Азаттықтың EcoKundelik подкасының 5-эпизодында су тапшылығы, су көздері мен АЭС, суды үнемдеу мен сақтау мәселесін талқыладық. Трансшекаралық өзен-көлдердің суы тартылып жатқаны рас па? Мамандар болжағандай, су тапшылығы туындаса, АЭС жобасы қалай жүзеге аспақ? Қазақстанның бұрынғы су шаруашылығы министрі, гидротехник Нариман Қыпшақбаев сұрақтарымызға жауап берді. Ол сонымен бірге Маңғыстау облысындағы шаруа қожалықтарында ащы судың көмегімен түрлі дақыл егіп, жасыл желекке айналдырмақ болған әрекетінен не шыққанын айтты.
Подкасты тыңдаңыз:
Қазақстанда кейінгі кезде ауыз су тапшылығы туралы жиі сөз бола бастады. Оған көбіне су инфрақұрылымының ескіруі себеп деп айтылады. Бірақ мәселе онымен ғана шектелмейді дейді мамандар. Климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзен-көлдер суының азаюы, Қазақстан бойынша су көздерінің әркелкі орналасуы, суды рационалды түрде пайдаланбау, су мамандарының тапшылығы сияқты жайттарды мәселені ушықтыратын себептерге жатқызады. БҰҰ Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанда климаттың өзгеруі барған сайын айқынырақ біліне бастағанын айтқан.
Подкасымызда бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев айтқан ойлардың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз.
ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕН-КӨЛДЕР ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР МА?
Су шаруашылығы министрі, гидротехник Нариман Қыпшақбаев дәл қазір трансшекаралық өзендердің суы тартылып жатқанына дәлел жоқ дейді. Оның пікірінше, мәселе осыған дейін жасалған келісім бойынша, Қазақстанның өзен-көлдеріне тиесілі үлесті ала алмай отырған мемлекеттік органдарда болып отыр.
"Мысалы, Сырдарияның суы азайып бара жатыр деп айту үшін Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан – осы төрт елдің гидрологиялық қызметі мәселені зерттеп, бір-бірін растайтын факт көрсетуі керек. Мен күнде бақылаймын. Бірдеңе айтуым үшін оған негіз болу керек қой... Ешқандай факт жоқ. [Болашақта] су азаятындығына, ауа райының өзгеретіндігіне күмәнданбаймын. Бірақ бүгін сондай болды дегенге сенбеймін. Сумен айналысатын шенеуніктер мені жақтырмайды. Толып жатқандар келді. Біреуі сушы емес. Су мәселесін түсінбегендіктен істері дұрыс жүрмей жатыр... Су азайып жатыр дейді. Өзбекпен сөйлесе алмайды, қырғызбен сөйлесе алмайды, тәжікпен сөйлесе алмайды, қытаймен сөйлесе алмайды, орыстармен сөйлесе алмайды. Келеді де, су азайып кетті дегенді идеяны таратып жатқан осылар. Иә, маман ретінде азайғанын дәлелде маған. Қандай құжаттар бар. Зерттеулер жүргізілді ме? Халықты, экономиканың салаларын ыдыратумен айналысып отыр".
"Мысалы Жайықтың жылдық су қоры 11 миллиард текше метр су. Соның 7-8 миллиарды Каспийдің үлесі. Қалған үш миллиарды Ресей мен Қазақстанның халық шаруашылығының үлесі. Енді қазір [экология министрлігіне қарасты] трансшекаралық өзендер жөніндегі департамент "біз өз суымызды алып жатырмыз" дейді. Жаңа қағазға қол қойған. Енді мұндағы Ресейдің қулығын қараңыз. Ресей "Қазақстанның үлесін шекарада береміз" деген. Оған біздің мамандар қол қойған. Бұрын мен қол қойған кезде “Каспийге баратын су үшін екеуіміз де жауап береміз, себебі Каспий екеуімізге ортақ. Сондықтан суды сен шекарадан бермейсің, шекарадан маған алып келесің. Екеуіміз бірге айдап, Каспийге жеткіземіз" деп келіскенбіз. Егер Каспийге су келмесе, онда Ресейден "Каспийдің суы қайда?" деп сұрайтын едік. 7 миллиард текше метр Каспийдің суы келіп тұрса, онда қазір ана Жайықты шалбардың балағын түріп алып жалдап өтетіндей болмас еді. Ызам келетіні осы. Неғылған бассыздық! Ойланып істелген нәрсені санасыздық пен білімсіздік салдарынан бүлдіріп алады да, елдің жағдайын қиындатып отыр. Қазақстанның жағдайын қиындатып отыр".
(Азаттық бұл туралы экология министрлігі мамандарының да уәжін тыңдауға әзір).
"СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ҚАЖЕТ"
"Суды алды да, экология министрлігінің қарамағына берді. Олар немен айналысарын білмейді. Мысалы, кешегі Семейдегі өртті алайықшы. Семейде 6 жыл істедім. Ана қарағай орманын бес саусағымдай білемін. Орман деген ана титтей түйіндерден (шишка) пайда болып, өседі ғой. Бір қарағай 600 жыл өседі, яғни, мен орманшы болуым үшін сол орманның өсуінің және барлық дамуының маманы болуым керек. Оларды неден қорғауым керек? Оның қандай ауруы болады? Оны қалай өсіруге болады? Бәрін білу керек қой. Ол тұтас бір сала. Осындай үлкен шаруаны алады да, экология министрлігінің қарамағына беріп қойды".
"Қазір сумен республикалық деңгейде кімдер айналысып жатыр дейсіз ғой: экология министрлігі, оның жанында трансшекаралық өзен департаменті, су шаруашылығы комитеті және "Қазсушар" ("Казводхоз”) – төрт мекеме бар. Төртеуінде істеп отырғандарды есептесең, 200 адамға жетеді. Осы төртеуінің орнына біреуінің ғана штатымен неге министрлік құрмасқа? Олар қазір жалақы алып отыр. Сондықтан ақша жоқ, құра алмаймыз деген сөз бос сөз".
АЭС: БАЛҚАШТЫ ҚҰРТУҒА ҚАРСЫМЫН
"Меніңше, егер АЭС салынса, станцияны совет үкіметі тұсында 468 сынақ болған Семей полигоны жаққа, яғни Курчатовқа қарай орналастыру керек. Өйткені сол жерде осы атом станциясының жақсы, жаман жақтарын зерттейтін ғылыми практикалық жұмыстар жүргізіледі. Ертістің суы тұрақты. Ертістің бойында үлкен су қоймалары бар".
"Аралды құрттық. Ендігі негізгі мақсатымыз – Балқашты құртып алмау. Сақтап қалу керек. Балқаш бассейніндегі 5-6 миллиард текшеметр су өзіміздің территориямызда пайда болады. Қаскелең, Талғар, Есік, Түрген, Шелек, Шарын және тағы басқаның бәрін есептесек, 5-6 миллиард текше метр су болады. Ал Алматы мен Талдықорған [облыстық әкімшілік бөлініс] екіге бөлініп кеткенмен, су жөнінен қарасаң мұнда бір-ақ бассейн – Балқаш бассейні бар. Осы бассейнде алынып отырған су 5-6 миллиард текшеметр... Іле өзені арқылы Қытайдан жылына 10-12 миллиард текшеметр су келеді. Балқаштың жағдайын есептеп, сақтаймыз дегенде біз есептеп шығардық. 10-12 миллиард текше метр су – бұл Балқаштың үлесі. Сонда ғана Балқашты ең төменгі, бірақ керекті деңгейде ұстап тұра аламыз. Одан әрі қарай төмендетуге болмайды. Қазір Қытаймен су бөлінісі жүріп жатыр. Қытайдың алдында комиссияның мүшесі болдық. (Бірақ кейінгі келіссөздерге қатысып жүрген жоқпын – Н.Қ.). Қытайға айттық: "Біз Балқашты сақтаймыз, Балқашқа жылда 10-12 миллиард текше метр су керек. Соны алуымыз керек" деп. Сол дау бүгін де бар. Олар береміз, біз келістік деген сөз жоқ әлі. Айтпағым, енді Балқашқа АЭС салдық дейік. Бәледен аулақ, бірақ ертеңгі күні бірдеңе бола қалса, біз Балқаш көлін құрбан етейік деп отырмыз. Оны 2 миллиард халқы бар Қытай білмей отырған жоқ, біледі. "Әй, сен болашақта өлі көлге айналатын Балқашқа не үшін 12 миллиард текше метр су сұрап отырсың. Біз, Қытай мұнда су жетпей қырылайық деп отырмыз. Сол себепті, Балқаш деген сұраныстарыңызға су бермейміз" деуі мүмкін. Сондықтан менің ұсынысым: АЭС-ті Курчатовқа салу керек. Сол жерде ғалымдар да бар. Қала да бар. Су да бар. Бәрі бар".
СУДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ҮНЕМДЕУ
"Әмудария мен Сырдария өзенінде 100 миллиард текшеметр су бар дейік. Осы су анау егістікке: мақта ма, күріш пе, өсіп тұр ғой, соған апарғанша шамамен 30-40 мың шақырым жол жүреді екен. Сонда 30-40 пайызын жоғалтады екенбіз. Жерге сіңеді, топырақ канал ғой, буланады және тазалауы бар. Ана Сібірдің суын бұру керек деп айтып жатыр ғой. Ол ақымақтың сөзі. Ол – аңыз. Маман ретінде оны ертегі деп есептеймін. Ешқашан орындалмайды. Сондықтан Орталық Азиядағы бес мемлекеттің келешегі суды сақтауда болып отыр... Сырдария мен Әмударияның бойында 60 миллион адам тұрады. Өзбегі, қазағы, бәрін қосқанда және ол тез өсіп жатыр. Осы 60 миллион халықты жұмылдыру керек. Топырақ каналдарына су құбырын орнатып, жерге сіңетін суды, буланатын суды сақтап қалуға болады.
Бұған қосымша суды аз пайдаланатын тұқымдар бар. Мақта, күріш, жоңышқа және тағы басқалары, ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Біз осы күнге дейін кетпенмен суғарамыз. Оны доғару керек. Тамшылап суғару әдісі бар, жаңбырлап суғару бар, бу қылып бүркіп, жаңбыр сияқты суғару әдісі бар. Өсімдік қанша су сұрайды, сонша ғана су беру керек. Ал біз басынан аяғына дейін құя береміз. Күні-түні ағып жатыр. Егер осы жерде үнемдесек, тағы 100 жылға жол ашылады".
ЕРТІСТІҢ СУЫН ҮНЕМДЕУ
"Қазір су тапшы. Осындайда өндірісті де суды үнемдеуге міндеттеуіміз керек. Мысалы, Өскемендегі титан-магний комбинаты. Қорғасын-мырыш комбинаттарын пайдаланылған суды қайта тазалап тұтынуға міндеттеуіміз керек. "10 жыл уақыт ішінде алатын суды екі есеге азайтып, лас суыңды қайта тазалап, пайдалан" деуіміз керек. Ертістің суын үнемдеуіміз керек. Халық өсіп жатыр. Өмірге келетін әрбір балаға күніне 100 литр таза су керек. Қазір сол жоқ болып тұр. Бір күнде бір адамға құрып кеткенде 100 литр таза су керек. Таза суды қайдан аламыз? Жаңағы өңдеу арқылы. Қазір бұлар таза суды ластап, лас суды өзенге төгеді. Халықтың жауы ғой. Ондайды тоқтату керек қой".
"МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНАН АЩЫ СУ ШЫҒАРЫП, ДАҚЫЛ ЕГІП КӨРДІК"
"Каспийдің ащы суын қалай пайдалану керектігі жөнінде өз басымнан өткізген мысалды айтайын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Каспийдің жағасынан 100 гектар жер алдық. Шаруа қожалығын таңдадық. Жерді гектар-гектар қылып бөліп, біреуіне жүгері ектік, біреуіне басқа дақылдар ектік. Ұңғыма қаздық. Каспийдің ащы суының тұзы 17 грамм. Біз қазған жердің суының тұзы 5 грамм болып шықты. Ол дегенің әлсіз минерал. Мысалы, бір литр суға 3 грамм тұзды қосасыз ғой. Біз ішпейміз. Ал Маңғыстау қазағы іше береді. Бізде үш грамм тұзы бар суды мысалы, Жетісу өңіріндегі мал ішпейді. Ал Маңғыстауда мал 5 грамға дейін іше береді. Олар соған дағдыланған. Сол суды жаңбырлау әдісімен пайдаланып, дақылдарды суғардық. Бұған қоса, құр қара жерді де қоршап, соны да суғардық. Ештеңе еккен жоқпыз. Не болатынын білгіміз келді. Нәтижесінде жүгері үш метр болып шықты. Каспийдің ащы суына, ащы жеріне еккеніміз. Онда өзінің жусан сияқты ащы шөбі бар ғой. Көкпеңбек болып, үстіне аунап жатқым келді. Жанында суғарылмаған жер сол қалпы [тақыр]. Облыс әкімін, аудан әкімін алып барып, көрсеттік. "Жігіттер мыналарың қызық екен. Әй, мыналарың жақсы екен" деген екі сөз айтқан жоқ қой. Ләм-мим демей, қарап тұрды да, көлігіне отырып кетіп қалды. Егер біз бос сөз айтсақ, "әй, мыналарың жай сөз" деп айтуы керек қой. Шаруа қожалығының иесіне "сол шөбіңді шауып ал, мыналар қызыққан жоқ" дедік.
Облыста 600 мың халық отыр. Бұл дегеніңіз мүмкіншілік бар екенін көрсетеді. Қуаңшылық кезінде сонау Шымкенттен, Ақтөбеден шөп тасып жатты...".
ПІКІРЛЕР