Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

22:11 16.3.2020

ДДСҰ: Тест, тест, тест

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.
ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем елдерін вирус жұқтырды-ау деп күдікке ілінген әрбір адамнан анализ алуға шақырды.

"Өртті көзді жұмып өшіре алмаймыз. Әр елге бір ғана ұсынысым бар: тест, тест және тест. Тест болмаса, вирус жұқтырған адамды оқшаулау және инфекцияның таралу тізбегін үзу мүмкін болмай қалады" деді ДДҰС директоры Тедрос Адханом Гебрейесус 16 наурызда Женевадағы баспасөз мәслихатында.

02:25 17.3.2020

Ресей, Шенген, Канада шетелдіктердің кіруіне шектеу қойды

Париж көшесінде жүрген адамдар. 15 наурыз 2020 жыл.
Париж көшесінде жүрген адамдар. 15 наурыз 2020 жыл.

Еуропа одағы бір айға Шенген аймаққа шетелдіктерді кіргізуге тыйым салмақ. Ресей 1 мамырға дейін шетелдіктерді кіргізбейді. Канада да ел шекарасын толық жапты. Ал Франция 17 наурыздан бастап 15 күнге бүкіл елде карантин жарияламақ. Ел президенті Эманнуэль Макрон телеарна арқылы “біз соғыс жағдайындамыз” деді. АҚШ президенті Дональд Трамп оннан артық адамның жиналуына тыйым салды.

Әлемде вирус жұқтырғандар саны 181 мыңнан асты. Көз жұмғандар саны – 7130 (кешегі күнмен салыстырғанда 638 адамға көп). 78339 (+1741) адам дерттен айықты. 96149 адам ауырып жатыр.

08:30 17.3.2020

Бір тәулікте он мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды

Маска таққан адамдар көліктен табытты түсіріп жатыр. Бергамо, Ломбардия, Италия, 16 наурыз 2020 жыл.
Маска таққан адамдар көліктен табытты түсіріп жатыр. Бергамо, Ломбардия, Италия, 16 наурыз 2020 жыл.

16 наурыздың кешіндегі дерекке сәйкес, әлемде 181 928 адам коронавирус жұқтырған, соңғы тәулікте вирус 12352 адамнан табылған, 620 адам өлген.

Ресей Белоруссиямен шекарасын жауып, 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетел азаматтарының ел аумағына кіруіне шектеу қойды. Мәскеуде 10 сәуірге дейін 50 адамнан асатын жиын, шаралардың барлығына тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша, қазір Ресей коронавирус жұқтырғандар 100-ге жеткен.

Еуропа елдері де коронавирусқа қарсы қатаң шараларды жалғастырып жатыр. Еурокомиссия төрағасы Урсул фон дер Ляйен аса қажеттілік болмаған жағдайда Еуродақ аумағына кіруді 30 тәулікке дейін уақытша шектеуді ұсынды. Еурокомиссия басшысы тіршілікке қажетті жүк тасымалы үшін "жасыл коридор" құру қажеттігін айтты.

18 наурыздан бастап Францияда мектептер мен университеттер жабылады. Финляндия 13 сәуірге дейін төтенше жағдай режимінде тұрады.

Еуропада коронавирустан ең көп адам өлген ел – Италия. Бұл елде бір тәулікте 349 адам, эпидемия басталғалы 2158 адам қаза болды.

08:44 17.3.2020

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 13 адамға жетті

Валюта айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан маска таққан әйел. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.
Валюта айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан маска таққан әйел. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 17 наурыз күнгі таңертеңгі сағат 9-дағы мәліметке сай, Алматыда коронавирус инфекциясы тағы 3 адамнан табылған.

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, 13 наурызда Мәскеу арқылы Берлиннен ұшақпен келген 2018 жылы туған қыз баланың коронавирус жұқтырғаны анықталған. Вирус 1956 және 1966 жылғы тағы екі ер адам адамнан табылған, олар 10 наурызда Алматыға Мәскеуден ұшып келген.

Сонымен Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 13 адамға жетті. Қазір Алматыда он бір, Нұр-Сұлтанда екі науқас ауруханада жатыр. Коронавирус жұққан тағы бір қазақстандық Германияда деп хабарланған.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 30 тәулікке төтенше жағдай режимі күшіне енген. Елде 1641 адам ауруханада, 981 адам үйде карантинде.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG