БАС ПРОКУРОРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ
1 ақпан күні Алматыда билік өкілдері Салтанат Құсманқызын үйінен абақтыға алып кетті. 19 қаңтарда Жоғарғы сот 40 жастағы Салтанат Құсманқызын қайтадан түрмеге қамауды сұраған Бас прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Алматы қаласы апелляциялық сот алқасының Салтанаттың жазасын жеңілдетіп, қамаудан босату туралы былтыр көктемде шығарған шешімін бұзған.
2019 жылғы 12 шілдеде Алматының Бостандық аудандық соты Салтанат Құсманқызын алматылық "Минметалс Қазақстан" және "Ас-Ай ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне тиесілі "77,4 млн теңгені иеленіп алғаны" және ақша ұрланғаны жайлы полицияға "көрінеу жалған сөз жеткізгені" үшін айыпты деп танып, оны материалдық жауапты жұмыстармен айналысу құқығынан 5 жылға айыру және 8 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған еді.
Бірақ өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған Салтанат Құсманқызы мен оның адвокаттары "Бостандық аудандық соты дәлел жоғына қарамастан әділетсіз үкім шығарды" деп апелляциялық шағым берген.
2020 жылғы 31 сәуірде Алматы қалалық сотының апелляция алқасы Салтанат Құсманқызының ұрлық жасалғаны жайлы полицияға хабарлаған іс-әрекетінде "қылмыс құрамының болмауына байланысты" оған тағылған "көрінеу жалған сөз жеткізу" айыбын алып тастаған. Ал "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иелену" бабымен (1997 жылғы Қылмыстық кодекстегі) тағылған айыпты қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің "кәсіби міндетіне немқұрайлы қарау" бабына ауыстырып, Құсманқызын екі жылға бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Заңға кейіннен енген өзгерістерге сәйкес, Салтанат Құсманқызының тұтқынға алынған сәттен бастап қамауда өткізген әр күні екі күнге есептеліп, ол 2020 жылы сәуірде бостандыққа шыққан болатын.
Өзіне сеніп тапсырылған 77, 4 млн теңгені иемденіп кеткенін дәлелдеген аудандық соттың үкімін апелляциялық сот алқасы негізсіз бұзған.Салтанат Құсманқызының ісі бойынша Бас прокурордың Жоғарғы сотқа жазғанынан.
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов былтыр 23 қарашада Жоғарғы сотқа түсірген шағымында "Салтанат Құсманқызының өзі жұмыс істеген компанияның басшысы Асқар Жакулин мен оның зайыбы Чжан Вэйдің сеніміне кіріп, ауыр дертке шалдыққан Жакулиннің әйелімен шетелге кеткен сәтін пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған 77, 4 млн теңгені иемденіп кеткенін дәлелдеген аудандық соттың үкімін апелляциялық сот алқасы негізсіз бұзғанын" айтқан.
Жоғарғы сот Бас прокурордың апелляциялық сот алқасы шешіміне наразылығын қолдағанға дейін Азаттық тілшісі Салтанат Құсманқызы мен оның адвокаты Айман Омаровамен, сонымен бірге қарсы тарап – "Минметалс Қазақстан" және "Ас-Ай ЛТД" компаниясының ресми өкілімен де сөйлесіп, әрқайсысының уәжін тыңдаған еді.
БІР ҚОЖАЙЫННЫҢ ҚОС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
1980 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген ұлты қазақ Салтанат Құсманқызы 1999 жылы тарихи отанына қоныс аударып, сол жылы Қазақстан азаматтығын алған. Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы политехника университетін 2005 жылы "инженер-бағдарламашы" мамандығы бойынша тәмамдаған Салтанат Құсманқызының Қазақстанға Қытайдан ауыр жүк техникалары мен оның қосалқы бөлшектерін жеткізіп, сатумен шұғылданатын "Минметалс Қазақстан" және "Ас-Ай ЛТД" компанияларына еңбек шарты негізінде экономист болып жұмысқа орналасқаны сот материалында көрсетілген. Бұл компанияларының иесі Асқар Жакулин де Қытайда дүниеге келген қазақ, ол 2000 жылдардың басында Қазақстанға қоныс аударып, осы елдің азаматтығын алған.
Салтанат 2007 жылдан бастап 2014 жылдың соңына дейін Жакулиннің меншік компаниясында Қытайдан келген тауарларды қабылдау, олардың техникалық құжатын дайындау секілді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқанын айтады.
– Компанияның бас директоры Асқар Жакулиннің әйелі Чжан Вэйдің тапсырмасын орындайтынмын. Чжан Вэй компанияда ресми түрде жұмыс істемесе де офисте отыратын. Сол кісінің тапсырмасы бойынша кіріс-шығыс дәптеріндегі есептерді компьютерге теріп, кеңсе тауарларын әкеліп жүрдім, Сонымен бірге техника сатудан түскен ақшаны қабылдап, оны Чжан Вэйге тапсыратынмын, – дейді Салтанат Құсманқызы.
Салтанаттың сөзінше, компаниядан техника сатып алған клиенттерден ақшаны Жайна, Касира, Расул, Рауан, Айша Камал, Арай, Мөлдір есімді адамдар қабылдаған. Салтанат өзі "компанияның екінші есеп-қисап дәптері" деп атаған құжатты да көрсетті. Қытай иероглифімен жазылған дәптерде әр жылдары өзге адамдардың қойған қолы бар.
– Компанияда бухгалтерлік есеп теңгемен жүргізілді. Бірақ сауда-саттық доллармен де жасалатын. Егер сатып алушы теңгемен есептессе, ол қаржы кассаға түседі. Ал доллармен есептессе, ол ақшаны жоғарыда аты аталған адамдар Чжан Вэйге беретін, ол болса ақшаны үйіне апарып сақтайтын, – дейді Салтанат.
Оның айтуынша, 2014 жылдан бастап Асқар Жакулин әйелі екеуі Қытайға, Жапонияға бірнеше рет барып жүрген.
– Қыркүйекте кезекті рет Қытайға кетер алдында олар мені үйіне шақырып алып, "біз кетеміз, сен үйде бол, жұмысқа үйден қатына. Техникадан түскен ақшаны, долларды үйге әкеліп мына гардеробқа, шкафтың ішіне сақта" деп сыртқы есік пен гардеробтың кілтін маған тастап кетті, – дейді Салтанат.
Оның сөзінше, өзімен бірге үй қызметшісі, үй иесінің екі баласы мен олардың тәрбиешісі қалған.
– 2014 жылдың тамыз айынан бастап (компанияда) ақшаны қабылдаумен Мөлдір Дәулетхан деген қыз айналысатын. Чжан Вэй барда Мөлдір ақшаны соған беретін. Чжан Вэй күйеуімен бірге Қытайға кеткен кезде мен Дәулетханнан долларды алып, Чжан Вэйдің айтқаны бойынша, гардеробтың ішіндегі сейфтің үстіндегі аяқ киім қорабына жинап жүрдім. Сейфтің кілті менде болған жоқ. 2014 жылғы 1 қазан күні Қытайдан оралған Чжан Вэйге 240 мың долларды санап бердім. Бұл қыркүйек айында Дәулетханнан алған ақша болатын. Бұдан кейін олар желтоқсан айында қайта шетелге кетті. Желтоқсанда 430 мың доллар (сол кездегі бағаммен 77,4 млн теңге – ред.) жиналды. Барлығының кіріс-шығыс есебі түгел тұр, – дейді Салтанат.
Ол ірі көлемдегі ақшаны үйде сақтаудың себебін "2013 жылы кеңседен ақша жоғалды" деп түсіндіреді. Салтанаттың сөзінше, 2014 жылғы 22 желтоқсанға дейін компанияға түскен ақшаның кіріс-шығысы туралы Чжан Вэйге WeChat мессенджері арқылы есеп беріп отырған.
– 22 желтоқсаннан бастап жұмыстағы қыздардың басым бөлігі демалысқа үйіне кеткендіктен есеп беріп үлгермедім, – дейді Салтанат.
Ол WeChat арқылы "Чжан Вэйге жазған хаттарының" көшірмесін көрсетті. 2014 жылғы 22 желтоқсандағы "Қазір қолымда 157300 доллар тұр. Өзімде қалдырайын ба, әлде теңгеге айырбастап, банктегі есепшотқа жіберейін бе?" деп жазған хатына Чжан Вэйдің "Қалдыр" деп қана жауап бергенін айтады.
"ҰРЛЫҚ"
Салтанаттың сөзінше, 2014 жылы желтоқсанның аяғына қарай Чжан Вэй Алматыдағы пәтерінде қалған екі баласы мен олардың тәрбиешісін "Жаңа жылды бірге қарсы аламыз" деп Қытайға шақырып алған.
– Үй қызметшісі Кентауға, үйіне кетті. Алматыдағы үйде он екі жастағы бөле сіңілім екеуміз ғана қалдық, – дейді Салтанат.
Салтанат 2014 жылғы 31 желтоқсанда Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын әкесінің ауырып жатқаны туралы хабар алған соң пәтердің есігін кілттеп, ауылға кеткенін, Алматыға 2015 жылғы 2 қаңтар күні түстен кейін бір-ақ оралғанын айтады.
– Мен келген кезде пәтердің есігі жабық тұрды. Бірақ ішке енген кезде теледидар қосулы тұрғанын аңғардым. Өзім ешқашан теледидар қосып көрмегем, тіпті қалай қосуды да білмейтінмін. Жүгіріп гардеробқа барсам аяқ киім салатын ақ қағаз қораптағы ақша жоқ. Бірден төменге түсіп, полицияға хабарладым, – дейді Салтанат.
Құсманқызы жан-жаққа телефон шалып, болған жайтты баяндағаннан кейін үйге компанияның бас бухгалтері Айнагүл Атыраубаева келгенін айтады.
– Ол мені оңаша бөлмеге шақырып алды да, "мына 430 мың долларды техника сатудан түскен ақша деме, Асқар Жакулин Медеу жақта салдырып жатқан коттеджге материал алу үшін сақтаған ақша деп айт" деп үйретті. Осылайша мен әуелде тергеушілерге Атыраубаеваның айтуымен сондай түсініктеме бердім. Бірақ кейін ол түсініктемемді өзгерттім, – дейді Салтанат.
Ол өзі жоқта пәтерді белгісіз біреу басқа кілтпен ашып, ақшаны ұрлап кеткен деп санайды.
Полиция пәтерден саусақ іздерін алып, тексеру жүргізген. 2015 жылғы 2 қаңтарда Салтанат Құсманқызының "Асқар Жакулиннің пәтерінен ақша ұрланды" деп берген арызы бойынша Қылмыстық кодекстің "Ұрлық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ 2018 жылғы 8 желтоқсанда Бостандық ауданы прокурорының келісімімен бұл іс қысқартылған. Ал осы істі тергеген Бостандық ауданы полиция бөлімінің тергеушісі Жасұлан Бекбалаев "Көпе-көрнеу жалған ақпарат беру" бабы бойынша Салтанат Құсманқызының үстінен іс қозғап, төрт томдық қылмыстық іс материалдары 2019 жылғы қаңтарда Бостандық ауданы сотына түскен.
АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР
Тергеу материалында Салтанат Құсманқызының "Минметалс Қазақстан" және "Ас-Ай ЛТД" компанияларынан жиынтығы 77,4 млн теңге алғанына негізгі дәлел ретінде 2014 жылдың 18-27 желтоқсан аралығындағы мерзіммен толтырылған тоғыз кассалық шығыс құжаты келтіріледі.
Сотта Салтанат осы құжаттарға қол қойғаны туралы былай деді:
Маған орысша толтырылған тоғыз дана кассалық шығыс құжатқа қол қойғызды. Олардың өткен уақытпен жасалғанын, ондағы жиынтық ақша 77,4 млн теңге екенін кейін білдім.
– 2015 жылғы 15 наурыз күні компания директорының орынбасары Мархабат Шакреева мен кассир Шәмша Нұрманбаева мені шақырып алып, "бұл жоғалған ақшаның орны, бәріміз қол қоямыз, жылдық есеп беруіміз керек" деп, маған орысша толтырылған тоғыз дана кассалық шығыс құжатқа қол қойғызды. Олардың өткен уақытпен, яғни 2014 жылғы желтоқсанның 18, 19, 22, 23, 24 және 27 күндерімен жасалғанын, ондағы жиынтық ақша 77,4 млн теңге екенін кейін білдім.
Салтанат Құсманқызының сөзінше, 2015 жылғы мамырда "Минметалс Қазақстан" және "Ас-Ай ЛТД" компаниялары оны жұмыстан шығарып жіберген. Ал желтоқсанда Алматының Әуезов аудандық соты қос компанияның Салтанат Құсманқызына қарсы берген шағымын қанағаттандырып, жауапкерден екеуінің пайдасына жиынтығы 77 млн 400 мың теңге және мемлекеттік баж алымы ретінде 2 млн 322 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған. Сот Салтанат Құсманқызының аталған екі компания айғақ ретінде көрсеткен әлгі тоғыз кассалық шығыс құжатты жарамсыз деп тануды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
2016 жылы наурыз айында Алматы қалалық сотының апелляция алқасы Салтанат Құсманқызының Әуезов аудандық сотының шешіміне жазған шағымын қанағаттандырмай тастаған.
Салтанат соның салдарынан барлық есепшоттары бұғатталып, он бес жылға ипотекалық несиеге алған пәтерінің ақшасы да кейінгі екі жылдан бері төленбей, банкке борышы екі миллион теңгеге өсіп кеткенін айтады.
2016 жылғы 16 наурызда Чжан Вэй Алматының Бостандық аудандық полиция бөліміне Салтанат Құсманқызының "екі компаниядан 77,4 млн теңгені алаяқтықпен иемденіп кеткенін" айтып арыз берген. Арыз иесі "Ас-Ай ЛТД" және "Минметалс Қазақстан" компанияларының жалғыз құрылтайшысы Асқар Жакулиннің жұбайы екенін, сондықтан аталған компаниялардың заңды тұлғасының атынан сотқа жүгінуге құқығы бар екенін атап көрсетеді. Бірақ ол 2016 жылғы ақпанда қайтыс болған күйеуінен қалған мүлікке мұрагер құқығына 2016 жылы маусым айында ие болған дейді Салтанаттың адвокаттары.
Чжан Вэйдің арызы негізінде Салтанат Құсманқызының үстінен Қылмыстық кодекстің "Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе ысырып ету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жоғарғы соттың 2021 жылғы 19 қаңтардағы қаулысында "Асқар Жакулин емделуіне қаражат қажеті жайлы Салтанат Құсманқызына хабарласып, екі компаниядан техника сатудан түскен ақшадан 500 мың АҚШ доллар жинап, жеке есепшотына салуды сеніп тапсырған. Бұл туралы орынбасары Шакрееваға ескерткен. Құсманқызы 2014 жылдың 18-27 желтоқсан аралығында өзі жұмыс істейтін компаниялардың кассасынан шығыс құжатына қол қойып, сол уақыттағы валюта бағамымен 77, 4 млн теңге болатын 430 мың АҚШ долларын иемденген" деп жазылған.
Ал Жоғарғы сотқа дейінгі болған сот отырыстарында куәгерлер Салтанат Құсманқызының шығыс кассалық құжаттарға қол қойғанын растағанымен, оған ешқашан қолма қол ақша бермегенін айтқан дейді айыпталушының адвокаттары.
Салтанат Құсманқызы "компанияда екі бухгалтерлік есеп жүргізілді" деп, дәлел ретінде ұсынған құжатты сот ескерусіз қалдырғанын айтады. 2019 жылғы 12 шілде күні шыққан Бостандық аудандық сотының үкімінде "Салтанат Құсманқызының ұсынған қытай тіліндегі жазбалары айғақтар қатарынан алынып тастауға жатады және сот оның келтірген уәждерін негізсіз деп есептейді" деп жазылған.
Салтанат өзі ұсынған құжаттарға сот сараптамасын жасатуға екі соттың да қарсы болғанын айтады.
КОМПАНИЯ ЗАҢГЕРІНІҢ УӘЖІ
"Ас-Ай ЛТД" және "Минметалс Қазақстан" компаниялары бүгінде 130-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қытайда өндірілген ауыр (арнаулы) техника мен қосалқы бөлшектерін Қазақстанға әкеліп сатумен айналысатын компанияға Асқар Жакулин қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт оның әйелі Чжан Вэй жетекшілік еткен. Биылдан бастап компанияны Асқар Жакулиннің қызы Айдана басқарады.
Азаттық тілшісі Салтанат Құсманқызының айтқанына байланысты компания қызметкерлері Мархабат Шакреева және Айнагүл Атыраубаевамен сөйлесуге талпынған еді. Бірақ екеуі де ақпарат беруден бас тартты.
Компания заңгері Людмила Кульбакина былай дейді:
– Салтанат Құсманқызы компанияда экономист ретінде тіркелгенімен, Асқар Жакулин мен оның зайыбы Чжан Вэйдің (қызметкерлер Жайна деп атайды) сенімді өкілі ретінде компанияның ішкі ұйымдастыру жұмыстарымен де айналысты және онда материалдық жауапкершілік болды. Жалақысы да жақсы болды. Ол ешқашан жұмыс берушінің үстінен қаржы мәселесі бойынша шағымданбаған.
430 мың доллар компанияның 2014 жылғы желтоқсан айындағы кірісі болатын. Компания тек теңгемен ғана сауда істейді.
Салтанат Құсманқызының үстінен қозғалған іске байланысты компанияға, оның кірісі мен шығысына қатысты барлық құжаттар тіркелген. 430 мың доллар компанияның 2014 жылғы желтоқсан айындағы кірісі болатын. Компания тек теңгемен ғана сауда істейді. 2014 жылы компания жетекшілері қалада болмағандықтан ақшаға Салтанат жауапты болды. Ол күн сайын Чжан Вэймен сөйлесіп отырған. Бірақ қолында қанша қаражат барын айтпаған.
Компания ешқашан қос бухгалтериялық есеп жүргізген емес, ол сотта да дәлелденді. Ал Салтанаттың қолындағы "компанияның есеп-қисабы" деген дәптер – негізсіз. Қайдан шыққаны да белгісіз.
Осы даулы қаржыға байланысты екі сот – Әуезов аудандық соты қараған азаматтық істе және Бостандық аудандық соты қараған қылмыстық іс бойынша сот процесінде де Салтанат Құсманқызының айыбы дәлелденді. Оның "кассалық шығыс құжаттарын маған өткен уақытпен жаздыртып, қол қойдырды" деген сөзі расталмады.
Шындығында Салтанат ешқашан үйге ақша жинамаған және ақша үйден жоғалмаған. Үйде тұратын Асқар Жакулинің екі баласы да, бала тәрбиешісі де, үй қызметшісі де ол ақшаны көрмеген. Сол себепті де тергеушілер Салтанаттың үстінен Қылмыстық кодекстің 419-бабы бойынша іс қозғады. Өтірік айтқаны үшін.
Салтанат неге ұрлық туралы іс қысқарғанына байланысты шағым түсірмеді? Яғни ақшаның ұрланғаны – жалған. Есік те бұзылмаған.
Мысалы, әу баста ұрлық туралы іс қозғалды. Бірақ кейін тергеушілер ол істі қысқартып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғады. Сол кезде Салтанат неге ұрлық туралы іс қысқарғанына байланысты шағым түсірмеді? Яғни ақшаның ұрланғаны – жалған. Есік те бұзылмаған.
Салтанаттың шағымы бойынша біздің барлық қаржы көзіміз тексерілді. Ешқандай заңсыздық табылмады. Жылына миллиард теңгеден астам салық төлеп, Қазақстан экономикасына қаржы құйып отырмыз.
АДВОКАТ: СОТ ЕСКЕРМЕГЕН ЖАЙТТАР
Апелляциялық сот алқасы мен Жоғарғы сот отырыстарында Салтанат Құсманқызын қорғаған адвокат Айман Омарова сот бірнеше маңызды жайтты ескермеді дейді.
– 2007 жылдан бастап ақша қабылдау жұмысы Салтанатқа жүктелмеген. Қылмыстық іс материалдарында кассир немесе бухгалтер қызметін атқарғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Қылмыстық іс негізі қазақ тілінде жүргізілген. Бірақ тергеу сатысында да, бірінші сот барысында да [қазақ тіліне] аударылмаған орысша іс материалдары өте көп. Ал Салтанат бір ауыз орысша білмейді.
Тергеу сатысында да, бірінші сот барысында да [қазақ тіліне] аударылмаған орысша іс материалдары өте көп. Ал Салтанат бір ауыз орысша білмейді.
Бостандық аудандық сотының үкімі шығыс кассалық құжат негізінде шықты. Бірақ компания директорының орынбасары Мархабат Шакреева, Айнагүл Атыраубаева, кассир Шәмша Нұрманбаева Салтанатқа қолма қол ақша бермегенін тергеу кезінде де, сотта да айтты, видеосы да бар. Ал Салтанаттың өзі "Мені алдап, өтіп кеткен уақытпен қол қойдырып алды" деп көрсеткен құжатқа ол үш адам да "ақша бердік" деп қол қойған. Және бір қызығы, құжатта компания директоры Асқар Жакулиннің аты жазылған. Бірақ Шакрееваның қолы қойылған. Бұл да зерттеуді қажет етеді. Сараптама дұрыс жүргізілмеді.
Алғашқы сот процесінде айыптау қорытындысы өткізілмеген. Прокурор айыптау актісін соттың екінші әлде үшінші процесінде ғана әкеліп оқыған.
Пәтердің есігін басқа кілт тектес нәрсемен күштеп ашқан. Сараптама есікті кілт тектес нәрсемен ашқанын, құлыптың ішкі жағына зақым келгенін анықтады. Бұл да сот кезінде ескерілмеді.
Компания директорының орынбасары Мархабат Шакреева, Айнагүл Атыраубаева, кассир Шәмша Нұрманбаева Салтанатқа қолма қол ақша бермегенін тергеу кезінде де, сотта да айтты, видеосы да бар.
Алматы қалалық сот алқасы апелляциялық шағымды жеті ай бойы зерттеп, барлық жайтты екшеп қарады. Сол жеті ай тексеріп барып шығарылған шешімді Жоғарғы сот жеті минутта бұза салды.
Бұл істе жәбірленуші кім, кімнің ақшасы ұрланды деген сұрақ туындайды. Сот хаттамаларының барлығында жапа шегуші ретінде Чжан Вэй көрсетілген. Ал компания директоры Асқар Жакулин 2016 жылғы 2 ақпанда қайтыс болған. 3 ақпанда әйелі компанияның директоры болып орнына отырып, наурызда арыз жазған. Біріншіден, Чжан Вэй – Қытай азаматы. Оның компания атынан арыз жазуға ешқандай құқығы жоқ. Ол компанияның құрылтайшысы да емес. Жұбайының артында қалған мүлкіне мұрагер құқығына ие болу үшін, заң бойынша кем дегенде алты ай өтуі керек. Егер жоғалған ақша компанияға тиесілі болса, онда Чжан Вэйдің арыз жазуы заңсыз. Ал Чжан Вэйдің ақшасы болса, онда оған компанияның қатысы жоқ. Сот ең бірінші осы мәселені анықтауы керек еді. Бұл жағы тергеу кезінде де, сотта да мүлдем қаралмады, – дейді адвокат Айман Омарова.
ПІКІРЛЕР