"Терроризмді насихаттады" деген айыппен 7 жылға сотталған астаналық суретші Дәурен Макин үкімді күшінде қалдырған апелляция сотының шешіміне келіспей, Жоғарғы сотқа жүгінбек. Қаңтардағы қантөгіске қатысты билікті сынаған суретші еркін ой-пікірі үшін қудалауға түскенін айтты. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.
Кәдімгі қарындашпен ақ параққа салынған бірнеше сурет.
Міне, кереует үстінде маңдайын білегіне сүйеп, еңсесі түскен адам отыр. Осы отырысынан-ақ ішкі дүниесіндегі күйзеліс байқалады. Айналадағы көріністен бұл адам абақтыда отырғаны айқын аңғарылады.
Ал мына бір кісі сол жақ жамбасына қисайып, төсекте шынтақтап жатқан күйі көзі ілініп кеткен секілді. Келесі суреттерде терезенің ішкі жағынан қағылған темір торға ілінген жуылған киімдер, сондай торды қос қолдап ұстап, асылған қалпы сырт жаққа үңіле қарап тұрған екі адам, жан-жағы үстінен тікенек сым тартылған биік дуалмен қоршалып, төбесі темір тормен жабылған абақтының тұтқындарды серуенге шығаратын тар ауласында орындықтың үстіне шығып алып, ауыр ойға шомған адам бейнеленген.
Бұл – Дәурен Макин абақтыда отырғанда салған суреттер.
Биыл 27 сәуірде Астананың №2 Байқоңыр аудандық соты Дәурен Макинді Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-тармағы ("терроризмді насихаттау") бойынша айыпты деп танып, жеті жылға бостандығынан айырған.
Прокурор сотта оқыған айыптау актісінде Макинді "әлеуметтік желідегі парақшаларында терроризмді насихаттаған постылар жариялап, қарулы жихадқа шақырған, мемлекеттік қызметкерлерді "кәпір" деп атап, билікті күштеп құлатуға үндеген" деп сипаттаған.
Макиннің ісін тергеуді жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттық қойған сұрақтарға жауап беруден бас тартқан еді.
Макиннің адвокаты Жасұлан Қауменов суретшіге тағылған бар айып "сурет салуды үйренеміз" деп келген арнайы қызметтің адамдары диктофонға жазып алған "әңгімеге" негізделді деді. Осы айыптауға және "қарама-қайшы жасалған" сараптамаға сүйеніп шығарылған үкімге келіспейтінін айтқан Макин апелляциялық шағым берген.
20 маусымда апелляция соты бірінші инстанциядағы соттың үкімін күшінде қалдырды.
– Ол үкім шығарған сот елеусіз қалдырған жайттардың бәрі апелляция сотында ескеріледі деп ойлаған еді. Ештеңе өзгермегеніне қынжылысы бар. Бірақ алда әлі Жоғарғы сот бар, соған дайындалып жатырмыз. Ол мұқалған жоқ, – деді адвокат.
Астанадағы тергеу абақтысы – ЕЦ-166/1 мекемесінде отырғанына жылдан асқан Дәурен Макин биыл 28 маусымда 48 жасқа толды.
"СУРЕТ САЛУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗШІ". БҮРКЕНШІК АТ ЖАМЫЛҒАН ЕКЕУ
Айыптау актісінде Дәурен Макиннің кейінгі бірнеше жылдан бері әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына жасалған мониторингіден "дәйектер" келтірілген.
Онда "2010 жылдан Д.А.Макин исламға бет бұрып, түрлі ашық көздерді, соның ішінде интернет ресурстарын да пайдаланып, дін негіздерін өз бетінше үйрене бастаған. Түрлі сайттарды қарап, халықаралық террористік ұйымдардың қызметімен танысып, қызығушылық танытқан. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің көмегімен террористік ұйымдар мүшелерінің деструктивті діни көзқарастарымен және идеяларымен танысып, оларды қолдаған. Осылайша "қарулы жихадты" қолдайтын радикалды діни пиғылын бекіте түскен. 2018 жылдан бастап "қарулы жихад" идеологиясын жақтай отырып, терроризмді насихаттауға Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасын қолданған" деп жазылған.
Осы айтылғандарға сот тергеуі барысында терең талдау жасалмады дейді суретшінің қорғаушылары. Айыптау тарабы Макиннің 2022 жылғы қаңтардағы қантөгістен кейін жазған ой-пікірлерін де "терроризмді насихаттаудың" дәлелі ретінде келтірген.
Сот үкімінде айыптау актісіндегіні қайталаған мынадай жолдар бар:
"Дәурен Макин 2022 жылғы 19 қаңтарда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына "Бізді оқ қана емес, ең алдымен сужүректігіміз, көндімбайлығымыз, билікке жағымпаздығымыз, имансыздығымыз я сана-сезімнің төмендігі, тыныш қана өмір сүрсек болды деп бұғып отыратынымыз өлтіреді. Ал сені жүрегіңді айнытып, ар-намысыңды қорлайтын "адам еместер" басқарып отырғанда қалай ғана тыныш өмір сүруге болады! Бұл – алжасқан сюрреализм! Ал халық оянып қана қойған жоқ, еңсесін көтерді, Аллаға тәуба!" деп жазып, мемлекеттік басқаруды айыптады. 22 қаңтарда Дәурен Макин Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына: "Майдан, Талибан, Казак, Запорожская сечь, Радикал, Шал кет, Тонкай кет, Шура-Совет деген сөздер маған ұнайды!" деп жазған".
Адвокат Жасұлан Қауменовтің айтуынша, 2021 жылы өздерін "Майра" және "Арыстан" деп таныстырған екі адам сурет салуды үйренгісі келетінін айтып, Макинге жолыққан.
– Дәурен өте аңқылдақ, адамдармен тез араласып кетеді. Олар әңгіме барысында ислам жайлы, Гейдар Жамал туралы сөз қозғап, "кәпір", "тағут" тәрізді арнайы терминдерді қолданып сұрақ қойған. Ол бар білетінін айтып, "нағыз мұсылман өзін қорғай білу керек, ол садақ атып, соғыса білуі, суға жүзе алуы тиіс. Бұл туралы хадисте де айтылады" деген. Кейін олар сотта бүркеншік куә болып келіп, "қару қолдануды", "күш көрсетуді насихаттады" деп куәлік етті, – деді адвокат.
АДВОКАТТЫҢ ОРЫНДАЛМАҒАН ТАЛАБЫ, СУДЬЯНЫҢ УӘЖІ
Адвокат Жасұлан Қауменов бірінші инстанциядағы сотта да, апелляция сотында да суретшіге негізсіз айыптар тағылғанын дәлелдейтін жайттар барын айтып, бірқатар өтініш бергенімен, ешқайсысы ескерілмегенін айтты.
Сот кезінде адвокат әлеуметтік желіде Макин жариялаған постыларға жасалған сараптамалар күмәнді көрінетінін, кей сарапшылардың қойған қолдары мүлдем сәйкес келмейтінін мәлімдеп, қорғаушы тарап мамандарға жасатқан қолтаңба сараптамасын іске тіркеуді ұсынғанымен, сот онысын есепке алмаған.
– Сот тергеуінде куәлік берген "Майра" мен "Арыстанды" "қауіпсіздік мақсатында" деген сылтаумен бізге көрсетпей, бөлек бөлмеге отырғызып қойды. Әдетте мұндай қауіпсіздік шарасы мемлекеттік құпияларға қатысты немесе сотқа куә ретінде қатысып отырған адамның өміріне қауіп төнгенде қолданылады. Ал Дәурен оларға ешқандай қауіп төндіріп отырған жоқ. Біз мұны да айттық, бірақ судья елемей қойды, – деді адвокат.
Қауменов апелляция сотында да осы талаптарын қойған. Ол Макинді "халықаралық террористік ұйымдарды қолдап, насихаттаушы" деп сипаттаған айыптау актісіндегі нақты қандай ұйымдар екенін атап көрсетуді сұраған талабы екі сот инстанциясында да орындалмағанын айтты.
Апелляция сотында суретшінің әкесі Асқарбек Макин ұлының бірнеше туындысын әкеліп, іске дәлел ретінде қосуды өтінген. Апелляциялық сот отырысына төрағалық еткен судья Айсұлу Сләмбекова оларды қабылдап алғанымен, істі қараған кезде әлгі туындылар туралы сөз қозғамады.
Судья Айсұлу Сләмбекова Дәурен Макиннің ісі бойынша бірінші инстанциядағы сот шығарған үкімге толық келісті.
– Сарапшылар тек бір ғана үзіндіні емес, Макиннің материалдарын толық зерттеген. Оларға 2018-2022 жылдар аралығындағы оның суреттері, постылары, аудиожазбалар берілген. Филологиялық, саяси, теологиялық, діни сараптама бар. "Майра мен Арыстан қысыммен жауап берді" деген уәж де шындыққа жанаспайды. Олар сот үстінде өз еріктерімен куәлік еткенін айтты. "Суретшінің жазбаларында творчестволық фантазия болды" деген қорғаушының уәжіне де сараптама жасалған, – деді судья.
"БИЛІКТІ СЫНАП, АЙЫПТЫ БОЛДЫМ"
Суретші Дәурен Макиннің Facebook’тегі парақшасындағы соңғы жазба 2022 жылғы 29 сәуірде жарияланған. Былтыр Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Макин әлеуметтік желіде Ресей мен оның президенті Владимир Путинді сынаған.
Адвокат Қауменовтің пікірінше, Макин Қаңтар оқиғасын бейнелеген эксиздерін Instagram парақшасына жариялауы да оны айыптауға себеп болған.
Сот кезінде Макин он жылдан бері намаз оқитынын, намазхан екенін ешқашан жасырмағанын, радикал көзқарастағы топтармен ешқандай байланысы жоғын айтты. 29 сәуірдегі сот отырысында ол еш жазықсыз, еркін ой-пікірі үшін сотталып жатқанын мәлімдеп, "бар айыбым – билікті сынағаным деді.
– Мен ешқандай террорист те, насихатшы да емеспін. Ешкімді қарулы жихадқа шақырған жоқпын. Ойымды бүкпесіз ашық айтып жүрген қарапайым суретшімін. Бұл сот әділетсіз болды деп есептеймін. Тапсырыспен болған. Жаңа Қазақстан бізде әлі басталған жоқ. Жақсы күндерге үміт артамыз, бірақ мұндай шешімдер шығару – қасірет. Сот тәуелсіз үкімін шығарады деп ақырына дейін үміттенген едім, – деді Макин.
Адвокат Қауменов суретші қапаста отырса да шығармашылықтан қол үзбегенін айтады.
Дәурен Макин Алматы сурет училищесін, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Илья Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Суреттерінің көбі ұлттық, тарихи тақырыптарға арналған. Оның Астанадағы шеберханасынан ұлттық киімдегі қыз-келіншектер мен батырлардың бейнесін көп кездестіруге болады. Макиннің "Наурыз", "Шебер" деп аталатын туындылары Астанадағы Ұлттық музейге қойылған. "Келін" картинасы үшін 2015 жылы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің "Үздік шығармашылығы үшін" медалін иеленген. Бұл музейге Макиннің "Ашаршылық – Астық" туындысы қойылған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар суретшінің қуғындалуына әлеуметтік желідегі саяси жазбалары себеп болды деп біледі. Олар Дәурен Макинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Қазақстан билігі азаматтарды саяси себеппен қудалайтынын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР