ҚАЗАҚСТАН
Еуропа Одағы жанындағы Еуропа халықаралық қатынастар кеңесі (ECFR) Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдерде тұратын сарапшылардың одақтың болашағына қатысты пікірлерін берген бірнеше мақала жариялады.
«Қазақстан және Еуразия экономикалық одағы: Астананың көзқарасы» деген мақалада тәуекелдерді бағалау тобы директоры Досым Сәтпаевтың пікірі берілген. Оның айтуынша, Астана ЕАЭО қазақстандық бизнеске 170 миллионнан аса халық тұратын нарыққа жол ашады, сауда-саттықты дамытуға көмектеседі әрі капитал, қызмет және еңбек ресурстарының еркін айналымын қамтамасыз ететін біртұтас кеңістік құрылады деп үміттенеді.
Бірақ Досым Сәтпаевтың пікірінше, күшті және әлсіз ойыншылардың, әсіресе экономикасы табиғи ресурстар экспортына негізделген, ал елдерін жемқорлық пен бюрократия жайлаған, дені дұрыс нарықтық экономикасы жоқ мемлекеттер арасында одақ құру мүмкін емес. Оның үстіне, Ресейдің Украинаға басқыншылығы мен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясынан соң одақтың болашағына сенбейтіндердің күдігі тіпті күшейе түскен. Қазақстан батыс өнімдеріне Ресей салған қарымта санкцияны қолдаған жоқ.
Енді ТМД елдерінің саяси ғана емес, экономикалық қаупі де күшейді. Economist журналы «Соққы астында қалған Ресей экономикасы теңселіп тұр» деген мақаласында «Ресей рождествоны тойлап жатқан тұста рубльдің долларға шаққандағы бағамы 17,5 пайызға құлдырап кетті, ал инфляция деңгейі екі таңбалы санға жетті» деп жазады.
Мұнайдың бір баррелінің бағасы 50 долларға дейін түсіп кетті, ал ішкі жалпы өнім көлемі 3-5 пайызға азаяды деген болжам бар. Бірақ, журналдың жазуынша, Ресейдің әлдебір стратегия жариялайтын ойы жоқ, мұның орнына Ресей телевизиясы Владимир Путиннің аймақ губернаторларын мақтағанын көрсетіп жатыр.
ҚЫРҒЫЗСТАН
Economist журналы «Орталық Азия және Ресейдегі дағдарыс: жұқпалы дерт» деген тағы бір мақаласында Қырғызстанның экономикалық қауіпке қарамастан, ЕАЭО-на кіруге құлшынып отырғанын жазады. Одаққа мүше болу жұмыссыздар санын екі есеге көбейтеді деп болжайтын кейбір қырғыз шенеуніктері одаққа кірудің пайдасын түсінбейді деп жазады басылым.
Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаевтың айтуынша, Қырғызстанға ЕАЭО-на кіруден басқа балама жол жоқ. Economist басылымы «Егер Қырғызстан ЕАЭО-на кірмесе, қырғыз бизнесмендері Қытайдың арзан тауарын өзге постсоветтік елдерге экспорттай алмай қалады» деп түсіндіреді.
ӨЗБЕКСТАН
Биыл сайланған парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың «Өзбекстан бұрынғы СССР-ді еске түсіретін одаққа ешқашан қосылмайды» деген сөзі Еуразия экономикалық одағын меңзеген сияқты.
Economist журналының жазуынша, одаққа қосылмау тиімсіз екенін Ресей Өзбекстанға тұспалдамай ашық білдірген. Ресейде жұмыс істейтін алты миллионға жуық Өзбекстан азаматы үйіне ақша аударып тұрады деп жазады басылым.
Биылдан бастап олардың Ресейде жұмыс істеу тәртібі біраз қиындайды. 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап ЕАЭО-на мүше емес елдердің Ресейде жүрген иммигранттары Ресей тарихы мен орыс тілінен тест тапсыруы тиіс. Оның үстіне, жұмыс істеуге рұқсат алу қымбаттады.
АРМЕНИЯ
Еуропа халықаралық қатынастар кеңесі мақаласында аймақтық зерттеулер орталығы директоры Ричард Киракосян «ЕАЭО-на мүшелікке өтудің пайдасынан гөрі, зияны көп» екенін айтқан. «Біріншіден, Украинадан айырылып қалу, екіншіден, батыс елдерінің санкциясы, ал үшіншіден, Ресейдің қысымы сияқты жайттардың бәрі бұл шешімнің жағымсыз факторлары» деп жазады автор.
Ресейдің 102-әскери базасы орналасқан Гюмри қаласында ресейлік сарбаз қаңтардың 12-сі күні армян отбасын бала-шағасымен қоса өлтіріп кеткеннен кейін Армения мен Ресейдің саяси қарым-қатынасы ушығып, Ресейге қарсы шерулерге ұласқан.