Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 1970 жылдары салынған қос қабатты 12 пәтерлі ескі үйде 17 сәуір күні таңсәріде жарылыс болып, бір подъезі құлаған. Төтенше жағдайлар қызметі 4 адам үйінді астынан құтқарылып, 6 адам ауруханаға жеткізілгенін, 4 адам қаза болғанын хабарлады.
Сағат 13.00 кезінде қала әкімдігі үйінді астында қалған адамдардың бәрі шығарылды деп хабарлады. Төтенше жағдайлар қызметі үйінді астынан төрт адам құтқарылды, төрт адам өлі табылды деген ақпарат таратты.
Жергілікті билік 13 адамға (сегізі – бала) дәрігер көмегі көрсетілгенін, алтауы ауруханаға жатқызылғанын айтты.
"Ауруханаға жатқызылғандардың бәрі травмотология бөлімінде ем алып жатыр, жағдайы ауырлары реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды, бір адам санитарлық авиациямен облыстық ауруханаға жөнелтілді" деп хабарлады аймақ әкімдігі.
Төтенше оқиға болған жерде ведомстоваралық комиссия жұмыс істеп жатқаны, жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.
Жарылыс Жаңаөзен қаласындағы №2 ықшамаудандағы, жергілікті халық "Сапаров үйі" деп атайтын №51 үйде дүйсенбі күні таңсәріде болған. Екіқабатты ескі үй әрқайсысында алты пәтер бар екі подъезден тұрады.
Осы үйдің бірінші подъезінде тұратын Наташа Әбдиева таңғы 4-те жарылыс болғанын тіпті түсініп үлгермегенін айтты.
– Бес балам бар. Еденім опырылып, подвалға түсіп кеттік. Сегіз жастағы ұлымның аяқ-қолы күйіп қалды, ауруханада жатыр. Өзім шок болып ауруханада отырмын. Көрші подъезд мүлде жоқ болып кетті. Онда нағашы апам мен інім тұратын еді, қайтты, – деді ол.
Наташа әрі қарай ештеңе түсіндіре алмады. Ауруханада абыр-сабыр болып, адамдарды біртіндеп әкеліп жатқанын ғана айтты.
"Құлаған подъезде 30 адам болған-мыс" деген бейресми дерек те айтылды. Бірақ ресми орындар апат кезінде көппәтерлі тұрғын үйде қанша адам болғанын нақтылаған жоқ. Оқиға орнына барған белсенді Жоламан Сейілов үйінді астынан тоғыз адам шығарылғанын көргенін айтты.
– Бұрышта тұрып қалған бір үлкен кісі күйік алған, комада жатыр. Адамдар қайтыс болғанын сол жердегі құтқарушылар айтты, – деді ол.
Төтенше жағдайлар министрлігі басында "көппәтерлі үйде газ баллоны жарылып, 150 шаршы метрді алған (үйдің жалпы ауданы – 600 шаршы метр)" деп хабарлаған. Кейін газ баллон жарылды дегенді жоққа шығарып, "газ қоспасының жарылысы" деді.
Тұрғылықты халық арасында да "газ баллоны жарылды" деген ақпаратқа күмән келтіретіндер де болған.
– Өзім газ көрсеткіштерін бақылаушымын. Бұл үйде газ баллоны жоқ. Жылу маусымы аяқталған. Тіпті үй суық болып, газ қосуға тура келсе де, мұндай жарылыс болуы мүмкін емес. Сол маңайда коммерциялық орындар бар, солар су жүргізген кезде газ құбырына зақым келген болуы мүмкін деп ойлаймын, – деген еді аты-жөнін айтпауды өтінген Жаңаөзен тұрғыны.
Маңғыстау облысындағы жұмыссыздық жайлаған моноқалада жарылыс кейбір блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары жұртты сабыр сақтауға үндеп жатқан тұста болды. Кейінгі апталарда Жаңаөзенде жұмыссыз адамдар тұрақты табыс тауып беруді сұрап, қала әкімдігінің алдына шыққан. Жұмыссыз қалған он шақты мұнайшы Астанада "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы өкілдерімен келіссіөз жүргізіп жатыр, бірақ әзірше еш нәтиже жоқ.
Бүгін, 17 сәуірде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Жаңаөзендегі жарылыс салдарынан "үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер беріледі, зардап шеккендерге орталық және жергілікті билік органдарымен ынтымақтаса отырып, қажет көмектің бәрін береміз" деп мәлімдеме таратты.
Жергілікті халық Жаңаөзенде осыдан ширек ғасыр бұрын, 1997 жылы 2 ықшамаудандағы көппәтерлі №29 үйде газ жарылғанын, одан бері ондай оқиғалар жекеменшік үйлерде болғанын айтады. Мысалы, 2018 жылғы қарашада Жаңаөзеннің Рахат ауылындағы жер үйде газ жарылған. "Үй ішінен газ кеткен" деп хабарлаған құзырлы органдардың сөзін жоққа шығарған жергілікті адамдар төтенше "жол бойындағы газ құбырында ақау" барын көрсеткен.
Жаңаөзен әкімдігінің мәліметі бойынша, қалада тозығы жеткен 53 үй бар. Бірақ жергілікті жұрт тұруға қауіпті үйлердің саны одан да көп дейді. Апат алдындағы үйде тұратын адамдар 2015 жылдан бері бірнеше рет наразылық білдірген.
ПІКІРЛЕР