Accessibility links

VIP сұхбат

Ерлан Қарин: Қауіпсіздік кеңесін құратын президент оны тарата алады


Ерлан Қарин: Қауіпсіздік кеңесін құратын да, тарататын да президент
please wait

No media source currently available

0:00 0:34:12 0:00

Қазақстан президентінің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 29 қазан 2019 жыл.

Таяуда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жоғары лауазымды басшы қызметтерге Қауіпсіздік кеңесі келісімімен тағайындау" туралы жарлығы "Қазақстанда қос билік" орнады деген пікірлерді одан әрі үдетті. Президент кезінде өзін "Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы" етіп бекіткен Нұрсұлтан Назарбаев екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзырын шектеп отыр ма? Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық сенім кеңесі қандай іс бітірді? Парламенттің келесі сайлауына дейін "Сайлау туралы" заң өзгере ме деген сауалдарды Азаттық тілшісі Қасым Аманжол Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринге қойды.

Азаттық: Ерлан мырза, сіз және сізбен пікірлес азаматтар Қазақстанда Конституция бойынша бір ғана билік бар, ол президент Тоқаевтың қолында деп санайтынын байқаймыз. Назарбаев билік транзитін аяқтады ма? Тоқаевқа барлық өкілеттігін берді ме?

Ерлан Қарин: Әрине, Қазақстандағы билік транзитінің ерекшелігі болды. Конституция бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылған президент өкілеті келесі тұлғаға беріледі. Қазақстандағы билік транзиті конституциялық тәртіппен шектелген жоқ. Жаңа президент өз өкілеттігін нықтау үшін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізді. Сондықтан Қазақстанда билік транзиті процесі барлық жағынан қамтамасыз етілді деуге болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Азаттық: "Қазақстанда қос билік бар" дейтіндер Назарбаевтың қазіргі өкілетін алға тартады.

Ерлан Қарин: Қос билік туралы тақырып – жасанды тақырып. Шын мәнінде, мұндай мәселе жоқ. Тағы қайталаймын, біреу конституцияны өзгертті ме? Өзгерткен жоқ қой. Сондықтан президент билігі Қазақстандағы саяси жүйенің негізгі өзегі, діңгегі болып қала берді.

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ең жоғарғы лауазым қызметтерге Қауіпсіздік кеңесі келісімімен тағайындау туралы жарлық шығарды. Оған қалай қарайсыз?

Ерлан Қарин: Бұл - президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі арасындағы процедура. Жарлықтың төртінші пунктінде "Президент кез келген кадрлық шешімді осы процедуралардан тыс қабылдайды" деп жазылған.

Азаттық: Яғни, Қауіпсіздік кеңесімен келіспей-ақ президент тағайындай ала ма?

Ерлан Қарин: Әрине.

Азаттық: Әділет министрі Марат Бекетаев "соңғы сөзді Қауіпсіздік кеңесі айтады" деді ғой. Бұған не дейсіз?

Ерлан Қарин: Ол жөнінде президенттің баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли сол күні түсініктеме беріп, қате екенін айтты.

Азаттық: Министр Бекетаев неге кешірім сұрамады?

Ерлан Қарин: Кешірім сұрамаса да сол күні жиналыс болып, ескерту айтылды. Сол жеткілікті.

Азаттық: Біз әділет министріне дәл осы мәселеге байланысты хабарластық. Ол бұл мәселе жайлы пікірін білдіргенін және әрі қарай ештеңе айтпайтынын хабарлады.

Ерлан Қарин: Ол - министрдің жеке шаруасы.

Азаттық: - Министр қателесті ме?

Ерлан Қарин: - Қателесті.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Азаттық тілшісі Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр. Алматы, 29 қазан 2019 жыл.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Азаттық тілшісі Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр. Алматы, 29 қазан 2019 жыл.

Азаттық: - Қазақстанда "қос билік", "Назарбаев билігінен айырылған жоқ" деген пікірлердің түп-төркіні қайдан шықты? Сіздің ойыңызша, бұл жерде осы әңгімені қоздатқысы келетіндер, сыртқы күштер бар ма?

Ерлан Қарин: Бұл ақпараттық кеңістікке жасанды түрде енгізіліп отырған мәселе. Сарапшылар соңғы кезге дейін билік транзиті бола ма, болмай ма деп келді. Ол толық жүзеге асты.

Азаттық: Ол сіздің ойыңыз. Оған сенбейтіндер бар.

Ерлан Қарин: Біреу сенеді, біреу сенбейді. Бұл процестің жүзеге асқанына көп болған жоқ. Сондықтан күмәндануы түсінікті жайт.

Азаттық: Қос билік туралы әңгіме кімге тиімді?

Ерлан Қарин: Осы тақырыпты әдейі көтеріп, қоздатқысы келетіндер бар. Олар қазіргі билікті әлсіз дегісі келеді, сөйтіп қайта-қайта ақпараттық кеңістікке шығаруға тырысады. Кейде оны сырттағы түрлі күштер де пайдалануға ұмтылады. Саясатта ондай мүдделі топтар болады.

Азаттық: Жоғары лауазымға тағайындау мәселесінің процедурасына келейікші. Мысалы, президент Тоқаев өзі қалаған адамды министр немесе әкім қызметіне тағайындауға шешім қабылдады делік. Бірақ Қауіпсіздік кеңесі туралы заң мен Тоқаевтың соңғы жарлықтарының бірі бойынша, оған Қауіпсіздік кеңесі келісім беруі керек. Мұның процедурасы қалай болады? Кеңес жинала ма?

Ерлан Қарин: Кеңес жиналмайды, талқыланбайды. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары тағайындалады делік. Тағайындалатын адамның құжаттары түрлі бөлімдерде қаралады. Бір бөлім саяси жағын, екіншісі шаруашылық ұйымдастыру жағын қарайды. Шешім сонан кейін қабылданады. Осындай техникалық мәселе. Шешімді қабылдайтын да, белгілі бір лауазымға ұсынысты дайындайтын да президент.

Азаттық: Қауіпсіздік кеңесі туралы заңның бірінші бабында "Қауіпсіздік кеңесі Қазақстан президенті құратын орган" деп жазылған. Олай болса Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін тарқата ала ма?

Ерлан Қарин: Әрине. Кім құрады, сол тарқатады.

Азаттық: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) биыл маусымдағы кезектен тыс президент сайлауының хаттамаларын жариялауға кеңес берді. Соңғы сайлау хаттамаларын Орталық сайлау комиссиясы неге жарияламады?

Ерлан Қарин: Бұл сұрақты Орталық сайлау комиссиясына қою керек.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, хаттамалар жариялануы керек пе еді?

Ерлан Қарин: Ол жағын, шынымды айтсам, ойламаппын. Меніңше, хаттамалар таныстырылды ғой. Орталық сайлау комиссиясының сұрасаңыз, жауап берер.

Азаттық: Сұрадық, жауап бермеді. Президент кеңесшісінің пікірін білгім келіп отыр.

Ерлан Қарин: Мен өзім айналысатын мәселелер бойынша түсініктеме беруге дайынмын.

Азаттық: ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлау нәтижелеріне үнемі көңілі толмайды, неге олай?

Ерлан Қарин: Біріншіден, ЕҚЫҰ-ның қай елдің сайлау процесіне көңілі толғанын көрсетіңізші. Екіншіден, бұл ұйым сайлауда бұрынғыдан ілгерілеу барын, сайлауда бәсеке болғанын мойындады. Кемшіліктерді айтқанда ол жағын да айту керек.

Полиция арнайы жасағы кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке қарсы шеруге шыққан азаматтарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция арнайы жасағы кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке қарсы шеруге шыққан азаматтарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Азаттық: Сайлау күні және одан кейін полиция 4 мың адамды ұстады. Олардың сайлау нәтижесіне наразылық білдіруіне қандай баға бересіз?

Ерлан Қарин: Бұл бізде саяси плюрализм, әркімнің өз көзқарасы барын көрсетеді. Ұсталғандар көзқарастарына емес, әкімшілік ережелерді бұзғанына қарай жауапқа тартылды. Алдағы уақытта, Қазақстанда бейбіт шерулер ұйымдастыру тәртібі өзгереді. Қазір талқыланып жатыр.

Азаттық: Ерлан мырза, президент Тоқаев сайланғаннан кейін үлкен бастамаларының бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК). Өзіңіз оған хатшылық етіп отырсыз. Қазақстанда екі палаталы Парламент тұрған кезде мұндай орган не үшін керек?

Ерлан Қарин: Бұлар әртүрлі институттар мен органдар. Парламент заң шығарушы билік тармағының органы. Ұлттық кеңес - консультативтік орган. Қоғамдағы жаңа талаптар мен ойларды қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа арна ретінде Ұлттық кеңеске түсіністікпен қарау керек.

Азаттық: Ұлттық кеңес билік пен қоғам ортасындағы буфер болып тұрған жоқ па?

Ерлан Қарин: Билік бұл бастаманың табанды жүзеге асырып келе жатыр. Жарияланды, құрылды, ережесі анықталды, ресми отырысы өтті. Отырыстан кейін әлеуметтік желілердің бәрінде кеңес жұмыс туралы хабарлап отырамын. Бірінші отырыстан кейін айтылған 70-тен астам ұсыныс бойынша жоспар құрылды. Сол бойынша жоспар дайындап жатырмыз. Қараша айында сол құжатты жариялаймыз.

Азаттық: Ұлттық кеңес Қаринге ыңғайлы адамдардан құрылды деген де пікір бар. Сізбен мәмілелес, дос-жар адамдар жиналған жоқ па?

Ерлан Қарин: Жоқ, ол тек маған ғана ыңғайлы болса, басым қатып жүрмес едім. Мұндай пікір неге пайда болғанын білемін. Осы жылдары қоғамда белгілі азаматтармен араласқаныма кінәлі емеспін ғой?!

Азаттық: Бірақ Ұлттық кеңестің құрамын анықтау кезінде негізгі рөл атқарғаныңызды мойындайсыз ғой?

Ерлан Қарин: Мойындаймын. Алайда Ұлттық кеңеске енгендердің кейбірімен жақында таныстым. Мысалы, (адвокат) Айман Омарованы танымайтынмын. Оның идеялары мен пікірлерін тыңдағаннан кейін ұсыныс жасадым. Сондықтан барлығы маған ыңғайлы адамдар деуге болмайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Азаттық: Арасында сізге ыңғайсыз адамдар бар ма?

Ерлан Қарин: Ыңғайсыз деуге болмас. Мәселен, ұлттық кеңесте үнемі пікірталас болады. Бір-бірімізге дауыс көтеріп, ренжісетін жағдайлар жиі кездеседі. Ренжісеміз, татуласамыз. Кеңеске енген 44 адамның азаматтық ұстанымдары әртүрлі.

Азаттық: Ұлттық кеңесті құрудағы негізгі мақсат қоғаммен диалог орнатып, пікірлесу сияқты еді. Қоғам назарын аударған маңызды проблемалардың бірі - жер мәселесі. 2016 жылғы жер мәселесін көтерген және соның басында жүрген Макс Боқаев әлі түрмеде отыр. Оның қасында отырған Талғат Аян бертінде босады. Жаңаөзен оқиғасының басы-қасында болған Владимир Козлов пен Жанболат Мамай сияқты адамдар да Ұлттық кеңесте жоқ. Президент Тоқаев сұхбаттарының бірінде Қазақстандағы жастар ұйымдары туралы, "Оян, Қазақстан" жайлы айтқан. Ұлттың кеңесте олар да жоқ. Тағы бір таңғаларлығы, президент сайлауына түскен басқа кандидаттар бар да, Тоқаевтан кейін ең көп дауыс алған (16 %) Әміржан Қосанов жоқ. Неге?

Ерлан Қарин: Біріншіден, сіз атағандардан басқа да азаматтар жоқ. Екіншіден, бәрін қамту мүмкін емес. Онда кеңесте 44 емес, 80-100 адам болады.

Азаттық: Қоғамдағы ең үлкен оқиғаларға "детонатор" болған адамдарды айтып отырмын.

Ерлан Қарин: "Детонатор" болған адамдар көп. Сіз айтқан адамдар ғана емес. Кім ынта білдірді, қайсысы дайын, кім конструктивті диалогқа өз үлесін қосады, солар Ұлттық кеңеске кірді. Егер ол азаматтар тарабынан кеңес құрамына енуге бастама көтерілмесе, ұсыныс түспесе…

Азаттық: Мүмкін сіз ұсынбаған шығарсыз?

Ерлан Қарин: Айтып отырмын ғой, ынта білдірген азаматтар Ұлттық кеңеске енді. Бәріне бірдей хат жазатын мақсат болған жоқ. Мәселе көтерудегі белсенділігі мен тұрақтылығына, белгілі бір тақырыптар бойынша кәсібилігіне мән бердік.

Азаттық: Мен атаған азаматтар сіз атаған талаптардан өтпей қалды ма?

Ерлан Қарин: Біріншіден, олар ынта білдірген жоқ.

Азаттық: Мысалы, Қосанов ынта білдірмеді ме? 16 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат. 1 пайыз алғандар да Ұлттық кеңеске кірді.

Ерлан Қарин: Қосановқа ондай ұсыныс айтпадық. Өзі де ол кезде байланыста болмады, ауырып жатты. Қателеспесем, ол ұлықтау рәсімінде де болған жоқ. Жастар ұйымдарына ұсыныс жасадым. Олар кездесуге де келген жоқ. Олармен қалай сөйлесуге болады әрі қарай?

Азаттық: Билікті қатаң сынайтын Владимир Козлов, Жанболат Мамай, Талғат Аяндарға ұсыныс жасалды ма? Әлде олармен бір үстел басында отыру қауіптірек пе?

Ерлан Қарин: Жоқ, ондай ой жоқ. Біз көпшілігіне ұсыныс айттық. Өзара келісім бойынша, аты-жөнін атамаймын. Билікті қатты сынап жүрген бірқатар азаматтармен кездестік, оны жоққа шығармаймын. Олар шарт қойды. Бірақ шарттары саяси бағытта емес. Кейбіреулермен бір үстелдің басында отырғысы келмейтінін айтты. Бұл меніңше, ерсі талап.

Азаттық: Ұлттық кеңестің қазіргі жұмысына көңіліңіз тола ма?

Ерлан Қарин: Толады.

Азаттық: Қазақстанда сайлау туралы заңды өзгерту мәселесі Ұлттың кеңесте біршама айтылды. Заң бойынша парламент сайлауы 2021 жылы өтуі тиіс. Сайлау туралы заң оған дейін өзгере ме, жоқ па?

Ерлан Қарин: Өзгеруі керек.

Азаттық: Президент Тоқаевтың қазақстандық журналистермен кездеспек ойы бар ма? Ашық, еркін форматта тәуелсіз журналистер де қатыстырып өткізуі мүмкін бе?

Ерлан Қарин: Бәрі де мүмкін. Мен саяси мәселелермен айналысамын. Ақпараттық жұмысқа басқалар жауап береді. Бұл сұрақты соларға қойыңыздар. Бірақ ол мүмкіндікті жоққа шығаруға болмайды. Президент ашық, жария саясатты қолдайды. Бұл жерде проблема көріп тұрған жоқпын.

Азаттық: Тоқаевтың қоғаммен байланыстағы ашықтығын дәлелдейтін нақты нәтижелерді қанша уақыттан кейін көре аламыз?

Ерлан Қарин: Президенттің қоғаммен байланыстағы ашықтығын күтудің қажеті жоқ. Ол ашықтығын бірнеше рет нақты көрсетті. Ашық пікірталас болған, бірнеше сағатқа созылған кеңестің отырысына қатысты. Президент пен қоғам қайраткерлері бір үстелдің басында отырып, маңызды мәселелерді ешқандай цензурасыз талқылады.

Азаттық: Ал нақты нәтижелерін қашан көреміз? Мәселен, саяси тұтқындарға бостандық беріле ме? Берілсе, қашан?

Ерлан Қарин: Біріншіден, саяси тұтқындар деген тұжырымдаманың өзін анықтап алу керек. Екіншіден, бостандыққа шыққысы келсе, өтініш беру тәртібі бар. Соған сәйкес әрқайсы өздерінің құжаттарын жібере алады.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.


  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG