Наурыздың 14-і күні үкім шығарған судья 37 жастағы Бишімбаевті Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету"), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру") бойынша айыпты деп танып, 10 жылға соттады. Судья, сонымен қатар, Бишімбаевті мемлекеттік басшылық қызметті атқару құқығынан өмірбақиға айырып, қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуге үкім кесті. Сот бұған қоса президенттің атына экс-министрдің мемлекеттік "Құрмет" орденін қайтарып алу туралы ұсыныс жасауға ұйғарды.
Соттан кейін Қуандық Бишімбаевтың әйелі, қоғамдық қорғаушысы Назым Бишімбаева Азаттық тілшісіне "Қуандық Бишімбаев мұндай жазаға лайық емес. Оны ақтау керек еді. Ақталады деп ойладым. Аппеляциядан үміт күтеміз. Ол мұндай қылмыс жасамады. Дәлелдері жеткіліксіз. Бұл сот шешімі қоғам үшін қауіпті. Аппелация ақтайды деп қатты үміттенеміз. Еуропалық сотқа шағымдануды да жоққа шығармаймыз" деді.
Бишімбаевтың адвокаттары Сейіт Рахман мен Салимжан Мусин сот шешімімен мүлде келіспейтінін, аппелациялық шағым түсіретіндерін айтты.
Сот үкімі бойынша, Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Жаза мерзімі ол қамауға алынған 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап есептелмек. Бұған дейін айыптаушы прокурор Сәуле Сыдықова соттан Бишімбаевті 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.
2018 жылы қаңтардың 8-і күні өткен сот процесінде Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған, бірақ «президент пен халықтың үмітін ақтамағаны үшін кешірім» сұраған.
Видео: Бишімбаев Назарбаевтан кешірім сұрады
Қуандық Бишімбаев 2016 жылы ұлттық экономика министрі қызметін сегіз ай атқарған. Ол 2017 жылы қаңтардың 10-ы күні "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алған" деген күдікпен ұсталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар тағылғаны туралы хабарлаған. Тергеу барысында Бишімбаевтың қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Осы іс бойынша қамалған "Бәйтерек Development" компаниясы басшысы Бақыт Жақсыбаев 4 жылға, басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Алты ай бойы жүрген сот процесінде Бишімбаевпен бірге 11 күдікті қамауда отырды. Кейбірі кінәларын мойындап, прокуратурамен процессуалды келісім жасап, босап шықты.
Тергеу дерегінше, "Бишімбаев "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынған қолжетімді баспана құрылысын жүргізуге байланысты компаниялардан ірі көлемде пара алған. Ол кезде Бишімбаев "Бәйтерек Development" ұлттық компаниясының басшысы қызметін атқарған. Сонымен бірге, Бишімбаев 2016 жылы басталған Қызылордадағы шыны зауытын салу кезінде құрылыс компаниясынан пара алып, нысанды салуға мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырған. Бұл іс бойынша сотталған өзге 22 адам "Бәйтерек Development" ұлттық компаниясының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының өкілдері. Олардың дені айыптарды мойындап, экс-министрге қарсы куәлік берген".
Прокурорлардың айтуынша, экс-министр "қылмыстық жолмен тапқан қаржының" біразын Астана маңындағы Қосшы ауылындағы коттедж құрылысына жұмсаған. Бишімбаевтың өзі болса, үйдің жеке меншігі емес екенін, құрылысқа бірнеше адам ақша қосқанын айтқан.
Сот үкімінен тікелей трансляция. 14 наурыз 2018 жыл.