Спортшыны шілденің 19-ы күні Алматыда түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақаттан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ержан Құттықожин спортшының клиникаға өте ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты.
"Туысқандарына, жақындарына көңіл айтамыз. Ауруханаға клиникалық өлім жағдайында түсті. Жедел жәрдеммен жеткізілді. Екі сағаттан астам операция жасадық. Өмірін құтқарып қалу үшін дәрігерлер барын салды. Маңызды органдары қатты зақымданған" деді дәрігер.
Оқиға болғаннан кейін Денсаулық министрлігі Азаттыққа пышақ жарақатын алған спортшы Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілгенін мәлімдеген.
"Операция жасап жатыр. Жағдайы ауыр. Үш литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр" деген министрлік өкілі Азаттыққа.
Қалалық ішкі істер департаменті: "Тен Денис Юрьевич көлігінен айна ұрлап жатқан екі адамның үстінен түскен. Жанжал барысында Денис Тенді пышақтап кеткен. Осы оқиға бойынша тергеу басталып, күдіктілерді іздеу шаралары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің "Адам өлімі" бабы бойынша іс қозғалды" деп мәлімдеген.
Ал араға бірер сағат салып Денсаулық министрлігі спортшының өмірден өткенін растады. Спортшы маусымның 13-і күні 25 жасқа толған еді.
Қазір әлеуметтік желіде спортшылар мен жанкүйерлер Денис Теннің өліміне қайғырып, көңіл айтып жатыр. Көңіл айтқандар қатарында Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық коньки спорты ұйымы (ISU) бар.
Халықаралық коньки спорты ұйымының (ISU) мүшесі Александр Кибалко ресейлік басылымдарға "Оның Сочидегі өнерін көрдім. Бұрынғы отандасыма жанкүйер болдым. Өзім Қазақстанда туған едім. Әлем спорты үшін, коньки спортшы үшін үлкен қайғы. Қазақстанға, Денистің отбасына көңіл айтамын" деді.
Денис Теннің алғашқы жаттықтырушыларының бірі ресейлік Татьяна Тарасова "Спорт экспресс" басылымына берген сұхбатында: "Біртуар жан еді. Ол кез келген медаль алуға тырысатын еді. Талантты және еңбексүйгіш еді" деді.
Денис Теннің 2014 жылы Сочи олимпиадасында Азаттыққа берген сұхбаты
Үш дүркін олимпиада чемпионы ресейлік Ирина Родина РИА Новости агенттігіне: "Өте ауыр жағдай. Жас, талантты, мәнерлеп сырғанауда өзін көрсете білген жан еді. Бұл - үлкен қайғы" деді.
Денис Тен 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы "Төрт құрлық чемпионатының" жеңімпазы болған. Биыл Пхенчхан олимпиадасына қатысқан еді.
Денис Теннің Пхенчхан олимпиадасында берген сұхбаты. 13 ақпан 2018 жыл.
Спортшы бірнеше жыл Мәскеуде және Лос-Анджелесте жаттыққан. Ресейлік Татьяна Тарасова және Елена Буянова, Николай Морозовтың қол астында жаттыққан. Оның негізгі бапкері америкалық Фрэнк Кэрролл болған. Ванкувер олимпиадасына қатысқан еді. 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада чемпион атанған.
Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан олимпиадада және әлем чемпионатында медаль алған алғашқы қазақстандық спортшы болған. Ол биыл күзде Францияда өтетін әлемдік Гран-при жарысына қатысуы керек еді.
ПІКІРЛЕР