылған
13 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы брифингте "Германияның Берлин қаласында Қазақстанның бір азаматына коронавирус жұқтырған деген алдын ала диагноз қойылған. Қазірге дейін бізде бар ақпарат осы ғана. Қазақстанға келген 12 адам сол кісінің жанында болған. Қазір олар ауруханада карантинде жатыр. Ал әлгі азамат қазір Германияда. Біз бұл ақпаратты толық растай алмаймыз. Бірақ қазір бізде Германияда бір азаматымызға вирус жұққаны жайлы ақпарат бар" деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында “әлем экономикасы мен геосаяси ахуал күрделі кезеңге аяқ басқан тұста Қазақстанның алдында экономиканы сақтап қалу міндеті тұрғанын” жазды. Тағы бір twit-жазбасында “мемлекет барлық міндетін орындайтынын” мәлімдеді.
13 наурызда Ақордадағы жиында Тоқаев үкіметке инфраструктуралық жобаларды жүзеге асыру аясында жаңа жұмыс орындарын құру үшін 300 миллиард теңге (740 млн доллар) бөлуді тапсырды.
Мұнай арзандап, әлемді коронавирус қысқан сәтте Қазақстанның ұлттық валютасы теңге құлдырап кетті. Қазақстан қаржы биржасында бір доллар 405 теңгеден асып кетті.
Карта: Қай елдерге вирус тарады?
13 наурыздағы дерек бойынша, коронавирус тараған елдер мен жұқтырғандар санын ұсынамыз. Суретті үстінен бассаңыз үлкейеді.
- Авторы: Дилара ИСА
Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл облысындағы жағдай қандай?
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қалада короновирус тараған елдерден келген 80 адам карантинде жатыр. Олардың 60-ы арнайы дайындалған ауруханаларда орналастырылған, 20-сы үйінде. Ал Түркістан облыстық әкімдігінің мәліметінше, аймақта 22 адам аудандарда коронавирустан сақтану үшін дайындалған орындарда карантинде жатыр. Олар Иран, Қытай, Оңтүстік Корея және Италиядан келген қазақстандықтар.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, Италиядан 11 наурызда келген екі ақтөбелік карантинде. Екеуі бір отбасыдан. Олар 24 наурызға дейін дәрігерлер бақылауында болады. 12 наурызда Ақтөбеде арнайы жасақталған госпитальдан Қытайдың үш азаматы, бір тәжікстандық карантиннен шыққан. Төртеуі де Ақтөбеге Қытайдан келген. Олардан вирус табылмаған.
Жамбыл облысында, 13 наурыздағы дерек бойынша, 35 адам карантинде жатыр. Барлығы – Қазақстан азаматы. Олар Оңтүстік Корея, Иран және Қытайдан келген. Бұл туралы Облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Демпартамент дерегінше, алғашында 53 адам карантинде болған. Кейін 18-і үйіне жіберілген.
ПІКІРЛЕР