«БҰЛ - УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖАПҚАН ЖАЛАСЫ»
Университеттің 3-курс студенті Мейрамбек Жолдыбаев оқу орны жанынан құрылған «Үмітің үзілмесін» еріктілер тобына «басшылық тарапынан қысым жасалды» дейді. Еріктілер тобының жетекшісі Мейрамбектің сөзінше, оқытушылар еріктілерді «террористер» деп, «Үмітің үзілмесін» тобын «экстремистік топ» деп атаған.
- «Үмітің үзілмесінді» студенттердің көзінше «экстремистік топ» деп атады. Бізді, яғни студенттерді «террорист», ал осы студенттер қосылған ұйымды «экстремистік ұйым» деп айыптады. Бұл – заңсыз! Бұл – соттың үкімінсіз-ақ университетіміздің бізге жауып отырған жаласы. Сол үшін университет басшылығына қояр талабымыз - бізден кешірім сұрасын. Бізге «террорист» деп айып таққандар жазасын алсын! - дейді ол.
Жолдыбаевтың сөзінше, 250-дей мүшесі бар «Үмітің үзілмесін» қоғамдық бірлестігі 2018 жылы тамызда Ақтөбе облысы әділет департаментінде ресми тіркелген. Ұйым еріктілері 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында үгіт-насихат жұмыстарына қатысқаны үшін сайлауда жеңімпаз деп танылған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын да алған. Студент Азаттыққа ресми тіркелген құжатты және алғыс хаттарын көрсетті. Жолдыбаевтың айтуынша, қазір еріктілер қарттар үйі мен балалар ауруханасына, мүгедек сәбиі бар шаңырақтарға барып, қолғабыс етеді. Түрлі қайырымдылық акцияларына қатысады.
Университеттің педагогика факультетінің студенті, «Үмітің үзілмесін» қоғамдық бірлестігінің еріктісі Ақниет Далабаева да «оқытушылардың өздерін экстремистер тізіміне қосқанына наразы».
- «Сен сондайларды қолдайтын болып тұрсың ғой» деген сарындағы әңгімелер айтылды. Бірақ нақты қай парақшаға жазылғанымды, қашан лайк басқанымды айтқан жоқ. Мен «жарайды, профилактика болар» деп мән бермегенмін. Ертесіне оқытушы группаласарымнан «Әлгі террорист қыз қайда?» деп сұрапты, - дейді ол.
«СЕССИЯДА ТУЫНДАҒАН ҚИЫНДЫҚТАРЫН ШЕШІП АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің проректоры Нұржан Бердібаевтың сөзінше, 2019 жылғы 7 қараша күні оқу орнына облыс әкімдігінен хат келген. Хатта «В контакте» желісіне жүргізілген мониторинг кезінде «діни экстремизмді насихаттаушы парақтарға» жазылған студенттердің анықталғаны айтылған.
- Әкімдіктен хат алғаннан кейін декандар, декан орынбасарлары, кураторлар балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Мына сайт экстремистік, оған кіруге болмайды» деген. Мұндай жұмыс тек «Үмітің үзілмесін» еріктілер тобымен жүргізілген жоқ, ешбір топтың құрамына енбеген өзге студенттер де қамтылды. Бізде «Үмітің үзілмесінен» басқа алты волонтерлік топ бар. Оған 500-дей студент мүше. Университет ешкімге «экстремиссің» деп қысым жасаған емес. Оқытушылардан сұрадық, қысым көрсету мәселесі расталған жоқ. Бірде-бір студент жатақханадан шығарылған жоқ. «Үмітің үзілмесінде» болғаны үшін не экстремистік топтан болғаны үшін деген фактілер де анықталған жоқ, - дейді проректор Нұржан Бердібаев.
Университет басшылығы баспасөз қызметі арқылы мәлімдеме таратып, онда «бұл студенттердің бірқатары еріктілер тобының атын жамылып, қысқы сессия кезінде туындаған қиындықтарын шешіп алмақ болып жүргенін» жазған. Оқу орны басшылығы «кейбір студенттер білместікпен дүрмекке ілесіп жүр» деп санайды.
- «Үмітің үзілмесін» еріктілер тобының мүшесі Ақниет Далабаеваның аты-жөні әкімдіктен жолданған тізімде бар. Ақылы бөлімнің студенті оқу ақысын да төлей алмаған. Университет оның оқу ақысын бөліп төлеуіне жағдай жасап отыр. Ал еріктілер тобының жетекшісі Мейрамбек Жолдыбаев қысқы сессияға оқу үлгерімі нашар болғандықтан жіберілмеді, - делінген университет хабарламасында.
Физика-математика факультетінің деканы Алтыншаш Бекбауова да еріктілер тобының жетекшісі Мейрамбек Жолдыбаевтың оқу үлгерімі нашарлап кеткенін жеткізді. Ал Мейрамбек «оқу үлгерімі мен жазықсыз жазғырудың расында қандай байланыс барын түсіне алмай дал».
«ДЕСТРУКТИВТІ ТОПТАРҒА КІРІП КЕТПЕС ҮШІН АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ»
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы Құдайберген Жұбанов атындағы университетке хат жолдағанын растап отыр. Басқарма басшысы Әлімбек Тұрәлиевтің айтуынша, осыдан үш ай бұрын басқарма маманына әлеуметтік желілердің мониторингі тапсырылған. Күні бойы әлеуметтік желілерді бақылап отыратын маман Жұбанов атындағы университеттің 114 студенті жазылған «күмәнді парақшаларды» анықтаған.
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы мен университет басшылығы «студенттер жазылған» топтардың тізімін айтпады. Тек Әлімбек Тұрәлиев «тізімге алынған 114 адамның 20-сы – дін жолын ұстанатын студент қыздар» дейді.
Сөзінше, басқарма өкілдері олармен бірнеше мәрте кездескен. Студент қыздардың дінге қатысты сауалдарына жауап беру үшін теологтар WhatsApp мессенджерінен ортақ чат та ашқан. Басқарма өкілі дін жолын ұстанатын студент жігіттермен қысқы каникулдан соң жұмыс істеу жоспары барын айтады. Ал «Үмітің үзілмесін» еріктілер тобына қатысты әкімдік тарапынан университетке «ешқандай ескерту жасалмаған».
- «Үмітің үзілмесін» тобын экстремистік ұйым деп атау қате. Себебі «мынау экстремистік ұйым» деп сот қана айта алады. Бұл мониторинг – жастар деструктивтік ағымға кіріп кетпес үшін алдын алу шарасы, профилактика. Университет оқытушылары әкімдіктен жолданған хатты дұрыс түсінбеген, - дейді Әлімбек Тұрәлиев.
Студент Ақниет Далабаева діни ғұрыппен киінбеген. Ал Мейрамбек Жолдыбаев дінге сенетінін жасырмайды, Әбу-Ханифа мәзхабынан (Қазақстан билігі ресми мойындаған мәзхаб – ред.) екенін айтады.
Биыл Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы студенттердің әлеуметтік желідегі парақшаларына мониторинг жасап, «күмәнді діни парақшаларға» тіркелгендер тізімін университеттерге жолдай бастаған.
Қазақстан Конституциясында дін ұстануға еркіндік берілсе де, ел билігі адамдардың діни-наным сеніміне жиі араласады. 2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматыда болған шабуылдардан кейін діни бақылау тіпті күшейген. Органдар шабуылдарды «радикал, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатындар» ұйымдастырды деп мәлімдеген. Билік өзі «деструктивті» деп тапқан топтардың желідегі парақшаларына мүше болған я жазбаларын бөліскендерді жиі қудалап, кейбірін жазаға тартады.
Pew Research Center ұйымының әлемдегі діни наным-сенім индексінде Қазақстан «билігі адамдардың діни сеніміне шектеу қоятын елдердің» қатарына енген. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде де «Қазақстанның діни еркіндікті шектейтіні» жазылған. Құқық қорғаушылар да Қазақстан билігінің адамдардың діни сеніміне жиі араласатынын айтып, сынайды.
ПІКІРЛЕР