Accessibility links

Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты


2021 жылдан бері Иран президенті лауазымын атқарып келген Ибрахим Раиси 2024 жылғы 19 мамырда тікұшақ апатынан опат болды.
2021 жылдан бері Иран президенті лауазымын атқарып келген Ибрахим Раиси 2024 жылғы 19 мамырда тікұшақ апатынан опат болды.

Иран президенті Ибрахим Раиси мен сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдері мінген тікұшақ апатқа ұшырап, ондағы адамдардың бәрі қаза тапты. Раиси 19 мамырда Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқанда опат болған.

Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы ақпаратты дүйсенбіде Иранның Mehr мемлекеттік агенттігі таратты. Оған дейін Reuters агенттігі Иран шенеунігінен алған ақпаратқа сүйеніп, Раиси тікұшақ апатынан опат болған деп хабарлаған.

Тікұшақ жексенбі, 19 мамыр күні Иранның солтүстік-батысындағы Әзербайжан мен Түркия шекарасына жақын таулы аймақта құлаған. Сол күні ол ауданда қалың тұман тұрған.

20 мамырда Иранның вице-президенті Мохсен Мансури Раисидің өлімін растап, Х әлеуметтік желісінде хабар жариялады. Иран үкіметі жақын арада мәлімдеме жасайды деп хабарлады сол елдегі ISNA жаңалықтар агенттігі.

Иранның үкімет делегациясы мінген тікұшақ Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқан жолда апатқа ұшыраған.

Иран президенті мінген тікұшақ апатқа ұшыраған аймақта жүрген полиция мен медициналық жедел жәрдем көлігі. Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясы. 19 мамыр, 2024 жыл.
Иран президенті мінген тікұшақ апатқа ұшыраған аймақта жүрген полиция мен медициналық жедел жәрдем көлігі. Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясы. 19 мамыр, 2024 жыл.

Раисимен бір тікұшақта Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Абдоллахиан, Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Малик Рахмети және Тебриз провинциясының аятолласы Али Хашим болған.

Олармен бірге ұшып келе жатқан басқа екі тікұшақ Тебризге аман-есен қонған.

Reuters агенттігі аты-жөні аталмаған шенеунікке сілтеп, Раиси мінген тікұшақ толық жанып кеткен деп жазды. Иранның мемлекеттік арнасы президент тікұшағында болған адамдардан ешкім тірі қалмағанын хабарлады.

Иран ақпарат агенттіктері дроннан түсірілген суреттер жариялады. Онда жерде жатқан тікұшақ қалдықтары көрінеді.

Иранның ішкі істер министрі Ахмад Вахиди президент Раисидің тікұшағы қалың тұман кезінде "жерге қатты қонған" деп мәлімдеді.

Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясы Тегераннан солтүстік-батысқа қарай 600 шақырым жерде орналасқан, ол Армениямен және Әзербайжанмен шектеседі.

Ибрахим Раиси Иран президенті лауазымын 2021 жылдан бері атқарып келді. Ол осы қызметке дейін бас прокурор болып істеді, жоғарғы сотқа жетекшілік етті.

Раиси АҚШ пен Израильге қарсы қатаң саясат ұстанған ресми тұлға ретінде танымал еді. Иранда президент қызметі ең жоғарғы қызмет саналмайды – елді рухани көсем аятолла Әли Хаменеи басқарады. Президент үкімет қызметіне жетекшілік етіп, ел атынан халықаралық кездесулерге қатысады.

Иран Конституциясына сәйкес, президент қайтыс болса, оның міндетін бірінші орынбасары атқарады.

ИБРАХИМ РАИСИ КІМ ЕДІ?

Ирандықтар арасында 63 жастағы ультраконсерватор Ибрахим Раиси елдің келесі көсемі болады деген пікір кең тараған еді.

Ел көсемі аятолла Әли Хаменеидің сенімді адамы болған Раиси сот саласынан келген. Ұстанымы қатаң діни басшы 2022 жылғы билікке қарсы наразылықты басып-жаншуға жауапты адам ретінде, елдің әдеп заңдарын қатайтқан адам ретінде есте қалады.

Екі жыл бұрын "хиджабты дұрыс кимегені үшін" ұсталған құқық қорғаушы Махса Әминидің түрмедегі өлімінен кейін елде ірі наразылық болған. Билік күштері шерушілердің күшпен жаншып, салдарынан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам қамауға алынды. Раиси наразылықты күшпен басуды ақтап, оны өршіткен сыртқы күштер мен оппозициялық топтар деген.

Халықаралық дағдарыс тобы ұйымындағы Иран жобасының директоры Әли Ваезтің айтуынша, Раисидің президенттігі тұсында елде әлеуметтік және саяси келіспеушілік ушықты, Батыспен қарым-қатынас нашарлады, Иранның оқшаулануы күшейді.

"ИРАН ҚАСАПШЫСЫ"

Раиси шииттердің қасиетті қалалары – Құм және Мешхедтегі семинария мектептерінде білім алған. Өзі 1960 жылы осы Мешхед қаласында туған. Кейінірек ол Хаменеидің және өзге де дін қайраткерлерінің жетекшілігімен теология мен ислам құқығын оқыды.

Ислам республикасындағы сыншылары Раисиді 1988 жылы саяси тұтқындарды жаппай өлім жазасына кескені үшін "Тегеран қасапшысы" деп атап кеткен. Сол жылы ол Тегеран прокурорының орынбасары болған.

1989 жылы Хаменеи Иран көсемі атанғанда, Раиси Иран астанасының бас прокуроры қызметіне тағайындалды. Ол осы қызметті 1994 жылға дейін атқарып, содан соң сот билігінің тармағы саналатын Мемлекеттік инспекция ұйымының басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 10 жыл отырды.

2004 жылы Иран сот билігінің басшысы Махмұд Хашеми Шахруди Раисиді өзінің орынбасары етті. Он жылдан кейін Раиси Иранның бас прокуроры атанды. Содан екі жыл өткенде Хаменеи Мешхедтегі "қасиетті мекеннің қорғаушысы" әрі елдегі ең бай қордың жетекшісі етіп тағайындады.

2017 жылғы президент сайлауында Раиси сол кездегі президент Хасан Роханиді жеңе алмады. Ол бар болғаны 38 пайыз ғана дауыс алды.

Екі жылдан соң Хаменеи оны Иран сот билігінің басшысы етті. Сол жылы АҚШ Раисиге және Хаменеиге жақын деген сегіз адамға санкция салды.

2021 жылы президенттікке екінші мәрте ұмтылған Раиси жеңіске жетті. Бірақ бұл сайлау жалғыз аттың бәйгесіндей болды, оған қарсылас болар адам шықпады. Реформашыл кандидаттар сайлауға түсе алмады. Бұл – 1979 жылғы Ислам төңкерісінен бері дауыс берушілер ең аз келген сайлау болды.

"Ибрахим Раиси адамдыққа қарсы қылмыстары, азаптаулар мен мәжбүрлеп жоқ қылмыстары үшін тергелудің орнына президенттікке дейін өсті. Мұның бәрі Иранда жазасыздықтың кең етек жайғанын көрсетеді" деді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар Раиси сайлауда жеңіске жеткенде.

Раисидің жеңісінен кейін ел билігінде қатаң бағыт ұстанушылар үлесі тым артып кетті. Олар Ирандағы барлық үш билік тармағын бақылауға алды.

Раиси әкімшілігі тұсында Иран Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынасын тереңдетіп, Батыс елдерімен және Израильмен бақталастығы күшейді.

Осы наурыздағы сайлауда Раиси Сарапшылар ассамблеясындағы орнын сақтап қалды. Бұл орган ел көсемін сайлайды.

Елдің келесі көсемі болады деп саналған Раисидің қазасы Хаменеидің ізбасар таңдау ісін қиындатуы мүмкін.

Раисидің артында әйелі Жәмиле Аламолхода мен екі қызы қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG