Бүгінгі сот отырысында айыптау жағынан бір куәгер, қорғау тарапынан бірнеше куәгер сұралды. Ең әуелі айыптау жағы Сапаржан Сапарғалиұлы есімді куәгерді әкелді. Бұл – Юлия Козлованың үйін тінтіген кезде айғақ беруші ретінде көшеден шақырылған екі адамның бірі (понятой – ред.). Екінші куәгер Дәурен Дабылов сотқа шақырылғанмен келмеген болып шықты. Козловаға қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлімі бойынша («есірткі, психотроптық заттарды заңсыз әзірлеу, өңдеу, сатып алу, сақтау, сату мақсатынсыз тасымалдау») айып тағылған.
Ол сотта досы Дәурен екеуі таң ата интернет клубтан қайтып келе жатқан кезде полиция өкілінің айғақ болуға шақырғанын, келіскендерін айтты. Сотқа қатысушыларды назар аудартқан нәрсе – екі айғақтан полицияда сұрақ жауап алу сәті және айғақтың бірі Дәурен Дабыловтың пистолетпен және полиция формасымен түскен интернеттегі суреттері.
Қорғау тарабының сұрақтарына жауап берген Сапаржан Сапарғалиұлы тінтуден кейін тергеушілердің Дәурен Дабылов екеуінен сұрақ жауап алғанын, «қатар отырып жауап бергендерін» айтты.
Сот барысында қорғау тарабы куәгерге полицей формасын киіп, пистолет ұстап түскен екінші айғақтың суретін көрсетіп, оның қай жерде оқитынын немесе жұмыс істейтінін анықтауға тырысты. Бірақ куәгер оны білмейтінін айтты. «ВКонтакте» желісінде екінші айғақтың ішкі істер академиясында оқитыны туралы жазылғанын ескерткен адвокат: «Бір біріңізді көптен бері біле тұра оның қайда оқитынын білмейсіз бе?» деп сұраған кезде куәгер: «Жоқ, білмеймін, білгім келген жоқ» деп жауап берді.
Бұдан соң адвокат судья Людмила Бектеміровадан бұл суреттерді іске енгізуді сұрады. Ал прокурор «суреттердің фотошоп болуы мүмкін екенін айтып» қарсы шықты. Судья қорғау тарабының өтінішін қабылдады.
Сот барысында екінші айғақ Дәурен Дабыловтың ішкі істер академиясында оқитыны расталса, онда оның айғақ ретінде тартылуы заңсыз болатыны анықталды.
Юлия Козлова куәгердің айтқандарымен келіспейтінін, тінту барысында екі айғақтың тәуелсіз бақылаушы ретінде көрінбегенін, «тергеушілерге көмектесіп отырғандарын» айтты.
Қысқа аралық үзілістен соң қорғау тарабынан адам құқығын қорғау бюросының бөлім жетекшісі Сергей Дуванов, Юлия Козлованың әріптестері Оксана Макушина, Татьяна Панченко, Татьяна Трубачева куәлік беріп, айыпталушы Козлованы тек жақсы жағынан білетіндерін айтып, «оның есірткімен айналысуы мүмкін емес екенін» айтты.
Сот барысында екі тарап судьяға бірнеше өтініш түсірді. Солардың арасында сотта дау тудырғаны – қорғау тарабының «қылмыстық іс жайлы» қаулыға прокурордың түсініктеме бергізу туралы өтініші. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, «есірткі сақтау» оқиғасы бойынша Юлия Козлованың ісі сотта қаралып жатса, дәл осы оқиға бойынша материалдар бөлініп, Юлия Козлованың әпкесі Елена Козловаға қатысты тағы бір іс туындауы мүмкін екен. Қылмыстық кодекстің 296-бап, 2-бөліміне сүйенген қорғау тарабы «бір оқиға бойынша екі қылмыстық іс болмайтынын айтып» прокурорды қаулыға түсініктеме бергізуге міндеттеуді сұрады. Алайда судья Людмила Бектемірова «Қазақстан заңы бойынша прокурорды міндеттей алмайтынын, егер қорғау тарабы қаулымен келіспесе, тиісті органға шағымдануға құқығы бар екенін» айтты.
Келесі сот отырысы ақпанның 18-і Бостандық аудандық сотында түскі сағат 15.30-ға белгіленді.
Алматы полициясы 18 желтоқсанда Nakanune.kz редакторы Гузал Байдалинованың пәтерін, сайт редакциясын және журналист Юлия Козлованың пәтерін тінткен. 2015 жылдың желтоқсанынан бері Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Гузал Байдалинова тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп мәлімдеді. Байдалинова «Қазкоммерцбанк» арызы бойынша қозғалған көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша айыпталды. Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігін Nakanune.kz сайтының қызметкерлерін қамаудан босатуға шақырған.
Юлия Козлова бұл іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде тартылған. Оның әпкесі 36 жастағы Елена Козлова бұл іске куәгер ретінде шақырылған. Юлия Козлованың Азаттыққа айтуынша, 2008 жылы оның әпкесі мен жездесі есірткіге қатысты сотталған. 2010 жылы екеуі түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай жездесі қайтыс болған, ал Елена қиналса да оңалу кезеңінен өткен. Сондықтан ол баласы Иванды Юлияның қолында қалдырып, өзі Қостанай облысында тұрған. Юлия Козлованың айтуынша, қазір әпкесі есірткіге жоламайды, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, гамбургер әзірлеп, сатады. Бірақ соңғы кезде бизнесі «жүрмей», Алматыға келіп, Юлия Козлованың үйінде тұрып жатқан.