Accessibility links

"Марқұмды ақтауды сұраймын". "Қазақмыс" бас директорының өміріне қастандық жасалған ба?


Суреттің сипаттамасы: Қазақмыс корпорациясы. Жезқазған, 27 қазан 2013 жыл.
Суреттің сипаттамасы: Қазақмыс корпорациясы. Жезқазған, 27 қазан 2013 жыл.

Жезқазғанда "Қазақмыс корпорациясының" бас директоры Амангелді Мініғұловтың өміріне қастандық жасалды ма? Кәсіподақ басшысы Тоғызбай Тәжбеновтың өзіне пышақ салуы мүмкін бе? Қарағандыда өткен сот отырысында тараптар осы сұрақтарға жауап табуға тырысты. 26 тамызда сөзжарыс өтіп, 28 тамызда сот үкімі шығуы керек еді. Бірақ судья сот үкімін кейінге қалдырды.

28 тамызда судья сот тергеуін қайта бастап, тараптардың өтініші бойынша қосымша куәгерлер ретінде сарапшы мен тергеушілерден түсініктеме алу туралы шешімге келді. Өйткені айыпталушыны қорғаушы тарап істің қиыспайтын тұстары барын айтып, пышаққа басқа тұлғалардың қаны қалай тигенін анықтауға тырысып жатыр.

Азаттық тілшісі қоғам назарын аударған сот процесін бастан-аяқ бақылап көрді.

"МАРҚҰМДЫ АҚТАУДЫ СҰРАЙМЫН"

"Қазақмыс корпорациясы" серіктестігінің Жезқазғандағы кеңсесінде болған қайғылы оқиғаға қатысты жорамал әлі де көп. Әлеуметтік желіде кәсіподақ басшысының өлімін белсенді талқылап жатыр. Марқұмның туыстары тіпті сот кезінде де көп нәрсе түсініксіз қалып отырғанын айтады.

Жұмбақ жағдайда көз жұмған 58 жастағы Тоғызбай Тәжбеновтың ұлы Нұрсұлтан оқиғаның қалай болғанын суреттейтін тергеу материалдарына да, ықтимал куәгерлердің сөзіне де сенбейді. Ол өз күдігі мен істің қисынсыз тұстары туралы ойын білдірді. Нұрсұлтан өзінің талабымен өткен сот отырысында адвокатпен бірге Тоғызбай Тәжбеновтың кісі өміріне қастандық жасағаны дәлелденбегенін алға тартып, марқұмды ақтауды сұрады.

– Сол жердегі куәгерлердің сөзіне қарағанда, қайшылықты оқиғалар болған. Бас директордың кабинетінде не болғанын ешкім нақты білмейді. Тәжбеновты заңсыз қаралап отыр. Оның кісі өлтіру ниеті болмаған. Куәгерлердің түсініктемесінен басқа ешқандай дәлел жоқ. Кісі өміріне қастандық жасау фактісі дәлелденген жоқ, сараптама атүсті жүргізілді. Тәжбеновты ақтауды сұраймын, – деді адвокат Паллада Тепсаева.

Марқұмның туыстары мен адвокат тергеушілердің барлық жағдайды жіті тексермегенін айтады. Адвокаттың сөзінше, (оның сөзін марқұмның ұлы Нұрсұлтан да қостайды) жәбірленуші Мініғұловтың тырнағының астынан сынама алынбаған. Сараптамада Тембаевтың (тергеу нұсқасы бойынша, ол да оқиға орнында жараланған) алақаны мен саусақ арасынан алынған сынама да жоқ. Одан бөлек, сарапшы "Тәжбенов өзін пышақпен жаралауы мүмкін бе?" деген сұраққа жауап бермеген. Ол Тәжбеновтың өлген уақытын нақты көрсетпеген. "Тәжбеновке уақтылы көмек көрсетілсе, оны құтқарып қалуға болар ма еді?" деген мәселеге қатысты да қорытынды шығармаған. Жәбірленушілер дәл осы пышақпен жараланғанын көрсететін толық сипаттама да жоқ. Тәжбеновты қорғаушы тарап сондай-ақ соттан пышақтың сабында “болжам бойынша, үш адамға тиесілі болуы мүмкін биологиялық материал” табылғанына назар аударуды сұрады.

Айыптау тарабын қолдаған прокуратура айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Айыптау тарабының дерегінше, Тәжбенов қару мен пышақ алып, Мініғұловтың кабинетіне жүгіріп кіріп, ол отырған жаққа қарай оқ атқан. Бірақ оқ ешкімге тимеген. Осыдан кейін Тәжбенов қолына пышақ алған.

– Тәжбенов аса ауыр қылмысқа барып, кісі өміріне қастандық жасады. Бірақ өзіне қол жұмсап, еркінен тыс жағдайларға байланысты бастаған ісін соңына жеткізе алмады. Суық қаруды заңсыз ұстап жүру бабы бойынша да айыпталушының кінәсі дәлелденді. Оны кінәлі деп тануды сұраймын, – деді сөзжарыс кезінде сөйлеген прокурор Нұрғұлан Әбдішев.

ЖӘБІРЛЕНУШІ МЕН КУӘГЕРЛЕРДІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Сот жәбірленуші ретінде тергеген "Қазақмыс" тау-кен байыту комбинатының бас директоры Амангелді Мініғұлов "Кәсіпқорған" кәсіподағының жұмысына араласқанын жоққа шығарды. Мініғұловтың сөзінше, ол Тәжбеновке қарсы наразылық барын білген, бірақ кәсіподақ басшысын қайта сайлау туралы шешім қабылдамаған. Ол Тәжбеновтың өзіне шабуыл жасауына оның кәсіподақ төрағасының қызметін жоғалтып алудан қорқуы себеп болды деп есептейді.

"Мен Тәжбеновке кәсіподақ басшысы қызметінен кететін болса, жұмыссыз қалмайтынын айттым. Бізде бос орындар болды, корпорациядан жұмыс тауып берер едік. Тәжбеновты бұрыннан білетінмін. Ол маған қарсы оқ атқанда, таңғалдым. Үстелге отырғызып, "Қызмет үшін не істеп жатқаныңды қарашы!" дедім, – деді бұдан кейінгі сот отырыстарын өзінің қатысуынсыз өткізуді сұраған Мініғұлов.

Жәбірленушінің сөзінше, ол арқасына пышақ тигеннен кейін есін жоғалтқан. Тәжбеновтың қайтыс болғанын өзіне ота жасалған ауруханада жатқанда тергеушіден білген.

Тәжбеновтың ұлының топшылауынша, сотта тергелген куәгерлердің бірі әкесіне қарсы науқан бастап, адамдарды оны кәсіподақ басшысы қызметінен алып тастауға үгіттеген. Сотта 12 адам қол қойған хат пен “Кәсіпқорған” салалық кәсіподағы басшысының қызметіне наразылық туралы айтылған жиын туралы да сөз болды. Қорғаушы тараптың пікірінше, бұл наразылыққа Тәжбеновтың "Кәсіпқорғанның" бірнеше бөлімінің қаржылық қызметін тексеруді тапсырып, бұған келіспеген басшыларды жұмыстан шығаруы себеп болған.

Сотта түсініктеме берген куәгер, Тәжбеновтың бұрынғы орынбасары Жанат Сәменов бастығына қарсы хат дайындауға қатысы жоғын айтты. Ол сотта "Тәжбеновтың қызметін алғыңыз келді ме?" деген сұраққа "Жоқ" деп жауап берді.

– Мініғұловтың қорғауында болған жоқпын. Ешқандай өтініш жазбадым. Тәжбенов шаруаларымен басқа қалаға кеткен кезде жиын өткіздім. Кешкі бағдарлама болатын, адамдар еркінсіп, наразылық білдіре бастады. Мен бәрін жазып алдым. Тәжбенов келгенде жазып алған мәселелерімді айтып, адамдар қысымға (жұмысынан босатылған кәсіподақ қызметкерлерінің шағымы – Ред.) шағынып жатқанын жеткіздім. Өтініш бар дедім. Тәжбенов бұл мәселені шешу керегін айтты. Кейін Мініғұловпен жиын өтті. Оған Тәжбенов қатысқан жоқ, ауруханада болды, – деді куәгер Жанат Сәменов.

Сотта түсініктеме берген, Тәжбеновпен бірнеше жыл жұмыс істеген басқа куәгерлер оған жақсы баға берді.

– Шынымды айтсам, Тәжбенов пен Мініғұловтың арасында не болғанын білмеймін. Бірақ Тәжбеновты бірнеше жылдан бері білетіндіктен, оның біреумен кикілжіңге келуі мүмкін емес деп ойлаймын,– деді куәгер.

"ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРУГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗУ": ІС ТОҚТАДЫ

Азаттық тілшісі осы іске қатысты зерттеу жүргізумен айналысқан Қарағанды облыстық полиция департаментінен "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша жүріп жатқан тергеудің немен аяқталғанын сұрады.

Фотоның сипаттамасы: Жезқазған облысындағы "Аманат" кәсіподақ ұйымының басшысы Берік Жағыпаров (сол жақта) "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов.
Фотоның сипаттамасы: Жезқазған облысындағы "Аманат" кәсіподақ ұйымының басшысы Берік Жағыпаров (сол жақта) "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов.

"Тәжбеновтың өлім фактісі бойынша "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп, қылмыстық құқықбұзушылықтың табылмауына байланысты істі тоқтату туралы шешім қабылданды", – деді Азаттықтың сұрағына жауап берген Қарағанды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Полиция департаменті "сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтынын" айтып, Азаттықтың қалған сұрақтарына жауап бермеді. Сотқа дейінгі тергеу органына шиеленіске толы істі нақтылауға көмектесетін төмендегідей қарапайым сұрақтар қойылды:

  • Айыпталушыны Мініғұловтың өміріне ықтимал қастандық жасауға және өзін өлтіруге не итермелегені анықталды ма?
  • "Айыпталушыны ешкім өлтірмеген, ол өзіне қол жұмсаған" деген қорытынды қандай негізде жасалды?

Жұмбақ жағдайда қайтыс болған Тәжбеновтың ұлы "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қозғалған істі тоқтату туралы шешіммен келіспейді.

– Біз келіспейміз. Объективті тергеу болғанын, істің қайта тергеуге жіберілгенін қалаймыз. Тергеушілер қазіргі заңбұзушылықтарды жойып, өз жұмысын объективті атқарса екен. Істі жарты жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізіп, барлық нұсқаны қарастырса дейміз,– деді соттағы сөзжарыстан кейін Азаттық тілшісіне пікір берген марқұмның ұлы Нұрсұлтан Тәжбенов.

"Қазақмыстағы" қайғылы жағдай 2020 жылы 21 қаңтар күні кешкісін Жезқазғанда болған. Осы күні "тау-кен байыту кешені бас директорының кабинетінен оқ дауысы естілді" деген сыбыс тараған. Түнге таяу Қарағанды облыстық полиция департаменті кеңседе "ұрыс-керіс" болғаны туралы хабарлама таратты. Полиция "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Кәсіпқорған" кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов тау-кен байыту кешенінің директоры Амангелді Мініғұловтың арқасына және кикілжіңді тоқтатуға тырысқан корпорация қызметкері Сабыржан Тембаевтың сол жақ кеудесіне пышақ жарақатын салғанын мәлімдеді. Полиция белгісіз "куәгерлерге" сілтеп, Тәжбеновтың өзінің сол жақ кеудесіне пышақ салып, оқиға орнында көз жұмғанын айтқан. Мініғұлов пен Тембаев ауруханаға жеткізілген.

Тәжбеновты жерлеу рәсімінен кейін "Қазақмыс корпорациясының" ресми сайтында басқарма төрағасы Эдуард Огайдың Тәжбеновты адал әрі кәсіби біліктілігі жоғары адам ретінде сипаттаған мәлімдемесі жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG