Кезінде Варшава пактісіне қол қойған социалистік лагерь елдерінің СССР-дің бастауымен Чехословакияға әскер кіргізіп, басып алғанына 50 жыл толуына байланысты Чехия мен Словакия халқына дүниенің түкпір-түкпірінен қолдау көрсетушілер мен құрбандарды еске алушылар хабарласып, тілек білдіріп жатыр. Үндемей отырған тек Чехия билігі.
Ресей президенті Владимир Путиннің Еуропа Одағындағы ең жақын одақтасы болып саналатын Чехия президенті Милош Земан тамыздың 21-і күні көп алдына шығып мәлімдеме де жасамады, еске алу шараларына да қатыспады.
ЕСКІ МӘЛІМДЕМЕНІ МАЛДАНУ
Бұл жағдай 73 жастағы саясаткердің билікке келгелі бері ұстанып отырған саясатын және бір паш етті. Оны аға кеңесшілері Ресеймен тым жақын деп сынаушылар да көп, өзі де Батыстың Кремльге салған санкцияларына қарсы шығып, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға шақырған.
Чехияның қоғамдық телеарнасы "Прага көктеміне" 50 жыл толу оқиғасына орай өз президенті үнсіз қалған соң көршілес Словакия президенті Андрей Кисканың үндеуін эфирден көрсететін болды.
Тамыздың 20-сы күні Прагадағы Ресей елшілігінің қасында Мәскеудің кезінде ЧССР-ді және бірнеше жыл бұрын Қырымды басып алуына қарсы наразылық шарасын ұйымдастырған белсенділердің бірі 48 жастағы Ян Навратил Азаттыққа:
- Земан бізді масқара қылды. Еліміздің тарихындағы ең бір қараңғы кезде тұрмыз. Бұл күнді атап өту үшін президентіміз не үндеу жариялауға, не гүл қоюға жарамады. Бұл өзі не қылған саяси жетекші? - деді.
Көре отырыңыз: Прагаға басып кірген офицер мен сотталған белсендінің 50 жылдан кейінгі кездесуі
1968 жылғы тамыздың 20-сында Совет Одағы мен оның Варшава пактісіне қол қойған социалистік лагерьдегі бірнеше одақтасы реформашыл Чехословакия үкіметін биліктен кетіру үшін елге 250 мың әскер, екі мың танк кіргізген. Сол кездегі ЧССР-дің үкімет басшысы Александр Дубчек "адам бейнелі социализм құру" саясатын жариялаған. Оның бұл бастамасы Мәскеуге ұнамай қалған.
Аз уақыт ішінде Чехословакияға басып кірген әскер саны жарты миллионға жетіп, жергілікті тұрғындар әскермен қақтығысқан. Наразылық кезінде 137 адам өліп, 500-ден көбі жараланған.
1968 жылы "Прага көктемі" кезінде Коммунистік партияға мүше болып кірген Земан екі жылдан соң совет оккупациясын сынағаны үшін партиядан шығарылған деп айтылады.
Президенттің кеңесшісі Иржи Овчачектің сөзінше, Земанның 50 жыл бұрынғы сол бір "батыл мәлімдемесі" жетіп жатыр.
"Ол осы мәлімдемесі үшін Экономика университетінен де жұмыстан қуылған. Бұл мәлімдеме тамыздың 21-і сайын жасалатын мыңдаған ресми және жалған баяндамалардан әлдеқайда құнды" деп жазды Овчачек Twitter парақшасында.
Бірақ Милош Земанның бұрынғы кеңесшісі, Прагадағы Нью-Йорк университетінің директоры Иржи Пехе президенттің бұл шешіміне қатты таң қалғанын айтады. Оның сөзінше, кезінде Земан сияқты жүздеген мың чех пен словак қуғынға ұшыраған. Олардың көбі шетке қашып, отбасыларын бір көруге зар болып өмірден өткен.
- Мұндай сылтау айту бір түрлі екен. Конституцияда жазылған міндет болмаса да, президент осындай маңызды мерейтой кезінде сөйлеуі тиіс, - деді Пехе.
АНТИПАТИЯНЫҢ САҚТАЛУЫ
50 жыл бұрын Кремль Чехословакияға "елдің үкіметі өтініш айтқан соң әскер кіргіздік" деп мәлімдеген. Бұл оккупацияның мерейтойы қазіргі Чехияның билігі Ресеймен қарым-қатынасына қатысты қоғамның пікірін қаққа жарған кезбен тұспа-тұс келіп тұр.
Кейбір тұрғындар Чехия ЕО мен НАТО мүшесі болса да, Ресейден әлі де қауіп бар деп алаңдайды. Ал Земан сияқты базбіреулері Мәскеумен қарым-қатынас жақсара түсуі керек деп ойлайды.
Сын айтушылар Владимир Путиннің 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алуы жарты ғасыр өтсе де, Мәскеудің қоқаңдауы сол күйінде қалғанын көрсетті деп санайды.
Кейбір чех саясаткерлері Совет Одағы мен Ресейді салыстырмауға шақырса да, соңғы әлеуметтік сауалнамалар чехиялықтардың көпшілігі Ресейді ұнатпайтынын көрсетеді.
"Прага көктемінің" мерейтойы кезінде Чехияның Коммунистік партиясы үкіметке кіруге шақ тұр. Бұл партия - 1988 жылғы "Барқыт төңкерісінен" бері Шығыс Еуропада реформаланбаған жалғыз коммунистік ұйым.
Өткен айда коммунистер премьер-министр Андрей Бабиш бастаған азшылық коалициясы үкіметін қолдауға келісті. Елдегі екінші ең дәулетті адам болып саналатын Еуропа Одағының субсидияларын теріс пайдаланды деген айыпқа ұшыраса да, парламентте әлі бірнеше одақтас табатын сияқты.
"Прага көктемінің" 50 жылдығы қарсаңында Бабиш 1968 жылғы оккупация кезіндегі Ресейдің рөлін пәсейтіп көрсетуге тырысты.
- 1968 жылғы оккупацияға нақты қай ұлттың бұйрық бергені маңызды емес, - деді Бабиш бір коммунистің сұрағына жауап беріп тұрып.
Бұл сөзі үшін сынға ұшыраған Бабиш бірнеше күннен соң оккупацияны "Чехославакиядағы ең ірі трагедиялардың бірі" деп атады. Ол чех студенті Ян Палахтың өзін өртеп жібергені, 1969 жылы ЧССР құрамасының СССР құрамасын хоккейден әлем чемпионатының финалында жеңгені қандай мәнге ие болғанын еске алды.
- Коммунистер үкіметке кіргелі тұр. Мынадай маңызды күні президентіміз Ресейге қарсы шығудан қорқақтайды. Елдің ішкі жағдайы не болып барады? - деп дал болады 23 жастағы студент Вера Донутилова. Ол кезінде демонстранттар басып кірген әскермен қақтығысып қаза тапқан Чехияның мемлекеттік радиосының ғимараты алдына құрбандарды еске алу үшін келген.
Тамыздың 21-інде еске алу шарасына жиналғандар ысқырып наразылық танытып, "социалистік кезеңде арнайы қызметпен ауыз жаласты" деп сыналатын премьер-министр Андрей Бабиштің сөзін үзе берді.
Жуырдағы әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес чехтар да, словактар да Варшава келісімі елдерінің оккупациясын Чехословакияның 75 жылдық тарихындағы ең сорақы оқиға деп танитын болып шықты.
Чехияның қоғамдық телеарнасы мен радиосын 1993 жылы бөлініп кеткен көршілері Словакия президентінің үндеуін таратуға шақырған белсенді Робин Суханек жазбаша мәлімдемесінде Земанды өркөкіректігі үшін қатты сөкті. "Чехияның президенті ретінде ең құрығанда Ресей оккупациясының жүздеген, бәлкім тіпті мыңдаған құрбанын еске алуы тиіс еді" деп жазды ол.
(Алан Кросбидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)
ПІКІРЛЕР