Ақтөбеде әр айдың аяғында сұйылтылған газ қоры таусылып, газ сататын орындар "талон бойынша береміз" деген жазу іліп қояды. Мұндайда көлік жүргізушілері қала кезіп, отын іздеп сабылады. Газ сатып жатқан бекеттер ұзын-сонар кезектен арылмайды. Кейінгі бір жылда осы жағдай неге ай сайын қайталана беретін болды? Азаттық газ сатушылар мен жергілікті билік өкілдерінен сұрап көрді.
"ГАЗ ҚЫМБАТТАҒАНЫМЕН ТАПШЫЛЫҚТАН ҚҰТЫЛМАДЫҚ"
Тамыздың алғашқы аптасында Ақтөбеде тағы да газ тапшылығы байқалды. Шыжыған күн астында сағаттап кезекте тұруға мәжбүр болған көлік жүргізушілердің наразылығында шек жоқ. Көлігімізден түсіп, газ мәселесін талқылап тұрған бір топ жүргізушіге жақындағанбыз. Сұрағымыз не жайлы екенін естігеннен кейін олар көкейдегісін іркілмей айта бастады.
– Бүгін барлығын аралап келдім. Тек осы кішкентай бекетте ғана газ бар екен. Басқа жерде мүлде жоқ. Билік басындағы ағаларымыз не істеп отыр? Газ өзімізден шығады. Басқа жерде тұрып жатсақ, ренжімес едік. Осыны биліктегілерге жеткізіңіздерші! Бұл да болса, халықтың жағдайын жасаудың бір жолы ғой. Шілде айында газды 4 теңгеге қымбаттатты, оған да көндік. Қымбаттағаннан кейін газ үнемі жеткілікті болуы керек емес пе? – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Талапбай Пірімжаров.
Былтыр Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысында автогаз бағасының күрт өсуіне қарсылықтан басталған. Бүкіл елге тараған жаппай наразылықтың аяғы дүрбелеңге ұласып, кемінде 238 адам қаза тапты. Қаңтардағы қантөгістен кейін Маңғыстау облысымен бірге Ақтөбе өңірінде де бір литр газдың бағасы қайтадан 50 теңге болған. Тек биыл шілдеден бастап облыста сұйылтылған газдың литрі төрт теңгеге қымбаттады.
Қазір литрі 54 теңгеден сатылып жатқан автогазға сұраныс көп. Бензиннен анағұрлым арзан әрі тиімді болғандықтан мекеме-кәсіпорындар да өз автокөліктерін газбен жүретін етіп қайта жабдықтап алған.
Өзін Әли деп таныстырған адам екі сағат кезекте тұрып, ақыры көлігіне газ құйып жатыр екен. Жұмыс бабымен облыс аудандарын жиі аралайтынын айтқан Әлидің сөзінше, қаладан тыс жерден сұйылтылған газ табу мүлдем мүмкін емес.
– Ақтөбеден газ шығып жатыр. Бірақ өзіміз жарымай отырмыз. Қарабұтақ, Әйтеке би, Хромтау... Ол жақтарда үнемі газ болмайды. Ырғыздан екібастан таппайсың. Меніңше, билік сұйылтылған газды халыққа арзанға бергеннің орнына сыртқа сатқанды жөн санайтын секілді, – деп топшылайды Әли.
Ми қайнатар ыстықта Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі сұйылтылған газ сататын бекетте кезек күтіп тұрған бір үйлі жан көлігінің есіктерін айқара ашып тастапты. Көліктің қапырық салонында отырған кішкентай баланың да әбден мазасы қашқаны көрініп тұр.
Әуелі газ таппай сандалып, кейін сағаттап кезек күткен ерлі-зайыпты Руслан мен Алмагүл алыс жол жүрер алдында жіпсіз байланып, еріксіз бөгелуге мәжбүр болғанына ренжулі.
– Біраз жерге бардық. Барлығында газды талонмен сатып жатыр екен. Күйеуімнен "Талон деген не?" деп сұрасам, "мекемелерге ғана берілетін қағаз" дейді. Сонда біз сияқтылар не істемек? – дейді Алмагүл.
"БӨКЕ БРАТ, МӘСЕЛЕНІ ШЕШІП БЕР!"
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің дерегінше, облыс аумағында газбен жүретін 52 мыңға жуық көлік тіркелген. Газ құятын бекеттердің қызметін транзиттік көліктер мен газ құрылғысын тіркетпеген автокөлік иелері де пайдаланады.
Ақтөбеде әр айдың 20-сынан кейін сұйылтылған газ қоры таусылып, газ құятын бекеттер "талон бойынша беріледі" деген жазу іле бастайды. Жағдай әр айдың бесінен кейін ғана тұрақталғандай болады. Бірақ араға 15-20 күн салып, газ тапшылығы қайта басталады.
Облыс аумағында сұйылтылған газ сататын 190 бекет бар. Оның 108-і шағын бизнес нысаны ретінде тіркелген. Қалған 82 бекет газ толтыру станциясы бар алты ірі компанияға тиесілі. Шағын және орта бизнес нысандары сұйылтылған газды облыс аумағындағы үш зауыттан делдалсыз тікелей сатып алады. Бұл өзгеріс 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң газ бағасын тұрақтандыру мақсатында енгізілген.
Ақтөбе қаласы мен Шұбарқұдық кентіндегі шағын бекеттің қожайыны Ақылбек Нұрғалиев газ тапшылығынан әр айдың соңында жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр.
– Зауытпен тікелей жұмыс істеуге әрең қол жеткіздік. Бірақ делдалсыз жұмыс істей бастаған кейінгі бір жылда кедергі көбейіп кетті. Оның ең зоры – Ақтөбе әкімдігі шағын бекеттерге газды өте аз мөлшерде бөледі. Мысалы, менің екі бекетім бар. Екеуі қалыпты жұмыс істеуі үшін кемінде 130 тонна газ керек. Ал қазір ай сайын алып отырғаным 60 тоннадан аспайды. Бұл менің басымдағы ғана жағдай емес. Облыстағы шағын бекеттердің бәріне газ аз бөлінеді. Сол себепті әр айдың 20-сынан кейін газ таусылып, жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз, – деді Ақылбек Нұрғалиев.
Кәсіпкер облыс аумағындағы шағын бекеттердің көпшілігі күнін әрең көріп отырғанын айтады. Ал шалғай аудандардағы ахуал тіптен мүшкіл дейді ол.
– Осының бәрі жергілікті атқарушы орган, нақтырақ айтсақ, Ақтөбедегі энергетика басқармасы өз міндетін дұрыс атқармай отырғандықтан. Басқарма Астана бекітіп берген механизмге сүйеніп газ бөлетінін айтады. Бірақ жағдайды жақсарту үшін Астанаға ұсыныс жолдамайды, ешқандай іс-қимыл танытпай отыр. Көрші Маңғыстау облысының аумағында газ құятын 400 бекет бар. Олар арзан газды кәсіпкерлерге тең бөліп отыр. Біздегі бекет саны Маңғыстаудан екі есе аз. Соның өзінде газ жетпей қалады. Басқарма газ бөлген кезде газ толтыру станцияларына яғни, ірі компанияларға басымдық береді, – деп кейиді кәсіпкер Нұрғалиев.
Сұйылтылған газ сататын шағын бекеттің иесі қалыптасып отырған жағдайға наразылығын құзырлы мекемелердің бәріне жеткізгенін, бірақ түк өзгермегенін айтты.
– Бірнеше кәсіпкер Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауында да болдық. Ол кезде Қазақстанның энергетика министрлігін Болат Ақшолақов басқаратын. Әкім сол жерде министрге қоңырау шалып, "Бөке брат, біздің өңірде осындай проблема бар, соны шешіп бер" деді. Телефонның арғы жағындағы адамның не дегенін білмеймін. Тоғжанов бізді: "Міне, естідіңдер ғой, мәселелерің шешіледі" деп шығарып салды. Оған жазбаша арызымызды қалдырдық. Содан бері де біраз уақыт өтті. Ештеңе өзгерген жоқ, – дейді Ақылбек Нұрғалиев.
"АҚТӨБЕГЕ ГАЗДЫ АЗ БӨЛЕДІ"
Азаттық Ақтөбе облыстық әкімдігіне аймақтағы газ тапшылығы туралы бірнеше сауал жолдаған. Әкімдік бастапқыда "облыста газ тапшылығы жоқ" деп бет бақтырмады. Тек газ сататын бекеттерде түсірілген видеоны көргеннен кейін ғана өңірде отынның бұл түрі қат тауарға айналғанын мойындап, сұхбат беруге келісті.
– Бекеттердегі кезек айдың аяғында газ таусылып қалуына байланысты пайда болады. Көп бекет қазір тек талонмен жұмыс істеп тұр. Бұл ең алдымен Ақтөбе облысына бөлінетін газдың көлеміне байланысты мәселе. Облысқа ай сайын 14200 тонна газ қажет, ал бізге айына 10-12 мың тонна ғана газ бөлінеді, – деді Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.
Басқарма өкілі "әкімдік жасырын монополияға жол беріп отыр" деген кәсіпкерлердің күдігі негізсіз дегенімен, сөзіне тұщымды дәйек келтірмей, Қазақстан заңдарына сілтеме жасаумен шектелді.
"Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес, Қазақстанның энергетика министрлігі өндіруші зауыттар үшін сұйылтылған газдың көтерме сауда бағасын белгілеп берген. Ақтөбелік кәсіпкерлер сұйылтылған газдың бір тоннасын зауыттан мемлекет бекіткен бағамен яғни, 45158 теңгеден сатып алып отыр. Сұйылтылған газ кәсіпкерлерге Ақтөбе облысының аумағында орналасқан "СНПС-Ақтөбемұнайгаз", "Gaz Processing Company" мен "Қазақойл Ақтөбе" компанияларына тиесілі үш зауыттан әр айдың басында арнайы кесте бойынша беріледі. Сұйылтылған газ сатумен айналысатын, бірақ "әкімдікке жаманатты болғысы келмейтінін" айтқан бірнеше кәсіпкер өндіруші де, өкімет те ішкі нарыққа арзан газ сатуға аса құлықты емес деп есептейді. Олар "сұйылтылған газдың көбі экспортқа кетіп жатыр" деп топшылайды.
Қазақстан энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы ел аумағында 2,9 млн тонна сұйылтылған газ өндірілген. Оның шамамен 1 млн тоннасы экспортқа шығарылған.
Экспортқа шығарылатын газдың әр тоннасы үшін шекті баға бекітілген – 75957 теңге. Қазақстан сұйылтылған газды Түркия, Болгария, Беларусь, Грузия, Эстония, Польша, Тәжікстан, Румыния, Алжир, Латвия, Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан, Украина мен Қырғызстан тәрізді елдерге сатады.
ПІКІРЛЕР