Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығы құрбандарын еске алу акциясы өтті. Тәуелсіздік монументінің жанына түрлі ұран көтерген екі жүздей адам жиналды. Кейін жұрт қаланың басты көшелерінің бірімен шерулетіп жүргенде полиция оларды ұстауға кірісті. Алматыда 16 желтоқсан күні болған оқиғалар Азаттық тілшісінің көзімен.
Алматы орталығындағы Тәуелсіздік ескерткішінің маңына сағат 11-лерде жұрт жинала бастады. Олар монументке гүл қойып, құран бағыштап, суретке түсіп, өзара әңгіме құрды. Ескерткіштен сәл алысырақ тұста полицейлер жағдайды бақылап тұрды.
Монументке елде саяси реформа жүргізгуді көздейтін белсенді, Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай келді. Ол да гүл қойып, биліктен шыңжаңдық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап етті. Олар қазан айында Шыңжаңнан қашып келіп, Қазақстаннан саяси баспана сұраған. Қазір этникалық қазақтар шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыпталып, Шығыс Қазақстан облыстық тергеу изоляторында қамауда отыр.
Сағат 12 шамасында монумент маңындағы халық қарасы көбейді. Олардың арасында жағдайды мұқият бақылап, толық ұялы телефонына түсіріп жүрген адамдар да жетерлік. Осы сәтте «Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының белсенділері топ болып ескерткішке жақындады. Олар «Назарбаевсыз Қазақстан», «Түрмеден қарағанда еркіндік күштірек», «Сөз бостандығы болуы керек» деген жазуы бар плакатты жайып, дауыс зорайтқышпен «елге өзгеріс керек, саяси реформа қажет» деп ұрандата бастады.
- Біз алаңға құқығымыз бен бостандығымыз үшін күреске дайын екенімізді айтуға шықтық. Назарбаев режимінің зұлымдығымен күреске дайынбыз. Елдегі билік ауысуы керек. Бір адамның диктатурасы аяқталар кез келді. Билік бөлшектелген әрі шектеулі болуы тиіс. Билікте отырғандар ғане емес, әрбір қазақстандықтың еңбек етіп, баюына мүмкіндік беретін әділ экономикалық саясатты қалаймыз. «Ойын ережесі» қайта қаралып, биліктен тәуелсіз бизнес экономикамыздың тірегіне айналуы қажет. Мемлекеттің қолындағы бизнес қоғамды тұқыртып, тәуелділік пен жемқорлыққа себеп болады, - деді қозғалыстың бір мүшесі.
Жиналғандар оны құптай үн қосты. Жүзін фотоаппарат объективі мен видеокамералардан жасырған адамдар жағдайды бақылап, түсірілімді жалғастыра берді.
Белсенділер қолына қызыл түсті мата ұстап, біраздан кейін оны жиналғандарға қарата көтерді.
- Қызыл түс қолдағы қанды білдіреді. Біз Жаңаөзен мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде азаматтарды қалай өлтіргенін ешқашан ұмытпаймыз, - деп түсіндірді белсенді жастардың бірі Фариза Оспан.
Митингіге шыққандар алаңда «Шал, кет!» «Оян, Қазақстан» деп ұрандатты.
Бұл кезде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығына орай қойылған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші маңында елу шақты адам жиналды.
Мұнда да «Шал, кет» деп ұрандатып, этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу талабы айтылды.
Сөйлеп жатқан әйелді әлдебір ер адамның «Әблязов - шайтан» деген сөзі бөлді. Оны жиналғандар нұрбот, арандатушы деп атап, кейін ол қалың топтың арасына еніп кетуге тырысты. Біраз уақыттан кейін адамдар «Саяси тұтқындарға бостандық», «Шал, кет» деген ұран көтеріп, ескерткіштен Тәуелсіздік монументіне қарай жүрді.
Монумент маңындағы адамдар да, полицейлер де молая түсті. Белсенділердің қасына енді келіп қосылған біреу қарындашпен Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсайтын адамның суреті салынған плакатты алып шықты. Көзілдіріктің орнына доллар белгісі қойылған. Адамның оң жағында қой малы я жынға ұқсайтын сурет бар.
Шеруге шыққандарға әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, «жиынды заңсыз» деді және жауапқа тартылатындарын ескертті.
Адамдар бірнеше сағат бойы ұран көтеріп, Қазақстанның ескі әнұранын шырқады (елде 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні жаңа әнұран ретінде қабылданып, авторлар құрамына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев енген). Жиналғандарға прокуратура өкілі қайта келіп, жиынның заңсыз екенін хабарлауға тырысқан, алайда оның сөзі айқай-шу, ысқырықтан естілмеді.
Тағы біршама уақыттан кейін шерушілердің қасына Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев келді. Күдебаев азаматтар не айтып жатқанын естігісі келді ме, әлде жағдайды бақылап жүргендерге нұсқау бергісі келді ме, ол жағы беймәлім.
Шамамен сағат түскі 3-терде 200 адам алаңды тастап, Желтоқсан көшесімен сап түзіп, ысқырып, ұрандатып келе жатты.
Топты «Назарбаевсыз Қазақстан» плакатын жайып ұстаған «Oyan, Qazaqstan» белсенілері бастап жүрді. Олардың жанында полицейлер мен автозактар ілесіп отырды. Тағы өзге полицейлер шерудің алдын тосып, бөгей бастады.Митингіге шыққандар ел ескі алаң деп атайтын «Астана» алаңына бару үшін күтпеген жерден жапсарлас жатқан Абылай хан даңғылына бұрылды. Маусым айында бұл жерде президент сайлауы қорытындысын мойындамай наразылыққа шыққандар жаппай ұсталған еді.
Абылай хан көшесі бойында төрт полицей қолтықтасып, шеруді әрі қарай өткізбей бөгемек болды. Алайда шерушілер полицейлерді екпінмен келіп, жарып өте шықты.
Шамамен жарты минуттан кейін арнайы жасақ пен полицейлер сап етіп, адамдарды атвозакқа тией бастады. Жұрт әр жаққа қаша бастады. Бір әйел тротуарға шығып, «Ұят болады» деп айқайлап, жүгіріп жүрген арнайы жасақ қызметкерлерінің жолын бөгеген. Оны полиция бір шетке итеріп тастап, ұстауды жалғастыра берді.
Бұл сәтте «Астана» алаңын айнала полицейлер қоршап, жағдайды мұқият бақылауда ұстады. Қазақ-Британ техникалық университеті жанында бірнеше автозак тізіліп тұрды. Бірақ шеру жасағандардың көбі алаңға жетпей ұсталды.
Журналистермен бірге алаңға «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсенділері Әсия Төлесова мен Димаш Әлжанов келді. Екеуі шерулетіп келе жатқан қатарластарын таппай қалғандарын айтты. Кейін «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының бірнеше белсендісін полиция ұстағаны белгілі болды. Жас белсенділер қатарластары жайлы қандай да бір ақпарат алу үшін Медеу аудандық полиция басқармаасына жиналды.
Біраз уақыттан соң оларға Медеу аудандық полиция басқарамасы бастығының орынбасары Дәурен Керімбаев шықты. Бірақ ол ұсталғандар жайлы мардымды ақпарат бермеді.
Қазақстан соты қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.
2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының митингілерін заңсыз деп санайды. Қозғалыстың бұған дейінгі наразылық шараларында да адамдар ұсталған.
ПІКІРЛЕР