Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында және Қостанай облысында тасқын салдарынан үйі суға кеткен, дүние-мүлкі бүлінген жұрт баспана мәселесін тез арада шешуді жергілікті биліктен талап етті. 10 сәуірдегі жағдай бойынша, елде су басқан өңірлерден 97 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
"ҮЙ БЕРСІН, ҚАҢҒЫП ЖҮРМІЗ"
10 сәуірде Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен 50-ден аса адам Жылыой ауданы әкімдігіне барып, үкіметке талабын айтты. Кейбірі үйі тұруға жарамай қалғанын айтып, жаңа баспана керек десе, енді біреулері "үйім жөндеуге келсе, жөндеп берсін" десті.
Құлсарыда тасқыннан соң молалар ашылып, сүйектер жер бетіне шығып кеткенін айтып, басқа жерден баспана сұрағандар да болды.
– Су үйімнің терезесіне дейін жетіп тұр. Бұл үйде тұру мүмкін емес. Маған басқа жерден үй берсін, қаңғып жүрміз, – деді құлсарылық Көкеш Әлиева.
Жылыой ауданы әкімдігіне келген адамдардың бәрі әкімге я Азаттық журналисіне мәселесін айтып қалуға тырысты. Бәрі үйсіз қалғанын, кредитке алған техника мен жиһаздары суға кеткенін айтты. "Халық деген бытырап жүр. Қашанғы осылай жүреміз? Жаңадан үй салып берсін, дүние-мүлкіміздің шығынын өтеп берсін" дейді Құлсары тұрғыны Жанар Шудабаева.
Әкімдікке көмек сұрай келген зейнеткер Құттыбай Әйтешов өзінің де, ұл-келінінің үйі де суға кеткенін айтады.
– Өзімнің де, баламның да дүниелері суға кетті. Күзге дейін үйіме кіре алам ба, білмеймін. Балаларымды қайда паналатамын? Үй жөндеуге келсе келгені, келмесе баспанамен қамтамасыз етсін. Зейнетақыма жөндей алмаймын. Билік жөндеп берем десе, оған да келісемін, – дейді ол.
Әкімдікке келгендер Құлсарыдағы зираттарды да су алып, қабірдегі сүйектер жер бетіне шығып кеткен деген хабардан үрейленіп қалған. "Мәйітті жуындырған суды жерге төкпеген халықпыз" деген жұрт санитарлық жағдай нашарлай ма, ауызсу ішуге жарамай қала ма деп алаңдайды.
9 сәуірде Құлсарыда бір мәйіт табылғаны туралы хабар тараған еді. Кейін төтенше жағдай мамандары сүйек зираттан шыққанын айтқан. Мүрде құлсарылық кәсіпкер Күләш Машенованың дүкенінің жанынан табылған. Ол қаладағы зиратты су басып қалғанын айтады.
Жылыой ауданы әкімдігінің кіреберісінде төрт қызметкер отыр. Әкімдік қызметкерінің бірі үйі суға кеткен тұрғындарға арыз-шағым жазу тәртібін түсіндіріп жатыр. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов баспана мәселесін көтеріп келген жұртқа үкімет бекіткен ережені алға тартты.
– Үй суға кеткен жағдайда үкімет бекіткен ереже бар. Сол ережеге сәйкес, үй суға кетсе, шығындар үкімет тарапынан толықтай қалпына келтіріледі. Бұл – менің жеке уәдем емес, бұл – мемлекеттің заң жүзінде бекіткен қағидасы. Мәселе сонымен реттеледі. Ал қазір біздің алдымыздағы мәселе – қала ішіндегі судан арылу. Бар күшті соған салып жатырмыз, – деді әкім Азаттыққа.
Әкімдікке келген халық нақты жауап ала алмағанын айтып, "жергілікті билік көмек бола ма, болмай ма, соның бәрін жазбаша жазып, ашық ақпарат пен есеп беріп, тұрғындармен үнемі байланыс орнатып отырса" деген талабын жеткізді.
Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауында еріген қар суынан тасыған Жем өзені арнасынан асып, 5 сәуірде Құлсарыны су басып қалды. Атырау облысында жарияланған төтенше жағдай бойынша жедел штабтың 10 сәуірдегі дерегінше, Құлсарыдан қазірге дейін 36 мың адам эвакуацияланған. Олар Маңғыстау облысына, Теңіз вахталық кентіне, Атырау қаласына жеткізілген. Құлсарыда 2800-ден аса үйді су алған.
"СІЗДЕРДІ ДАЛАДА ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ"
Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен Алтынсарин ауылының тұрғындары да 10 сәуірде жергілікті мектепке жиналып, баспана мәселесіне байланысты билікке талабын айтты.
Тасқыннан зардап шеккен жұрт арыз-өтінішін Алтынсарин ауылы қарайтын Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов пен парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваға жеткізді.
Халық әкім мен депутаттан баспана мәселесін дұрыс шешіп, алдағы уақытта тасқын болмайтынына кепілдік беруді талап етті.
Әкім жаңа үй салынатыны жайлы емес, су басқан үйлерді жөндеу туралы көп айтты. Тұрғындар әкім мен депутаттың сөзін жиі үзіп, өз талабын айтып қалуға тырысты. Жұрт жиі шулап, айғай-шу үдеп кеткенде бір-біріне басу айтып, сабырға шақырып жатты.
Әкім Таңжарықов су кеткен соң бүлінген үйлерді комиссия, бағалаушылар мен техникалық сарапшылар аралап, жай-күйін тексереді деп мәлімдеді. Тексеріс кезінде үйдің конструкциясы бұзылмағаны анықталса, ол үй жөнделетінін айтты.
– Егер біз шақырған үйді бағалаушының, комиссияның сараптамасына көңілдеріңіз толмаса, басқа бағалаушыны шақырта аласыздар, – деді әкім.
Бірақ кейбір тұрғын үйін қайта жөндеуге қарсы болып, жаңа үй сұрады. Ал әкім жиналған жұртқа "егер үй жөндеуге келмесе, үй қалай болғанда да қайта салатын боламыз" деді.
"Жыл сайын қайталанатын тасқыннан шаршадық" деген халық "алдағы уақытта үйімізді су баспайтынына мемлекет кепіл бола ма?" деп бірнеше рет сұрады. Әкім Таңжарықов "қазір үйлерді қалпына келтіріп алайық, одан кейін тасқыннан қорғану жағын қарастырамыз" деп жауап қатты.
Ал жиынға келген мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева "апаттың екі себебі бар, бірі табиғи түрде болса, екіншісі адам қолымен жасалады. Адам қолымен жасалатын апатқа мемлекет кепілдік береді, ал табиғи апат болатынын я болмайтынын, өкінішке қарай, болжам жасай алмаймыз" деген еді, жұрт "бұл – табиғи жағдай емес" деп, оның сөзіне келіспеді. Одан кейін депутат "мемлекет қолынан не келеді, не істей алады, соны жасайды" деді.
Бұл аймақтағы тасқынға Рудный қаласындағы Қаратомар су қоймасынан келген көп су себеп болған. Соның әсерінен тасыған Тобыл өзені арнасынан асып, жан-жаққа су жайылған.
Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов тасқын салдарынан үйсіз қалып, ертеңгі күніне алаңдаған жұртқа "сіздерді далада қалдырмаймыз, ондай болмайды" деп уәде беріп, сабырға шақырды. Әкім Алтынсарин тұрғындарына "техникалық тексеріс болмайынша үйлеріңізге кірмеңіздер" деп те ескертті.
Құлсары қаласы мен Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккендер билікке талап айтып жатқан тұста үкімет 2014 жылғы 19 желтоқсандағы "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидалары" деген қаулысын қайта жариялады.
Алгоритмге сай, тұрғыннан шығынды өтеу туралы түскен өтінішті әкімдік 15 күнге дейін қарап, одан соң 10 күн шығынды есептейді. Шығынды өтеу туралы шешім шыққан соң ол 30 күн ішінде төленеді.
"ПЕТРОПАВЛҒА ӨТЕ КӨП СУ КЕЛЕ ЖАТЫР"
Қазір елде Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстары тасқынға байланысты қиын жағдайда қалып отыр. 10 сәуірде СҚО облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл өзенімен Петропавл қаласына "өте көп су келе жатқанын" мәлімдеді. Ол екі күнде су облыс орталығына келіп қалатынын, Прибрежное, Тепличное ауылдары мен Заречный елді мекенін су басу қаупі барын айтты.
Ал Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің де деңгейі көтеріліп келеді. Жергілікті биліктің мәліметінше, өткен аптада Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында бөгет жарылып, Жайықта су күрт көбейген. БҚО ТЖ департаментінің өкілі Нұржан Төлеуіш Орал қаласынан және облыстағы жеті ауданнан халықты эвакуациялау жалғасып жатқанын айтты. Бұл облыста, әкімдіктің мәліметі бойынша, 706 саяжай мен 500-ден аса үйді су алған, 12,9 мың адам эвакуацияланды.
Төтенше жағдай министрлігінің 10 сәуірдегі дерегінше, елде тасқыннан зардап шеккен өңірлерден 96,4 мың адам эвакуацияланған. Қазір 24 мыңнан аса адам құтқару жұмысына жұмылдырылған.
ПІКІРЛЕР