Кейінгі зерттеудің нәтижесіне қарағанда, Қазақстандағы мектеп оқушыларының алты пайызы семіздікке шалдыққан, әрбір бесінші баланың артық салмағы бар. Азаттық осы мәселені зерттеген маманмен сөйлесіп, қазақстандық балалар мен ересектер не ішіп-жеп жүргенін анықтап көрді.
"ҚАНДАЙ БОТҚА ЕКЕНІН ТҮСІНБЕДІК"
Қазақстандағы мектеп оқушыларының (6-17 жас аралығындағы балалар) 18 пайызында артық салмақ бар. Олардың алты пайызы семіздікке шалдыққан. Қыздар арасында артық салмағы бар балалар аздау (16 пайыз), ұлдар арасында бұл көрсеткіш 21 пайызға тең.
Қыркүйек-қаңтар айларында Шымкент, Түркістан және Батыс Қазақстан облысындағы 10 мектепте ЮНИСЕФ пен Ұлттық дұрыс тамақтану орталығының сарапшылары жүргізген зерттеу қорытындысы осыны көрсетеді. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда артық салмағы бар балалар жылдан жылға көбейіп барады.
Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласындағы орта мектептердің біріндегі асхана. Асхана іші кең, жарық әрі таза.
Балалар тамақ ішетін ұзын үстел үстіне клеенка төселген. Мұғалімдерге арналған үстелдер кішірек. Жаңа піскен нан мен пісіп жатқан тамақ иісі шығады.
Сәлден кейін екінші сабақ аяқталып, үлкен үзіліс болады. Екінші және үшінші сынып оқушыларына жайылған дастарханға күріштен пісірілген сорпа, шай, нан және орамжапырақ пен сәбіз араласқан салат қойылған.
Қоңырау соғылып, үзіліс басталды. Қатарға тізілген балалар асханаға кіре бастады. Әр топты сынып жетекшісі бастап келеді. Балалар кезекпен қолын жуып, үстел басына жайғасты. Әр сыныптың өз орны бар. Бәрі қалыптасқан тәртіп бойынша жүріп жатыр.
Тамақ ішуге 15 минут уақыт беріледі. Біреу бірден сорпаға бас қойса, кей оқушы алдындағы асты шұқылап, жарытып жемей отыр. Үстел басына отырмаған не тәтті нан мен сусын алуға жүгіргендер де бар.
Балалар асханадан қатарға тұрып, тәртіп бұзбай шықты. Дастарханда түртілмеген сорпа, салат қалды. Көбі шайын ішпеген, ал нан таусылып қалыпты.
Екінші үлкен үзіліс кезінде түскі асқа төртінші сынып оқушылары келді. Оқушылардың көбі үстелге отырмай, бәліш алуға кетті, қалғандары сорпа мен салатты сүйсініп жей қоймады.
Балалар сыныптарына тарап кеткенде тағы да нан желініп, сорпа құйылған ыдыстар сол күйі қалғанын байқадым.
Үзіліс кезінде асханаға жоғары сынып оқушылары да кіріп, қамырға оралған шұжық, тоқаш алып жатты. Көбі тамағын отырып жемейді. Қолына ұстап, жүгіріп кетеді.
Түскі ас ішкен балалар сорпаға орташа баға берді. Олар бірауыздан "бүгінгі тамақ кешегі ботқадан дәмдірек болды" деді.
– Кеше ботқа берген, көбі жегісі келмеді. Қандай ботқа екенін түсінбедік, – деді балалар.
"ТЕКСЕРІС БІТКЕН СОҢ, ДӘМДІ ТАМАҚ ТА ТЫЙЫЛДЫ"
Қазақстанда бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Тамақ шығынын түгелдей мемлекет өтейді. Жоғары сынып оқушысының ата-анасы баласына ақша береді не мектептегі түскі асқа төлейді.
Ұлттық дұрыс тамақтану орталығының атқарушы директоры, Батыс Қазақстан облысының мектептеріндегі тамақ сапасын зерттеуге қатысқан Дамир Көпжасаровтың айтуынша, бұл саланы реттеуге көп көңіл бөлінген. Тамақтану саласына қатысты 12 норматив-құқықтық акт бар. Балаларға арналған макро және микроэлементтер, майлар, көмірсулар мен дәрумендер нормасы туралы құжаттар бір-біріне және халықаралық талаптарға қайшы келеді. Мысалы, кей актіде қант пен тұз мөлшері жоғары көрсетілген.
Зерттеу қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда оқушының дұрыс тамақтануын қадағалайтын мониторинг жүйесі жоқ.
– Санэпидемиология органдары балалардың уланып қалмауын қадағалайды. Бірақ олардың дұрыс тамақтануын, ағзасының қажет дәрумендерді толық алуын ешкім бақыламайды, – дейді Дамир Көпжасаров.
"БАЛА КӨРГЕНІН ҚАЙТАЛАЙДЫ"
ЮНИСЕФ пен ұлттық дұрыс тамақтану орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, зерттеуге қатысқан балалардың жартысы ғана тұз зиян екенін білген, 20 пайызы пайдалы деп ойлаған, үштен бірі жауап бере алмапты. Респонденттердің 40 пайызы мектептегі тамаққа көңілі толмайтынын немесе асханадан тамақ ішпейтінін айтқан.
– Балалар тамақ орнына тәтті бәліш сатып алады, – дейді 9-сыныпта оқитын Игорьдың анасы Регина.
Орал қаласының тұрғыны Регинаның айтуынша, ұлы "дәмді емес" деп, мектеп асханасынан ыстық тамақ ішуден бас тартқан. Оқушы сыныптастарымен бірге ата-анасы берген ақшаға шауырма сатып алып жүрген. Қазір Игорь мектептен тамақтанады. "Тәтті бәліш пен газды су ішеді" дейді Регина.
Оралдағы мектептердің бірінде 4-сыныпта оқитын Сәбина да ұннан жасалған бәлішті жақсы көреді.
– Асханада кейде сорпа немесе котлет пен қарақұмық сияқты дәмді тағам беріледі. Ботқа дәмсіз болады. Көбіне нан жеп, шырын не шай ішемін, – дейді Сәбина.
Анасы Мәдинаның сөзінше, жыл басында жиі тексерістерден кейін мектептегі тамақтың жайы жақсарып қалған.
– Қызым тамақ дәмді бола бастады, күнде алма не сүзбе береді деп айтып жүрді. Тексеріс ұзаққа созылды, сондықтан алма мен сүзбені тұрақты беріп тұратын шығар деп ойладық. Бірақ қаңтардың ортасында тексеріс аяқталған соң, дәмді тамақ та тыйылды, – дейді Мәдина.
Нутрициолог әрі фитнес-жаттықтырушы Елена Сапринаның екі баласы бар. Анасы балалары мектепте жүргенде, оларға жедел көмірсулар, ұннан жасалған тағамдар мен фастфуд жегізбеуге тырысады.
– Күнде ондай тағам жесе, міндетті түрде салмақ қосады, – дейді ол.
Саприна балаларының денсаулығын қорғау үшін мектепке тамақ салып береді.
– Ең қарапайым жолы: мектепке жеміс, жаңғақ сияқты пайдалы майлар салып беру. Бала тоқ жүреді. Тұтас дәнді ұннан пісірілген нанға тауық еті, қияр мен ірімшік қосып, бутерброд жасап беруге болады, – дейді нутрициолог.
Зерттеу авторлары мұғалімдер мен ата-ананың дұрыс тамақтану принциптерінен хабарсыз болуын жеке мәселе етіп көрсеткен. Сарапшылардың айтуынша, ересектер білмеген соң, балалармен де бұл тақырыпта сөйлеспейді.
– Тамақтану әдеті бала кезде қалыптасады. Кейін оны өзгерту қиын. Сондықтан мәселенің алдын алуды ертерек бастаған жақсы. Дұрыс тамақтану болашақта көп адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы мүмкін, – дейді Көпжасаров.
Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы сарапшыларының сөзінше, әзірге жағдай ушығып үлгермесе де, мәселеге қазірден назар аударған жөн. Өйткені өскелең ұрпақтың есейген кездегі денсаулығы қазір не ішіп-жеп жүргеніне де байланысты.
– Ауру себептерінің ішінде аз қозғалу, шылым шегу, ішімдік ішу сияқты факторлармен салыстырғанда дұрыс тамақтанбау әлдеқайда жиі кездеседі. Семіздік, диабет, жүрек аурулары, қатерлі ісік сияқты созылмалы аурулардың 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады, – дейді Көпжасаров.
Статистика деректеріне сәйкес, Қазақстанның 15 жастан асқан әрбір екінші тұрғыны немесе халықтың 53 пайызы артық салмақ пен семіздіктен зардап шегіп отыр. Халықтың 16 пайызы немесе үш миллион адам жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққан, ересектердің төрттен бірінде қан қысымы нашарлаған, 12 пайызында диабет бар.
Нутрициолог Елена Саприна балалар мен жасөспірімдердегі артық салмақтың тамақтану мәдениеті мен отбасындағы тәрбиеге қатысы бар деп есептейді.
– Бала көргенін қайталайды. Күнде қарапайым көмірсуларды көп қолданатын болсақ, балаларымыз да соны жейді. Фастфуд – балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің көбеюіне әсер еткен тағы бір фактор, – дейді Саприна.
– Көп отбасы тамақ істеуге ерініп, фастфудқа тапсырыс береді немесе сырттан тамақтанады. Үнемі осылай тамақтану денсаулыққа зиян. Энергетикалық және газды сусындар, пицца, бургер, фри сияқты тағамдар балалардың күнделікті өмірінде жиі кездеседі. Трансмайлардан тұратын фастфудтың ағзаға еш пайдасы жоқ. Сырттан тамақ ішсеңіз, ет, балық, көкөніс пен асшөптер сияқты құнарлы, пайдалы тағамдар жеген жөн, – дейді Саприна.
Сарапшы халықтың кедейленуін де маңызды факторлардың біріне жатқызады. "Азық-түлік қымбаттап, халықтың табысы азайған сайын, тамақтану сапасы да төмендейді, әсіресе, қыстыгүні көкөніс қымбаттайды" дейді ол.
– Қазақстанда жұрт қыста көкөністі аз жейді немесе мүлде жемейді. Еттен, ұннан жасалған тағамдарды көп тұтынады. Ұлттық ерекшелігімізге байланысты етті көп жейтінімізді ескерсек, күнделікті рационымызда міндетті түрде көкөніс пен жеміс болуы керек. Тамақ ішкен сайын маусымдық көкөністер қосып жеудің өзі жақсы көмектеседі, – дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, артық салмақ пен семіздік дүниежүзіндегі көкейкесті мәселеге айналып барады. Бұрын бұл дамыған елдердің ғана проблемасы болса, қазір семіздіктің географиялық аумағы кеңейіп жатыр. Ұйымның мәліметінше, қазір дамушы елдердегі артық салмағы бар балалар санының өсу қарқыны дамыған елдермен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, Қазақстандағы әрбір үшінші балада артық салмақ бары немесе семіздікке шалдыққаны анықталған.
ПІКІРЛЕР