Маңғыстау өңіріндегі жүздеген мың адамның тіршілігі халықты сумен, жарықпен және жылумен қамтамасыз ететін Ақтаудағы атом энергетика комбинатына (МАЭК) тәуелді. Әбден тозығы жеткен комбинатта биыл жазда екі рет апат болып, халықты абыржытып жіберді. Үкімет ақша бөліп, жағдайды қалпына келтіріп жатырмыз деп сендіруге тырысқанымен, жергілікті жұрт күнделікті тұрмыста қиналып отырғанын айтады. Азаттық Ақтауға барып, елдің жағдайын біліп қайтты.
"ДҮКЕННЕН СУДЫ КРЕДИТКЕ АЛАМЫЗ"
39 жастағы Фархад Ғинаятов Ақтау қаласында тұрады. Көп баласы бар әке қазір не жуынатын, не ішетін суға жарымай отырғанына шағынды. Көпқабатты үйдегі пәтеріндегі су құбырынан су сыздықтап қана ағып тұр. Фархад шүмектің астына қойған бес литрлік ыдыс күні ұзақ тұрғанда әрең толатынын айтады.
– Қазір мұндай зат барлық үйде бар. Суды осыған құйып, алдымен балаларды шомылдырып, сосын сол суға өзім жуынам, – дейді Фархад шағын су сепкіш ыдысты көрсетіп. – Баланың суына шомылудан арланбайсың ғой. Біз душты пайдаланбағалы қашан... Ендігі күніміз не болады деп отырмын.
Фархад қаладағы өзге жұрт сияқты суды дүкеннен сатып алатынын, отбасы бюджетіне бұл артық салмақ салатынын айтады.
– Он литр суды дүкеннен сатып аламын. Таныстарым суды кредитке алып жатыр. Ақша жетпесе, қайтеді енді?
Фархад Ғинаятов Ақтау халқын сумен және жарықпен қамтамасыз етіп тұрған Маңғыстау атом энергетика комбинатында биыл жазда екі қайта болған апаттан кейін жөндеу жұмыстары созылып кеткенін де сынға алды.
– МАЭК деген ол бір жоғары технологиялық мекеме емес, ішіндегісі бұрынғы Совет одағынан қалған жабдық, астында газ жанып тұрған үлкен бойлер ғана. Өткенде "жөндедік" деп бір тот басқан темірді дәнекерлеп жатқанын телеарнадан көрдік. Соған осыншама уақыт жұмсады ма деп таңқалдық. Халықтың жағдайы өте төмен әрі жұрт ашулы. Қалай ашуланбасын? Халық неге көтеріліп жатыр деп жұртты кінәлайды. Су болмаса да, ток болмаса да, несиеге алып, қарызға батып жатса да халық кінәлі оларға. Ал Астананың сол жақ бөлігінде бәрі тамаша, – дейді Фархат ренішін білдіріп.
Оның сөзін суға зар болып отырған өзге тұрғындар да қоштады.
– Жарық келгенін қайтейік, жоғары қабаттарда мүлдем су жоқ. Көпқабатты үйлердің тек бірінші, екінші қабатына су келеді, оның өзі тұрақты емес. Дүкеннен су сатып алудан қажыдық. Не кір жуа алмаймыз, не шомыла алмаймыз, – деп шағынды тұрғындар.
"ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ЖӨНДЕУ КӨРМЕЙ, ӘБДЕН ТОЗҒАН"
Ақтау халқының күнделікті тіршілігі МАЭК-ке тәуелді. 1968 жылдан бері жұмыс істеп тұрған комбинат 800 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқан Маңғыстау облысын электр қуатымен толық қамтамасыз етіп отыр. Ақтау қаласы мен оған іргелес жатқан Мұнайлы ауданына және Түпқараған ауданына қарасты бірнеше елді мекен жарық, су мен жылуды комбинаттан алады.
– Саламатсыздар ма! Не жөндеп жатырсыздар қазір? – МАЭК маңындағы сыртын тот басқан құбырларды дәнекерлеп, жамап-жасқап жүрген адамдардың бірін сөзге тарттық.
– Теңіз суын атом тоқ зауытына жеткізетін құбырды жөндеп жүрміз.
– Құбырлары тесіліп қалған ба?
– Шіріп жатыр бәрі. Әбден тозған.
– Қаншасын жөндедіңіздер?
– Ой, жөндеп келе жатырмыз, көп әлі. Мынаның бәрін жөндеу керек, – деді ол. – Әдеттегі жұмыс қой.
Қырық жыл жөндеу көрмеген, жабдықтарының 80 пайызы әбден ескірген комбинатта биыл шілде айында апат болып, халық қырық градус ыстық күндері сусыз, жарықсыз қалды. Бірнеше апта өткенде МАЭК-те тағы да апат болып, өңірде тұрғындарға электр қуатын кесте бойынша сағаттап беруге көшкен. Аптаға созылған бұл күндері әсіресе бизнес зиян шегіп, жұрттың берекесі қашты. 18 тамызда билік "жағдай қалпына келді, енді жарық өшпейді" деп хабарлаған. Бірақ кейбір тұрғындар әлі күнге дейін су мен жарықты еркін тұтына алмай отырғанын айтады.
Ауызша айтып та, ресми хат жолдап та өтініш қылғанымызбен, МАЭК басшылығы Азаттыққа апат болған өндірісті көріп, түсіруге рұқсат бермеді. Бас директордың орынбасары Мұрат Иғалиев оның себебін түсіндірместен, "комбинат көрсете беретін хайуанаттар бағы емес" деп шорт кесті. Ол бізбен кабинетінде сөйлесуге келісті.
МАЭК-те жылу мен электр қуатын өндіретін үш орталық бар. Үшіншісінде тек электр өндіріледі. Тамызда сол үшінші станцияның екі блогы бірінен соң бірі істен шыққан соң, комбинат өндірген тоқ қаланы қамтуға жетпей қалған. Ақтау мен маңындағы елді мекендерде аурухана, балабақша, мектеп, сауда орталықтары тәрізді маңызды нысандардың барлығы тоқты кезекпен алып, жұрт әбігерге түскен.
Шілдедегі апаттан соң Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смаилов Ақтауға барып, үкімет МАЭК-ті жөндеуге 4.9 млрд теңге бөлетінін мәлімдеген. "МАЭК енді тоқтамайды" деп сендіруге тырысқан шенеуніктердің сөзі жергілікті жұрттың көкейіндегі күмәнді толық сейілте алмады. Олар күнделікті өмірде жағдай басқаша екенін айтады.
– Жарық әлі де өшіп қалып жатыр. Бүгін таңертең жарық болмады. Өзім Автодромда (Ақтаудың шет жағындағы ықшамаудан – ред.) тұрамын, – деді Азаттық тілшілері қала көшесінде кездестірген әжей.
Жарық қаланың әр ауданында оқта-текте өшіп қалатынын МАЭК өкілдері де жоққа шығармайды. Оның себебі – комбинат жабдықтары әбден тозған, оны ауыстыру біршама уақытты қажет етеді деп түсіндірді МАЭК бас директорының орынбасары Мұрат Иғалиев Азаттыққа.
– Қазандықтардың барлығын ауыстыру мүмкін емес. Бір қазандықтағы экран құбырларды толық ауыстырудың өзіне 12-13 ай қажет, әр қазандыққа 154 тонна құбыр керек. Ол құбырларды ауыстыру үшін тағы сонша уақыт кетеді. Ол құбырлардың ұзындығы 20 метрден асады, бізде тұрғаны – жоғарғы энергетикалық қазандықтар. Оларды түгелдей ауыстыру қажет. Ол өте күрделі жұмыс. Сондықтан бір жылдай уақыт керек болады. Байқаған шығарсыз, бір энергоблокты бір жыл бойы тоқтатып қою мүмкін емес. Сондықтан біз күрделі жөндеу жүргізгенде тексеріп, сараптамадан өткізіп, нақты ақауы бар құбырларды ауыстырамыз, – деді Мұрат Иғалиев.
"ОТЫЗ ЖЫЛ АҚШАСЫН САУЫП, ТҮБІНЕ ЖЕТТІ"
Маңғыстаулық азаматтық белсенді Мұхтар Үмбетов МАЭК-та он жыл слесарь болып істеген. "Комбинат тапқан табысы жылдар бойы талан-таражға түсіп, ешқандай жөндеу көрмеген соң тозып кетті, оны тонағандарды анықтау оңай" деп есептейді белсенді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылында МАЭК-тің түбіне жеттік. Турасын айтсақ, оны басқарғандар комбинаттың бар ақшасын сауып, қалтаға басты. Ол басшылардың кім екенін және қайда тамаша өмір сүріп жатқанын білеміз. Адамдарға келгенде "шыдаңдар" дейді. Біздің халық шыдамды. 1990 жылдары жалақы төлемегенде де шыдап жұмыс істедік, МАЭК-тің бұрандасын бұрап, елге жарық беріп жүре бердік. "2000 жылдары жарқын болашаққа жеттік" дедік, жалақы төлей бастады. Енді тағы да "шыдаңдар" дейді. Маңғыстаудың қарапайым жұрты, ақтаулықтар өз жауапкершілігін сезінеді, осы қиын күндерде де шыдады. Адамдар Қаңтарды әлі ұмытқан жоқ, шыдап келеді. Енді билік басындағылар да жауапкершілікті сезінсін. МАЭК-тің түбіне жеткен нақты адамдар бар, аты-жөні белгілі, олар аман-есен, жақсы орындарда отыр қазір. Құқық қорғау органдары МАЭК-тің бұрынғы бастықтарын тексерсін. Олар не істеді? Кім кінәлі екенін халыққа айтсын. Олардың кінәсі анықталса – жазалансын. Сонда ғана сенім пайда болады, – дейді Мұхтар Үмбетов.
"ЖАРНАМАДА БІЗДІ КУРОРТ ҚАЛА ДЕЙДІ"
МАЭК жылына 2 млрд текше метр газ тұтынады. Оған 43 млрд теңге жұмсайды. МАЭК-ке газды елдегі ірі газ операторы, монополист "Қазақгаз" компаниясының еншілес кәсіпорны жеткізеді. Комбинаттың бұрынғы заңгері Салтанат Бралина "газ қымбат болғандықтан МАЭК шығынға батып отырғанын" айтады.
– Алдымен газ бағасын шешу керек. МАЭК өңірде орналасқаны есепке алынып, мұнда жеткізілетін газ арзандатылған бағамен сатылатындай болу керек, – деп есептейді Бралина.
МАЭК былтыр қарашада үкімет қаулысымен Маңғыстау облысы әкімдігінің иелігіне өткен. Бірақ комбинат тұтынушыларға сататын электр тарифін энергетика және ұлттық экономика министрліктері бекітеді. Маңғыстаудағы 1 маусымнан бастап электр энергиясына белгіленген тариф – 18,68 теңге. Қазір бұл Қазақстандағы ең жоғары бағалардың бірі.
– Шығынымызды жапсақ, өзіндік құнды алсақ болды. Тарифті одан артық көтере алмаймыз, табыс таба алмаймыз. Шығын жапсақ соның өзі үлкен жеңіс болады. Жылына біз 4.2 млрд кВт сағ. өндіріп таратамыз, оның 85% мұнайшылар тұтынады. Біз газды тікелей жер қойнауын игерушіден ала алмаймыз. Газды тек бүкіл республика бойынша ұлттық операторға – "Қазақгазға" сатады, – дейді МАЭК маркетинг департаментінің директоры Бердібек Қартбаев.
МАЭК өндірген электр қуатын тұтынушыға тікелей өзі жеткізбейді. Ондайға заң жүзінде тыйым салынған. МАЭК энергиясын тасымалдаумен "Маңғыстау өңірлік электржелісі компаниясы" айналысады. Бұл компанияға "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры еншілес компаниясы арқылы иелік еткен, ал 2017 жылы акциясын жекеменшік компанияға сатып жіберген. Қазір, "Маңғыстау өңірлік электржелісі компаниясының" құжаттарына қарағанда, компанияға Қазақстандағы ең бай кәсіпкердің бірі – Дінмұхамет Ыдырысов иелік етеді. Маңғыстауда өндірілетін электр энергиясының көбін осы Ыдырысовтың компаниясы тасымалдайды. Қаржы есебіне қарағанда, компания былтыр 2 млрд теңге табыс тапқан.
"ЖАРНАМАДА БІЗДІ КУРОРТ ҚАЛА ДЕЙДІ"
Каспий теңізінің суы МАЭК-ке канал арқылы барады. Комбинат ішіндегі су тұщыту зауытында теңіз суын өңдеп, ауыз су ретінде халыққа жібереді.
Қазір 300 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтау қаласы күн сайын 70 мың текше метр су тұтынады. Ал МАЭК күніне 52 мың текше метр су өндіреді. Кейінгі үш жылда Ақтауда халық саны 40 пайызға артқан.
МАЭК-тің есебінше, халықтың сұранысын өтеу үшін күніне 100 мың текше метр ауызсу керек.
2008 жылы МАЭК-ке израильдік және француз су өңдеу қондырғылары орнатылған. Израильдік қондырғы күніне 12 мың текше метр су тұщытады. Француз қондырғылары да сондай көлемде су беруге тиіс еді. Бірақ ол тек жартылай ғана істеп тұр. Оның себебі не және қондырғыға қанша қаржы жұмсалды деген сұраққа МАЭК әкімшілігі жауап бермеді.
Фархад Ғинаятов пен көршілері өткен қыстан үйдегі электр пештің күшімен шыққанын айтады. Оларды жылумен қамтамасыз етуге комбинаттың күші жетпеген.
Фархад алдағы қыс мезгілінде отбасының жағдайы қалай болар екен деп алаңдайды.
– Жарнамаға қарасаң, мұнайдың ортасындағы курорт қала дейді. Ал шындығында ондай ештеңе жоқ, жүрісіміз осы, – дейді ол жабыға сөйлеп.
МАЭК-тегі апаттан соң Ақтауға үкімет комиссиясы барып, комбинат жөндеуден өтетін болды. Оған 60 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ішінде МАЭК-тің өз ақшасы да бар.
Тамыздың ортасында Энергетика министрлігі Қазақстан өңірлеріндегі жылу электр орталықтарының (ЖЭО) алдағы жылыту маусымына дайындығына баға берген. Жағдайы алаңдататын нысандар арасында МАЭК те бар.
23 тамызда МАЭК өкілдері комбинат "жылыту маусымына 80 пайыз дайын" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР