1939 жылы қыста Совет одағы Финляндияға басып кірді. Азаттық Қысқы соғыс деген атаумен тарихқа енген басқыншылық туралы архивте сақталған фотосуреттерді ұсынады.
1939 жылы қарашаның 30-ы күні жарты миллионға жуық совет әскері Финляндияға басып кірді. Нацистер Финляндия арқылы шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенген Кремль бұған дейін СССР шекарасын Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург) алысырақ жылжыту мақсатымен фин үкіметіне жер алмасу туралы талап қойған. Финляндия одан бас тартқаннан кейін совет үкіметі соғыс ашты.
Совет билігі Сталин 60 жасқа толатын желтоқсанның 21-іне дейін соғысты аяқтап, еш қиындықсыз жеңіске жетеміз деп жоспарлаған еді. Бірақ олай болмады.
Ақыр соңында Қызыл армиядан жеңілгенімен, 3,7 миллион тұрғыны бар Финляндия елі басқыншыларға қатты қарсылық танытты. Кескілескен шайқастар бірнеше айға созылып, СССР орасан зор шығынға ұшырады.
Финляндия әскери күштері архивінде сақталған Қысқы соғыс кезінде түсірілген жеті мыңға жуық суретті 2013 жылы цифрлы форматқа көшіріп, жұртшылық назарына ұсынды.
Халықаралық қауымдастық Кремльдің тұтқиылдан жасаған шабуылын айыптап жатқан кезде СССР сыртқы істер министрі Вячеслав Молотов радиодан сөйлеген сөзінде совет ұшақтары "аштық қысқан фин жұртына бомба емес, азық-түлік тастап жатыр" деп мәлімдеді.
Финдер совет танкісіне қарсы қару ретінде пайдаланған жанармай (гудрон) құйылған бөтелкені СССР сыртқы істер министрінің есімімен "Молотов коктейлі" деп атады. Бұл атау Молотовтың радиодан айтқан сөзінен кейін финдердің жанармай құйылған бөтелкені СССР-дің Финляндияға берген "азық-түлігіне" қосып жұтатын "ішімдік" деп атаған ащы мысқылынан туған. "Молотов коктейлін" түрлі жанжалдар болған кезде әлемде әлі күнге дейін қолданады.
Соғыс барысында финдер негізінен өздері қолға түсірген совет әскери қаруын пайдаланды.
Қошқыл түсті киімдегі Қызыл армия сарбаздары финдерге оңай нысана болды.
Кәсіби шаруа әрі аңшы Симо Хайха, кей мәліметтер бойынша, Қысқы соғыс кезінде 500-ден астам совет сарбазын атып өлтірген. Кейін совет мергенінің оғы тиіп, басынан жараланған. Өмірінің соңында соншама көп жас адамның ажалына қалғаныңыз үшін өкінбейсіз бе деген сұраққа ол "Мен өзіме бұйырғанды қолымнан келгенше жақсы атқаруға ғана тырыстым" деп жауап берген. Хайха 2002 жылы қайтыс болған. Қабір басындағы құлпытаста "Үй - Дін - Отан" деген жазу бар.
Ал зеңбірек сүйретіп келе жатқан совет әскерінің дауысы бірнеше шақырымнан естілетін. Олар қару тасымалдаған кезде негізінен ну орман арқылы өтетін бірнеше жолмен жүретін.
Совет әскері орман ішімен өтетін жол бойында аялдаған кезде фин шаңғышылары байқатпай келіп, шет жақта тұрған көлік құралдарын жойып отырды. Финдер жолдарды жауып, Қызыл армия жауынгерлерін қоршауға алып, қолға түскендердің көзін жойып отырды.
Финляндияға басып кіргенге дейін совет армиясы басшылығындағы көп "халық жауы" атылып, айдалып, "тазалаудан" өткен. Қалған командирлер қатты үрейде болды.
1941 жылы қаңтарда Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль соғыс туралы "Финляндия еркін адамдардың қолынан не келетінін паш етті... Коммунизм ұлттың жанын қалай аздыратыны баршаға аян болды: бейбіт кезде аш әрі тынымсыз, соғыста – пәс те жексұрын. Финляндияның тағдыры қалай болары бізге белгісіз, бірақ, аянышты оқиғаның куәсі болған өркениетті әлемнің өзге бөлігі Солтүстіктің ержүрек халқын одан басым күштің талқандап, өлімнен де жаман халге түсіріп, құлға айналдыруына бей-жай қарамауы тиіс" деген.
Соғыс кезінде Финляндияда ауа температурасы минус 40 градустан да төмендеп, қатты аяз тұрған. Ол жылдары Қызыл армия ауа температурасы минус 15 градустан төмендесе жаттығу өткізбейтін.
Қоршауда қалған бір топ совет жауынгері өз басшыларына "Бізді ажал аузындамыз, наурыз айына тиесілі жалақымызды отбасымызға берулеріңізді өтінеміз. Баршаға бізді жауға берілмей… ерлікпен қаза тапқан деп айтыңыздар" деп жазған.
Соғыста қолға түскен совет сарбаздарының бірі тергеу кезінде "(фин) жолдастарымызды капитализмнен құтқаруымыз керек" деген сөзге сеніп келген айтқан. Ол "өзіміз "азат" етуге келгендердің бізді қалай қарсы алғанын көргенде түсіндім" деп алданып келгенін мойындаған.
Қызыл армия Финляндияның шығысында бірнеше аптаның ішінде болған шайқастарда зор шығынға ұшырағаннан кейін совет басшылығы соғыс тактикасын өзгертіп, елдің оңтүстігіндегі Хельсинки қаласын басып алуға бар күшін салуды ұйғарды.
Совет армиясы кассеталық бомбалар тастап шабуылдаған фин елдімекендерінде жұрт негізінен ағаштан салынған үйлерде тұратын.
Совет әскері көктемде соғыстан титықтаған финдерге қарсы қайта шабуылға шығып, 1940 жылы Выборг қаласының маңайын басып алды. Финдер СССР қойған қатаң шарттарға көніп, бітімге келуге еріксіз мәжбүр болды.
СССР-мен бейбітшілік келісіміне қол қойған Финляндия жерінің 11 пайызынан айрылды. Көлемі жағынан елдегі екінші ірі қала болған Выборг совет мемлекетіне берілді. Қысқы соғыс салдарынан 25 904 фин азаматы қаза тапты. СССР кемінде 126 мың 875 әскериінен айрылды.
Финляндиямен соғыс әлемге Қызыл армияның әлсіздігін паш еткендей болды. Кейін совет басшысы Никита Хрущев "Сталин 1940 жылы финмен соғыстағы жеңісімізде жеңіліс элементтері барын бірінші болып сезді. Дұшпандарымызға Совет одағы қалт-құлт етіп әрең тұр ғой деген сенім ұялататын аса қауіпті жеңіліс еді" деп еске алды.
Қысқы соғыс аяқталғаннан кейін бір жыл өткенде Финляндия СССР-ге қарсы соғыс ашқан нацистерге қосылу туралы шешім қабылдаған.
ПІКІРЛЕР