Азаттық тілшісі жексенбі, сәуірдің 19-ы түсте Береке ауылына барған кезде жергілікті емхана маңында арнайы жасақ жүргенін көрді. Сол маңда полиция көліктері тұрды. Алматы облысы әкімдігі Азаттыққа Береке ауылындағы емханада коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды оқшаулайтын орын дайындамақ болғанын растады. Ал емхана бас дәрігері екі қабатты амбулаторияда провизорлық стационар ашылатынын естіген соң өздері ауылдағы мектепке көшкенін айтады.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?
Ауыл тұрғындарының сөзінше, емханаға "вирус жұғуы мүмкін адамдарды әкеледі" деген хабарды естіген жұрт сәуірдің 18-іне кешке емхана алдына жиналып, қарсылық білдірген. Емханадағы наразылықтың видеолары WhatsApp мессенджері мен Instagram желісі арқылы да тарады. Сондай видеолардың бірінде тұрғындар "Ауылымызға ешкімді әкелмесін, вирус таратады. Дәрігерлер вирус жұқтыруы мүмкін адамдардың жанында болады, кейін мына тұрған базар мен дүкенге барып, коронавирус таратады" дейді. Видеода полиция емханаға әлі ешкімді әкелмегенін айтып, карантин кезінде топталып жиналмауды ескертіп, жұртты тарауға шақырады.
Кейін интернетте тараған видеоларды көрген басқа тұрғындар да түнде емхана маңына жиналған. Береке ауылында тұратын 24 жастағы Темірлан Дәнібек те емхана маңына түнделете барғанын айтады.
Ауыл мен аудан әкімдері келді, біз наразылығымызды жеткіздік. Бірақ мардымды жауап бермеді, "стационар болмайды" деп нақты айтқан жоқ.
- Мен сенбіде түнгі сағат он бір жарым шамасында емханаға бардым. Қырықтан аса адам болды, ауылымыздың әкімі және аудан әкімі келді, біз наразылығымызды жеткіздік. Бірақ олар мардымды жауап бермеді, "стационар болмайды" деп нақты айтқан жоқ. Сондықтан кейбіреулер есікті сындырып, әкелген төсектерді сыртқа шығарып тастады, - дейді ол.
Оқиға болған емханаға барған Азаттық тілшісі амбулаторияның сыртқы есігінің әйнегі мен ішіндегі палатаның бірінің терезесі шағылып қалғанын көрді. Бір кабинеттің есігі сынған. Бірнеше адам сынған есік-терезені ауыстырып жатты. Азаттық тілшісін арнайы жасақ емхана ішіне Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің рұқсатымен ғана кіргізді.
Емхананың бас дәрігері Шахизада Қасқабаеваның Азаттыққа айтуынша, оқиға болған кезде амбулаторияда екі дәрігер, екі медбике және күзетші болған.
Тұрғындар түнде тағы келіп, емхананың есік-терезесін сындырып, жаңа төсек-орындарды сыртқа шығарып тастаған.
- Емхананы провизорлық стационар үшін босату туралы бұйрық сенбі, сәуірдің 18-іне таңертең келді. Содан кейін мектепке көштік. Сол күні кешкі беске дейін жұмыста болдық, әдеттегідей келушілерді қабылдадық. Кешкі жетінің шамасында ауыл тұрғындары жинала бастады. Кейін оларға ауыл әкімі келіп, жағдайды түсіндірді. Дегенмен түнде тағы келіп, емхананың есік-терезесін сындырып, әкеліп қойған жаңа төсек-орындарды сыртқа шығарып тастаған, - дейді дәрігер.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел емхана терезелерін сындырғандар арасында "арақ ішіп алған масаң адамдар болған" деп мәлімдеді.
- Сенбі кешке халық келді, арасында бұзақылар бар, белсенділер бар, оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Халық тарқады. Екінші рет түнгі он екінің кезінде қызу қанды жігіттер, арасында "40 градустың қызуымен" жүргендер бар, халықты дүрліктіріп, тәртіпсіздікке барған, - деді әкімдік өкілі.
Бірақ ауыл тұрғыны Темірлан Дәнібек "емханаға түнде келгендердің арасында масаң адамдар болған" деген сөзді жоққа шығарады.
- Кей ақпаратта біздің арамызда кейбір адамның мас болғаны айтылыпты, ол өтірік. Ішімдік ішкен ешкім болған жоқ, - дейді ол.
ОҚИҒАДАН КЕЙІН ҚОЗҒАЛҒАН ІС
Алматы облысы әкімдігі Береке ауылында сәуірдің 19-ына қараған түні болған оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің 202-бабы 1-бөлігі ("Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру") бойынша қылмыстық іс қозғалып, бұл іс бойынша төрт адам қамауға алынғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, емхана алдында болған бірнеше адамға Әкімшілік кодекстің 476-бабымен ("Төтенше жағдай режимін бұзу") хаттама толтырылған. Полиция бұл баппен айыпталғандардың біразын сәуірдің 19-ы түнде я таң ата үйінен алып кеткен. Солардың бірі Темірлан Дәнібек полиция бөлімшесіне өзі сияқты түнгі оқиғада болған отыздай адам жеткізілгенін айтады.
Жексенбі күні таңертең полицияда болғандарды сол күні кешке Береке ауылының учаскелік полиция бөлімшесіне қайта шақырып, онлайн сот өтті. Сотқа "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабы бойынша айыпталған 11 адам қатысты. Олардың үшеуі – Темірлан Дәнібек, Ерлан Нұрханов және Мұхит Мұртахаев "Төтенше жағдай режимін бұзды" деген айыппен бес тәулікке қамалды. Ал қалғандарының соты "интернеттің әлсіздігіне байланысты дүйсенбі, сәурдің 20-ына қалғаны" хабарланды. Сот процесіне Азаттық тілшісін кіргізбеді, сол маңда жүрген полиция фото-видеоға түсіруге де тыйым салды, тілшінің сұрағына жауап бермеді.
Сотқа келген 11 адамның арасында Береке ауылының тұрғыны Алмагүл Қасенқызы да бар. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.
- Емхананың жанында болып, әкімдік өкілдері мен бас дәрігерді тыңдап кеттім. Сәуірдің 19-ы түнгі сағат үштің кезінде полиция мені үйден әкетіп, таңғы беске дейін жауап алды. "Митингіге қатыстың" деп айыптады. Одан кейін үйге жіберіп, таңертең сағат 10-да Қаскелеңге кел деді, онда барған соң күндізгі төртке дейін жауап алды. Енді міне, кешке сотқа келіп тұрмыз. Ол бір жоспарланған митинг болған жоқ. Сәуірдің 18-іне кешкі бестің шамасында WhatsApp арқылы ақпарат тарады, тұрғындар ақырындап не жағдай болып жатқанын білуге жиналды, - дейді Алмагүл.
ӘКІМДІК ХАЛЫҚҚА ОҚШАУЛАУ ОРНЫ АШЫЛАТЫНЫН ЕСКЕРТПЕГЕН
Алматы облысы әкімдігі аймақта індет үдеп бара жатқандықтан сақтық үшін "Береке ауылында қосымша оқшаулау орын дайындамақ болғанын" растап отыр. Сәурдің 19-ы күні сағат 19.00-дегі мәліметке сай, Алматы облысында коронавирус жұқтырған 41 адам анықталған. Оның сегізі дерттен айығып шықты.
Береке ауылының емханасын таңдадық. 100 орындық провизорлық стационар болады деп жоспарладық.
- Коронавирус жұқтырғандар Қарасай ауданындағы инфекциялық ауруханада жатыр. Ал олармен байланыста болғандар Үшқоңырдағы провизорлық стационарда. Қазір коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды орналастыратын орын бар. Індет үдеп келе жатқандықтан алдын алу мақсатында қосымша провизорлық орын дайындауды ұйғарған едік. Айналасы қоршалған емдеу мекемесін іздедік, оның ішінде Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылының емханасын таңдадық. 100 орындық провизорлық стационар болады деп жоспарладық, - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Алматы облысы әкімдігі я Қарасай ауданы әкімдігі оқшаулау орны ашылатыны туралы жергілікті тұрғындарға алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
- Тәртіп бойынша, біз алдымен төсек-орынды орналастырып болған соң санитарлық эпидемиялық мамандар келіп, тексеруі керек. Олар рұқсат бергеннен кейін ғана провизорлық орталық ашылады. Ашылу-ашылмауы белгісіз еді. Болар нәрсе болған соң халыққа түсіндіреміз деген едік, - дейді әкімдік өкілі.
Ал Темірлан Дәнібектің анасы Айгүл Дәнібекова Береке ауылындағы емханада оқшаулау орнын ашуға "үзілді-кесілді қарсы" екенін айтады.
- Біздің ауылдық окургке қарасты ең тәуір емхана – осы. Оның өзінің жабдықталғаны шамалы. Жай күнде қарапайым аурумен барсаң толтырып дәрі жазып беретін. Енді вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды қалай емдемекші? Алдымен өзімізді жетістіріп емдеп алсын. Оның үстіне емхана жолдың бойында орналасқан, арғы жағында базар, төңірегінде жанар-жағар май станциясы тұр. Халыққа вирус тарамауына кім кепіл? - дейді ауыл тұрғыны.
Азаттық тілшісі сөйлескен ауыл тұрғындарының басым бөлігі емханаларының провизорлық стационар болуына қарсы екенін айтты. Арасында "егер барлық сақтық шарасы сақталса, қауіптенуге негіз жоқ шығар" дегендері де болды.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел "тұрғындар наразылығынан кейін Береке ауылында провизорлық стационар болуы екіталай" дейді.
ПІКІРЛЕР