Accessibility links

"Саяси ерік-жігер керек". Қазақстан жемқорлық шырмауынан қайтсе құтылады?


Жемқорлықты жоюға үндейтін жарнаманың жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Жемқорлықты жоюға үндейтін жарнаманың жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау көбейіп барады. Ал жемқорлықпен күрес билік топтары арасындағы тайталасқа көбірек ұқсайды. Сарапшылар түйені түгімен жұтқан бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің қамаудан мерзімінен ерте шығып кететіні немесе айыппұл төлеп құтылатыны жемқорлықпен күресті мәнсіз етіп отырғанын айтады. Парақорлық бүкіл қоғамды меңдеп алған, жұрт пара алып, пара беруден қымсынбайды деп дабыл қағады олар. Бұған қалай тоқтау салуға болады?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, биылғы тоғыз айда Қазақстанда 2140 қылмыс тіркелген. Ауыр жемқорлық қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға көбейген. Республика деңгейіндегі 34, облыс деңгейіндегі 72, қала және аудан деңгейіндегі 89 басшы қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

2020 жылы денсаулық сақтау саласында әшкереленген жемқорлық фактілері қоғамда үлкен дабыра туғызды. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған жоғары лауазымды төрт шенеунік тергеуге алынды. Қарашаның басында қаржы министрлігінің қаржы бақылау комитеті Біртановтың "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын талан-таражға салу" фактісі бойынша ұсталғанын хабарлады. Кейінірек бұрынғы министр үйқамаққа алынды.

Тамыздың басында ұсталған "медицина саласы өкілдері" арасында бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, "СК-Фармация" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Берік Шәріп, Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының бас директоры, бұрын денсаулық сақтау вице-министрі болған Ерік Байжүнісов бар.

"АУЫР" БАППЕН СОТТАЛҒАНДЫ МЕРЗІМІНЕН ЕРТЕ БОСАТУҒА ТЫЙЫМ САЛУ

Желтоқсанның басында Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстан президентінің жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетін парламент мәжілісі мақұлдап, сенатқа жолдағанын хабарлады.

Жемқорлыққа қарсы акцияда тұрған азаматтар. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
Жемқорлыққа қарсы акцияда тұрған азаматтар. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Ақпарат құралдары агенттік басшысының "Аса маңызды осы түзетулердің әсерін жемқорлар анық сезінетін болады. Мысалы, шенеуніктерге шетелдің банктерінде есепшот ашуға тыйым салынады, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, жауапқа тартылғандарды қамаудан мерзімінен бұрын шығарып жіберу тыйылады. Ал жемқорлық қылмысын жасаған құқық қорғау органы қызметкерлері мен судьялар басқа санаттағы лауазымды тұлғалармен салыстырғанда қатаң жаза алатын болады" деген сөзін жариялады.

Transparency Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстан 2012 жылы БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы конвенциясына, ал биыл жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобына (Group of States Against Corruption, GRECO) қосылғанын еске салды.

– Мемлекет өзіне алған халықаралық міндеттемелер Қазақстанды жемқорлық фактісі бойынша жауапқа тартылған ресми лауазымды тұлғаны мерзімінен бұрын қамаудан босатуға болмайтын заң қабылдауға міндеттейді. Әйтпесе мұны жемқорлыққа қарсы күрес деуге келмейді, – дейді Шиян.

10 желтоқсанда парламент сенаты "Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады. 20 желтоқсанда президент оған қол қойды.

Бұл заңда Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлімі ("Пара алу"), 367-бабы ("Пара беру"), 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), 450-бабының 3-ші және 4-бөлімі ("Билікті теріс пайдалану") және 451-бабында ("Билікті асыра пайдалану") көрсетілген қылмыс түрлері қамтылған.

"МҰНДАЙҒА ЖОЛ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ"

Жаңа заң күшіне енгенге дейін сот орындары қылмысы үшін жауапқа тартылған жемқорларды, егер олар "шығын көлемін толық өтесе және тәртіп бұзу ниеті болмаса", мерзімінен бұрын қамаудан босатуға құқылы.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда жемқорлық қылмысы үшін сотталған бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың бірқатары жаза мерзімінің бір бөлігін ғана өтеген соң түрмеден босап шыққан.

Мысалы, биыл маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. 2017 жылы тамызда Ақмола гарнизоны әскери соты оны "мемлекеттік құпияны жариялағаны" және "қызмет құзыретін асыра пайдаланғаны" үшін жеті жарым жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған еді. 2018 жылы қаңтарда дәл осы сот Дүтбаевты ақша жымқыру және оны заңдастыру қылмысын жасағаны үшін айыпты деп тапқан.

Былтыр бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. 2018 жылы сот оны жемқорлық қылмысын жасағаны үшін айыпты деп танып, 10 жылға түрмеге қамаған еді.

Ольга Шиянның айтуынша, Қазақстанда жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматтар мемлекетке келтірген шығынды өтеп, мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққан соң ұлттық компания, холдинг, ірі кәсіпорындарға жұмысқа тұрып, қайтадан мемлекет қаржысы мен активтерін басқарып жүр. Ұйымның 2019 жылғы "Жемқорлықты қабылдау индексі" есебінде "мұндайға жол беруге болмайды" деп атап көрсетілген.

ЗАҢ БОЙЫНША КӨРСЕТІЛУІ ТИІС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ҮШІН ПАРА БЕРУ

– Біз респонденттер айтқан жемқорлық фактілерінің жартысына жуығы азаматтарға заң бойынша көрсетілуі тиіс мемлекеттік қызмет түрлерімен байланысты екенін анықтадық. Пара берген адамдардың қалған бөлігі – заң бұзып, сол үшін жауаптан сытылмақшы болғандар. Мысалы, жол ережесін бұзып, жол полициясына пара бергендер, – дейді Ольга Шиян.

Ольга Шиян.
Ольга Шиян.

Сарапшының сөзінше, тіпті қызмет көрсету процесі автоматтандырылған салалардың өзінде жұрт құжат жинап әуре болмай, өзіне керек шаруаны пара беріп тындырғанды жөн көреді.

– Билік мұның аса маңызды екенін ұғынып, елдің мемлекеттік қызметті ешқандай әуре-сарсаңсыз, оңай пайдалануына қолайлы жағдай туғызуы керек, сонда халық пара беру дегенді ойына да алмайтын болады, – дейді Шиян.

"САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР КЕРЕК"

Transparency International Kyrgyzstan ұйымының сарапшысы Адылбек Шаршенбаев әлемдік тәжірибеде жемқорлықпен күресудің екі жолы – соғыс стратегиясы және қылмыстың алдын алу стратегиясы барын айтады. Сарапшы бұған 1950 жылдардың ортасында жемқорлыққа қарсы соғыс стратегиясын енгізіп, жемқорлыққа қарсы соттар құрған Қытайдың тәжірибесін мысалға келтіреді.

Адылбек Шаршенбаев.
Адылбек Шаршенбаев.

– Осы шараларға қарамастан, елде жемқорлық әлі тыйылған жоқ. Соңғы болған атышулы оқиғаның бірі теміржол министріне қарсы қозғалған іспен байланысты (2012 жылы Лю Чжицзюнь жемқорлық және билігін теріс пайдалану айыбымен өлім жазасына кесілген. Кейін оның үкімі өмірлік түрме жазасына ауыстырылды). Бұл жемқорлықты тек жазалап қана жеңу мүмкін емесін көрсетеді. Жемқорлықтың пайда болу себебін анықтап, соларды жою керек. Жемқорлыққа қарсы соғыста алдын-алу және ескерту жүйесі туралы да ұмытпаған жөн. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс, – дейді Адылбек Шаршенбаев.

Сарапшы жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізудің жақсы бір үлгісі ретінде Грузия тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы реформаларға дейін Грузия постсоветтік кеңістіктегі жемқорлыққа белшесінен батып, қылмыс тамыры тереңге кеткен елдердің бірі болған.

– Біздің халықтың менталитеті ұқсас. Бәріміз ТМД елдеріненбіз. Бірақ оларда түбегейлі реформа жүргізуге мықты саяси ерік-жігер мен соны жүзеге асыруға "белін бекем буған" команда болды. Олар ең алдымен қарапайым халықпен және бизнеспен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік құрылымдарда реформа жасады. Ол тізімде полиция, салық пен кеден қызметі бар, – дейді Шаршенбаев.

Грузия басшылығы халыққа үндеу жариялап, полиция қатарын тазарту кезінде елде үш ай бойы құқық қорғау органы өкілдерінің болмайтынына түсіністікпен қарауын сұрап, азаматтарды заңға мойынсұнып, тәртіп сақтауға үндеді.

– Грузияға реформаға дейін және одан кейін барғанымда көп өзгеріс болғанын байқадым. Қырғызстанда немесе Қазақстанда қарапайым азаматтың сантехниктің телефон номерін немесе кинотеатрда қандай фильм көрсетілетінін сұрау үшін полицияға хабарласқанын елестете аласыз ба? Ал Грузияда полицияға дәл осындай сұрақтармен хабарласуға болады. Өйткені полиция қудалаушы орган емес, қоғамға қызмет көрсететін мекемеге айналған. Полиция учаскелері арғы жағы көрініп тұратын әйнектен салынған. Бұл реформаларды жүзеге асыруға үш жыл уақыт кетті, – дейді Шаршенбаев.

Сарапшының айтуынша, Қырғызстанда сот жүйесін реформалау ісі 30 жылдан бері жалғасып келе жатқанына қарамастан, әлі күнге көз қуантарлық нәтиже жоқ.

– Судьяларды іріктеуден өткізді. Сарапшылардың пікірінше, осыдан кейін сот жүйесі бұрынғыдан да нашар күйге түскен. Біздің елдерімізде мемлекеттік қызмет саласында меритократия принципі жұмыс істемейді. Адамдардың қызметі дарынына немесе біліміне емес, тамыр-таныстығы я туыстығына қарай өседі. Шенеуніктер көбіне құлқын мүддесін көздейді, — дейді Transparency International Kyrgyzstan сарапшысы.

Шаршенбаев Қырғызстан мен Қазақстан сияқты елдер мемлекет басшылығының темірдей мықты саяси ерік-жігері мен қоғамның ниеті болғанда ғана жемқорлықтан құтыла алады деп санайды.

"ЖОҒАРЫДАН БАСТАП КҮРЕСУ КЕРЕК"

Адвокат, құқық қорғаушы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі Айман Омарова жемқорлық қылмысын жасағандарға жазаны қатайту керек деп есептейді.

Айман Омарова.
Айман Омарова.

– Жемқорлық жасаған адам ешқандай шартты жаза немесе айыппұлмен құтылмауы керек. Оларды бостандығынан айырып, қылмысының ауырлығына қарай қатаң режимдегі колонияда ұстау керек, – дейді Омарова.

Омарованың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қолында жеткілікті құзырет жоқ, ал жемқорлықпен күресуді жоғарыдан бастаған жөн.

– Заң бойынша тікелей президентке бағынады, алайда барлық іс прокуратура арқылы өтеді. Яғни агенттік тәуелсіз емес және оның қолында жеткілікті құзырет жоқ. Ең үлкен жемқорлық қаупі осында жатыр. Жемқорлықпен төменнен емес, жоғарыдан бастап күресу керек. Түйені түгімен жұтқан жемқорлар билік басында отыр, – дейді адвокат.

Адвокаттың бұл пікіріне қоғам белсендісі, Facebook желісіндегі астана тұрғындары арасында танымал "Астана, хочу похвалить, пожаловаться" тобының администраторы Рүстем Жансейітов те қосылады. Ол "билік жемқорларды басқа жерден іздеп жүр" деп санайды.

Рүстем Жансейітов.
Рүстем Жансейітов.

– Ешқандай күрес жоқтай көрінеді. Көбіне бұл билік топтарының өзара қырқысуы сияқты. Қолында компроматы немесе күш құрылымдары я жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне ықпалы бар бір топ екіншісін аяқтан шалады. Кезекті жоғары лауазымды шенеунік ұсталған кезде – бұл тапсырыспен жасалған, кімге тиісуге болатыны, кімнен аулақ жүру керегі жөнінде келісім бұзылды деген ой келеді. Бұл – күрес емес, күресіп жатқан сыңай таныту. Бұл түрімізбен жемқорлықты ешқашан жеңе алмаймыз, – дейді Жансейітов.

Оның пікірінше, жемқорлықты жою үшін "барлық мемлекеттік мекеменің үстінен қарайтын" құзыреті кең, тәуелсіз орган құру қажет.

– Оның толықтай ашық және қоғамның бақылауында болғаны маңызды. Сонда ғана [жемқорлыққа қарсы күресте] алға қарай қадам жасалуы мүмкін, – дейді белсенді.

"ЖОҒАРЫ ШЕНДІЛЕР ЖАУАПТАН СЫТЫЛЫП КЕТЕДІ"

"Talap" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын-алу шараларына азаматтық қоғамды да тартып отырғанын" айтады. Сарапшының сөзінше, осы мақсатта азаматтық белсенділер, еріктілер мен қоғам өкілдерінен тұратын өңірлік желілер құрылған. Олар әртүрлі сала қызметін қадағалаумен және қоғамдық бақылау жүргізумен айналысады.

– Бірден байқалмаса да, мұндай стратегияның әсері бар. Жемқорлыққа қарсы мекеме жұмысының тиімділігі артқан немесе кеңейген сайын елде жемқорлық көбейіп бара жатқандай, барлық сала осындай қылмыстарға белшесінен батқандай көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұрын жемқорлықты әшкерелеу аз болуы ықтимал, – дейді Ошақбаев.

Ошақбаев халықаралық рейтингтерге күмәнмен қарайды.

– Transparency International индексін шетелдік ұйымдар, субъективті түрде сырттағы сарапшылар дайындайды. Бізге өзіміздің мемлекет ішінде жемқорлық индикаторы керек деп ойлаймын, – дейді Ошақбаев.

Integrity Astana үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиев қазір жемқорлыққа қарсы күресте "алға ілгерілеу бар" деп есептейді.

– Көбіне қылмыстық жауапқа орта буын басшыларын тартады. Жоғары лауазымды шенеуніктерді жауапкершіліктен құтқарып жібереді, – дейді Жанат Нұрғалиев.

Жанат Нұрғалиев.
Жанат Нұрғалиев.

Оның пікірінше, ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың бюджетті жоспарлауын цифрлық форматқа көшіру керек.

– Қазір бюджетті әкімдік немесе үкімет жабық жағдайды, қоғамды қатыстырмай қабылдайды. Сондықтан бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланатынына, мысалы, билікпен байланысы бар компаниялармен бір көзден алу әдісі бойынша келісімшарт жасау фактілеріне куә болып отырмыз, – дейді Жанат Нұрғалиев.

Сарапшы барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесі енгізілген кезде ғана жемқорлыққа қарсы күрестің де тиімділігі артады деп есептейді. Ол мемлекеттік органдар мен шенеуніктер "халыққа есеп беруі керегін" айтады.

Қазақстан әдетте "Жемқорлықты қабылдау индексінде" төменгі орында тұрады. Бұл елде жемқорлық қылмысы тамыр жайғанын білдіреді.

2019 жылғы рейтингте Қазақстан 180 елдің арасында 113-орын, 2018 жылы 124-орын, 2017 жылы 122-орында болған.

2020 жылдың қорытындысы бойынша дайындалған кезекті "Жемқорлықты қабылдау индексі" 2021 жылдың қаңтарында жарияланады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG