Accessibility links

"Баласын ұрып, жан сақтау бөліміне түсірген" әйел сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының 37 жастағы тұрғыны Назира Бекбаева 6 жасар ұлын сабағаны үшін жазаланды.

Сәуірдің 25-і күні Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "алты жастағы баласын ұрып-соғып, жан сақтау бөліміне түсірген" Қарабұлақ ауылының тұрғыны Назира Бекбаеваны бес жылға соттады. Ол жазасын бес жылдан кейін өтейді. Бірақ осы аралықта заң бұзбаса жазасы жеңілдетілуі мүмкін.

Бекбаеваның соты үш айға созылды. Сот Бекбаеваны Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" және "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" баптары бойынша айыпты деп тапты. Сотталушы сараптамаға кеткен 437 мың теңгені мемлекет пайдасына өндіріп беруі тиіс.

"АЙЫП ТОЛЫҚ ДӘЛЕЛДЕНДІ"

Үкім оқылғаннан соң сот залынан босатылған Бекбаева көзіне жас алды. Судья Қайрат Қоңырбаев сотталушыға тағылған айып толық дәлелденгенін айтты.

- Баланы ұрып, денсаулығына қасақана ауыр дәрежелі зиян келтірген. Егер бес жылдың ішінде сотталушы заңды бұзатын болса, жағдай қайталанатын болса үкімді өзгертеміз. Мұны сотталушы сот тергеуінде айтып, растап, қуаттады. Сот Бекбаеваны кінәлі деп тапты. Алайда асырауында кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар екенін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-тармағын қолдана отырып, жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдырдық, - деді судья.

Назира Бекбаева сот соңында "балаларыма дұрыс қараймын, өзім қараймын" деп судьяға уәде беріп, алғыс айтты.

Назира Бекбаеваның қорғаушысы Жұмабек Тоғызбаев айтуынша, олар үкімге апелляциялық шағым түсірмейді.

- Егер сотталушының кәмелет жасқа толмаған баласы болса, олардың денсаулығы жоқ болса жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылады. 5 жылға дейін қайта қылмыс жасамаса босатылады, - дейді ол Азаттыққа.

Оқи отырыңыз: Баланы ұрып "тәрбиелейтіндер" әлі көп

Сотталушының туысқан ағасы Асанхан Бекбаеваның Азаттыққа айтуынша, Назира Бекбаева жастайынан ата-анасынан айырылып, жетім қалған. Екі баласын асырап отырған жалғызбасты ана.

- Өзі де, 7 жастағы қызы да жүрек ауруымен ауырады. Қызын ота жасатуға дайындалып жүрген. Күйеуі қайтыс болған. Бұдан бұрын баласын ұрғанын көрген емеспіз. Ашумен ұрған шығар. Бірақ жамандық тілемегені анық. Қызы біздің қолымызда, ұлына әпкеміз қарап отыр. Сотта қарындасым балаларынан айырмауды сұраған еді. Балаға анасындай жақын адам жоқ қой,- дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жарыссөзде прокурор Олжас Марин айыпталушыны алты жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушы Назира Бекбаева соттағы соңғы сөзінде айыптарды мойындап, қатты өкінетінін айтқан. Ол судьядан кешірім сұрап, балаларынан айырмауды өтінген. Баланың заңды өкілі әрі жәбірленуші Сайрам аудандық білім бөлімінің өкілі де соттан анасынан балаларынан айырмауды сұраған.

"БАЛАДА ҮРЕЙ БАСЫМ"

Назира Бекбаеваның алты жастағы баласы бірнеше рет сот отырысына келді. Бірақ сот залында қолына кісен салынған анасы күзетпен отырғандықтан отырысқа қатыстырылмады. Бала жеке бөлмеде қамқорлығына алған анасының туысқан әпкесімен бірге отырды. Үкім оқылғанда да бала сот залына кіргізілмеді.

Психолог Жадыра Құдайбергенова сот отырыстарының бірінде "6 жасар баланың танымы, ақыл-есі өз жасына сай дамыған" деп сипаттаған.

- Баламен сұхбаттастық. Сурет салдырдық. Отбасындағы қарым-қатынас туралы әңгімелестік. Әкесін көрмеген, танымайды. Мектеп алды дайындық курсында бар болғаны үш ай оқыған. Баланың айтуынша, анасынан жәбір көрген, қорқады, қайта барғысы келмейді. Денесіндегі тыртықтарды көрсетіп, анасының жиі ұрсатынын, қолын тістеп, басын ағашпен, темірмен ұрғанын айтты, - деген еді ол.

Психологтың айтуынша, бала отбасының суретін салғанда туысқан үш әпкесін салып, анасы мен туған әпкесін қоспаған.

- Өзін басқа ақ параққа кішкентай, көзін үлкен, құлақсыз етіп жеке салды. Бұл дегеніміз баланың өзіне ешкім құлақ салмайтынын, көңіл бөлмейтінін, қорқатынын, өзін төмен бағалайтынын білдіреді. Балада қорқыныш пен үрей басым. Өзін отбасы мүшесі деп сезіне алмайды. Әлсіз, өзіне сенімсіз, жалтақ, тұйық, қорғансыз күйде. Балада қазір күйзеліс пен агрессия бар. Анасына қайтып баруға мүлде қарсы. Қатты қорқып қалған, - дейді Жадыра Құдайбергенова.

Көре отырыңыз: Баланы ұруға бола ма?

Баланы ұруға бола ма?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Істі қарау кезінде сотталушы Назира Бекбаева "баламды өлтіру үшін ұрған жоқпын, адам болсын деп ұрдым. Ағашпен ұрдым" деген жауаптарды жиі қайталады. Сот отырыстарының бірінде судья Қайрат Қоңырбаев Бекбаевадан тергеу кезінде түсірілген фотоларда неліктен қолы таңулы болғанын сұрады.

- Баламды ұрғанда басынан қан кетіп, құрысып қалған кезде ауруханаға алып бардым. Сол жерде "неге ұрған қолым сынып қалмады?" деп әжетханадағы спирт шишасын сындырып өз қолымды өзім кестім, - деді ол.

Назира Бекбаева сот отырыстарында үнемі жылаумен болып, істеген ісіне өкінетінін бірнеше рет айтты.

2017 жылы желтоқсанның 9-ы күні Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Назира Бекбаева 6 жастағы баласын ұрып-соғып, оның ұлы аурухананың жан-сақтау бөліміне түскен. Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазақстанда баласын ұрған ата-аналардың заң алдында жауап беруі сирек кездесетін оқиға.

XS
SM
MD
LG