Accessibility links

Пандемия кезінде қайда сапарлауға болады? 400 сөзбен түсіндіреміз


Алматы халықаралық әуежайы. 2020 жылдың мамыр айы.
Алматы халықаралық әуежайы. 2020 жылдың мамыр айы.

Коронавирус пандемиясына байланысты карантин ережелері босаңсыған тамыз айынан бері Қазақстан бірқатар елмен әуе қатынасын қайта ашты. Шетелге шығып жатқандар да, басқа елдерден келіп жатқандар да бар. Барыс-келістің қазіргі бүгінгі тәртібі қандай?

Қазақстан азаматтары қай елдерге бара алады?

Қазақстан азаматтары Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Тайланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Беларусь, Түркия, Египет, Украина, Нидерланды, Ресей, Польша, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне бара алады.

Қазақстанға қай елдің азаматтары келе алады?

Бірінші санаттағы Қытай, Онтүстік Корея, Жапония, Грузия, Тайланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, БАӘ, Беларусь, Түркия, Египет, Украина, Нидерланд және Ресейден келетін жолаушылардың дене қызуы өлшенеді және сауалнама жүргізіледі.

Екінші санатқа Польша, Өзбекстан мен Тәжікстан енгізілген. Бұл елдерден және үшінші санаттағы елдерден келетін эвакуациялық, чартерлік рейс жолаушылары бес тәуліктен аспайтын уақыт аралығында ПТР әдісімен жасалған Covid-тің жоқтығын растайтын анықтамасын көрсетуі керек. Анықтама болмаған жағдайда жолаушы 48 сағат ішінде міндетті түрде тест тапсыруы не 14 күн үй карантинінде болуы керек.

Қалған елдердің барлығы үшінші санатта, олардың Қазақстанға келуіне тыйым салынған.

Тбилиси халықаралық әуежайы. Көрнекі сурет.
Тбилиси халықаралық әуежайы. Көрнекі сурет.

Қазақстаннан басқа елге баратын азаматтарға кандай талап қойылады?

Қазақстаннан басқа елге баратын азаматтарға әр мемлекет өз талабын қояды. Мысалы Біріккен Араб Әмірліктеріне барғандар әуежайда ПТР тестінен өтуі керек. Өзбекстанға баратын Қазақстан азаматтары қалтасынан ақша төлеп, 14 күн күндізгі стационарда жатуы тиіс.

Қазақстанмен көрші елдердің (Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай) азаматтары Қазақстанға кіре ала ма?

Қытай мен Ресей бірінші санатқа жатады. Бұл елдерден азаматтар шектеусіз келе алады. Шекарадан өткенде олардың дене қызуы өлшеніп, сауалнама жүргізіледі. Екінші санаттағы Өзбекстан азаматтарынан ПТР тест анықтамасы талап етіледі. Ал Қырғызстаннан келуге рұқсат жоқ, бұл мәселені Қазақстанның арнайы ведомоствоаралық комиссиясы қарап жатыр.

Маска киюге шақырған жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан жұрт. Алматы, Қазақстан.
Маска киюге шақырған жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан жұрт. Алматы, Қазақстан.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырса, оған медициналық көмекті кім көрсетеді?

Шетелге шығатын Қазақстан азаматтарының Covid ауруын емдеуді көздейтін медициналық сақтандыруы болуы тиіс.

Жуық арада қай елдермен арадағы шекара ашылып, әуе қатынасы орнауы мүмкін?

Әуе қатынасының қайта ашылуы Қазақстандағы коронавирус жағдайына және басқа мемлекеттердегі санитарлық-эпидемиялық ахуалға байланысты шешіледі.

Қараша-желтоқсан айларында шекара жабылуы мүмкін бе?

Қараша және желтоқсан айларында шекараны жабу-жаппау санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты болмақ. Қазақстанда карантин әлі толық аяқталмаған. Ресми мекемелердің шекараны жабуға қатысты нақты болжамы жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG