Қазақстанда төртінші адамнан вирус табылды
Қазақстанда төртінші адамдан коронавирус табылды. Бұл туралы 13 наурыз кешкісін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшарип хабарлады.
Оның сөзінше, вирус Алматы қаласының 1976 жылғы тұрғынынан табылды. Ер адам Қазақстанға 13 наурызда Германиядан жолаушылар ұшағымен ұшып келген. Қазір вирус жұқтырған қазақстандық Алматыда арнайы ауруханада жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда үш адамнан вирус табылған.
Италияда бір күнде вирустан 250 адам қайтыс болды
Италия үкіметі кейінгі 24 сағатта вирустан 250 адамның көз жұмғанын, 2547 адамнан вирус табылғанын мәлімдеді. Бұл елде қаза тапқандар 1266 адамға, вирус жұқтырғандар 17660 адамға жетті. Италия осы аптадан бері бүкіл елде карантин жариялаған.
Оқи отырыңыз: 60 млн халқы бар Италияда карантин
СІМ: Германиядағы қазақстандық дипломаттың әкесінде вирус симптомдары байқалған
13 наурыздағы жағдайды қорытындыласақ:
- Дүниежүзілік денсаулық сақта ұйымы әлемнің Covid-19 коронавирусы 123 еліне жетіп, 132 500 адамға жұққанын мәлімдеді. 13 наурызда Қазақстанда төрт адамнан вирус табылды. Олардың үшеуі Германиядан, біреуі Италиядан келген. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Германиядағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтін дипломаттың сол жақта жүрген әкесінде вирус симптомдары байқалып, ауруханаға жатқызылған.
- ДДСҰ “Еуропа коронавирус пандемиясының эпицентріне айналды” деп мәлімдеді. Еуропа елдері қазір Covid-19 вирусын тоқтату үшін шекараларды жауып, қатаң шаралар қабылдап жатыр.
- АҚШ президенті Дональд Трамп елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялады. Бұл елде вирус жұққан адам саны екі мыңнан асып, 41 адам көз жұмды.
- Испанияда бір күнде мыңнан астам адамнан вирус табылды. Қазір елде 4000-нан астам адам дертке шалдығып, 122 адам қаза тапты. Испания да төтенше жағдай жариялады.
- Польша, Дания, Чехия, Словакия, Мальта, Украина шетелден келетін шетелдіктерді елге кіргізуге шектеу қойды.
- Тунис мешіттерде намаз оқуға тыйым салды.
ДДСҰ Еуропаны вирустың жаңа ошағы деп атады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 13 наурызда Еуропа коронавирустың жаңа ошағына айналды деп мәлімдеді. Мұнда вирустан бес мыңнан астам адам көз жұмған.
"Енді Еуропа COVID-19 пандемиясының ошағына айналды" деді Женевадағы баспасөз жиынында ДДСҰ төрағасы Тедрос Адханом Гебрейесус. ДДСҰ басшысының айтуынша, коронавирусты жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны бойынша қазір Еуропа әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр.
Еуропада коронавирус тек Черногориядан ғана табылмаған. Испания, Франция, Германия мен Швейцарияда мыңнан астам адамға вирус жұққан.
Ең көп вирус табылған Италияда соңғы тәулікте 250 адам көз жұмған, осылайша вирустан қайтыс болғандардың саны 1266-ға жеткен. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен 25 пайызға жоғары және елде бұрын-соңды мұндай жоғары көрсеткіш тіркелмеген.
Еуропа елдерінің бірнеше үкіметі шекарада бақылауды күшейтіп, кейбірі шекараны мүлде жапты. Мектептерде сабақ тоқтап, қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды.
ПІКІРЛЕР