Accessibility links

Қазақстанда бірнеше қала карантинге жабылды. Әлемде 33 мың адам қайтыс болды


Бішкек көшесін дезинфекциялап жүргендердің бірі. 26 наурыз 2020 жыл.
Бішкек көшесін дезинфекциялап жүргендердің бірі. 26 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанда Covid-19 дертіне шалдыққандар саны 280-нен асқан тұста билік елдегі алты қаланы карантинге жапты. Ал әлемде коронавирус жұқтырғандар 710 мыңнан асып кетті. 33500 адам қайтыс болып, 148 мың адам дерттен айықты. Әлемдегі және Қазақстандағы жағдайды шолып шығыңыз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

30 наурызда Атырау қаласы және Қарағанды облысындағы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қаласы карантинге жабылды. Бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында карантин жарияланған. Бұл қалаларда жұмыс уақыты қысқарып, теміржол, автовокзалдар жұмысы тоқтап, қала кіреберісіне блокпостар қойылады. Қала тұрғындарының азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу үшін немесе жұмысқа баруы үшін ғана сыртқа шығуына рұқсат. 65 жастан асқан тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді.

Қазір Атырауда алты, Қарағандыда жеті адамнан вирус табылған. Қарағанды облысы әкімдігі жеті адамның бәрі шетелден келе сала карантинге жатқызылғанын, олардың басқа адамдармен байланыста болмағанын айтып келген.

Дүйсенбі күні Ақтау қаласында да шектеу күшейді. Қала тұрғындары кешкі 19.00 мен таңертеңгі 8.00 аралығында қалада ары-бері жүруге шектей қойылды.

Қазақстанда қазір вирус жұқтырғандар 280-нен асты. Кейінгі екі күнде вирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. Коронавирустың жаңа түрі Қазақстанның 12 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында тіркелді. Вирус тек Түркістан және Қостанай облысында табылған жоқ. Қостанай облысының әкімдігі сақтық үшін 31 наурыз түнгі 22.00-ден бастап аймаққа кіруге тыйым салатынын мәлімдеді.

Жергілікті денсаулық басқармаларының хабарлауынша, Атырау облысында және Қызылорда облысында медбикеден коронавирус табылған. Олар осыған дейін вирус жұқтырған адамдарды емдеген.

29 наурыздағы дерек бойынша, Нұр-Сұлтанда – 13 науқас, Алматыда жеті науқас Covid-19 дертінен айықты. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 64 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Ол Алматыға құдалыққа барып келген. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Марқұммен күйеуінен де коронавирус табылды.

28 наурыздан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында сақтық шаралары күшейтілді. Бұл қалаларда жұрт тек тамақ, дәрі алуға және жұмысқа шыға алады. Ал 30 наурыздан – 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтанда демалыс жарияланды. Бұл аралықта қалада қоғамдық көлік жүрмейді. Тек дәрігерлер, полицейлер, орган қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері ғана жұмысқа шығады.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

АҚШ-та қазір 124 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды, 2200 адам қайтыс болды. Қазір бұл жедел анализ алып, жұртты жаппай тексеріп жатыр. Америкада қазірге дейін 700 мыңнан астам адамнан сынама алынған. Ең көп зардап шеккен – Нью-Йорк қаласы. Ақ үй карантин кезінде жұртқа көмектесу үшін бірнеше триллион доллар бөлмек.

Коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан Италияда көз жұмғандар он мыңнан асты. 28 наурыздағы дерекке сай, бұл елде 92472 адамнан вирус табылған. Бұл елде күніне кем дегенде бес мыңдай адамнан вирус анықталып жатыр. Италия денсаулық сақтау министрінің орынбасары Пьерпаоло Силери бір аптада, ең ұзағанда он күнде Италияда вирус шегіне жетіп, кейін коронавирус жұқтырғандар саны азая түседі деп үміттенеді. Бұл елде 60 миллионнан астам халық жиырма күннен аса толық карантинде отыр.

Испания денсаулық сақтау министрі 24 сағатта коронавирустан 838 адам қайтыс болғанын, елде барлығы 6528 адам көз жұмғанын хабарлады. Испанияда 78797 адам (Бір күнде 5562 науқас қосылды) вирус жұқтырды.

Иранда 24 сағатта 2901 адамнан вирус табылды. Қазір бұл елде 38309 адам дертке шалдыққан. Қайтыс болғандар – 2640 адам. Иран АҚШ ұсынған гуманитарлық көмектен бас тартқан. Тегеран “Америка бізге көмектескісі келсе Иранға салған санкцияларын алсын” деген талап қойып отыр.

Covid-19 дертінен қаза болғандарды жерлеу рәсімі. Тегеран, 24 наурыз 2020 жыл.
Covid-19 дертінен қаза болғандарды жерлеу рәсімі. Тегеран, 24 наурыз 2020 жыл.

Ұлыбританияда коронавирустан көз жұмғандар 1200-ден асты. 17 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Министрлер кабинетінің жетекшісі Майкл Гоув елдегі карантин “біраз уақытқа созылады” деп болжады. Ал Лондон император колледжінің профессоры Нил Фергюсон Suday Times басылымына берген сұхбатында “карантин мен шектеулер мамырдың соңы я маусымның басына дейін жалғасар. Кейін карантин аяқталған соң да адамдар біраз уақыт алыс тұрып, ара қашықтық сақтап жүрер” деген.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

29 наурыздағы дерек бойынша, Өзбекстанда 133 адамнан вирус табылды. Жеті адам дерттен айығып, екі адам қайтыс болды. Ташкент қаласында карантин жарияланған. Елде мектептер, балабақшалар, университеттер жұмысын тоқтатты. Адамдардың топ болып жиналуына тыйым салынды. Өзбекстан елге жолаушы тасымалдайтын халықаралық рейстерді кіргізуге тыйым салды.

Ал Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 84 адам болды. Бұл елде 22 наурыздан бастап төтенше жағдай жариялаған. Қырғызстанда вирус жұқтырғаны анықталған алғашқы алты адам Сауд Арабиясынан келген.

Тәжікстан мен Түркіменстан билігінің дерегінше, бұл елдерде коронавирус табылған жоқ. Бірақ Түркияда жұмыс істеп жүрген 57 түркімен мигранты улы спирттен қайтыс болды. Олар бұл алкоголды “коронавирустан қорғайды” деп ішкен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG