Астанадағы №2 референдум учаскесінің төрағасы "Еркіндік қанаты" бақылаушысын неге шығарып жібергенін түсіндірді
Астанадағы №2 референдум учаскесінің төрағасы Қорлан Ташатованың сөзінен Orda сайты үзінді келтірді:
"Астанадағы №2 учаскеде “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының атынан келген бақылаушы Садықов сайлау процесін бұзды. Ол азаматтардың жеке деректері жазылған сайлаушылардың тізімін видеоға түсірді, бұл жеке деректі қорғау туралы заңға және Конституцияға, сайлау туралы заңға қайшы", – деген Қорлан Ташатова.
Комиссия өкілдері Садықовты “бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіріп, дауыс беру процесін қиындатты” деп айыптады.
"Осы факт бойынша дауыс беру процесіне кедергі келтіргені жөнінде акт толтырылып, шешім шығарылды", – деді комиссия өкілдері.
Бұған дейін "Еркіндік қанаты" қоры өкілдері бақылаушының учаскедегі заңсыздықты фото-видеоға түсіргенін, содан кейін бақылаушыны учаскеден шығарып тастағанын хабарлаған. Олар шешімді сотқа беретінін айтты.
Үлкен қалалардағы орталық алаңды полиция бақылап тұр
Азаттықтың Семейдегі, Қарағандыдағы және Оралдағы тілшілерінің хабарлауынша, орталық алаңдарды полиция қызметкерлері бақылап тұр. Алаң маңында полиция көліктері тұр. Наразылық білдіріп я басқадай себеппен жиналған ешкім байқалмайды.
Бұған дейін 6 қазанда сағат 14-те осы алаңдарға жиналып, АЭС салуға қарсы митингіге шығуға 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов үндеген еді. Ол бұған дейін де бірнеше рет наразылық шеруіне шығу жөнінде үндеулер жасаған. 2019 жылы оның үндеуі бойынша көшеге наразылық білдіріп шыққан адамдарды полиция жаппай ұстап әкеткен. Кейінгі екі жылда Әблязов алдын ала белгілеп, үндеу жасаған митингілер өтпей қалды. Наразылық акциясы өтеді деп белгіленген күннің қарсаңында полиция оппозициялық көзқарастағы белсенділерді ұстайды. Митинг өтеді делінген күні белсенді азаматтардың үйінің маңын торуылдап жүреді.
Астанада АЭС-ке қарсы пикетке шыққан белсендіні полиция әкетті
Астанада АЭС салуға қарсылық білдіріп жалғыз адам пикетіне шыққан белсенді Эльвира Бекзадинаны полиция алып кетті.
Бекзадина әуелде "Солтүстік" сауда орталығы маңындағы көшеде "STOP АЭС" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған еді. Жай киім киген адамдар белсендіні сырттай бақылап, смартфонға түсіріп алған.
Кейінірек белсенді "Жастар" сарайына қарай беттеді. Шетелде тұратын қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов (ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты экстремистік деп таныған, Еуроодақ резолюцияларында ол ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған) Астанадағы "Жастар" сарайы алдындағы алаңды "наразылық митингі өтетін орын" деп көрсеткен.
Бірнеше кварталдан кейін Бекзадинаны жол қиылысынан полиция қызметкерлері алып кетті. Осы сәтте Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасалды.
Астанадағы "Жастар" сарайының маңы жабық тұр: айналасын темір шарбақпен қоршап қойған.
Шымкентте де оппозиция "митинг болады" деген жерді полиция бақылап тұр
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі "Шымкент Плаза" маңындағы жағдайды көрді. Бұған дейін шетелдегі оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов осы жерді АЭС-ке қарсы митинг орны деп көрсеткен. Қазір бұл жерде полиция қызметкерлері, ары-бері өтіп жатқан жаяу адамдар мен көліктерден өзге жиналған ешкім байқалмайды.
ПІКІРЛЕР