Accessibility links

«Курск» апатына билікті сынаушылар азайды


«Курск» кемесі апатына 10 жыл толуына арналған еске алу шарасына келген әйел Видяеводағы сүңгуір кемелер базасында тұр. Ресей, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
«Курск» кемесі апатына 10 жыл толуына арналған еске алу шарасына келген әйел Видяеводағы сүңгуір кемелер базасында тұр. Ресей, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Владимир Путин президенттік қызметін жаңа бастағанда «Курск» кемесінің суға батуы қоғамның ашу-ызасын туғызған еді. Бірақ қазір ресейліктер көзқарасын өзгерткен. Оған мемлекеттік телеарналар қатты әсер етті дейді қоғамдық пікірді зерттеушілер.

Теңізде апатқа тап болған ресейлік «Курск» атом сүңгуір кемесін құтқару операцияларының сәтсіздікке ұшырауы сол кезде президент қызметін жаңадан бастаған Владимир Путинге жұрт наразылығын күшейткен еді. Суға батқан кемеде опат болған 118 теңізшінің туыстарымен сөйлесуге демалыста жүрген жерінен кешігіп келген президентті қаза тапқандардың жақын-туыстары ашу-ыза, балағатпен қарсы алған.

«АПАТТЫ ҰМЫТТЫРУҒА ТЫРЫСАДЫ»

2000 жылы тамыздың 10-ы күні «Курск» сүңгуір кемесі Баренц теңізінің түбіне кеткенде Ресей батыс елдерінің көмегін қабылдауға асықпады, кемедегі 118 теңізшінің бәрі бірдей опат болғанын естіген халық қатты күйзелді.

Сол кезде «Левада» әлеуметтік зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға жауап берген ресейліктердің 72 пайызы билік теңізшілерді құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған жоқ деп жауап берген еді. Арада он бес жыл өткен соң «Левада» жүргізген жаңа сауалнама Путиннің басшылық қабілетіне дақ түсірген оқиғаны жұрт ұмыта бастағанын көрсетті.

Бұл жолы ресейліктердің 35 пайызы ғана «билік қателік жіберді» дегенге келіседі. Оған қоса, сауалнамаға жауап бергендердің 40 пайызы мемлекеттің сол кездегі әрекетін құптайды, ал 2000 жылы мұндай ұстанымдағылар 23 пайыз ғана болатын. «Левада» орталығының директоры және танымал әлеуметтанушы Лев Гудков бұндай өзгерісті «мемлекеттік телеарналардағы насихаттың жемісі және ол екі деңгейде қызмет етіп жатыр» дейді.

Гудковтың айтуынша, біріншіден, билік болған оқиғаны еске салып, халық жадында жаңғыртпайды.

«Курск» атомдық сүңгуір қайығының экипажы Ресей әскери-теңіз флоты күніне арналған жыл сайынғы парадта. Североморск, 30 шілде 2000 жыл.
«Курск» атомдық сүңгуір қайығының экипажы Ресей әскери-теңіз флоты күніне арналған жыл сайынғы парадта. Североморск, 30 шілде 2000 жыл.

«Мемлекеттік құрылымдар адамдарды билікке жауапкершілігін еске салуға, оны талқылауға ынталандырмайды. «Курск» апаты ғана емес, басқа да қайғылы оқиғалар жайлы осылай деуге болады. Қысқаша айтқанда, «көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді ол.

Гудковтың пікірінше, жастар арасында жүргізілген сауалнама осыны растайды, 2000 жылы 6 пайыз респондент «сұраққа жауап беруге қиналатынын» айтқан болса, биыл олардың 26 пайызы осылай жауап берген.

Қазіргі кезде ресейлік негізгі телеарналар Кремльдің сойылын соғады. 2000 жылдары хабар таратушы арналардың өз ұстанымы бар еді, сол кезде магнат Владимир Гусинскийге қарасты НТВ арнасы Кремльдің әрекеттерін сынап қоятын. Путиннің президент ретінде жасаған үлкен қадамының бірі – осы НТВ сияқты телеарналарды ауыздықтау болды.

ҚЫРЫМ АННЕКСИЯСЫНАН КЕЙІН

Қазіргі күні осы телеарналардан тынбай айтылатын Батысқа қарсы риторикалар «Курск» кемесі апатынан кейін өрбіген еді.

Баренц теңізінде жүрген атомдық сүңгуір кемесінде 2000 жылы тамыздың 12-сі күні торпеда жарылды. Ресей әскери теңіз флоты кеменің әдеттегі дабылын естімеген соң 11 сағаттан кейін ғана оның жоғалғанын хабарлады.

«Курск» сүңгуір кемесі апатында қаза тапқан теңізшілерге қойылған құлпытастар.
«Курск» сүңгуір кемесі апатында қаза тапқан теңізшілерге қойылған құлпытастар.

Мәскеу ақыр соңында Ұлыбритания мен Норвегияның көмегін қабылдауға келісті, құтқарушылар оқиға орнына кеме батқан соң бірнеше күннен кейін ғана жетті. Бірақ, экипаж мүшелерінің ешқайсысын құтқару мүмкін болмады.

Ресейлік БАҚ көмек қабылдауды кешіктірген билікті сынға алып, апат жайлы ақпарат елді дүрліктіріп жатқанда президент Владимир Путин демалысын үзуге асықпады.

«Курск» апатынан он күн өткен соң ол Поляр шеңберінің солтүстігіндегі Видяевоға аттанды, сол жерде президентті қаза тапқан теңізшілердің туыстары күтіп тұр еді. Оқиға орнында түсірілген кадрларда күзетшінің Путинге қарсы сөйлеген азалы әйелді тыныштандыруға әрекет жасағаны байқалады. Ал күнге күйген Путинге қара көйлек пен қара костюм үйлеспей тұр.

Владимир Путин 2000 жылы тамызда Видяевода:

ОН БЕС ЖЫЛДАН СОҢ

«Курск» сүңгуір кемесі апатынан кейін он бес жыл уақыт өткенде Ресей мемлекеттік телеарналары ұлттық дағдарыстарды барынша азайтып көрсетуге тырысады, ал әскерилердің жағдайы оңалғаны шамалы. Шілде айында Омбы қаласында казармалар құлап, ұйықтап жатқан 24 курсант қаза тапқанда ұлттық телеарналар үнсіз қалды. Олардың ешбірінің аты-жөнін атамады, туыстарынан сұхбат алмады.

Facebook әлеуметтік желісіне Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Елена Рыковцева сол жайында жазғанда, оны 12500 адам бөліскен. 2010 жылы – «Курск» сүңгуір қайығы апатына 10 жыл толғанда – сол кездегі премьер-министр Путин де, президент Дмитрий Медведев те Ресейдің ең сұмдық теңіз апаты жайлы ештеңе айтпады.

«Левада» зерттеу орталығының директоры Лев Гудков.
«Левада» зерттеу орталығының директоры Лев Гудков.

Гудковтың айтуынша, халық пікірінің өзгеруіне ықпал еткен екінші себеп – 2014 жылдың наурыз айында Қырымды Украинадан бөліп, өзіне қосып алған биліктің әрекетіне «патриоттық тұрғыда» қарау.

«Халықтың алдында өзін кем сезінуден арылып, билік риза. Ол бұрынғыдай қарапайым халықтың мүддесіне қарсы әрекет ететін мафия сияқты көрінсе де, бір жылдан бері тұрғындарға патриоттық сезім сыйлап, насихатын күшейтіп, олардың бойындағы қарсылықты әлсіретті» дейді «Левада» зерттеу орталығының директоры Лев Гудков.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG