Accessibility links

Үй заңдастыру қиындығы отбасыны қарызға батырды


Үй-жайы мен учаскесін даулап жүрген астаналық Гүлшат пен Жандос Құрмановтар. 26 шілде 2016 жыл.
Үй-жайы мен учаскесін даулап жүрген астаналық Гүлшат пен Жандос Құрмановтар. 26 шілде 2016 жыл.

Астаналық бес жанды отбасыға баспанасы мен 16 сотық жерінен айырылып, банк алдында ондаған миллион теңге қарыз болып қалу қаупі төніп тұр. Үш үйдің екеуі "заңсыз салынған" деп танылғандықтан иелеріне өтемақы берілмейді.

«Абу-Даби Плаза» кешенінің артынан қылтиып әрең көрінетін үш үйдің иелері - ерлі-зайыпты Жандос пен Гүлшат Құрмановтар. Олардың 16 сотық учаскесі биік дуалмен қоршалған. Көршілерінен ешкім қалмаған. Барлығы әкімдіктің өтемақысына келісіп, үйлерін бұзуға рұқсат еткен.

Астанадағы баспана дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:09 0:00
Жүктеп алу

Құрманов отбасы билік учаскелерін тым арзанға сатып алмақшы деп, үй сүруге қарсы шығып отыр. Астана әкімдігі Есіл аудандық сотын бұл үш үйді Сол жағалаудағы құрылысты жалғастыру үшін тездетіп сүріп тастауға рұқсат етуді сұрайды.

41 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

10 жыл бұрын Құрмановтар отбасы 120 шаршы метрлік үйі бар 16 сотық жер сатып алады. Үй алу үшін 20 жылға несие рәсімдеп, одан соң достарынан қарыз алып, сол учаскеге және екі қабатты екі коттедж салады. Үй-жай өз атына рәсімделген Гүлшат Құрманованың сөзінше, үш үй салуға учаскенің үлкендігі жарайтын болған. Бұл территорияда қазір олар тек тұрып жатқан жоқ, бизнеспен де шұғылданып отыр. 2009 жылдан бастап Гүлшат жеке кәсіпкер ретінде екі қабатты екі үйіндегі бөлмелерді айына 30-40 мың теңгеден жалға беріп келеді.

Үй салып болған соң уақытша Ақтауда тұрған отбасы құрылысты заңдастыруды бір туысына тапсырған. Туысы қайтыс болып кеткен соң үй-жайлардың дұрыс рәсімделмегені анықталған. Кейбір құжаттарына қойылған қолдары жалған деп танылған.

Құрмановтар жалға беріп отырған үйлердің бірі.
Құрмановтар жалға беріп отырған үйлердің бірі.

— Жер учаскесін алу туралы әңгіме туып сотқа барғанымызда ғана судья мемлекеттік архивтен құжат сұратты да, үй-жайымның ісі жоқ екені туралы жауап келді. 2014 жылы сараптама жасатқан кезде құжатқа қойылған сегіз қолдың төртеуі жалған болып шықты. Туысымыз бәрін дұрыс жасатқанын айтып кеткен. Оның үй-жайды заңдастыру ісімен толық танысуға жағдайы болмаған, әкімдікте жұмыс істемеген, — дейді Гүлшат Құрманова.

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің қабылдауында болған кезінде Гүлшат 2007 жылы әкімдікте үй-жай құжаттарын заңсыз рәсімдеумен айналысқан алаяқ топтың болғанын, кейіннен топ мүшелерінің сотталғанын біледі. Ол туысы сол кезде алаяқтарға ұрынып қалды деп санайды. Бұл жағдайдан соң Құрмановтардың жер учаскесін мемлекет мұқтаждығы үшін алу кезінде берілетін өтемақы 226 миллион теңгеден 41 миллионға бір-ақ азайған. Заңдастырылмаған жер бөлігі үшін өтемақы мүлдем төленбейтін болған. Ерлі-зайыптылар 41 миллион теңгенің банкпен есеп айырысу үшін де жетпейтінін айтады.

Гүлшат Есіл аудандық сотында әкімдік өкіліне қаратып сөйлеп тұрып:

— 41 миллион теңге несиемді де жаппайды, банкке 25 миллион қарыз болып қала берем, үш баламмен далада қалам, — деді.

«Абу-Даби Плаза» кешенінің артында тұрған Құрмановтар салған екі қабатты екі үйдің біреуі - осы.
«Абу-Даби Плаза» кешенінің артында тұрған Құрмановтар салған екі қабатты екі үйдің біреуі - осы.

Ерлі-зайыптылар жергілікті билік өздеріне үлкен сомалы өтемақы төлемеу үшін оны қайтсе де, азайту жолдарын тапты деп ойлайды.

— Жерге мұқтаж болып, оны сүру үшін бастама көтеріп, ұсыныс жасаған - әкімдік. Әйтпесе тып-тыныш отырар едік. Жалған құжат жасау туралы қылмыстық істі ойдан құрады. Сараптамалар заңсыз жасалған, — дейді Жандос Құрманов.

Гүлшаттың айтуынша, қылмыстық іс тоқтатылған, бірақ екі үйді заңдастыру құжаттары жарамсыз деп танылған да, өтемақы азайтылған.

— Егер жалған құжат жасау қылмысы дәлелденбеген болса, онда мұндай фактінің болмағаны ғой. Онда неге үй-жайдың құжаттары заңсыз деп танылды? Алаяқ болмасам, неге ары қарай зардап шегуім керек?, — деп сұрайды ол.

«ЖУЫРДА ЭКСПО ӨТЕДІ»

Есіл аудандық сотының судьясы Дамир Абдугалиев әкімдік өкілінен өтемақының не себепті азайтылғанын сұрады. Өкіл аталған жер учаскесіне салынған екі үйдің құжаттары заңдастырылмағанын айтты.

Астана әкімдігінің өкілі Ғалымжан Әзімбайдың сөзінше, прокуратураның талап-арызы бойынша үй құжаттарын заңдастыру шешімі заңсыз деп танылған. Өйткені комиссия құжаттарға қойылған қолдардың кейбірін жалған деп таныған. Өкіл судьяны үш жыл бойы соттасып келе жатқан Құрмановтар отбасын баспанадан шұғыл түрде шығаруға рұқсат сұрады.

Құрмановтардың "заңдастырылмаған" деп танылған екінші үйі
Құрмановтардың "заңдастырылмаған" деп танылған екінші үйі

— Жер мемлекет мұқтаждығы үшін алынбақшы. Ақмешіт көшесі бойымен жол салынады. Құрылыс осы жалғыз үйдің алдында біраздан бері тоқтап тұр. Бұл - мемлекеттік маңыздылығы бар жайт, сол жақ жағалау, қаланың орталығы, жуырда ЭКСПО [халықаралық көрмесі] өтпекші. Мына үй - кедергі, — деді әкімдіктің заңгері Ғалымжан Әзімбай.

Оның сөзінше, Құрмановтар отбасына тиесілі өтемақы қалалық әділет департаментінің мемлекеттік бақылау есебіне аударылған. Ерлі-зайыптылар банк шотын берген сәтте ақша бірден беріледі.

Құрмановтар әзірше бұл өтемақыдан бас тартып отыр, мемлекет органдарына үй-жайлары мен учаскелерінің әлдеқайда қымбат бағалануы тиіс екенін дәлелдеуге тырыспақшы.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG