Әйгерім есімді қазақстандық Франциядағы кеше кешке қайғылы оқиға болған – жағалауға жиналған көпшілікті жүк көлігі таптап өткен Ницца қаласында жүр. Ол қайғылы оқиға болардан 15 минут бұрын ғана сол маңнан кетіп қалғанын айтады.
– 14 шілдеде Италиядан Ниццаға екі күнге қыдырып келгенбіз. Теракт болар алдында алаңдағы отшашуды көрдік. Адам өте көп болды. Алаңның ортасына қарай өте алмай, мерекелік шараны алыстан тамашаладық. Күйеуім «алаң ортасына бармай-ақ қояйық, қайтайық» деген соң жалдаған пәтерімізге қайтып кеттік, – дейді ол.
Әйгерім пәтерлеріне қайтып бара жатқанда жұрттың шулаған дауысын естігенмен, «мерекелеп жүрген адамдардың дауысы болар» деп мән бермегенін айтады.
– Кейін оқиға туралы теледидардан естідік. Жоспар бойынша Ниццада қалуымыз керек еді. Бірақ қазір Монакоға кетіп бара жатырмыз. Сол жақ тыныш сияқты. Монакодан Италияның Милан қаласына шығамыз, – деді ол Азаттық тілшісіне.
«КАФЕГЕ КІРІП ҮЛГЕРДІК»
Франция қазағы Яшар да жүк көлігін мінген ер адам жиналған жұртты таптап өтіп, одан кейін оқ атқан кезде Ниццада жүрген. Тулузада тұратын ол кісі Ниццаға бала-шағасымен бірге демалуға келген.
– Ниццаға отшашуды көру үшін Францияның басқа қалаларынан көп халық келді. Шетелдіктерді де көп байқадым. Халық алаңға кешкі жетіден бастап жинала бастады. Біз жағалауды аралап, суға түсіп, отшашуды көруге келдік. Мерекеге байланысты жолдар жабылған еді. Көліктер жүрмеген. Кейін отшашу біте сала бес минут өткенде алаңда автокөліктің дауысы естілді. Машина тоқтамай, жолындағы адамдардың барлығын қаға бастады. Айнала шу боп кетті. Жиналғандар не болғанын түсінбей, бір-бірін таптап, жан-жаққа қаша бастады. Екі баламмен сол маңда тұрған кафенің ішіне кіріп үлгердік, – дейді оқиға куәгері.
Ниццаға бір аптаға демалуға келген Яшар Тулузаға қайтатындарын айтады.
«ПОЛИЦИЯ ДА МҰНДАЙДЫ КҮТКЕН ЖОҚ»
Кешегі қайғылы оқиға куәгерлерінің енді бірі – Ниццаға бірнеше жыл бұрын Украинадан көшіп келген Альбина Кичук. Теракт болған алаңның дәл ортасында жүрген ол сол оқиғаны әлі ұмыта алмай отырғанын айтады.
– Барлығы күтпеген жерден болды. Полиция да мұндай жағдай болатынын күткен жоқ. Адам өте көп жиналды. Тұратын да, жүретін де орын болмады. Отшашу біте концерт басталды. Халық енді тарай бастағанда анам хабарласып, «тез арада алаңнан кет» деді. Ол жүк көлігіне жақын жерде тұрған еді. Үйге қаштым. Басында төбелес деп ойладым. Артыма қарасам, адамдар бір-бірін таптап, айғайлап, жылап жан-жаққа қашып жатты. Естен танып құлап жатқандар да болды, – дейді Альбина Кичук.
Оның сөзінше, қала билігі оқиғадан кейін жұртқа сыртқа шықпауды ескерткен, полиция оқиға болған алаң қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбей тұр.
– Оқиға болған алаңды ақ матамен жауып тастаған. Ештеңе көрінбейді. Меніңше, алаңда кім екені анықталмаған мәйіттер жатқан сияқты, – дейді Альбина Кичук.
Ницца тұрғынының айтуынша, қазір қалада жағдай қалыпты, көшеде адамдар жүр.
Францияның оңтүстік-шығысындағы теңіз жағасында курортты қала Ниццада 14 шілде күні кешке Бастилияны алу күні құрметіне орай атылатын фейерверкті тамашалау үшін Ағылшын жағалауына жиналған жұртты жүк көлігі басып өткен. 19 тонналық көлік екі километрдей жер жүріп, 84 адамды мерт еткен. Қаза тапқандардың арасында балалар көп. 100-ден астам адам жараланып, олардың 18-і ауыр халде жатыр. Ел билігі бейбіт жұртты басып, өзі полициямен атыста өлген адамның кім екені анықталғанын хабарлады. Ол – 31 жастағы франко-тунистік ер адам.
Ниццадағы оқиғаны теракт деп атаған Франция шабуыл құрбандарын үш күн аза тұтпақ. Ол шабуылдың жауапкершілігін әзірше ешкім мойнына алған жоқ.
Франциядағы Қазақстан елшілігі оқиға кезінде Ниццада төрт-бес қазақстандық болғанын, олардың барлығы аман екенін хабарлады.