Алматы қаласындағы сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін бұл туралы "есеп беру үшін" селфиге түскендер де кездесті.
Азаттық тілшісі Аян Қалмұраттың хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 және №143 сайлау учаскелеріне сайлауға дауыс беруге келген ондаған азамат сайлаушылар тізімінен өздерінің аты-жөнін таба алмаған. Ол осы сайлау учаскелеріне қарасты аумақта көп жылдан бері тұрып жатқанын айтады.
Кезектен тыс президент сайлауына "Нұр Отан" партиясынан қатысып жатқан елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ы күні таңертең Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" театрында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, сайлауға дауыс берді.
9 маусымда Шымкенттегі №148 сайлау учаскесінде дауыс берген сайлаушылардың кейбірі жұмыс орнында басшылықтың сайлауға дауыс бергенін дәлел сұрайтынын айтты. Өзін Шымкенттегі №1 қалалық емхананың аға мейірбикесі деп таныстырған Бағила Сарбасова Азаттық тілшісінен өзінің дауыс беріп жатқан сәтін смартфонына түсіруді өтінді.
"Бастығымыз фотоесеп бересіңдер деген соң түсіріп жатырмыз" деген ол:
- Есеп үшін жіберу керек. Бізге нақты кімге дауыс беруді айтқан жоқ. Бірақ бастығымыз ұжымнан кімдердің барғанын білгісі келеді, - деп түсіндірді Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін әлеуметтік желіде кей азаматтардың "сайлау күні фотоесеп беру" жайлы міндеттелгені туралы ақпарат тараған.
ПІКІРЛЕР