Accessibility links

Жітіқарада вирустан көз жұмған марқұмның жақындары "дәрігерлердің салғырттығына" қапалы


Медициналық жедел жәрдем көлігі. 15 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Медициналық жедел жәрдем көлігі. 15 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қостанай облысы Жітіқара ауданы тұрғыны Сапаржан Темірбеков коронавирустан қайтыс болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы "марқұм ауруханаға қаралмай, өз-өзін емдеген" деп мәлімдеді. Бірақ Темірбековтің жақындары "жедел жәрдем қызуы көтерілген науқастарды бірден ауруханаға алып кетпегенін" айтады. Ал денсаулық сақтау министрлігі науқастың қазасын тексермек.

Қостанай облысы Жітіқара ауданы тұрғыны Сапаржан Темірбеков 76 жасқа толуына бес күн қалғанда, сәуірдің 15-іне таңертең ауруханада коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Онымен бірге ауруханаға түскен әйелі - 65 жастағы Балтабике Әбдірашеваға да дәрігерлер коронавирус инфекциясы диагнозын қойған.

НАУҚАСТЫҢ ЖАҚЫНДАРЫ ДӘРІГЕРЛЕР СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Сапаржан Темірбеков ауруханада қайтыс болған соң артынша Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник брифинг өткізіп, "пациенттің сөзінше, одан коронавирус белгілері сәуірдің 5-іне байқалған. Ол дәрігерге хабарласпай, өз бетінше емделе берген" деп мәлімдеді. Бірақ марқұмның жақындары Дудниктің сөзімен келіспейді.

- Біз анамыздың жұбайын "ата" дейміз. Ол біздің туған әкеміз емес. Өткен бейсенбі, сәуірдің 9-ы күні алдымен атамыз, кейін анамыз ауырды. Сенбі, сәуірдің 11-іне жедел жәрдем шақырып едік, "әдеттегі суық тию. Коронавирус симптомдары жоқ, жөтел жоқ" деді. Ауруханаға алып кетіп, тест алуын сұрап едік, "дәрігерлер жоғын" айтып, "дүйсенбі күні терапевтке қаралуға келіңіздер" деп кетті. Қызу түсіретін парацетамол сияқты дәрілер жазып берген, соны ішті. Жексенбі, сәуірдің 12-іне жағдайлары нашарлап, тағы жедел жәрдем шақыртып, Жітіқараға аурухана әкетті. Сол күні анализ алып, құжат толтырумен бес сағаттай уақыт өтті. Рентгенге түсіп, анамызда екі жақты пневмония, ал атамызда оң жақ пневмония екені анықталды, - дейді Азаттыққа Балтабике Әбдірашеваның үлкен қызы Алтын Тұяқова.

Коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқасқа аурухананың интенсивті терапия бөлімінде көмек көрсетіп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.
Коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқасқа аурухананың интенсивті терапия бөлімінде көмек көрсетіп жатқан дәрігерлер. Көрнекі сурет.

Алтынның сөзінше, сәуірдің 12-іне Жітіқарадағы ауруханада анасы мен өгей әкесінен коронавирус бар-жоғын анықтау үшін анализ алған. Дәрігерлер сынаманы Қостанайға жіберіп, "бір тәулікте қорытындысы келуі керек" деген. Алайда қорытынды екі күннен соң, сәуірдің 14-і түстен кейін келген. Екеуі де коронавирус жұқтырғаны анықталған.

- Оларды алдымен бір палатаға, кейін хирургия бөліміне жатқызған. Осы аралықта анамызбен үнемі телефон арқылы хабарласып тұрдық. Ол дәрігерлердің өздеріне арнайы бокс дайындап жатқанын айтты. Сонда ешқандай дайындық та болмағаны ғой. Оларды оқшауламаған да. Дүйсенбі күні атамыздың тыныс алуы қиындады. Ал анамыз температурасы қатты көтеріліп, өздігінен жүріп-тұрудан қалды, тіпті бізбен әрең сөйлесіп отырды, - дейді ол.

Сәуірдің 15-іне таңертең ауруханада қайтыс болған Сапаржан Темірбековті сол күні түстен кейін жерлеген. Алтын Тұяқованың шешесі "күйеуінің денесін көзінше ақ кебінге орап, целлофан пакетке екі қайтара орап, табытқа салып, сыртынан шегелеп тастағанын" айтқан. Жерлеу рәсіміне жақындары қатыстырылмаған.

- Имамның өзі алыста тұрып жаназа оқыпты, бізге видеосын түсіріп көрсетеміз деді. Мұның барлығы дәрігерлердің салғырттығынан деп білем. Елде осы дертке қарсы миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Ал аймақтардағы науқастарға не аппарат жетпейді, не қалаға алып баратын көлік жоқ, тіпті атамызды қалаға апармаса да, Қостанайдан дәрігерлер мен дәрі-дәрмекті жылдам жеткізетін санавиация болмағаны ма? - дейді Алтын Тұяқова.

Ол дәрігерлер қазір анасының дем алуы қиындаған сәтте жасанды тыныс алу аппаратына ара-тұра қосып жатқанын айтады. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы науқас Балтабике Әбдірашеваның жағдайы орташа ауыр деп мәлімдеді.

Коронавирус кезінде Нұр-Сұлтан көшесін дезинфекциялап жүрген адамдар.
Коронавирус кезінде Нұр-Сұлтан көшесін дезинфекциялап жүрген адамдар.

Алтын Тұяқованың айтуынша, анасы мен өгей әкесі наурыздың 7-10 аралығында Нұр-Сұлтанға барып келген. Кейін анасы 14-25 наурыз базардағы нан сататын жұмысына шығып келген. Одан кейін күйеуі екеуі үйден мүлдем шықпаған. "Сондықтан вирус сол базарда жұққан болар" деген болжам айтады.

Қазір Алтын Тұяқованың ата-анасының жанында үнемі болған екі сіңілісінен де анализ алынған, қорытындысы әлі белгісіз.

ЖІТІҚАРА АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері Рүстем Айтбаев "дәрігерлерде ерлі-зайыптыларда коронавирус болуы мүмкін деген күдік болмағанын" айтады.

COVID-19 вирусына тексеру үшін қан алу. Көрнекі сурет.
COVID-19 вирусына тексеру үшін қан алу. Көрнекі сурет.

- Себебі олар түскенде ауруы жайлы қағазда (история болезни) облыстың сыртына шықты деген әңгіме болған жоқ. "Жітіқара ауданынан шыққан жоқ" деген соң еш күдіктенген жоқпыз. Ал Жітіқара ауруханасында науқастарды оқшаулайтын бокс жоқ деген сөз - жалған. Бізде 20 орынға арналған толықтай бөлек тұрған ғимаратымыз, оның ішінде бокстарымыз бар. Иә, бізде экспресс тест жоқ. Біз ПЦР тест (қан анализі) жасаймыз. Егер науқас бүгін түсетін болса, таңертең тест Қостанайда болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Ол кісілерден жексенбі кешке тест алдық, дүйсенбі таңертең Қостанайда болды. Қорытындысын сейсенбіде алдық. Апаның (Балтабике Әбдірашева – ред.) жағдайы қазір орташа, өзі демалып жатыр, есін біледі, тамақ ішіп жатыр, - деді бас дәрігер Азаттық тілшісіне.

Айтбаевтың сөзінше, қариялармен қарым-қатынаста болған жеті адам, оның екеуі – қызы мен жиені, аурухананың провизорлық стационарында карантинде жатыр. Ал қалған бес адам үйінде.

- Барлығынан сәуірдің 14-іне түнде шұғыл түрде анализ алынған. Қорытындысы ертең я арғы күні (16-17 сәуірде – ред.) келуі тиіс, - деді ол.

Адамдардың дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Адамдардың дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева сәуірдің 15-іне Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Жітіқарадағы өлім фактісі бойынша тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады.

- Коронавирус жұқтырған кез келген адам оқшауландырылады. Ерлі-зайыптылар да вирус жұқтырғаны расталғаннан кейін бір-бірінен бөлек орналастырылды. Қалай болғанда да, осындай қайғылы оқиғадан кейін комиссия тексереді. Министр тексерісті екі күннің ішінде аяқтауға тапсырма берді. Оның нәтижесін қосымша хабарлаймыз, - деді вице министр.

Қазірге дейін Қазақстанда 1295 адамға коронавирус жұққаны анықталды. 240 адам дерттен айықты. 16 адам көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG