Қазақстанда есірткі мен алкогольге тәуелді жүздеген мың адам есепте тұр. Шын мәнінде маскүнемдік пен нашақорлық тұзағына түскен адам саны бұдан әлдеқайда көп. Олар жаман әдеттен арылу үшін түрлі жол іздейді. Біреулер бұрынғы ортасынан кетіп, шалғай ауылға қоныс аударады. Азаттық тілшісі қаладан алыс орналасқан оңалту орталығына барып, өмірінде түбегейлі бетбұрыс жасағысы келген жандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы Ошағанды ауылы бұрын Қызыл құт деп аталған. Ауылдағы жалғыз қабат ескі үйде есірткі мен алкогольге тәуелді адамдарды оңалту орталығы орналасқан. Бұл жер қаладан алыс, байланыс та нашар.
ЖЫРАҚТАҒЫ ЖАҢА ӨМІР
Ошағандыдағы оңалту орталығы жиырма жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықты бұрын есірткі мен ішімдікке әуес болған, кейін жаман әдеттен арылған адамдар ашқан. Қазақстандықтар бұл жерді "Қызыл құттағы орталық" деп біледі.
Орталық қызметкерлері науқастарға денсаулығына зиян әдетті тастап, құжаттарын қалпына келтіруге көмектеседі. Мекемеге көбіне түрмеден шыққан немесе үйсіз көшеде қалған адамдар келеді. Науқастар есірткі мен ішімдікті өз бетінше тастауға тырысып, медицина процедураларынан өткен, бірақ еш нәтиже шықпаған. Ал жекеменшік ауруханада емделуге көбінің ақшасы жетпейді.
Азаттық тілшісі барған күні науқастар орталық ішін тазалап, малдың жем-шөбін беріп, көмір салып, көршілерге көмектесіп, кітап оқып, тамақ істеп – әркім өз шаруасымен шұғылданып жатыр екен. Ақша үнемдеу үшін орталықта нанды қолдан пісіреді.
Тамақты да өздері дайындайды, кейде осы жерден емделіп шыққан адамдар мен жергілікті тұрғындар ас-су әкеледі. Орталық негізінен өз бетінше күнелтеді.
Үй ішінде газ, теледидар, тоңазытқыш, кір жуатын машина бар. Науқастар өздері тұрғызған моншада шомылады. Жергілікті жұрт қажет заттар мен құрылыс материалдарын беріп тұрады. Әр бөлмеде төсек-орын бар. Мұнда оңалтудан өтіп жатқан түрлі жастағы он адам тұрады.
– Біреулер өз еркімен келеді, өзгелерін туыстары әкеліп тастайды немесе көшеден келіп түседі. Әртүрлі жағдайда өмір сүрген, мінезі қиын адамдар. Арасында жаны жақсы, мейірімді адамдар да кездеседі. Науқас жаман әдеттен арылғысы келсе, оған көмектесе аламыз. Бай отбасынан шыққан жастар да болған. Ақша желіктіреді ғой. Ақшасы бар адамға мұндай орталыққа келу қиын. Ол бұрынғы әдетіне қайта басып, емделу мерзімі ұзарып кетуі мүмкін, – дейді орталық қызметіне жауапты Дмитрий Савельев.
Дмитрий бұрын ішімдікке әуес болған. Өз бетінше тастай алмаған. Алкогольге қарсы медициналық препарат салдырып та көрген, бірақ одан да ештеңе шықпаған. 2004 жылы туыстары Дмитрийді осы орталыққа әкеліпті. Әу баста ол емделгісі келмеген. Қазір екінші рет оңалтудан өтіп жатыр.
– Бірнеше жылдан кейін жұмыстың ауырлығынан, өмірдің қиындығынан қайтадан ішкілікке құмарта бастадым. Бірден осында келдім, – дейді Дмитрий.
"ӨЛІМШІНІҢ КҮЙІН КЕШТІМ"
– Тоқсаныншы жылдары көп адам есірткі мен ішімдікке салынып кетті ғой, – дейді орталықта емделіп жүрген Вадим.
Ол шаруасын аяқтап, орталыққа қалай келгенін айтып берді. Бұл орталыққа Вадим бір жыл бұрын ішімдікке салынып, көшеде жүрген жерінен келіпті. "Темекі сұраған адамым осы жерге әкелмесе, көшеде өліп қалар едім" дейді ол.
– Сол кезде шараптан бас алмай жүрдім. Таңертең тұра сала ішімдікті қайдан тапсам дегеннен басқа ой болмайды. Бас жазатын бірдеңе тапсам, кешке дейін тағы ішімдік іздеймін. Өмір сүру емес, алкоголь іздеп, соны соңынан қуу болып кетті. Қарызым басымнан асып, ақырында пәтерімді алып қойды. Он екі жыл көшеде жүрдім. Өлімші күйге түстім, еркін тыныстай алмай, жүз метрден артық жүруге шамам жетпейтін. Құжатсыз қалдым. Жеке басымды растайтын куәлігім де болмады. Орталықтан баспана таптым. Жаман әдетімнен арылдым. Тіркеуге тұрдым, қазір құжат жасатып жатырмын, – дейді Вадим.
Вячеслав та бұл орталыққа төрт ай бұрын көшеден келген. Бұрын түрмеде отырып шыққан, бірақ ол туралы ешкімге айтқысы келмейді. Туыстарының ешқайсымен хабарласпайды.
Ол да ішімдікке тәуелділіктен құтылғысы келеді. Бұрын бай адамдардың қолында жұмыс істепті, кейін сырқатына байланысты жұмыстан шығып қалып, көшеде жүрген.
– Қолым істемей қалды (терісі салбырап, ісіген қолын көрсетті – ред.), микроинсульт па, басқа ма, білмеймін. Осы орталыққа келіп көзім ашылды. Құжаттарымды жасатып, зейнетақы ала бастадым. Банк картамды қалпына келтіріп берді. Өзім жасай алмас едім. Үстімдегі [сол кездегі] киіммен банк бөлімшесіне кіргізбейді де ғой, – дейді Вячеслав.
Сергей Лещанов 2015 жылы осы жерде оңалтудан өткен. Оған дейін 20 жыл бойы есірткі тұтынған.
– Басында ауруханаға апарып, неше түрлі әдіспен емдеп көрді. Еш нәтиже шықпады. Осы орталық туралы естіген соң баруға келістім. Осында келгеннен кейін жағдайым жақсара бастады. Нашарқорларда "ломка" деген болады. Басқа жерлерде "ломка" жиі қайталанатын. Бұл жақта түнде көз ілмегенім болмаса, "ломкаға" шыдадым. Неге олай болғанын білмеймін. Қазір орталықты ұмытпай, осындағы жігіттерге көмектесіп тұрамын, – дейді Сергей.
Бұрын орталық жұмысына жауапты болған Сергей есірткіні тастап, жаңадан отбасын құрып, қалаға көшіп кеткен.
ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІН КӨРГЕН ЖАНДАР
Ошағандыдағы орталыққа тек ер адамдарды ғана қабылдайды. Мұнда қилы тағдыр иелері келеді. Оларға қойылатын басты талап: алкоголь/есірткіні тастауға тырысу, еңбекке араласып, бұрынғы өмір салты мен ортасынан қол үзуге ерік-жігер таныту.
Орталықта інжілді оқытып, адамды рухани дамыту үшін дұға жасауды үйретеді.
Науқастарға есірткі мен алкоголь әкелмесін деген сақтықпен, жаңадан келген адамдарға біраз уақыт орталықтан шығуға, телефонмен сөйлесуге тыйым салынады.
Орталық қызметкерлерінің сөзінше, оңалтуға төрт айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Кейде одан да ұзаққа созылады. Науқастар бүкіл шаруаны өздері істейді. Көбі мұндайға көнгісі келмейді. Бірақ мұнда ешкімді күштеп ұстамайды.
– Мұнда ұрыс-жанжал болмайды. Ондайға жол бермеуге тырысамыз. Алда-жалда бірнәрсе ұнамаса, сізді күштеп ұстап отырған жоқпыз дейміз. Бұл жақта бұрынғыдай өмір сүре алмайсың. Жаңадан келген адамға біраз уақыт сыртқа шығуға болмайды. Оны сырттай бақылап, мінез-құлқының ерекшеліктерін байқаймыз. Кей адамдар тез бейімделіп кетеді. Енді біреулері үйренісіп кетуге ұзағырақ уақыт керек етеді. Жертөледе, жылу құбырларының арасында тіршілік еткен, есірткі мен ішімдікке әбден салынған науқастар түседі. Олар "өзгергіміз келеді, басқа амалымыз қалмады" деген оймен келеді, – дейді Дмитрий.
Жергілікті азық-түлік дүкеніндегі сатушы оңалтудан өтіп жатқан науқастар туралы былай дейді:
– Оларға арыз-шағымым жоқ, жұмыс істей берсін. Тәуелді адамдарға көмектесіп жатқандарын білемін. Мұның несі жаман? Арасында біз де көмегіне жүгінеміз. Ауылдағы ер азаматтар жұмыспен жүреді, үйде көбіне әйелдер мен қарттар ғана қалады. Сондықтан жөндеу жұмыстары, майда-шүйде шаруа болса, орталықтағы адамдарды шақырамыз.
"ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН САЯСАТҚА БАС ҚАТЫРМАЙДЫ"
Орталықта бірден 20 адам оңалтудан өтіп, орын жетпеген науқастар еденде жатқан кездері де болған. Қазір орталық көп адам қабылдамауға тырысады, "бірақ шарасыз күйдегі науқасты кері қайтармаймыз" дейді Дмитрий Савельев.
Науқастар мұнда өз еңбегімен тапқан ақшаға күнелтеді. Ақшаны үнемдеуге тырысады. Олар ауылдағы кез келген жұмысты істеуге дайын: бау-бақша егеді, азын-аулақ мал өсіреді.
Биыл жем-шөптің қымбаттауына байланысты біраз малды сойып алған. Қазір екі бұзаулы сиыр мен жиырма шақты тауық қана бар.
Орталықтағы адамдар қымбатшылыққа, елдегі саяси мәселелерге бас қатырмайды. "Саясатқа араласқымыз келмейді" дейді.
– Жергілікті билік пен учаскелік полиция қызметкері хабар алып тұрады. Бізге келген адамдар туралы ақпарат беріп отырамыз. Өйткені келіп-кететін адам көп қой, – дейді Дмитрий Савельев.
Дмитрийдің айтуынша, орталық ашылғалы мыңға жуық адам емдеуден өткен. Бірақ олардың бәрі бірдей зиянды әдетінен 100 пайыз арылмаған.
Оңалтуды аяқтамайтын немесе үйіне оралған соң, ескі әдетіне қайта басатын адамдар да бар. Толық емделіп, тың өмір бастаған науқастар да жетерлік. "Бәрі адамның ниетіне байланысты. Қаладан алыс жерде, арнайы ортада емделу осы ниетіңе жетуге көмектесетін қосымша құрал ғана" дейді Дмитрий.
Республикалық психикалық денсаулық орталығының дерегінше, 2021 жылы Қазақстанда алкогольге тәуелді 91 мыңнан астам адам психикалық мінез-құлқы бұзылған я психикасында өзгеріс бар тұлға деген диагнозымен тіркеуде тұрған. 19 мыңға жуық адам психотропты заттар қолданғаны үшін есепке алынған. Бірақ бұл әлгіндей жаман әдеті бары анықталып, көмекке жүгінген адамдар ғана. Ресми дерекке кірмеген науқас саны бұдан әлдеқайда көп.
"КЕШЕНДІ ӘДІСПЕН ЕМДЕУ КЕРЕК"
Қазақстанның бірқатар өңірінде есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін мемлекеттік орталықтар бар. Республикалық психикалық денсаулық орталығының сайтындағы дерек бойынша, науқастарды мұндай орталыққа жатқызу өңірлік денсаулық сақтау органдарының қатысуымен жүзеге асады. Мұндай мекемелерде ақылы қызмет те көрсетіледі.
Кей адамдарды сот шешімімен күштеп емдеуге жібереді.
Елде ақылы қызмет көрсететін жекеменшік оңалту орталықтары да бар. Онда науқастар аты-жөнін айтпай, анонимді түрде емделеді, онымен психолог жұмыс істейді. Ал бұрын есірткі мен ішімдікке тәуелді болған, кейін ол әдеттен арылған адамдардың бастамасымен ашылған Ошағанды немесе Сарытөбе ауылындағыдай орталықтар мемлекеттен я басқа ұйымдардан ешқандай қаржы, грант алмай, өз күнін өзі көріп жатыр.
Клиникалық психолог, оңалту бағдарламасының үйлестірушісі Олег Егин бұл мәселені кешенді түрде шешу керегін, бірақ іс жүзінде мұндай орталық табу қиынға соғатынын, науқастардың барды қанағат тұтудан басқа амалы жоғын айтады.
– Мына орталық жақсы, басқасы жаман деп бөліп-жара алмаймыз. Мемлекеттік наркологиялық емханалар мен жекеменшік оңалту орталықтарындағы медициналық-әлеуметтік оңалтудың өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Қайсысы жақсырақ екенін айта алмаймын. Бірақ науқасқа қосымша медициналық препараттарсыз жаңа тиімді мінез-құлық моделін қалыптастыруға көмектесу әдісін қолдаймыз. Адамға толық айығып кетуге жағдай жасайтын, бұрынғы әдетінен бас тартуды автоматты деңгейге жеткізетін ахуал қалыптастыру керек, – дейді Олег Егин.
Дәрігердің сөзінше, ондай көмекке мұқтаж адамның өмірімді 10 пайызға болса да өзгертсем деген ниеті болу керек.
– Адамды сүйреп әкеліп, бір жерге отырғызып қойғаннан пайда жоқ. Күштеп емдеуден нәтиже шықпайды. Иә, науқас айтқаныңды бұлжытпай орындайды, бірақ мұны не үшін жасап жүргенін түсінбейді. Оған кешенді әдіс пен оңалту ғана көмектесе алады. Тәуелді адамдармен жұмыс істейтін дәрігерлерге құдай қуат берсін. Олардың еңбегіне басымды иемін, себебі бұл – өте қиын жұмыс, – дейді Олег Егин.
Есірткіге тәуелді адамдар өз еркімен емделуге бармауын мемлекеттік мекемелердегі терапияға сенбейтіндігімен, анонимді түрде емделсем дегендердік құпиясы кейде сақтала бермейтіндігімен, қоғамда сынға қалудан қорқатындығымен, жұмысқа қабылдау кезіндегі дискриминацияға ұшырау сияқты себептермен түсіндіреді.
2020 жылы психикалық денсаулық жөніндегі республикалық ғылыми-практикалық орталық өкілдері Азаттыққа науқастардың өздігінен емделуіне мүмкіндік бермейтін кедергілерді азайту қажет екенін айтқан. Нарколог дәрігерлер жазалау әдістерін жойып, зияндылықты азайтудан толық оңалтуға дейінгі бағдарламаларды жүзеге асыруды, Қазақстанның барлық өңірінен оңалту орталықтарын ашуды ұсынады.
ПІКІРЛЕР