Қазақстанда туған жапон фотографы Хаято Мацумото советтік Қазақстандағы өмірі, милициядағы қызметі, Жапонияға көшуі, деректі фотожобалары, жапон халқының Украинадағы соғысқа көзқарасы туралы ой бөлісті.
Хаято Мацумотоның өмірінен фильмге сценарий жазуға болады: жапон әскери тұтқынының немересі Алматыда туып-өсіп, 1990 жылдары ішкі істер органдарында аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімін басқарған; 2000 жылдары Жапонияға қоныс аударып, фотографтарға арнап тур ұйымдастыруды қолға алған. Қазір әлемді аралап, деректі фотожобалар түсіреді. Хаято Мацумото Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы жастық шағы, жапон туыстарымен қауышуы және әлемнің екінші қиырындағы жаңа өмірі туралы айтып берді.
"КАЗАКТАР МЕН САМУРАЙЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫ"
– Жапон аталарыңыз Қазақстанға қалай келген?
– Анамның арғы туыстары – жапондар. Ол кісі 1938 жылы Маньчжурияда туған. Ол кезде Маньчжурия Жапонияға қарайтын. 1945 жылы совет әскері келіп, атам соғысқа кетті. Әжем балаларымен 1954 жылға дейін сонда тұрды. Өзі Байқал казагының қызы еді, 1930 жылдары жапонға күйеуге шыққан. Казактар мен самурайлардың ұрпағымыз. Сталин өлгеннен кейін Қытай мен Совет Одағының қарым-қатынасы бұзылды. Қытайдан басқа ұлттарды Маньчжуриядан көшіре бастады. Аймақта тұрып жатқан орыстар Канадаға, Австралияға кетті. Әжем балаларын алып Совет Одағына көшкен. Ол кезде басқа жақтан келген азаматтар күдікті көрінетін, оларды үлкен қалаларға қоныстандырмайтын. Сондықтан отбасымыз Қазақстанның солтүстігіндегі Красноармейск қаласына тұрақтады (қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласы – ред.). Қазақстанға солай жеттік.
Жапониядан шыққанымызды айтуға болмайтын. "Ешкімге айтпаңдар, еш жерге жазбаңдар" дейтін. Себепсіз қорқып жүрдік. Совет Одағына қоныс аударғанда құжаттан басқасының бәрін лақтырып, өртеп жіберген. Құжатты да әкесі кім екенін және қайда туғанын білу үшін ғана сақтаған. Одан бөлек, бірнеше отбасылық сурет қалды.
– Совет Одағы кезінде Жапониядан туыстарыңызды тауыпсыз. Бұл қалай болды?
– 1982 жылы Қорғанда тұратын ағам көркемсурет көрмесіне барып, Жапониядан келген бір топ туристі кезіктірген. Топты бастап жүрген гид ағама келіп, "Туристер сізді жапон деп ойлады, барып, қазақ екеніңізді түсіндіре аласыз ба?" деп сұраған. Ағам жапон екенін мойындаған. Танысып, сөйлесе келе, туристердің бірі туыстарымызды іздеуге көмектесейін деп ниет білдіріпті. Ол Жапонияға барғаннан кейін телеарна мен газеттерге хабарландыру беріп, кезінде тұтқында болған, тірі қалып, ұзақ уақыт Маньчжуриядағы отбасын іздеген атамды тауып алған. Атама "Маньчжурияда ешкім қалған жоқ, жапондардың бәрін атып тастады" деген. Анам мен әжем де атамды іздеген, бірақ таба алмаған. Соған қарағанда, ешкім дұрыс іздемеген сияқты.
Атам отбасы тірі екенін білген бойда Совет Одағына келді. Ол кезде әскерде едім, атамды көрген жоқпын. Ол отбасымызға Жапонияға көшуді ұсынған, бірақ 1985 жылы басқа жаққа көшу ойда да жоқ еді. Кейін Совет Одағы тарады, Қазақстанда Жапония елшілігі ашылды. Жапон үкіметі шетелдегі отандастарына көмек бағдарламасын ашты. Осы бағдарлама бойынша жыл сайын Жапония үкіметінің есебінен елге барып қайтатынбыз. Демалысымыздың бәрі сонда өтетін.
– Жапонияға көшуге қашан бел будыңыз?
– 90-жылдардың аяғында шығар. Совет Одағы кезінде жұмысқа, оқуға қатысты мәселе көп болды. Совет Одағы тарағанда еркіндік пайда болды. Милицияға, мемлекеттік тергеу комитетіне жұмысқа тұрдым. 1990 жылдардың аяғына дейін сонда істедім. Соңғы қызметім аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінде болды.
– Милицияда жұмыс істеу ойыңызға қалай келді? Милиция мен фотографияның арасы жер мен көктей ғой?
– Бала кезімнен суретке түсіргенді ұнатушы едім, бірақ бұл салаға кейін қатты әуестене бастадым. Институт бітіргеннен кейін өндірістік оқыту шебері ретінде училищеде сабақ бердім. Совет Одағы тараған кезде өндірістік-техникалық білім беру жүйесі де күйреді. Жұмыссыз қалдым, осылай аяқастынан милицияға тап болдым. Кейін қылмыстық іздестіру бөліміне түсіп, есірткімен күрес, аса ауыр қылмыстарды ашу саласында еңбек еттім. Мемлекеттік тергеу комитеті құрылғанда, сол жаққа ауыстым. Әскери шенімді капитан дәрежесінде аяқтадым. Майор болар едім, бірақ мінезім тік болған соң, дәрежемді өсірмей, уақыт созды, сол күйі ала алмадым.
– Бұл жүйеде қалай жұмыс істегеніңіз қызық...
– Ол кезде аңғал едік, шынымен қылмыспен күресіп жүрдік. 90-жылдары ауыр болды, қылмыс көбейіп, ақша да, құрал-жабдық та жетпейтін. Тіпті атуды үйренетін оқ-дәріміз болмады. Қағаз да тапшы, жарық жиі өшіп қалатын. Жұмыс көп болғандықтан кабинетте түнейтінбіз. Сол кездің өзінде қылмыстарды ашып, басымызды қатерге тігіп, қылмыскерлерді ұстадық. Жас болдық, бойда жігер, көзде от болатын.
– Өзіңіз ғана емес, бірге істеген серіктеріңіз де романтик болған-ау?
– Иә. Ішкі істер органдарындағы қазіргі жағдай да сол шамалас екенін білемін. Жұмысқа жаңа келгенімде бөлімнің жанында әріптестермен шылым шегіп, әгімелесіп тұрдық. Жанымыздан бір қызметкер өтті. "Онымен сөйлеспе, пара алады" деп ескертті. Жалғыз өзі сондай еді, сенесіз бе? Бүкіл бөлім одан сырт айналып жүретін. Қазір ешкім олай демейтін шығар. Ішкі істер органдарында өз қызметін адал атқарып жүрген адамдар барын білемін. Тамыр-таныстық, пара алу деген 2000 жылдарға қарай басталды ғой. Жұмыс істеу қиындап кетті.
– Жапонияға көшуіңізге осы жағдай әсер етті ме?
– Әсер етсе де, негізгі себебі бұл болған жоқ. Жұмыстан шаршағанымды түсіндім. Табиғатымнан сезімтал адаммын, жеке өмір мен жұмысты бөліп қарай алмаймын. Жұмыс барысында кездескен әр қазаны өз басымдағы қайғы сияқты қабылдаймын. Кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл сияқты аса ауыр қылмыстарды ашумен айналыстық. Бір сәтте өзім де, жолдастарым да робот болып кеткенімізді түсіндім. Психикалық қорғаныс іске қосылып, ештеңе сезбейтін болып қалдық. Қылмыс орнына барып, мәйітті көресің. Бірақ бұл – қайғы емес, жұмыс объектісі қана. Қазір кинода полицейлермен психологтар жұмыс істейді. Ол кезде психолог деген жоқ еді. Атыс та – бәрі болды ғой. Бір тәулік кезекші болып, рапорт жазасың. Үш сағат кабинетте ұйықтап, әжетханада жуынып-шайынып алып, ары қарай жұмыс істеуге кетесің.
Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы "Ажыраспаған екенсіз, нашар қызметкер шығарсыз?" деп сұрады. "Неге?" десем, "Жақсы қызметкерлер кемі бір рет ажырасады, бізге әйел шыдамайды" деп түсіндірді. Шынымды айтсам, әріптестерім мен достарымнан санаулы адам ғана зейнетке дейін жұмыс істеді. Кей қызметкерлер шені жоғары болса да, шыдай алмай, жұмыстан шығып кетті.
"90-ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ТІРІ ҚАЛДЫМ ҒОЙ, ЖАПОНИЯДА ҚИЫН БОЛМАЙДЫ"
– Бір сұхбатыңызда Жапонияда да полиция боламын деп ойлағаныңызды, бірақ жасыңыз келмегенін айтыпсыз. Одан кейінгі өміріңіз қалай болды?
– Жапон ағам – полицей, қазір зейнетте. Бір барғанымда, полицияға орыс тілін білетін адамдар керек деді. Қуанып, әйеліме жұмыс таптым деп келдім. Бірақ Жапонияда полицияға 29 жасқа дейінгі адамдарды ғана алады екен. Ол кезде 35-те едім. Басында, әрине, таңғалдым. Қазақстанда жақсы тұрдық дей алмаймын, бірақ тұрақты жұмысым, жалақым бар еді. Жапонияда жұмыссыз қалдым. Оның үстіне, Совет Одағының дипломы жарамайды. Бір фирмаға жұмысқа тұрдым, үш жыл ағаш ұстасы болып істедім. Кейін бұл жұмыстан көп ақша таппайтынымды түсініп, кәсіпкерлікке көштім. PhotoArtCreation жобасын бастадым. Бұл ағылшын, орыс және жапон тілдеріндегі фотосайт еді. Жоба Азия, Жапония мен Еуропа фотографтарының басын қосты. Facebook пайда болғанда, мұндай сайттардың дәуірі аяқталғанын түсіндім. Жобамды сатып, Facebook-ке тіркелдім.
– Басқа елдегі өмір мен мәдениетке бейімделу қиын болмады ма?
– Жапон үкіметі бізге жақсы қарады. Баспанамен қамтып, ақша берді, медициналық сақтандыруымыз болды. Мәселе басқада еді. Ол кезде бір ұлым мектепке, екіншісі балабақшаға баратын. Үй тапсырмасын орындай алмадық. Өйткені тіл білмейміз.
Бұрын Алматыда тұрдым, бізде қанша этнос пен мәдениет өкілі барын білесіз ғой. Сондықтан Жапонияда ештеңеге таңғалмадым, тез үйреніп кеттім. Оның үстіне, жапон тілі, мәдениеті мен тарихына қызығатынмын. Жапонияға көшпей тұрып, тілді жақсы білдім дей алмаймын. Өйткені ол кезде курстар мен оқулықтар жоқ еді. Қазір туризм және фотография салаларында істеймін. Туристер "Жапонияға көшу қиын болмады ма?" деп сұрайды. "90-жылдары Қазақстанда тірі қалсам, Жапонияда қиын болмайды деп ойладым" деймін.
– Сурет өнерін Жапонияға барғаннан кейін қолға алдыңыз ба? Көбіне қандай тақырыпта түсіруші едіңіз?
– Жапонияда армандап жүрген фотоаппаратымды сатып алдым. Балалар мектепте оқитын, фотоөнермен айналысып, табиғат көріністерін түсіріп жүрдім.
– Пейзаж түсіруден деректі фотожобаларға қалай келдіңіз?
– Фотограф досым Дима Брикманның арқасында Израильге бардым. Ол маған Иерусалимді көрсетті. Бардтар Александр және Светлана Менделевтермен таныстым. Олар дискісін сыйға тартты. "Голубки надежды" әні Израиль әскерінде жұмыс істейтін қыздардың портретін түсіруге шабыт берді. Израильдің қыздары сондай әдемі, бірақ тағдырдың жазуымен әскерге барып, Отанын қорғауға міндетті. Израильге оралып, журналист достарымның көмегімен осы жобаны түсіріп шықтым.
Соғыс пен милитаризмді насихаттағым келмеді. Израильге барған сайын ешқандай тарапты қолдамайтынымды айтамын. Жай ғана қазіргі заман трагедиясын көрсеткім келді: жас, әдемі қыздар қолына мылтық алып, туған жерін қорғауға мәжбүр. Осы суреттерден клип жасап, "Голубки надежды" әнін қосып, жобамды әртүрлі елде таныстыра бастадым. Қазақстанда да көрме өткіздім. Көрермендер суреттеріңіз кино сияқты деді. Осындай жылы лебіздің арқасында жобам фотофильм аталып кетті.
– Қазір экскурсия және фототур ұйымдастырумен айналысасыз ба?
– Иә. Басында достарыма Жапонияны көрсетіп, аралаттым. Олар "фотографтарға арналған фототур жасашы" деп ұсынды. Бүкіл әлемдегі достарым өз таныстарына айтып, туристер келе бастады. Бұрыннан Жапонияның тарихын жақсы көремін. Басқалармен Жапонияға қатысты ой-пікірімді бөліскен қызық.
– Қазақстаннан ақыл тоқтатқан, орта жаста көштіңіз. Өткен өміріңізді сағынбайсыз ба?
– Бір нанды бөліп жеп, көп қиындықты бірге еңсерген достарымды сағынамын. Қазақстан қатты өзгерді. Бір кездері Қазақстанға ораламыз деп ойлағанбыз. Жапонияға көшкеннен кейін төрт жылдан соң Алматыға қыдырып бардым. Сол кезде Қазақстан өзгеріп кеткенін, Жапонияға үйреніп қалғанымды түсіндім. Бұл жақта да мәселе көп, бірақ жайлы әрі тыныш.
"ЖАПОНДАР ПУТИН ҚАТЕМІЗДІ ҚАЙТАЛАП ЖАТҚАНЫНА ҚАРАҒАНДА, ТАРИХТЫ НАШАР БІЛЕТІН СИЯҚТЫ ДЕЙДІ"
– Украина туралы көп айтасыз. Неге?
– 2014 жылдан бері Украина мәселесін ауыр қабылдаймын. Сол кезде достарыма бұл әлі бастамасы ғана деп айтқанмын. ХХI ғасырда территориялық дауды әскери басқыншылық жолымен шешуге болмайды. Жапония мен Ресей арасында да Курил аралдарына қатысты дау бар. Бірақ Жапония бұл мәселені қарудың көмегімен шешкісі келмейді. 1945 жылдан кейін Жапония Курил аралдарын дипломатиялық жолмен ғана қайтарғысы келеді.
Қазір Украина өзі үшін ғана емес, бәріміз үшін соғысып жатыр. Украина жеңілсе (Киевке тек жеңіс тілеймін), кезек Қазақстанға келеді.
Жапонияда Украинаға, соғыстан қашып келген босқындарға көмектесіп жатырмыз. Босқын қабылдаудан тәжірибеміз жоқ. Сонда да Украинадан келгендерге баспана табуға көмектесіп, барынша қолдап жатырмыз. Ең қиыны – тіл мәселесі. Жапонияны паналап жатқандардың көбі – әйелдер мен балалар. Әйелдер үйде отырғысы келмейді, жұмыс істесем дейді. Соғыс аяқталған соң Украинаға оралғысы келеді.
– Жапондардың арасында Кремль мен оның саясатын қолдайтындар бар ма?
– Жапондардың көбі Украинаны қолдайды. Путинді жақтайтындарды көрмедім. Бірақ ондайлар да бар. Қырым мәселесі жапондарды алаңдата қоймады. 2014 жылы Қырым туралы ешкім естіген де жоқ. Қазір Украина туралы бәрі біледі. Жапон қоғамына Бучадағы жағдай мен ядролық қару қолдану туралы қоқан-лоқы қатты әсер етті. Адамдар хат әкеліп, орыс тіліне аударып беруді сұрады. Ақкөңіл жапондар Путинге "ядролық қарумен қорқытпа, ойлан" деп хат жазыпты. Өйткені Жапония ядролық қарудың салдарын жақсы біледі. Жапондар өз арасында "Путин біздің қатемізді қайталап жатқанына қарағанда, тарихты нашар білетін сияқты" дейді.
ПІКІРЛЕР