Accessibility links

Қазақстан көкпаршылары жеңілгенімен "мақсатқа жеткен"


Қазақстан - Өзбекстан құрамасының көкпар тартысы. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2018 жыл
Қазақстан - Өзбекстан құрамасының көкпар тартысы. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2018 жыл

Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан көкпаршыларының жеңілісі жанкүйерлер арасында шу туғызды. Осыдан кейін елдің ұлттық спорт федерациясы Астанада жиын өткізіп, көкпаршылардың жеңілісіне байланысты түсінік беруге мәжбүр болды.

Қазақстан көкпар құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жартылай финалда Өзбекстан құрамасынан 4:5 есебімен жеңілген. Ойыннан кейін қазақстандық көкпаршылар Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналистері қойған сауалға жауап бермеген. Ал қырғызстандық көкпаршы Асқат Асқаров "Қазақстан мен Қырғызстан арасында ойын болған жоқ. Бізбен ойнағысы келмей, әдейі жеңілді" дейді.

Қарай отырыңыз: Қазақ көкпаршыларының жеңілісі

Қырғызстан көкпар құрамасының ойыншысы Талас Бегалиевтің пайымдауынша, Қазақстан көкпаршылары Өзбекстанға жеңісті беріп қойған.

- Былтыр ЭКСПО қарсаңында Астанада өткен көкпарға Қырғызстан командасын өзім бастап апардым. Бізге жататын жатақхана да берілмеді. Соған қарамастан ойнадық. Ал [Қазақстан көкпаршыларына] барлық жағдайды жасап берсек те, бізбен ойнағысы келмейді. Көкпардан қарымта ойын өткізейік, ойнайық дедік. Ойнамады. Егер аттары жоқ болса, не үшін көкпарға келді, - дейді Талас Бегалиев.

Қазақстан көкпаршылары үшінші орын үшін өткен ойында Мәскеу құрамасын 18:1 есебімен жеңді. Қырғызстан Өзбекстаннан басым түсіп, чемпион атанды. Ойындардың алдында жанкүйерлер көкпар жарысының финалында Қырғызстан мен Қазақстан ойнайды деп күткен.

"ЖАСТАР БІЗ КҮТПЕГЕН ЖАҚСЫ ОЙЫН КӨРСЕТТІ"

Қазақстан көкпар федерациясының президенті Ерлен Оспанов жарысқа жастарды апарғанын, Өзбекстан құрамасының, шынымен, мықты болғанын айтады.

- Бұл - әлем чемпионаты емес, бұл - Азия чемпионаты емес, бұл- турнир. Басқаша айтсақ, іргелес жатқан қырғыз елінің тойы. Сол тойға жастарды алып, тойлап қайтайық деген ниетпен барғанбыз. Жастар өте жақсы, біз күтпеген ойын көрсетті, - дейді ол.

Қазақстан көкпаршылары Өзбекстаннан жеңілгеннен кейін жанкүйерлер ойыншыларды сынап, Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеуханның (мәжіліс депутаты) отставкаға кетуін талап етті.

Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеухан
Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеухан

Жанкүйерлер шуынан кейін Бекболат Тілеухан қыркүйектің 10-ы күні брифинг өткізіп, жеңілістің себебін түсіндіруге тырысты.

- Бұрын ересектер құрамасы барып (2016 жылғы Көшпенділер ойынына – ред.), Қырғызстаннан жеңіліп қалған. Біз ақылдасып, биыл жастарды жібердік. Бұл- әлем чемпионат емеc, фестиваль ғой. Жастар да піссін, тәжірибесін жетілдірсін дедік. Мақсатымыз орындалды. Өте жақсы тәжірибе жинады. Өзбекстан құрамасында сақа жігіттер ойнады. Қазақстаннан жас балалар ойнады. Соған сай өте жақсы ойнады. Трагедия жасаудың керегі жоқ, - деді ол.

Бекболат Тілеухан егер орнын алмастыратын лайықты адам болса, Ұлттық спорт федерациясынан кетуге дайын екенін, бірақ өзіне тиесілі жұмысты жасап жатқанын жеткізді.

Федерация президенті өз сөзінде "Қазақстандағы жарыстарда әділдіктен бір миллиметр де таймағанын" айтып қалды. Бірақ шетелдегі қай жарыста қандай әділетсіздік болғанын ашып айтпады.

"ФРАНЦИЯ МЕН АМЕРИКАДАН КІМ АТ АЛЫП КЕЛЕДІ?"

Көшпенділер ойыны басталған сәтте Қазақстан көкпар құрамасы жарысқа шығудан бас тартқан. Қазақстан тарабы Қырғызстаннан көкпарға шабатын ат беруді, салым тастайтын қазандықты алып тастап, серкені жерге сызылған шеңберге тастауды талап еткен.

Кейін қазақстандық тарап "көкпарға шабатын ат берілгенін, бірақ тайқазанға қатысты талап орындалмағанын, сонда да ойынға қатысуға келісім бергендерін" әлеуметтік желі арқылы жариялаған.

- Атпен шақырған жаққа барасың. Бірақ Франциядан, Америкадан кім ат алып келеді? Әдетте кім шақырса, сол ат дайындап қояды. Екіншіден, біз бәрібір Қырғызстан секілді ат дайындай алмаймыз... Десе де, келесі сөздерім біздің жігіттердің көңіліне аздап келуі мүмкін. Айып етпеңіздер. Бірақ қырғыз секілді ат дайындай алмайсыздар, - деді Бекболат Тілеухан жиында.

Қазақстан - Өзбекстан құрамасының көкпар тартысуы. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2018 жыл
Қазақстан - Өзбекстан құрамасының көкпар тартысуы. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2018 жыл

Бұрын Қазақстан Ұлттық спорт федерациясында ұзақ жыл қызмет еткен халықаралық дәрежедегі төреші-жаттықтырушы Рамазан Сәттібаевтың пайымдауынша, көкпардан екі елге ортақ ереже қажет.

– 1999 жылы жеті мемлекет бірігіп, халықаралық ұлттық спорт федерациясын құрдық. Оның штаб-пәтері – Қырғызстанда. Сол кезде көкпарды «қазандықта ойнаймыз» деп шешім қабылдағанбыз. Ол шешім әлі өзгерген жоқ. Ал осыдан екі жыл бұрын шеңберде ойнау туралы Қазақстан тарабы ереже қабылдады. Оны бәріміз қолдадық. Бірақ ол ереже тек Қазақстан ішінде болу керек еді. Бірақ біз Азия чемпионатын, әлем чемпионатын өткіздік. Қырғызстан тарапы бұған ескерту жасады, бірақ біз назар аудармадық. Екіншіден, 1999 жылғы қабылданған ереже бойынша серкенің салмағы 38 келіден аспау керек болатын. Бірақ Қазақстан жарыстарға 43 келі тартатын серкені шығарды. Осы сияқты түрлі сылтаулармен осы жолы Қырғызстанға барғысы келмеді. Өзбекстаннан да өтірік жеңілдік. Қырғызстанның Қазақстанға ешқандай жаулығы жоқ. Спорт екі елдің арасын жақындатуы керек еді. Бірақ көкпардағы дау екі елдің арасын алшақтатып барады, -дейді Рамазан Сәттібаев.

2018 жылдың 2-8 қыркүйек күндері аралығында Қырғызстанда Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойын өтті. Қазақстан 18 алтын, 24 күміс, 30 қоламен (барлығы – 72 медаль) екінші орын алды. Бірінші орынды 40 алтын, 32 күміс, 31 қоламен Қырғызстан иеленді. Келесі Көшпенділер ойыны 2020 жылы Түркияда өтеді.

Қарай отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG