Бұл туралы қыркүйектің 15-інде түстен кейін Астанада аяқталған Сирия келіссөзінің қорытындысы бойынша жиында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Әбдірахманов жиында гарант елдердің атынан жасалған мәлімдемені оқып берді.
Мәлімдемеде Сирияның Идлиб провинциясы мен оған көршілес Латакия, Хама және Алеппо провинциясының белгілі бөліктерінде төртінші деэскалация аймағы құрылып, қауіпсіздік сызықтары пайда болатыны айтылған. Бұған дейінгі келіссөзде шығыс Гута аймағы, Алеппо провинциясының солтүстік бөлігінде, Сирияның оңтүстік бөлігіндегі белгілі бір аудандарда үш деэскалация аймағын құру туралы келісім жасалған болатын.
Тараптар деэскалация зоналары мен қауіпсіздік сызықтары уақытша, алты ай мерзімге құрылатынын және өзара келісіммен ұзаруы мүмкін екенін айтады.
Идлиб провинциясы мен оған көршілес провинцияларда құрылған жаңа деэскалация аймағын гарант елдердің қауіпсіздік күштері бақылайды.
Тараптар деэскалация аймақтарын құру "Сирияның егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын бұзбайтынын" айтады.
"Бақылаушылар кім? Бітімгер жасақтар ма?" деген сауалдарға бейсенбі күні Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев:
- Қазір деэскалация аймақтарының қауіпсіздік сызықтары, бақылау, өткізу пунктерін орналастыру келісіліп жатыр. Әңгіме Ресей полициясының бөлімшелері жайында. Қазірдің өзінде олар Идлиб, Хомс, шығыс Гута аймақтарында бар, - деп жауап берген.
Сирия туралы бес сауал
СИРИЯ ТУРАЛЫ БЕС САУАЛ
- Соғыс қалай басталды?
- Асадтың режимі қалай құрылды?
- Сирияда кімдер тұрады?
- Алавиттер деген кім?
- Жиһад деген не?
Астанадағы екі күндік келіссөзге Ресей делегациясын Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия мен Иран делегацияларын сол елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Седат Онал және Джабер Ансари бастап келді. Астанаға сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс аймағы бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Дэвид Саттерфилд, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Науаф Уасфи Тель де келді. Мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Астанаға келіссөзге қатысушы барлық тарап келді. Сирия қарулы оппозициясының түрлі топтарының атынан 24 адамнан тұратын өкілдері де келді" деп хабарлаған.
Мәскеу бұл келіссөзге ИМ мен "Әл-Қаидаға" қатысы бар "Джабхат Фатех әл-Шам" топтарын шақырмағанын мәлімдеген. Ал АҚШ қолдайтын һәм негізінен күрд жасақтарынан тұратын, Сирияның солтүстік-шығысында ИМ-мен соғысып жатқан Сирия демократиялық кеңесі ешқандай шақыру алмағанын айтқан. Сирияның орталық және шығыс бөлігінде мыңдаған сарбазы бар "Ахрар Әл-Шам" ұйымы Астанаға келе алмайтынын хабарлап, бірақ басқа көтерілісші ұйымдардың өкілдерін қолдайтынын білдірген.
Астана келіссөздерін ұйымдастырушы ел - Қазақстанның сыртқы істер министі Қайрат Әбдірахманов жұма күні жиынды қорытындылай келе оқ атуды тоқтату мен әскери-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа баса назар аударылғанын айтты.
- Астана келіссөздері басталғалы бері сегіз ай ішінде Сириядағы ахуал күрт жақсарды, дағдарысты бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі күшейді, - деп мәлімдеді Әбдірахманов.
Бірақ Сириядағы шынайы ахуал Қазақстан сыртқы істер министрінің оптимистік сарындағы сөзімен қабысыңқырамайды. Президент Башар Асад жапониялық TBS TV телеарнасына берген сұхбатында көтерілісшілер рақымшылыққа ілінуі үшін қару-жарақты тапсыруға келіссе ғана Астанадағы келіссөзден нәтиже шығады деп ойлайтынын айтқан. Ал көтерілісші жасақтардың жетекшісі Мохаммад Алуш Астанадағы келіссөзде тек оқ атуды тоқтату туралы бітім жасауға мақұл екенін ескерткен.
Сирияда 2011 жылғы көктемде оппозициялық аймақтар президент Башар Асадтың режиміне қарсы көтеріліп, оның соңы үкімет әскері, оппозициялық сүннит көтерілісшілер мен күрд жасақтары арасындағы азамат соғысына ұласқан. 2014 жылы бұл қақтығысқа өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын діни ультра-радикалдық топ араласқан. Содан бері соғыс кезінде қаза тапқандар саны 400 мыңнан асып, 5 миллионнан астам адам шетке босып кеткен. Асад үкіметі бірнеше рет қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды деген айыптауға ұшыраған. Дамаск бұл айыптауды жоққа шығарады. Асад режимін 2015 жылы Сирияға әскер кіргізген Ресей мен осы елдегі қарулы шиит жасақтарына дем беретін Иран қолдап отыр. АҚШ бастаған Батыс елдері Асадтың биліктен кетуін, елде тәртіп пен бейбітшілік орнату үшін демократиялық сайлау өткізуді талап етіп келеді. Асадтың биліктен тайдырылуына Түркия да мүдделі.