Былтыр осы уақытта ол Қаңтарда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, түрмеде отырған. Ал бес жыл бұрын құрылыс материалдарын сататын тәп-тәуір бизнесмен еді. Қазір АҚШ-та мигрант. "Демократия үшін" деп күрескен белсенді Қайрат Сұлтанбек бала-шағасымен тау-тасты кезіп, өзі аңсаған "еркін елге" жеткен. Ол – қаңтаршылар ішінде шетелден саяси баспана сұраған алғашқы адам.
Қайрат Сұлтанбек кім?
Қайрат Сұлтанбек – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғыны, азаматтық белсенді. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. 2020 жылы сот "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айыппен оның бостандығын бір жылға шектеген. Былтыр Қаңтар оқиғасына байланысты "бұзақылық жасады", "ғимараттарды басып алды" деген күдікке ілініп, соңында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен 3 жыл 6 айға бостандығынан айырылған. 2022 жылдың қараша айында рақымшылыққа ілініп, түрмеден босатылған белсенді төрт күнде отбасымен бірге елден шығып кеткен.
49 жастағы Қайрат Сұлтанбек – Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚТД) қозғалысын (Еуропарламент оны бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) жақтаушы. Қазір АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында әйелі, өзі сияқты белсенді 36 жастағы Ардақ Сәтбаевамен және бір жасқа толмаған қызы Әлиямен бірге пәтер жалдап тұрып жатыр. АҚШ-тан саяси баспана сұраған. Сот отырысы 2025 жылдың шілде айына белгіленген. Оған дейін саяси баспана сұраушы адам ретінде отбасымен сол елде өмір сүруге рұқсат етілген.
КӨК ШАР МЕН "СУББОТАЖДАН" БАСТАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛІК
Қайрат Сұлтанбек Шымкенттің түбіндегі Темірлан деген ауылда есік, плинтус, кермелі төбе сияқты құрылыс заттарын жасап сатып тіршілік кешіп жүрген. Шаруасы дөңгеленген бизнесмен, жағдайы жақсы болған. Бірақ елдегі саяси ахуалға, әділетсіздікке бұрыннан көңілі толмайтын.
Бес жыл бұрын шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті қолдап жүріп нағыз саяси белсендіге айналып кеткенін өзі де байқамай қалады.
– Әуелде оның айтқандары фантастика болып көрінетін. Кейін ойлап қарасам, мәселе Әблязовта емес, өзімізде екен. Адам әділетсіздікке төзіп, үнсіз отыра бермеуі керек екен, – дейді Қайрат Сұлтанбек.
Алдымен ол әлеуметтік желідегі белсенділер ашқан топтарға қосылған. 2018 жылы Наурыз мерекесінде Шымкентте белсенділер символына айналған көк түсті шар ұстап, алғаш рет наразылыққа шыққан.
– Елдегі қоғамдық-саяси жағдайды көріп үндемей қалуға болмайды деген шешімге келдім. Көк шар ұстап, көшеге шықтым. Сол кезде биліктің бұған реакциясы таңғалдырды. Полиция ұстап тұрған шарымызды жарып тастады. Өзімізді күштеп алып кетті. Бір апта таңнан кешке дейін тергеуге алды. Сол жылы мамыр айында өткен алғашқы митингіден соң туысқандарымды да тергеуге шақырды. Ашынып кеттім. Белсенділікке осылай келдім, – дейді ол.
Содан бері ол Шымкентте өткен түрлі наразылық шараларында, әлеуметтік желіде пікірін ашық айтып жүрді. Билік басындағылардың отставкасын талап етіп, "Шал, кет!" деп талап қойғаны үшін қудалауға ұшырады. Екі рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынды, айыппұл төледі.
2018 жылғы 13 наурызда астанадағы Есіл аудандық соты бас прокуратураның шағымы бойынша ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салды. 2020 жылдың ақпан айында белсенділер тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы құрылғанын жариялаған. 19 мамыр күні Есіл аудандық соты бұл қозғалысты ҚДТ-мен бір ұйым деп танып, оның да қызметіне тыйым салды. "Көше партиясын" қолдағандардың үстінен жаппай атышулы 405-бап бойынша "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Олардың арасында Қайрат Сұлтанбек те болды.
Билік ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремист" деп тануға негіз болған сараптама қорытындысын жарияламай, қоғамнан жасырып отыр.
"Көше партиясы" белсенділері "Субботаж" деген сенбілік өткізіп, билікке наразылық акцияларын ұйымдастырып тұрды. Қайрат Сұлтанбек соларға қатысып, көшеде қоқыс тере жүріп биліктің саясатына қарсы пікірін айтты.
– Билік қоқыс тергеннің өзінен қорықты, – дейді белсенді.
2020 жылдың қыркүйек айында сот "Көше партиясымен" байланысы бар деген күдікпен ұсталған Қайрат Сұлтанбекті екі айға үйқамаққа жапты. Төрт айдан соң Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты оның бостандығын бір жылға шектеді. Белсенді үкіммен келіспегенімен апелляциялық шағым түсірмеді.
– Кәсібіңіз бар, жағдайыңыз жақсы, не үшін белсенді болдыңыз?
– Қазақстанда сөз бостандығының, демократияның жоқтығына наразы болдым. Түрмеде "Не үшін түстің?" деп сұрағандарға осыны айтсам, жұрт түсінбей, "жынды ма" дегендей таңырқап қарайды. Меніңше, бұл өте маңызды. Келеңсіз нәрсені көремін де билікке наразы боламын. Билікке тамыр-таныстықпен келгендер бастық болады да, сол орында ақырына дейін отырып алады. Содан халық бұзылады. Қызметке лайық емес адамдар таңдалады, – дейді Қайрат.
Ол бұл заңсыздықты бизнесте жүргенде де көрген.
– Прокуратура, әкімшілікте жұмыс істейтіндерден тапсырыс қабылдамайтынбыз. Олардың 90 пайызы ақшасын бермей кетеді. Прокурорлығын айтып бәлсінеді. Оларға ешқандай заң жоқ, – дейді ол.
Халық тек заңға бағынып, билік алмасып тұруы керек, шенеуніктер халық алдында есеп беруі керек деген ұстанымдағы Қайрат Сұлтанбек "әділ қоғам орнату жолында күрестім, бірақ мұны ел түсінбеді" дейді.
Ол сол 2020 жылы-ақ Азаттыққа берген сұхбатында "жазамды өтеген соң Қазақстаннан кетемін, бір адамның бақылауында өмір сүру дұрыс емес, әр адам өз құқығы үшін күресуі керек" деген еді. Осы кезде қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" қатарына қосты. Десе де Қайрат Сұлтанбек шетел асып үлгермеді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін полиция үйін тінтіп, өзін түрмеге жапты.
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ АБАҚТЫДАҒЫ АЗАП
2022 жылы 2 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында газ бағасының қымбаттауына наразылық басталды. Іле-шала Қазақстанның басқа аймақтары оларды қолдады. Жиналғандар қымбатшылық мәселесін айтып, биліктің отставкасын талап етті. 4-5 қаңтар күні Шымкентте де жаппай наразылық болды. Жазасын өтеп бітіп, бар жүгін буып-түйіп отбасымен шетелге кетуге дайын отырған Қайрат Сұлтанбек алғашында бұл наразылыққа кіріспеген. 5 қаңтар күні жиналғандардың талабы саясиланып, "Шал, кет!" деген сөз айтылғанда алаңға жеткен.
– Қалада интернет өшкенде билік қару қолданатынын, наразыларға оқ атылатынын сездім. Халықпен бірге алаңда болуға міндеттімін деп ойладым, – дейді Қаңтар оқиғасын еске алған белсенді. – Алғашында наразыларды сырттан бақылап тұрдым. Содан соң шыдамай "Шал, кет! Парламенттік республика құрайық!" деп қосыла айқайладым. Бір уақытта оқ атылды. Жанымда тұрған жас жігіт кеудесіне оқ тиіп өлді. Бәрін видеоға түсірдім. Содан кейін "бұл арадан тез кету керек" деген ой келді. Өміріме қауіп төнгенін, түсірген видеоны тартып алмай тұрғанда интернетке жүктеу керегін түсіндім.
Ол түсірген видеосын 6 қаңтарға қараған түні интернетке жүктеген. Кейіннен видеодағы жігіт Шымкентте Қаңтар оқиғасында оқ тиіп қаза тапқан 20 адамның бірі Мейірбек Шойбеков екені белгілі болды.
7 қаңтар күні таңертең жүкті әйелі Ардақ Сәтбаевамен бірге Өзбекстанның Ташкент қаласы арқылы Еуропаның кез келген еліне кетейін деп отырғанда Қайрат Сұлтанбектің үйіне полиция келіп, үйін тінтіп, өзін қамады.
Ол алғашында Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" (293-бап), "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен күдікке ілінгенімен, кейіннен "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен (272-бап) айыпталды. Онымен бірге белсенді Ләззат Досмамбетова мен Жанмұрат Аштаев та қамалды.
Қайрат Сұлтанбек өзін полиция ұстап, тергеу изоляторына жапқанда есеңгіреп қалған. Таққан айыптың ауырлығын ойлағаннан жүйкесіне салмақ түсіп, саусақтары ұйыған. Кімнің ұрып-соғып, денесіне жарақат салғанын да аңғармаған. Тек жерге тізерлетіп отырғызып, келдекпен табанына ұрғанда есін жинаған. Таяқтан екі аяғы күп болып ісіп, бірнеше күн орнынан тұра алмай қиналған.
– Тергеушілер келісімге кел дегенімен, шартын айтпады. Тек жүкті әйеліңнің үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қамаймыз деді. Ардақ та белсенді. Соған алаңдадым, – дейді белсенді.
Саяси белсенділік жолында танысып, үйленген әйелі бұған дейін стресс кесірінен түсік тастаған. Ардақ сәбиінен тағы айырылып қала ма деп қорыққан Қайрат қатты күйзеліске түскен.
Шымкентте жаппай наразылық 4 қаңтарда басталған, 5 қаңтарда оқ атылды. 6 қаңтар күні Сұлтанбек, Досмамбетова мен Аштаев телефонмен сөйлесіп, оқиғаны талқылаған. Оны құзырлы органдар тыңдап, жазып алған. Айтуынша, әңгімелескені болмаса, ешқандай іс-әрекет жасамаған. Дүрбелеңнен кейін үш белдсендінің телефоннан тыңдалған сөзін тергеу жағы қылмысқа айғақ ретінде ұсынды. Белсенділер айыпты мойындамады.
"МЕН ПЕРЗЕНТХАНАДА, ҚАЙРАТ ТҮРМЕДЕ ЖАТТЫ"
Ардақ Сәтбаева күйеуінің түрмеге түскенін ауыр қабылдаған. Екі рет "түсік тастау қаупі" туғанын, сақтану үшін ауруханаға жатуға мәжбүр болғанын айтады.
Дәрігерлер қобалжуға болмайтынын, күтіну керегін айтқанымен Ардақ Сәтбаева түрлі наразылыққа қатысып, Қайрат Сұлтанбектің кінәсіз екенін айтып, босатуды талап етті. Осы күндері өзіне де қысым жасалып, белгісіз адамдар көлігінің дөңгелегін тесіп кетті. Ардақ толғағы келіп, перзентханаға түскенше істі тергеген прокуратураның табалдырығын тоздырған.
– Қайта-қайта тергеуге шақырды. Ай-күнім жеткенде толғақ қысып перзентханаға жалғыз бардым. Мен перзентханада, Қайрат түрмеде жатты. Қолыма қызымды алғанда Қайрат жанымда болмады. Қиналдым, – дейді дауысы дірілдеп, көзіне жас алған Ардақ.
Әлия дүниеге келгеннен он күн өткен соң Қайрат Сұлтанбектің және онымен бірге қамауға алынған белсенділердің ісі сотта қарала бастады. Ардақ күйеуіне сәбиін көрсету үшін шақалақты сот залына алып барды. Сұлтанбек қызын қолына алып, маңдайынан иіскеді. "Сотқа қатысушылар осы сәтте қатты тебіренді" дейді әйелі.
2022 жылғы 15 шілдеде Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл 1 айға, Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 6 айға, ал Ләззат Досмамбетованы 3 жыл 7 айға түрмеге кесті.
Ардақ Сәтбаева күйеуінің кінәсіз екенін айтудан жаңылмады. Сұлтанбектің саяси көзқарасы үшін сотты болғанын айтқан ол тіпті БҰҰ Адам құқықтары комитеті мен Еуроодақтан да араша сұрады.
"ТҮРМЕНІҢ ТӘРТІБІ – ҚОРЛАУ"
Қайрат Сұлтанбекке шыққан үкім күшіне еніп, ол тергеу изоляторынан түрмеге ауыстырылды.
– Түрмеге келгеннен ұрды, әжетхана жудырды. Бір адамды ұрғанда, онымен бірге келген отыз адамды әжетханаға кіргізіп тастады. Үн шығармайсың. Бұл өте сұмдық жағдай. Түрменің тәртібі – қорлау, – дейді ол.
Оның сөзінше, жалпы Қазақстан қоғамы адамды өзіне деген құрметінен айырады, басшыларға бас шұлғып жүре беретін тобырға айналдырады.
– Тек түрме ғана емес, мектеп те, армия да сондай. Түрмеде мың адамның біреуі ғана әжетхана жуу деген қорлыққа көнбейді. Бірақ ондайлар не денсаулығынан айырылады, не өледі, – дейді Қайрат.
Ол жазасының төрт айын өтегенде рақымшылыққа ілінді. Сотта адвокаттардың "кінәні мойындап, кешірім сұрау" жөніндегі ұсынысына көнбеді. "Кешірім сұрағаннан түрмеде отырғаным артық" дейді ол. Бірақ бірге ұсталып, сотталған, бір бөлмеде қамауда жатып, қиындықты бірге көрген Жанмұрат Аштаевқа рақымшылық берілмегеніне күйзелген.
– Түрмеден шыққанда дел-сал күй кештім. Аштаевтың түрмеде қалғаны жаныма батты, – дейді Қайрат Сұлтанбек.
Дегенмен кейін Жанмұрат Аштаев ақталып шықты.
Бостандыққа шыққан Қайрат төрт күнде жаңа паспорт жасатып, жиналады да, отбасын алып, шетелге кетеді. Ардақ күйеуінің елден кету шешімін сөзге келместен қолдайды.
АЛТЫ АЙҒА СОЗЫЛҒАН ЖОЛ
Паспортын ала сала үшеуі Түркияға аттанған. Сол жақтан әрі қарай "еркін елге" өтіп, сонда тұрақтауды ойластырады.
Түркиядан Америкаға жеткенше алты ай уақыт өтеді, бірнеше елдің шекарасынан өтіп, талай қиындықты бастан кешеді. Ұшақтан түсіріліп, жолдан қалады, қайықпен жүзіп, жолсызбен де жүреді.
– Еуропа не Австралияға, Жаңа Зеландияға болмаса АҚШ сияқты демократиялық елдердің біріне кетейік дедік. Еуропадағы бір әуежайда ұшақ ауыстыратын рейске билет алып, сонда барған соң саяси баспана сұрайтындар бар екен. Солай екі рет әрекет жасап көрдік, жоспарымызды біліп қойды ма, ұшаққа отырғызбады, – дейді ол.
Бұдан соң олар Жаңа Зеландияға виза жасатып, ол жаққа Малайзия арқылы бармақшы болады. Онда да Жаңа Зеландияның миграция қызметі ұшаққа отырып жатқан жерінен түсіріп тастайды.
Содан кейін олар АҚШ-қа кірудің жолын іздейді. Алдымен Сальвадорға, содан соң Никарагуаға, сол арқылы Мексикаға өтетін жол табады.
Қайрат жіберген видеода баласын көтерген Ардақ таулы жолмен кетіп барады, айнала ну орман, ал жол болса қиыршық тас. Енді бір видеода олар есік-терезесі жоқ автобуспен елсіз далада кетіп барады.
– Тау-тасты кезіп жүріп, өзенді кешіп Мексикаға жеткенде адвокат жалдадым. Бұл елде шекараны заңсыз кесіп өткендерге арналған "Amparo" заңы бар. Сол заңға сүйеніп "кәмелет жасқа толмаған баласы бар, елінде саяси қуғынға түскен адам" ретінде жүріп-тұруға рұқсат алдық, – дейді ол.
Қиындық мұнымен де біткен жоқ.
Кішкене баласын көтерген ерлі-зайыпты Мексиканың солтүстік-батысындағы Тихуана қаласына келіп, саяси баспана сұрайтындарға арналған CBP Onе бағдарламасымен АҚШ-қа кіруге өтініш береді. Президент Джо Байден әкімшілігі Мексика арқылы келетін заңсыз мигранттарға арнап ашқан бұл бағдарлама елінде қиындыққа тап болған адамдардың Америкаға заңды түрде өтуіне мүмкіндік береді. Әупірімдеп АҚШ шекарасынан өткен Қайрат пен Ардақ Калифорниядағы Лос-Анджелес қаласына тұрақтайды.
"КҮРЕСІМДІ ТОҚТАТПАЙМЫН"
Қазір үшеуі Лос-Анджелес қаласының шетінде пәтер жалдап тұрып жатыр. Кішкентай қызына 500 доллар көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Ал өздері тегін тамақ пен жәрдемақы алуға өтініш білдірмеген. Қазірге бар жиған-тергенімен күн көруге бел буған.
АҚШ-та өмір сүру қымбат. Ас-суынан бөлек бір бөлмелі пәтерді айына 1800 долларға жалдап тұрады. Қазақстанда жолға қойған кәсібі тоқтаған. Ал мұнда жұмыссыз. Жұмыс істеуге рұқсат сұрап өтініш берген. Оған қашан жауап алатыны, бұл елде жұмыс істеуге рұқсат ете ме, жоқ па, белгісіз.
– Қазақстанда күнкөрісім АҚШ-тан әлдеқайда жақсы болды. Мұнда тіл білмейміз, ешкімді танымаймыз. Қиын. Қазірге жинаған ақшаммен амалдап отырмын, – дейді Қайрат.
Шағын ғана бір бөлмеде жиһаз атаулыдан үстел, үш орындық пен матрас қана бар. Соның өзінде Қайрат пен Ардақтың көңілі орнына түскен.
Шекарадан өте сала түскен фотоларының бірінде екеуінің көзінен алда не болады деген қобалжу, өңінен шаршағаны байқалады. Кейінгі суреттерінде өзіне сенімі артқан.
– Ең бастысы – мұнда тәртіп, еркіндік пен бостандық бар. Қазақстанда соған жетуге талпынғаныммен нәтиже болмады ғой, – дейді Қайрат. – Полиция жөн-жосықсыз үйіңді торуылдап, жеке өміріңе қол сұғатын елде тұрғым келмейді, адамға байлықтан гөрі еркіндік қымбат.
– Өз ойымды ашық айтып, ішкі қорқынышымды жеңгеніме өкінбеймін. Қазақстандағымен салыстырғанда мұнда жағдайым нашар болуы мүмкін. Бірақ қызым бостандықта өмір сүреді. Өзгеріс болған күннің өзінде, Қазақстанға қайтпаймын. Сыртта жүрсем де елдегі белсенділерді қолдаймын, күресімді тоқтатпаймын, шетте жүріп үлесімді қосамын, – дейді Қайрат Сұлтанбек.
ПІКІРЛЕР