Accessibility links

"Туған күн мен ауызашарда вирус жұққан". Қазақстандағы қазіргі ахуалды 400 сөзбен хабарлаймыз


Алматының кіреберісіндегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.
Алматының кіреберісіндегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.

Кейінгі аптада елде дертке шалдыққандар саны 15 пайызға өсті. Елдегі ауруханаларда инфекциялық бес мыңға жуық орынның қазір 58 пайызында вирус жұқтырған адамдар емделіп жатыр. Бұл туралы 20 мамырдағы брифингте Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің 25 мамыр 16.00-дегі мәліметіне сай, елде 6969 адамға коронавирус жұқты. 9 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 3649 адам емделіп шықты. 35 адам қайтыс болды. Елде коронавирус жұқтырып көз жұмған адамдар арасында бұл статистикаға енбегендер де бар. Министрлік карантин аяқталған соң барлық статистиканы жариялауға уәде берді.

Министрлік өкілі вирус жұқтырғандар санының өсуін анализдің көбейгенімен, карантин шараларының сақталмауымен және ірі кәсіпорындарында вирус ошақтарының шығуымен түсіндіреді.

Есмағамбетованың сөзінше, Атырау облысындағы Теңіз мұнай кенішінде 935 адамнан вирус табылған. Қазір билік бұл кен орнына мемлекеттік комиссия жіберген. Бұдан бөлек, Шымкенттегі «Петройл Қазақстан» мұнай кенішінде жүзден астам адамға вирус жұққан. Мұнайшылармен байланыста болған 69 адамнан да вирус табылған.

Қарағанды облысында «Қазақмыс» кен орнында 34 адам COVID-19 дертіне шалдықты. Қостанай облысы Жітіқарадағы қатаң режимдегі түрменің 25 қызметкерінен вирус табылды. Сотталғандар арасында дертке шалдыққандар бар-жоғы хабарланбады.

Есмағамбетова кейінгі аптада коронавирус симптомдарымен дәрігерге өз бетінше қайырылған адамдардың мөлшері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында, Павлодар облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысында 15 пайыздан 40 пайызға өскенін айтады. Ол симптомдармен дәрігерге қайырылғандардың көбеюін карантин шараларының сақталмағанымен байланыстырады.

«Төтенше жағдайдың аяқталғаны карантин шараларының біткенін білдірмейді (16 наурыз – 11 мамыр арасында елде коронавирусқа байланысты ТЖ жарияланған. Елде ТЖ аяқталғанымен карантин қалған – ред.) Қарағанды облысында вирус жұқтырған бір адам 18 вирус ошағына себеп болды. Яғни, 29 адам коллективте, 11 адам үйдегі вирус ошағында дертке шалдыққан» деді Есмағамбетова.

Алматыдағы азық-түлік базары. 2020 жылдың сәуірі.
Алматыдағы азық-түлік базары. 2020 жылдың сәуірі.

Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, Түркістан облысында вирус жұқтырған бір адамнан 18 вирус ошағы пайда болып, ол жерде 20 адамнан коронавирус табылған. Олардың екеуі – 60 жастан асқан егде адам, жетеуі – бала. Нұр-Сұлтанда бір отбасындағы бес адамнан вирус табылған.

Есмағамбетова елде Ораза кезінде ауызашар жасағандар арасында да вирус жұқтырғандар барын айтты. Ал Ақмола облысындағы Қосшы ауылында туысқандар арасында 15 адамға вирус жұққан. Олардың сегізі туған күн кешінде болған.

Қазақстан билігі елде коронавирус жұқтырғандар саны артқандықтан 18 мамырға жоспарланған карантин шараларын жеңілдету шарасын тағы бір аптаға шегерді. Денсаулық сақтау министрлігі елде мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжаған еді. Бірақ елде қазір вирус жұқтырғандар жеті мыңға жуықтап қалды.

Есмағамбетова брифингте вирус жұқтыратындар саны бойынша маусым айына қандай да бір болжам жасаудан бас тартты. Оның сөзінше, вирустың тарауы жұрттың карантин шараларын сақтауына байланысты болмақ.

Бас санитарлық дәрігер халықты карантин шарттарын сақтауға, той жасамауға, қонақ шақырмауға, арақашықтықты сақтап, қолды жиі жуып, гигиена талаптарын сақтауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG