Ресейдің Украинаға басып кіргеніне екі жыл толған күні Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткіші маңына халық жиналды. Соғыс құрбандарын еске алуға келген жұрт ескерткішке гүл қойып, шырақ жағып, украин тілінде ән шырқады. Бәрінің көкейіндегі тілек біреу: соғыс тезірек аяқталса. 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украина аумағына басып кіріп, оны «фашизмге» және «неонацизмге» қарсы «арнайы операция» деп атады.
Украин ақыны Тарас Шевченко ескерткішінің алдына алматылықтар жылына кем дегенде екі рет жиналады: 24 тамыз – Украинаның тәуелсіздік күні, 24 ақпан – соғыс басталған күн. Таң атпастан біреулер гүл әкеліп, енді бірі хат қалдырып, тағы біреулер шар және жұмсақ ойыншықтар қойып жатты. Кейбірі сол жерде бөгеліп, біраз тұрды. Осы бір көрініс кешке дейін жалғасты.
Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне екі жыл толғанына орай соғыста опат болғандарды еске алып, украин халқына жүрекжарды қолдау білдіргісі келетіндер былтырғыға қарағанда көбейген сыңайлы. Халық мұнда түс ауа, сағат 15:00 шамасында жинала бастаған, бірер сағатта ескерткіш алдындағы шағын алаңқай жүзге жуық адамға толып қалды.
Жиналған жұрттың көпшілігі – қазақстандық, дегенмен соғыстан қашып, Қазақстанға келген ресейліктер мен украиндар да болды.
– Біз Қазақстанға 2022 жылдың сәуірінде келдік, – дейді екі баласымен Тарас Шевченко ескерткішіне келген укриналық Мальвина Куцына. Алматыда күйеуімнің туыстары тұрады. Өкінішке қарай, Украинада Қазақстан туралы көп білмейді, көп айтпайды. Сондықтан біз Қазақстан жақын жатқандықтан Ресейді қолдайтын шығар деп қорқып едік. Бірақ келген кезде бәрі керісінше болып шықты. Бізді, Украинаны қолдаушылар көп екен. Жай ғана жанымызға келіп, құшақтап кетіп жатты. Мұның бәрі жүрегімізді тебірентіп, көзімізге жас үйірді.
Ескерткіштен 40-50 метрдей жерде күштік құрылым өкілдеріне ұқсайтын жай киінген ер адамдар жиналған жұртты бақылап тұрды. Ара-тұра смартфондарына суретке түсіргенімен, ешкімге кедергі жасамады, ештеңеге араласқан жоқ.
Түстен кейін ескерткішке азаматтық белсенділер де келді, олардың арасында Марат Тұрымбетов те болды. Ол «Слава Украіни» деген жазуы бар плакат және Қазақстан мен Украинаның туын ала келіпті. Белсенділер суретке түсу үшін жалауды жайып жібергені сол еді, олардың жанына медициналық бетперде киген әйел келді де, өзін «әкімдік өкілімін» деп таныстырып, жиынның заңсыз екенін айтты.
— Бес күн бұрын хабарлама жіберу қажет еді, бірақ сіздер хабарлама жіберген жоқсыздар. Сол себепті мына әрекеттеріңіз заңсыз, – деді мемлекеттік қызметкер. – Рұқсат етілмеген іс-шараны ұйымдастырушыларға және оған қатысушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, сондықтан ескертіп тұрмын.
— Бейбіт жиын үшін жазалайтын қандай қылмыстық бап бар? – деп сұрады жиналғандардың бірі. Әйел бұл сұраққа жауап бермей, кетіп қалды.
Ескерткіш алдында жалау ұстағандардың бірі – «Дат» газетінің журналисі Азамат Молдасанов. Менімен әңгіме барысында ол «белсенді» ретінде келгенін айтты.
— Жаңа ғана бізге әкімдік өкілі келгенін көрдіңіз, ол қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуларыңыз мүмкін деп ескертті, бірақ бұл жерде ешқандай митинг те, жиын да жоқ, адамдар қаза тапқандарды еске алуға келді, – деді Молдасанов. – Бүгін Ресей пропагандашыларының «Киевті үш күнде аламыз» дегеніне екі жыл толды. Генерал Лебедьдің «шенеуніктердің баласы баратын болса, мен кез-келген соғысты тоқтатар едім» деген сөздерін еске салғым келеді. Ресейлік шенеуніктер жылы кабинеттерінде отырса, соғыста қарапайым халықтың ұлдары қаза тауып жатыр. Соғыс шенеуніктердің балаларын окопқа түсуге мәжбүрлеген кезде ғана аяқталады.
Осы күні Тарас Шевченко ескерткішінің алдында құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те болды.
— Бұл оқиға бізді есімізден тандырып тастады, Ресей Украинаға шабуылдайды дегенге мүлде дайын емес едік. Өкініштісі сол, Ресей пропагандасы қаншама адамның миын улап жатыр. Олар Ресейдікі дұрыс, Украинадағы «нацизммен» күресіп жатырмын, ол жақта орыстар қысым көріп жатыр дегенді дәлелдегісі келді. Шын мәнінде шабуылға ешқандай да себеп жоқ еді. Қазақстан ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО және басқа да құрамында Ресей бар ұйымдардан тезірек шығуы керек. Бірақ оның орнына санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатыр. Ресейде ресурс қаншалықты көп болса, соғыс соншалықты ұзаққа созылатынын түсінбейтіндей.
Ескерткішке Украинаға болысып келген қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский де пікірін айтты:
— 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап көңіліме бір қорқыныш ұялап алған. Алғашында бұл ұзаққа созылмайтын шығар деген үмітім болып еді. Бірақ қазір бұл соғыстың зардабын күллі дүниежүзі тарта ма деп қауіптенемін. Өйткені Путиннің режимі ессіз, сөйте тұра ол енді жоғалтатын ештеңесі жоқ екенін біліп отыр. Егер алда-жалда Путин биліктен айырылып қалмаса, ол болашақта бұдан да қорқынышты қадамдарға баруы әбден мүмкін.
Украиналық Людмила Курас Қазақстанға жұмыс бабымен келіп, соғыс басталып кеткендіктен мұнда белгісіз уақытқа қалуға мәжбүр болады. Екі жылдан бері ерікті болып, соғыстан зардап шеккен украиндарға көмек қаражатын жинаумен айналысады. Шевченко ескерткішінің алдында Людмила Курас өзі жасаған қызыл раушан гүлдерін сатты. Бір раушан – он мың теңге. Әрбір гүлге Людмила сатып алған адамның есімін жазып береді. Түскен табыс «Украинаның көмек қорына» аударылады.
— Мүмкіндігінше көмекке мұқтаж украиндарға қол ұшын беруге тырысамын, – дейді Людмила Курас. – Украинада, Сумы қаласында қызым мен немерелерім қалды. Олар елден шығып кететін болған. Бірақ адамдар жүретін жасыл дәлізге бомба түсті. Біздің де ықшам ауданға бірнеше бомба түскен. 24 үй қирап, 22 адам қаза тапты. Бұл 2022 жылдың 8 наурызы болатын.
Жиылғандар бір жарым сағаттай ескерткіш маңында тұрып, әңгімелесіп, суретке түсіп, украинның «Ой у лузі червона калина» әнін, содан соң Қазақстан мен Украинаның әнұрандарын шырқады. Сағат 17.00 шамасында адам қарасы сейіле бастады. Бірақ гүл әкеліп, шам жағушылар кешке дейін толастаған жоқ.
Бірнеше сағаттан кейін қаланың басқа бөлігіндегі грек-католик шіркеуінің дін қызметкері Олег Галушка қызметін украин тілінде жүргізді.
Дін қызметкер мен шіркеуге келуші қауым мыңдаған бейбіт халықтың өмірін қиған және миллиондаған жанды үйін тастап, қашып кетуге мәжбүр еткен, гүлденген қалалар мен ауылдарды жермен-жексен еткен қанқұйлы соғыста Украина жеңіп шықсын деп дұға жасады.